Арпаөзен таңбалы тастары
Арпаөзен таңбалы тастары, Арпаөзен петроглифтері – қола дәуірінен сақталған құнды ескерткіштер, жартасқа таңбаланған суреттер. Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Абай қыстағының оңтүстік-батысында 7 км жерде, Қаратаудың Келіншектау деген жотасында орналасқан.
Қазақстан ҒА-ның археологогия экспедициясы (жетекшілері М.Қадырбаев, 1970; З.Самашев, 1980) зерттеген. Суреттердің жалпы саны 3,5 мың. Негізгі сюжеттері аңшылыққа, жаугершілік тақырыпқа және жан-жануарлар тіршілігіне арналған. Қос аяқты ат, өгіз және түйе жеккен соғыс және шаруашылық арбалары кездеседі. Жартасқа салынған қос атты жауынгерлік арбалар белгілі бір этн. топтардың, дәлірек айтқанда, үндіарийлықтардың мифтік және діни әдет-ғұрыптарының біршама әсер еткендігін және миграциялық қозғалыстың бағыттары осы аумақ арқылы өткендігін дәлелдейді. Сақ заманының петроглифтерінде жабайы аңдардың, жануарлардың бір-бірімен айқасқан қимылдары арқылы заманның шым-шытырық оқиғаларын зооморфтық ерекше кодтар арқылы көрсеткен. Жартастағы суреттерде жыл мезгілдерінің ауысуы сияқты табиғи құбылыстар айқын аңғарылады. Мұндай көріністер металдан, ағаштан, теріден жасалған күнделікті тұрмысқа қажетті заттарға да салынған. Ескерткіш біздің замаңыздан бұрын 1–2-мыңжылдыққа жатады.