Мағжан Жұмабаев
Мағжан Жұмабай(Әбілмағжан) Бекенұлы (1893 – 1938) – Жұмабай Мағжан (Әбілмағжан) Бекенұлы (25 маусым 1893, Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабай ауданы, Сасықкөл жағасы – 19 наурыз 1938, Алматы) – Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі.
Жоспар
1 Биография
2 Еңбектері
2.1 Философ ақын
2.2 Қазақ лирикасына үлес қосуы
2.3 Қазақ поэмасына үлес қосуы
2.4 Аудармалары
2.5 Шығармалар
3 Қайтыс болғаннан кейін
3.1 Мағжан Жұмабайұлының мемориалдық мұражайы
3.2 Қазақтың Ұлы ақыны Мағжан Жұмабайұлының ескерткiшi
3.3 Мағжан туралы фильмдер
4 Сыртқы сілтемелер
5 Пайдаланған әдебиет
Биография
Атасы – Жұмабай қажы. Әкесі Бекен саудамен айналысқан дәулетті адам болған. Анасының есімі – Гүлсім. Мағжан ауыл молдасынан сауатын ашып, 1905 – 1910 жылдары Қызылжардағы (Петропавл) №1 мешіт жанында белгілі татар зиялысы, мұсылман халықтарының азаттығы жолында күрескен М.Бегишевтің ұйымдастыруымен ашылған медреседе оқыды. Медреседе Бегишевтен Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алды, қазақ, татар әдебиеттерін, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Һайям, Низами, Науаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренді.
Баспадан 1909 жылы шыққан Абай өлеңдерін оқып, “Атақты ақын, сөзі алтын хакім Абайға” деген өлең жазды. 1910 – 1913 жылдары Уфа қаласындағы “Ғалия” медресесінде білім алды. Онда татар жазушысы Ғ.Ибрагимовтен дәріс алып, белгілі қайраткер С.Жантөринмен тығыз қарым-қатынас орнатады, болашақ көрнекті жазушы Б.Майлинмен танысады.
Ибрагимовтің көмегімен 1912 жылы Қазан қаласындағы Кәрімовтер баспасында “Шолпан” атты тұңғыш өлеңдер жинағы басылып шығады. “Садақ” журналын шығаруға қатысады, оған өзінің өлеңдерін жариялайды. 1913 – 1916 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыды.
“Бірлік” ұйымы жұмысына белсене араласып, “Балапан” қолжазба журналын шығаруға қатысады. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы секілді алаш қайраткерлерімен байланыс орнатып, “Қазақ” газетіне өз өлеңдерін жариялайды.
1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан саяси жағдайға сай қоғамдық өмірге белсене араласып, Ақмола облыстық қазақ съезін өткізуді ұйымдастырушылардың қатарында болды. Осы жылы сәуірде Ақмола облысы қазақ комитеті құрамына сайланды. Мәскеу қаласында өткен Бүкілресейлік мұсылман съезіне қатысты. Бірінші жалпықазақ съезінің шешімі бойынша Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды.
“Алаш” партиясының Ақмола облысының комитетінің мүшесі болды. “Үш жүз” партиясы өкілдерінің жалған айыптауымен бір айға жуық абақтыға отырып шықты. Екінші жалпықазақ съезіне делегат ретінде қатысып, онда оқу мәселесі бойынша құрылған комиссияға төрағалық етті.
1918 – 1919 жылдары Петропавл уездік земство басқармасында қызмет етті. 1919 – 1923 жылдары Ақмола губерниялық “Бостандық туы” газетінде, “Шолпан”, “Сана” журналдарында, “Ақжол” газетінде қызмет істеп жүріп, халық ағарту жұмысына белсене араласады. Сол кезеңде қалың қауымға таныс поэмасы “Батыр Баянды” жазып, жарыққа шығарады.
1923 – 1927 жылдары Мәскеуде Жоғары әдебиет-көркемөнер институтында оқиды. Онда орыс әдебиетін, Батыс Еуропа әдебиетін терең зерттеп, орыс мәдениет қайраткерлерімен жете танысып, көпшілігімен достық қарым-қатынаста болады. Мәскеуде оқып жүргенде оның шығармалары орынсыз сынға ұшырады.
1924 жылы 24 қарашада Мәскеу қаласындағы Шығыс еңбекшілері коммунистік университетінде қазақ жастарының жерлестік ұйымында жиналыс өтіп, олар Жұмабайұлының 1922 жылы қазанда, 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан жыр жинақтарын талқыға салды.
Онда ақын шығармаларын теріске шығаратын қаулы қабылданды. Бұл қаулы “Еңбекші қазақ” газетінің 1925 жылы 14 ақпандағы санында басылды. Орынсыз сыннан көңілі жабыққан ақын “Сәлем хат” деген өлең жазды.
Ол “Тілші” газетінде жарияланды. “Еңбекші қазақ” газетінің 1924 жылы 19 желтоқсанындағы санында С.Мұқановтың “Сәлем хат жазған азамат Мағжан Жұмабайұлына” деген ескертпемен “Сәлемге сәлем” деген жауап өлеңі басылды.
Жаңа құрылысқа, жаңа тұрмысқа қатысты нақтылы өлең жазбаса да, “уралап айқайламадың” деген кінәмен, тап күресіне белсене араласып, кедей сөзін сөйлемедің деген айыппен Жұмабайұлы қатаң сынға алынды. Жұмабайұлы 1927 – 1929 жылы Бурабайда, одан соң Қызылжарда оқытушылық қызметтер атқарады.
1929 жылы Жұмабайұлы “Алқа” атты жасырын ұйым құрғаны үшін деген айыптаулармен Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалып, 10 жыл айдауға кесіледі. 1936 жылы М.Горький мен Е.Пешкованың араласуымен бостандық алып, Қазақстанға қайтады.
Петропавл қаласыннда мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім болып жұмыс істейді. Көп ұзамай қалалық оқу ісінің меңгерушісі оны саяси себептерге байланысты деген айыппен мұғалімдік қызметтен босатады. 1937 жылы наурызда Жұмабайұлы Алматыға келеді. Аударма ісімен айналысады. 1938 жылы қайтадан қамауға алынып, ату жазасына кесілді.
Еңбектері
Ақын тұңғыш өлеңінен бастап әлеуметтік тақырыпқа ден қойып, ағартушылық, ұлт-азаттық, демократияшыл бағытты ұстанды. Абай поэзиясының өшпес маңызын бірден танып, оны “хакім” деп атады, ұлы ақынның “мың жыл жұтса дәмі кетпес” сөзін жаңа жағдайда ілгері дамытты, Батыс пен Шығыстың рухани қазынасын сабақтастыру негізінде қазақ поэзиясын тақырып, түр мен мазмұн жағынан байытты. Жұмабайұлы ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді көтерді (“Шын сорлы”), халқын өнер-білімге шақырды (“Ләззат қайда?”, “Жазғы таң”, “Өнер-білім қайтсе табылар”, “Балалық шақ”, “Қазағым”, “Қарағым”, “Осы күнгі күй”, “Мен сорлы”).
Бірқатар өлеңдерін махаббат тақырыбына арнады (“Жас келін], “Зарлы сұлу”, “Сүйгеніме”, “Алданған сұлу”). Өз поэзиясының алғашқы қадамдарынан бастап ақтық демі біткенге дейін Жұмабайұлы ұлт азаттық тақырыбын үзбей толғанды, оны өз поэзиясының өзегі етті. Бүкіл халықты тап, топқа жіктемей, Қазақ елін әлемдік мәдени жетістіктерге қол жеткізуге қандай күш кедергі деген сауал қойып, оған басты кедергі – отаршылдық деген шешімге келді.
Бастапқы кезде бұл тақырып туған жердің табиғатын тамашалаудан барып қайран жердің ендігі күні не болады деген уайым-қайғыға ұласады, ақыры келіп кіндік қаны тамған нулы, сулы өлкені жаулап жатқан қара шекпенді отаршылдыққа қарсы наразылық оты болып тұтанды (“Туған жерім – Сасықкөл”). Ақын халқымен бірге күйзелді, осыдан келіп романтикалық әуенге бөленген жорық идеясы туды (“Жарыма”, “Есімде… тек таң атсын”, “Жаралы жан”, “Мен жастарға сенемін”, т.б.).
Жұмабайұлы шығармаларындағы романтикалық сарын, әсіресе, оның символистік арнада жазған өлеңдерінен айқын көрінеді. Ақын символизмі болашақ пердесін ашатын жаңа мифология туғызды, келешек суретін салу саясатшылардың емес, ақындардың қолында деген сенімге айналды (“От”, “Пайғамбар”, “Күншығыс”, “Жаралы жан”, “Айға”, т.б.). Ақын дыбыс-буынның соны үндестіктерін тауып, қазақ жырын байыта түсті (“Шолпы”). Жұмабайұлы поэзиясындағы құнарлы арнаның бірі – түркі тақырыбы. Түркі халықтарының бірлігі тақырыбы Жұмабайұлы поэзиясының әуелден қалыптасқан алтын арқауы іспетті.
Ақын дүниетанымына Қызылжардағы Бегішев медресесінде оқуы көп ықпал етті. Ол жас өрен жүрегіне түрікке деген бауырмалдық сезім туғызды. “Шолпан” жинағындағы “Орал тауы” өлеңінде:
“
“Қосылып батыр түрік балалары,
Таптатпа, жолын кесіп тізгінге орал”
”
, – деп жазды. Ерекше атап өтетін бір жәйт – Жұмабайұлының түрік халқының шет ел басқыншыларына қарсы азаттық қозғалысына үн қосуы. Мұнда реалистік, романтикалық сарындар бір-бірімен астасып, бірге өріліп отырады.
Түрік тақырыбы қазақ халқының ұлт-азаттық тақырыбына ұласып, отаршылдыққа қарсы күреске алып келді (“Орал тауы”, “Алыстағы бауырыма”, “Жер жүзінде”, “Қазақ тілі”, “Тез барам!”, “Түркістан”, “Орал”). Сондай-ақ, Жұмабайұлы “Пайғамбар” өлеңінде “Ғұн – түріктің арғы атасы” десе, “Түркістан” атты өлеңінде “Түркістан – ер түріктің бесігі ғой” деп асқақ рухпен жырлады.
түрікшілдік сезімі 1919 – 1923 жылы Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған түрік халқының азаттық соғысына арналған “Алыстағы бауырыма” атты өлеңінде айрықша байқалады. Оның бұл өлеңін Мұстафа Шоқай “Яш Түркістан” журналында (1930, №1) жариялай отырып, оны түрікшілдік күресі үшін ең қымбатты және ең пайдалы өлең деп бағалады.
Философ ақын
Жұмабайұлы – философ ақын. Ақынның философиялық көзқарасы өз өлеңдерінде жақсылық пен жамандық, әділдік пен әділетсіздік тәрізді қарама-қайшылықты философиялық ұғымдарды шебер шендестіре білуінен байқалады. Ол дүниені біртұтас құбылыс ретінде алып, адамды сол ұлы табиғат, жаратылыстың бір туындысы, бөлшегі ретінде суреттейді. Табиғатсыз, жаратылыссыз адам жоқ. Ал табиғат адамсыз да күн көре береді. Бірақ сана оған бағынбайды, дене бағынса да сезім бағынбайды. Сондықтан ол бұлқынады, серпінеді, үстем болғысы келеді (“От”).
Құбылыстың мәнін кең көлемде, жалпыға бірдей қалыпта тани білуде ақын, ең алдымен, ненің болса да мән-мазмұнына үңіледі, әрдайым жалпы адамзатқа тән әуенге бой ұрады, табиғаттың өз заңына ғана бағынатын құбылыстардың ішкі құпия астарын ұғынғысы келеді. Жұмабайұлының ойынша ақын деген болжап білмес жолға сапар шеккен пір, кейде жын, кейде бала, сол сапарда ол қиындықты қайыспай көтеретін, не дүниені тәрк етіп, бәрінен безінетін жан (“Қиял құлы мен бір ақын”). Ақын “Қорқыт” поэмасында философиядағы мәңгілік тақырып – өмір мен өлім мәселесін Қорқыт пен ажалдың аңдысуы түрінде суреттейді. Ажал – хақ, сондықтан да өмір жібінің түйінінде өлімді болмай қоймайтын өмір ақиқаты ретінде қабылдау қажет деп санайды ол.
Қазақ лирикасына үлес қосуы
Жұмабайұлы қазақ лирикасының сыршылдығын тереңдетті, адамның нәзік сезімдеріне тіл бітіре білді. Бұл қасиет оның, әсіресе, махаббат лирикасына тән (“Сүй, жан сәулем”, т.б.). Жұмабайұлы – әлемдік поэзияда экологиялық тақырыпты алғаш жырлаушылардың бірі (“Айда атыңды, Сәрсембай”, “Шойын жол”). Ол техикалық прогреске қарсы болған жоқ, оның ұлттық-мәдени, рухани дәстүрлерді бұзуына қарсы еді. Техника жетістіктерін қызыға жырлай отырып, туған жердің әсем табиғатынан айырылып қалмауға үндеді.
Қазақ поэмасына үлес қосуы
Жұмабайұлы қазақ поэмасының баяндау стилін, шешендік мәнерін өзгерту қажет екендігін алғаш айтқандардың бірі болды. Қазақ поэмасын суреткерлік арнаға бұрды. Адам жанының, психология әлемінің құпия сырларын, иірімдерін, даму диалектикасын шеберлікпен кестелеп өрнектей білді. Жұмабайұлы поэмаларына лирикалық тереңдік пен эпикалық кең құлаштылық бірдей тән.
Жеке адам мен ұлт тағдырын драм. сюжетте үйлестіріп, көркемдік зор қуатпен жырлай білді (“Батыр Баян”, “Оқжетпестің қиясында”, “Қойлыбайдың қобызы”, “Өтірік ертегі”, “Шын ертегі”).
Ақын шығармашылығының үлкен бір арнасы – халыққа білім беру, педагогика саласы. Мектеп оқушыларына, мұғалімдерге арнап “Педагогика” (1922, 1923), “Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жөні” (1925) еңбектерін жариялады. Ақан сері, Базар жырау, Әбубәкір Диваев туралы зерттеу еңбектер жазып, ауыз әдебиеті үлгілерін жинауға жәрдемдесті.
Аудармалары
Жұмабайұлы аударма саласына үлкен мән берді. И.Гете, Г.Гейне, Әбу Фирас, А.В. Кольцов, М.Ю. Лермонтов, А.А. Фет, И.И. Дмитриев, И.П. Мятлов, А.А. Блок өлеңдерін, А.М. Горький, В.В. Иванов, Д.Н. Мамин-Сибиряк, т.б. әңгімелерін қазақ тіліне аударды. Таңдаулы прозалық шығармалар аударумен қоса Жұмабайұлы “Шолпанның күнәсі” әңгімесі арқылы қазақ әдебиетіне психологиялық талдау, сана ағымы әдістерін енгізді.
Шығармалар
Қазақтың көңіл күйі, өлең, “Үзік” жинағында, Орал, 1912;
Шолпан, өлеңдер, Қазан, 1912;
Өлеңдері, Қ.-О., 1922;
Өлеңдері, Таш., 1923;
Шығармалары, А., 1989;
Таңдамалы, А., 1992;
Шығармалар, 3 т., А., 1995.
Мағжанның әйгілі өлеңдерінің бірі «Мен Жастарға Сенемін» болып табылады.
Мағжан Жұмабайұлының құрметіне почта маркасы
Қайтыс болғаннан кейін
Кеңестік жүйенің қуғын-сүргінінің құрбаны болған Жұмабайұлы есімін ақтау ісі 1958 жылы қолға алынды. Осы жылы ресми комиссия құрылып, ақынның таңдамалы лирикаларын жариялау жөнінде ұйғарым жасалды. Бірақ одан нәтиже шықпай, Жұмабайұлы шығармалары басылмай қала берді.
1960 жылы Түркістан әскери окр. әскери трибуналының алқасы шешімімен Жұмабайұлы толығымен, біржола ақталды. Жұмабайұлы есімі ақталса да ол жөнінде Қазақстан Жазушылар одағы мен ғылыми мекемелерге хабарланбады. Осылайша, Қазақстан халқы ұзақ уақыт бойы Жұмабайұлы шығармаларымен жете таныса алмай келді.
Түркияда ақын кітаптары жарық көргенімен, олар қазақ оқырмандары қолына тимеді. 1969 жылы Жұмабайұлымен қызметтес, таныс болған адамдар Жұмабайұлын ақтау, шығармаларын жариялау керектігі жөнінде Қазақстан басшыларына хат та жолдаған болатын.
Бірақ Жұмабайұлының шығармалары 1989 жылы ғана қайтадан жариялана бастады. 1995 жылдан М.Базарбаев, С.Қирабаев, Х.Абдуллин, Ш.Елеукенов, Б.Дәрімбет, Ш.Сариев бастаған ғалымдар тобы Жұмабайұлының 3 томдық шығармаларын шығаруды қолға алды.
Жұмабайұлы шығармашылығын тереңірек зерттеу еліміздің егемендік алуынан бергі кезеңде ғана нақтылы жолға қойылды. Жұмабайұлы есімін мәңгі есте қалдыру бағытында да біршама жұмыстар атқарылды. Алматы және Петропавл қалаларында бір-бір көшеге Жұмабайұлы есімі берілді. Петропавл қаласында және ақынның туған ауылында ескерткіш қойылған. Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Булаев ауданы Мағжан Жұмабайұлы ауданы болып аталды (2000).
Мағжан Жұмабайұлының мемориалдық мұражайы
Ақынның 100 жылдық мерейтойына арналып 1993 жылы ашылған. Ол Мағжан Жұмабайұлы аудандағы өзінің туып-өскен Сарытомар ауылында орналасқан. Мұражай бұрынғы Мағжан Жұмабайұлы атындағы кеңшардың мектебінде. Ондағы жиналған қорлар мен материалдар ақынның шығармашылық өміріне арналған. Құжаттардың көшірмесі Алматы, Петропавл, Омбы қалаларында және кейбір аудандарда сақталған. Мұражайдың жалпы аумағы 60м2.
Қазақтың Ұлы ақыны Мағжан Жұмабайұлының ескерткiшi
Қазақтың Ұлы ақыны Мағжан Жұмабайұлының ескерткiшi
Мағжан Жұмабайұлы және Интернационал көшелерiнiң қиылысында орналасқан алаңда Солтүстiк Қазақстан жерiнде туған көрнектi қазақ ақыны Мағжан Жұмабайұлының ескерткiшi орнатылған. Оның авторы — Қазақстан Республикасының жетекшi мүсiншiсi, халықаралық конкурстардың лауреаты және дипломанты, Суретшiлер одағының мүшесi Марат Әйнеков.
Ескерткiш Мағжанның граниттен жасалған отырған бейнедегi үшметрлiк мүсiнiн ұсынады. Ақынның иығында ұшқыр ойдың нышаны — қаршыға. Ақын ой үстiнде отыр, оның ойы болашаққа бағытталған. Мүсiн қоңыр түстi күртi гранитiнен орындалған. Мүсiнмен жұмыс iстегенде авторға Мағжанды көрген және жадында ұстаған ақынның жалғыз туысы — Ғадылша Қаһарманов көмек қылған. Оның кескiн-келбетi Мағжанға өте ұқсас. Ескерткiш 1993 жылы ақынның 100-жылдығына ашылған.
Мағжан туралы фильмдер
1990 — «Мағжан» режиссері: Қ.Умаров
Жанр: “Деректі фильм” Өндіріс: “Қазақтелефильм”
1994 — «Алаш туралы сөз» Алашорда режиссері: Қ.Умаров
Жанр: “Деректі фильм” Өндіріс: “Қазақтелефильм”
2009 — «Алашорда» Алашорда режиссері: Қ.Умаров
Жанр: “Деректі фильм” Өндіріс: “Қазақфильм” Шәкен Айманов атындағы
Пайдаланған әдебиет
↑ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.ISBN 9965-26-096-6
↑ Қазақ энциклопедиясы, 4 том; Әдеб.: Аймауытов Ж., Мағжанның ақындығы туралы. “Лениншіл жас” журналы, ғ5, 1923; Тоғжанов Ғ., Жүсіпбектің сыны, Мағжанның ақындығы туралы, М., 1926; Тоғжанов Ғ., Әдебиет және сын мәселелері, Қ.-О., 1929; Мұқанов С., ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. І-бөлім, Ұлтшылдық, байшылдық дәуірі, А., 1932; Мағжан Жұмабайұлының, Ахмет Байтұрсынұлының және Жүсіпбек Аймауытұлының творчестволық мұрасын зерттеу жөніндегі комиссияның қорытындысы. “Социалистік Қазақстан” газеті, 1988, №298; Елеукенов Ш., Мағжан, А., 1995; Қойгелдиев М., Алаш қозғалысы, А., 1995; Нұрпейісов К., Алаш һәм Алашорда, А., 1995.
↑ Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 ж., 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3
кандай асерли керемет
жаксы айбат екен
бракта коп оцыгым кемейт
пойдет, советаю.
..оте керемет!!
оте керемет бул окушыларга арналган реферат молодец
оте керемент
өте қатты ұнады осындай сайд көп болса екен
чё молодец то? копи паст с вики сделал )
Өте керемет жазылған шығарма
ЫЫЫЫЫЫЫЫЫЫЫЫЫЫЫЫЫЫЫЫ
оте жаксы
аидаға қосылам шындық
недеген керемет біздін казак мыкты гой
көп рахмет өте керек мәлімет
Оте керемет екен осы 3 токсаннын аягына дейін Магжан Жумабаев туралы бир папка реферат фотосуреттер слайдтарды тапсыру керек 9 бет жинадым 11 калды)))
Магжан — дара акын! Оны шексиз суйем…
магжан жумабаевтің олендеры маган унайды
класс мне это нужен