Зафарнаме
Зафарнаме (парс. і«BЇo–ѓ – “Жеңіс кітабы”) – Низам әд-Дин Шамидің шығармасы. Әмір Темірдің өмір тарихы туралы ресми қолжазбаның сақталып қалған, екі түрде редакцияланған нұсқасының алғашқысы. 1402 – 04 ж. парсы тілінде жазылған. Низам әд-Дин Шами 1393 ж. ғана Бағдадтан қоныс аударып, Әмір Темірдің сарайына қызметке ауысады. Сол себепті ол осының алдындағы жылдарда болған оқиғаларды тек ауызша және жазба деректемелерге сүйеніп жазуы ықтимал.
“Зафарнаме” Әмір Темірдің тапсыруымен жазылып, шығарманың атын да өзі қойған. Автор деректеме ретінде Әмір Темірдің көзі тірісінде оның қолбасшылық өмір тарихын (бізге жетпеген) және жекелеген жорықтарының күнделіктерін (бұлардың ішінде бізге жеткені Ғийас әд-Дин Әли Йездидің “Темірдің Үндістанға жасаған жорығының күнделігі” ғана) пайдаланған. Белгілі дәрежеде “Зафарнаме” авторы парсы және ұйғыр хатшылары құрастырған Әмір Темір басынан кешкен оқиғалардың негізгі жазбаларына да (оларды Әмір Темірдің өзі қарап жөндеген) сүйенген.“Зафарнаме” Әмір Темір өмірі мен қызметінің негізгі оқиғалары: 14 ғ-дың 2-жартысындағы оның Мауераннахрда билікті қолға алу үшін күресі, Моғолстанға, Хорезмге, Хорасанға, Иранға, Грузияға, Дешті Қыпшаққа, Үндістанға, т.б. елдерге жасаған жорықтары қысқа әрі шежірелік сипатта берілген. Шығармада Әмір Темір серіктестерінің есімдері, олардың қай тайпа, руға жататындығы келтіріледі, оның дұшпандарының іс-әрекеттері, аты-жөндері, туыстық байланыстары, т.б. туралы көптеген мәліметтер бар. Оқиғаны баяндау желісі 1403 жылға дейін жеткізілген.
Қазақстанның ортағасырлық тарихын зерттеуде шығармадағы Әмір Темірдің 14 ғ-дың 80-жылдарында Дешті Қыпшақ пен Моғолстанға жасаған жорықтары туралы жазылған тараулар құнды дерек болып табылады. Ондағы материалдар Әмір Темірдің осы аймақтарды қоныстанған көшпелі халыққа жүргізген жаулаушылық, тонаушылық саясатын, Ақ Орда, Көк Орда мен Моғолстанның дербес экон. және саяси дамуына бөгет жасауға ұмтылғанын сипаттайды. Шығармада Қазақстан жеріндегі осы мемлекеттердің ішкі саяси жағдайы, шаруашылығы, т.б. туралы мағлұматтар қамтылған. Дешті Қыпшақ пен Жетісудың тарихи географиясы жөнінде деректер келтірілген. Әмір Темір тарихын жазумен айналысқан кейінгі дәуірдің көптеген авторлары “Зафарнамені” деректеме ретінде пайдаланды. Хафизи Абру оны өзінің “Маджму’а” (1417), “Зубдат ат-тауарих” атты еңбектерінде кеңінен пайдаланды. Мұхаммед ибн Фазлаллах Мусави Әмір Темір тарихына арналған “Тарих-и Хайрат” (1412 – 14) еңбегін “Зафарнамеге” сүйеніп жазды. Шараф әд-Дин Йезди де Әмір Темірдің ресми тарихын жазғанда осы еңбекке сүйенген. “Зафарнаменің” екі қолжазбасының бірі Лондонда, екіншісі Стамбұлда сақталған.