Патша үкіметінің XVIII ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы отарлау шаралары
Патша үкіметінің XVIII ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы отарлау шаралары
Нұралы хан
Әбілқайыр хан өлген соң, 1748 жылы Кіші жүздегі хандық таққа оның ұлы Нұралы отырды. Бұл шешімді Ресей патшайымы Елизавета Петровна бекітті. Нұралы патшалық билік тарапынан бекітілген бірінші қазақ ханы еді. Патша үкіметі бұл әрекеті арқылы ендігі уақытта қазақ жұрты хан ретінде мойындаған сұлтанды хандық дәрежеге бекіту немесе бекітпеу ез еркінде екендігін білдіруі еді. Бұл қазақ халкының дербес мемлекеттігін жоюға бағытталған алғашқы қадам, сондай-ақ Патшалық ішінде патшалықтың болуы мүмкін емес! деген стратегиялық бағыт көрінісі болатын.
Нұралы хан да әкесі Әбілқайыр сияқты ел арасындағы ықпалды топтардың қолдауына сүйене алған жоқ. Әкесіне ұқсап ол да алғашқы жылдары жалпы қазақтық тақтан үміткер екендігін білдірді де, бірақ сырткы істер коллегиясы И.И.Неплюевтің кеңесі бойынша, Нұралы ханның өтінішін қолдамады, сөйтіп бекіту грамотасында оның билік ауқымын белгілемей, жай ғана «қазақ ханы» атады.
Бұл қазақ қоғамын жеке хан билігі арқылы басқарудан бас тарту еді. Нұралы ханға дара қолдау керсету өз ретінде Абылай, Барақ және басқа ел арасындағы аса беделді билеушілерді Ресейге қарсы қоюмен тең болды. Осы жағдайды ескере отырып, Петербургтік билік Неплюев ұсынған, қазақ қоғамындағы ықпалды топтардың бірде-бірінің басқалардан ерекше күшейіп кетуіне жол бермей, олардың арасында күштер «тепе-теңдігін» сақтау саясатын ұстануға кешті. Сөйтіп, қазақ саяси элитасын басқарудың ресейлік әдісі осылайша орныға бастаған еді.
Ресей үкіметінің бұл саясатының орнығуына қазақ қоғамының ішіндегі билеуші топ арасындағы алауыздықтың етек алуы, сондай-ақ Нұралы ханның ел арасында беделінің жоқтығы қолайлы жағдай туғызды. Әбілқайыр ханның ескі жауы Батыр сұлтан Нұралыны хан ретінде мойындаудан бас тартып, Сырдарияның төменгі ағысындағы шекті тайпасының старшындары оны өздеріне хан сайлайды.
Сөйтіп, Кіші жүз екі хандыққа белініп, солтүстік-батыс бөлігі Нұралы ханға, ал оңтүстік-шығыс бөлігі Батыр ханға қарады. Егер Нұралы ханның Ресейге төуелділігі жыл еткен сайын арта түскен болса, Батыр сұлтан өзін Ресейден алысырақ ұстап, Хиуа хандығының қолдауына сүйенуге бейімділік танытады.
Нұралы хан билігінің әлсіреуіне оның көрші халықтармен екі жаққа бірдей тиімді қатынас орнықтыра алмауы да үлкен әсерін тигізді. Оңтүстік шекарада Хиуаға бағынышты түрікмендермен арада бейбіт қатынастың орныға қоймауы салдарынан Нұралы әскері біріккен әзбек-түрікмен қолдарынан қирай жеңіліп, мыңнан аса қазақ жігіттері опат болды. Ханның Еділ мен Жайықтың арасындағы торғауыт қалмақтарымен қатынасы да өзара жаугершілік сипатта болды.
1771 жылы қысында патшалықтың езгісі мен зорлығынан Жоңғар жеріне қашқан торғауыттарды Нұралы хан Ералы және Айшуақ деген інілерімен бірге аяусыз тоналды.
Нұралы ханның саясаты Кіші жүз қазақтарының башқұрт халқымен арақатынасының шиеленісуіне алып келді. 1755 жылы Башқұртстанда Ресей езгісіне қарсы жаңа көтеріліс бұрқ ете қалды.
Патша әскерінің қуғынынан ығысқан елу мыңға жуық башқұрттар қазақ даласына еніп, қазақтармен біріге орыс шабуыльшан қорғанудан үміттенді. Орынбор губернаторы И.И.Неплюев Нұралы ханға және басқа қазақ билеушілеріне арнайы грамота жолдап, онда башқұрттардың малы мен мүлкін тонап, ездерін құлға айналдыруға шақырды.
Бұл үндеу қазақ ауылдары арасында кең қолдау тапқан жоқ. Тіпті орыс билігінен бірігіп қорғану мақсатында жетіру тайпасы жерінде қазақ-башқұрт аралас қолдары құрылып, шекара бекіністеріне шабуылдар да жасалынды. Дегенмен Орынбор губернаторының тілеген орындауға кірісіп кеткен Нұралы мен оның інілері башқұрттарды тонап, олардың басшысы Батырша Әлеевті орыстарға ұстап беруге күш салады. Бұл сатқындық әрекеттен қазақ пен башқұрт елдері арасындағы туыстық қатынас бұзылып, езара жаугершілікке ұласуына жол ашты.
Көршілерімен араздасқан Нұралы хандық ішінен де қолдау таба алмады. Патшалық әкімшілікпен ғана жақын болу жолына түскен ханның рубасылармен арақатынасы алшақтап кетті. Хандықтың күнделікті өміріне байланысты шақырылып тұратын билер кеңесі де сиреп, билердің ел басқару ісіне араласу мүмкіндігі тарыла түскен-ді.
Ал Нұралы ханның Жайықтың оң жақ бетіндегі жайылымдарды пайдалануға патшалық әкімшіліктің келісімін ала алмауы, соның салдарынан мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырауы ханның беделін біржола құлдыратты. 1785 жылы генерал-губернатор О.А.Игельстром II Екатерина патшайымға:
“ Рубасылары мен халықтың ханға наразылығы соншалықты зор, тіптен өздерінің берекесі мен тыныштығын алушы ретінде қарайды ”
, — деп жазды.
1772 жылдан бастап Кіші жүз қазақтарының отарлық билік пен хан-сұлтандардың зорлығына қарсы азаттық қозғалысының басында тұрған Сырым батыр өзін қолдаған рубасыларымен біріге отырып, Нұралыны биліктен аластау мәселесін қояды. Генерал-губернатор қозғалыс басшыларының бұл талабын орындап, 1785 жылы Нұралы ханды Орынборға шакыртып алып, оған қызметкерімен бірге тұруға Уфадан жарамды үй бөлдіріп, күнкөріс үшін жылына 5 мың сом қаржы тағайындайды.
Жаңа басқару жүйесі
Сол жылы генерал-губернатор Игельстром патшалық билік орындарына Кіші жүз қазақтарын басқарудың жаңа жобасын ұсынды. Ол жоба бойынша, хандық билік жойылып, қазақтарды басқару патша шенеуніктері мен қазақ ақсүйектерінің өкілдерінен тұратын Шекаралық сотқа берілу керек еді.
Шекаралық сот генерал-губернаторға бағынышты болып, Орынборда орналасты. Ал қазақ арасында, яғни жеке рулар үшін ерекше өкімшілік орындарын (расправалар) құру белгіленді. Рубасыларынан құралған мұндай билік өз ретінде Шекаралық сотка бағынуға тиіс еді. Жаңа басқару жүйесі қазақ қоғамын басқаруды жеңілдетіп, патшалық билік ықпалының арта түсуіне жол ашуға тиіс болды.
Ресей үкіметі Игельстром ұсынысын қабыл алып, 1786 жылы Орынборда Шекаралық сот ашылып, 1787 жылы Кіші жүздің негізгі руларын қамтыған төменгі сот орындары (расправалар) ұйымдастырылатын болды. Шын мәнінде, жаңа билік жүйесі өзін ақтаған жоқ. Хандық билік жойылды, ал төменгі билік құрылмай қалды. Шынайы билік ресейлік билік орындарынан тәуелсіз рубасыларының қолына көшті.
Үкімет жергілікті әкімшілік орындарына толық тәуелді билік жүйесін құра алмады. Қоғамның ішкі өміріне ықпал жасау мүмкіндігінен айырылған үкімет дәстүрлі хандық басқару жүйесіне оралуға мәжбүр болды. 1791 жылы өмірден қайтқан Нұралы ханның орнына оның інісі Ералы хан сайланды.
Бірақ ел арасында жеккөрінішті сұлтанның таққа отыруы хандық биліктің беделін көтере алған жоқ. Патша үкіметі 1795 жылы Нұралының ұлы Есімді хан етіп бекітті. Есім хан тұсында хандық билік пен рубасылары арасындағы егес тереңдей түсті. Соның салдарынан 1797 жылы наурызда Есім хан Сырым батырдың жақтастарының қолынан қаза табады.
Бұл жағдай да үкіметтің хандық билікке көзқарасына өзгеріс енгізе алған жоқ, отаршыл өкімшілік хандық таққа ел арасында беделсіз, өз пікірі жоқ сұлтандардың отырғанын жөн көрді. 1797 жылы күзде жаңа хан тағайындалды. Ол — әлжуаз, патшалық биліктің айтқанынан шыға алмайтын қарт Айшуақ сұлтан еді.
Патшалық биліктің тұрақты қолдауына сүйеніп, қазақ қоғамының орыс билігіне тәуелділігін күшейте түскен сұлтандар партиясын Сырым батыр бастаған азаттық қозғалыс жолында тұрғандар жеңе алған жоқ. Батыр Хиуа хандығы тарапына ығысуға мәжбүр болып, сонда 1802 жылы опат болады.
Пайдаланылған әдебиет
↑ Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т. б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006. — 232 бет, суретті. ISBN 9965—33—633—4