Арғын этнонимінің тарихы
Арғын этнонимінің тарихы – басқа да қазақ тайпаларының этнонимдарының тарихтары сияқты өте ерекше және қызық. Ғылыми жағынан көзге ерекше түсетін жай – арғын тайпасының елдік аты (этнонимі). Ол бізге ежелгі заманда жасаған Ғұн (Ғын) елінің атын еске түсіреді. Сол елдің аты осы Арғын тайпасының атында сақталған деуге болады. Тегінде, ғұн заманында белгілі болған саяси-әлеуметтік атаулар арғын мен қыпшақ тайпаларының арасынан кейде кездесіп отырады. Соның бірі қыпшақ елінің ұраны – «Ойбас» (немесе «Ойырбас»). Ол – Ғұндардың атақты батырының аты. Бұл – көптеген ғалымдардың қыпшақтар Ғұннан тараған деуіне дәлелдің бірі болуға тиіс. Оның үстіне ғұндар түркі тайпаларының түп атасы екені Қытай тарихында ашып айтылған. В.В. Бартольд, А.Н. Бернштам, т.б. ғалымдар да солай дейді. Олар Ғұн мен Оғыз екеуі бір ел деп дәлелдейді. Бұған қарағанда Арғын ежелгі ғұндардан таралып, солардың атын этноним түрінде сақтағаны байқалады. Тарихи мәліметтерде Арғын аты бірнеше түрде кездеседі: Ғын, Ғұн, Ақ Ғұн, Қара Ғұн, Аруғ-Ғұн, Тағ-Ғұн. Мұндағы Ақ-Ғұн, Аруғ-Ғұн – екеуі бір мәнді сөз. Мұндай аттар ежелгі тайпалар арасында жиі кездеседі. Мәселен, аруғ – тұқым, аруғ (тыным) – тыным, Ақ Қаңлы, Қара Қаңлы, Ақ Найман, Қара Найман, т.б. Мұндағы «ақ», «аруғ» (арық) сөздері «таза», «ару» деген ұғымды көрсетеді. Ерте кезде тайпаларды біріктіріп, оған басшы болған оқтарды осылай атайтын болған. Батыс түрік қағанаты кезіндегі Қыпшақ, Арғын, Басымыл, Қарлық, Қайы – көршілес отырған аталас елдер. Махмуд Қашғари оларды солтүстік өлкені мекендейтін тайпалар құрамында (Ертіс бойында) деп көрсетсе, оңтүстік пен солтүстікке түгел тараған, екі жаққа бірдей тайпалар деп анықтайды. Сондықтан арғынтарды және оның құрамына кірген Басымылды (Басым елі) оңтүстік пен солтүстік тайпаларының араласуынан шыққан ел деп бірінші айтқан – француз ғалымы Дюканже…
Арғындар – түркі тайпалары жекелей алғанда, қазақтар ішінде саны жағынан көп рулардың бірі. Амур өзеніне құятын Бурятиядағы өзен аты Арғын (Аргун) деп аталады. Алтайда Қотын өзенінің оң саласын құрайтын Арғұт өзені бар. Моңғол тілінде сөздің «т» әрпімен біту көпше жалғауды, «н» әрпімен біту жекеше жалғауды білдіреді. Егер сөздің соңындағы «т»-ны «н»-ға өзгертсек, тағы да «арғұн» немесе«арғын» шығар еді. Аристов V ғасырдағы қытай тарихшыларының «алунь» және «бой-егу» халықтары туралы дерек қалдырғанын айтады. Қытайлықтардың «р» әрпіне тілі келмейтіні белгілі.
Шыңғыс хан кезіндегі Арғын этнонимі
Аристов арғындар Шыңғысханның кезінде батысқа қарай, наймандар мен керейлердің алдын алып жылжыды деп айтады. Шағатай ұлысын, Қарақұл хан өлгеннен кейін, оның әйелі – бір жазуда Ергене қатын, екінші жазуда Оргона немесе Аргуна қатын билегені белгілі. Қазіргі Қапал Лепсі уезінің жерін 1253 ж. қарашасында жүріп өткен Рубрук бұл ел бұрын Оргонум деп аталғанын тұжырымдады. Рубруктың комментаторы проф. Малеин былай деп жазады: «Рубрук елді Оргона патшайымның атымен атап әдеттен тыс қателесті». Бұған дәл сол маңда Арғын ата тауының бар екенін, бұл сол «арғын» және «ата» деген екі сөзден құралғанын қосамыз, яғни «арғынның атасы», мүмкін, «арғын» кісі есімі емес те шығар, оның орнына қазақтарда көбінесе рудың аты пайдаланылады. «Орғана», «орғаным», «арғанаты» деген сөздердің жиі қайталануы, әрине, кездейсоқтық емес. Темірдің жорықтары туралы жазбалардан арғындардың XIV ғ. Алакөл мен Қаратал өзені аралығында мекендегенін білеміз. Шамасы, Рубрук өзінің комментаторына қарағанда көп қателеспеген. Рубруктың құлағына шалынған латын жалғауы бар «орғаным» сөзі – елді мекеннің аты емес, қайта, сол арғын халқының аты. Арғын қатын деген сөз тіркесі – қазақтардың түсінігінде белгілі бір әйелдің арғын руынан шыққандығының белгісі. Сондықтан да бұл билеушінің аты емес. «Ел (бізше – халық) бұрын арғын деп аталған» деген сөзден арғындардың ол жерде Шыңғысханның жорығынан бұрын тұрғаны белгілі болады. Шыңғысхан жорығына байланысты деректерден 1219 жылдың күзінде Қоялық қаласында оған Арслан хан Қарлұқтың қосылғаны белгілі. Егер арғындар бұдан бұрын осы жерлерде тұрса, онда олар Арслан хан Қарлұқтың қол астында болғаны және онымен бірге Шыңғысханның Түркістан мен Персияға жасаған жорығына қатысқаны шындыққа жанасады. Темір жорықтарына арналған деректерге қарағанда, арғындар XIV ғ. аяғында Алакөл көлі мен Қаратал өзенінің арасында тұрған, яғни олар бұрынғы орындарында қалған. Шағатай ұлысының құрамында болған арғындар Темірдің 1376, 1389 және 1390 жылдардағы жойқын шапқыншылықтарына ұшырады, одан кейін XV ғ. басында шығыстан жоңғарлардың шабуылы басталды да, 1456 ж. арғындар батысқа қарай кәдімгідей жылжып, Орыс ханның немересі, әйгілі Жәнібек ханның қарамағында болды. Шамасы, арғындар батысқа қарай 1400-1410 жылдар мәулетінде қозғалса керек. өйткені арғындар (қанжығалы руы) 1420 ж. Жәнібектің әкесі Барақ ханның Ташкент пен Ходжентке қарсы жорығына қатысады.
Арғындардың Қазақ хандығының құрылуына қосқан үлесі
Арғындар арасында көшпелі өзбектердің ханы Әбілқайырға жақын жүргендер қатарында қара қыпшақ Қобыланды мен арғын руынан ел Ақжол деп атаған Дайырқожа болған екен деген аңыз бар. Олар іштей жауласып жүреді де, оның ақыры Дайырқожаның Қобыланды қолынан қаза табуымен аяқталады. Арғындар Әбілқайырдан Қобыландыны қысас қылып өлтіруге қолдарына беруді сұрапты, бірақ хан оны орындамауға сескенген жоқ. Сонда арғындар (және керейлер) Жәнібек пен Керей сұлтанға ілесіп, Әбілқайырды тастап кетеді. Бұл аңыз бізге тарихтан белгілі. Жәнібек пен Керейдің Моңғолстанға, Балқаш көлінің оңтүстігіне ығысу себебін де тиянақтай түседі. Шамасы, шейбанидтердің ішінде бірде-бір арғынның қалмауы осы қанды өкпемен түсіндіріледі. Басқа рулар болса, бұл тұста шейбанидтер мен Жәнібек тұқымдарының арасында бөлініп кеткен, ал Мұхамед-Шейбани Түркістанды жаулағанда онымен бірге болған рулардың тізімінде арғындар кездеспейді. Қазақ хандығының құрылуы осы шақтан бастап жүргендіктен, арғындар осы халықтың құрамындағы аға орынды алғаны күмәнсіз.
Қолданған әдебиет тізбегі
«Қазақ халқының қаһармандары», Жеңіс Марданұлы, Павлодар – 1991 жыл – «Дауа».
«Шежіре», Тілеке Жеңіс, Павлодар – 1995 жыл – «Дауа», «Қазақстан».
Ш.Уәлиханов, 5 томдық шығарма жинағы, 1 том, 1961 ж., 222 бет.
Қазақ ССР ҒА Орт. ғыл. кітап. қолжазбалар қоры, 829 папка, 2 дәптер.
«Из истории Казахстана XVIII века», Р.Сүлейменов, В.Моисеев, 1988 жыл.
Қазақ Совет Энциклопедиясы, 7 том.
ҚСЭ,1 том, 450-451 беттер, Әлкей Марғұланның мақаласы.