Патша үкіметінің қазақстандағы діни саясаты
Патша үкіметінің қазақстандағы діни саясаты
Мазмұны
1 Қазақтардың діні және діни әдет-ғұрыптары
2 Патша үкіметінің XVIII ғасырдағы ислам дініне қатысты ұстанған саясаты
3 XIX ғасырдың бірінші жартысында патша үкіметінің Қазақстандағы діни саясатының өзгеруі
4 XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезіндегі миссионерлер қызметі
5 Қырғыз миссиясының қызметі
6 Патша үкіметінің XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезінде ислам дініне қатысты саясаты
7 Патша үкіметінің дін саясатына қазақтардың наразылық білдіруі
8 Пайдаланылған әдебиет
Қазақтардың діні және діни әдет-ғұрыптары
Дүйсенбай қажы отбасымен
Қазақтар ислам дінінің суниттік бағытын ұстанды. Оларда ислам дінімен қатар мұсылман дініне дейінгі діни наным-сенімнің қалдықтары да сақталып калған болатын. Мәселен, қазақтар ата-бабалар рухына сенетін. Ежелгі түркілердің құдайы Тәңірге табынып, «Тәңір жарылқасын!» деп алғыс айтатын. Жаңбыр жаумай, құрғақшылық болып, астық шықпай қалған кездері қазақтар ата-бабаларының бейіті басына барып, аруақтарға арнап «тасаттық» беретін, діни салт-сана жоралғыларын жасайтын. Олар қасиетті аруақтарға, атап айтқанда, Қожа Ахмет Йасауиге табынатын. Көшпелі және жартылай көшпелі халық арасында бақсылар (шамандар) елеулі орын алып келді.
Қазақтар қайтыс болған адамды мұсылманша жерледі. Әр ру туыстарын өздерінің әулеттік зиратына жерледі. Өлген адамның туысқандары оның жетісін, қырқын, (кейде жүзін) және жылын өткізетін. Ата-бабаларының аруағына арнап ұлан-асыр ас беретін. Ac әдетте адамның қайтыс болғанына жыл толғанда беріледі. Дәстүрлі қазақ қоғамында астың әлеуметтік және мәдени маңызы үлкен болатын. Онда аса маңызды саяси, шаруашылық және әлеуметтік мәселелер талқыланып, өз шешімін тауып жататын. Ac кезінде ақшаңқан үйлер тігілетін, аруақтарға арнап құран бағышталатын. Ондай салтанатты жиынға алыс-жақын рулардың өкілдері — ақсақалдары, ақындары, билері, шешендері, әншілері мен балуандары арнайы шақырылатын. Ac кезінде спорттық ойындар мен жарыстар өткізілетін. Бәйгеге ат қосу, балуан күрестіру, жамбы ату, ақындар айтысын өткізу, ән мен жырға кезек беру үлкен жиынның сәнін кіргізіп, мәнін арттыра түсетін. Әрине, ұлан-асыр үлкен ас беру дәулетті, бай адамдардың ғана колынан келетін. Қазақтардың тарихында Абылайдың асы, Өскенбайдың (Құнанбайдың әкесі) асы, Сағынайдың асы деген ұлан-асыр астар белгілі.
Патша үкіметінің XVIII ғасырдағы ислам дініне қатысты ұстанған саясаты
XVIII ғасырдың соңғы ширегіндегі жағдайда Ресей императрицасы II Екатерина ислам дініне қолдау көрсету саясатын ұстанды. Мұның мынадай себептері болды: біріншіден, патша үкіметі қазақтарды Ресеймен тығыз байланыстырмак болды. Бұл ретте молдалар тек қана Ресей татарларынан іріктелді. Екіншіден, мұндай қадам жасау қазақтардың Орта Азиядағы мұсылман орталықтарымен байланысын шектеуге тиіс болды. Үшіншіден, Бұл шаралар көшпелі қазақтардың жауынгерлік мінез-құлқын едәуір жұмсартады деп ұйғарылды. Сондықтан да қазақ даласымен шекаралас жерлердің барлығында да мемлекет қазынасы есебінен мешіттер салына бастады. Әдетте ол мешіттер патша үкіметі әкімшілігінің бастамасы немесе қазақ хандары мен сұлтандарының және старшындарының өтініші бойынша бекіністер жанынан салынды. Мәселен, сұлтан Шаншар Сұлтанбетовтың өтініші бойынша Ертіс өзенінің жағасында осындай бір мешіт бой көтерді. Ол мешіт Жәмішев бекініс-қамалы мен Семей қаласының ортасында салынған еді. Мешіттің жанында балаларды оқытатын шағын медресе де болды.
XIX ғасырдың бірінші жартысында патша үкіметінің Қазақстандағы діни саясатының өзгеруі
Патша үкіметінің әкімшілігі өзінің отаршылдық саясатын жүргізе отырып, көшпелі, жартылай көшпелі қазақ халқын шоқындырып, христиан дініне көшіруге зор көңіл бөлді. Сол арқылы Қазақстандағы байырғы халықты Ресей империясына шын берілген жандар етіп шығаруды ойластырды. XIX ғасырдың бас кезіне қарай қазак даласындағы әлеуметтік-саяси жағдай өзгере бастады. Соның нәтижесінде патша үкіметінің қазақтарды шоқындырып, христиан дініне көшіру жөніндегі жаңа саясатын жүзеге асыру үшін өте қолайлы жағдай туды. Патша үкіметінің халықаралық аренадағы жағдайы да орныға түсті. Ресей француздарға қарсы 1812 жылғы Отан соғысында жеңіп шықты. 1822—1824 жылдары Кіші жүз бен Орта жүздегі хандық билік жойылды.
Патша үкіметінің қазақтарды шоқындыру жөніндегі белсенді қызметі 1808 жылдан басталды. Сол жылы Казақстанның Ресеймен шектес аудандарында ашаршылық күшейген еді. Патша үкіметінің әкімшілігі қазақтардың балаларын көптеп сатып алып, оларды православие дініне кіргізуге кірісті.
XIX ғасырдағы белгілі орыс зерттеушісі А. Добросмысловтың хабарлағанындай, «Қырғыздардың балаларын шенеуніктер, помещиктер, казактар, офицерлер, көпестер, тіпті дін қызметкерлерінің өздері де сатып ала бастады».
Алайда қазақ даласында христиан дінін қабылдағысы келетіндер іс жүзінде мүлде жоқтың қасы еді. Мұның өзіндік себептері де болатын. Біріншіден, Қазақстанның далалық бөлігінде тұратындар негізінен қазақтар еді. Екініиіден, қазақ халқының тарапынан православиелік дін таратушы миссионерлердің қызметіне қарсылық тіпті күшті болды. Үшіншіден, Бұл кезде қожалар мен татар молдаларының қызметі арқылы ислам дінінің жағдайы едәуір нығайған еді. Сондықтан да қазақтарды шоқындырып, христиан дініне көшірудің нәтижесі XIX ғасырдың ортасына дейін тіпті де мардымды болған жоқ. Мәселен, аса ауқымды Омбы елкесінде небары 25 қазақ, Томск губерниясында — 4, ал Тобыл губерниясында — 66 қазақ қана шоқынған еді.
XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезіндегі миссионерлер қызметі
Қазақтардың православие дініне кіруі XX ғасырдың 50—60-жылдарында едәуір көбірек байқалды. Мұның өзі патша үкіметінің қазақтарды Ресейдің ішкі губернияларына өткізбеу жөніндегі қатаң тыйым салу шараларының басталуына байланысты еді. Жатақ қазақтар күнкөріс үшін жүмыс іздеп, Тобыл және Томск губернияларының селоларына ағылумен болды. Бірақ Бұл кезде Ертістің оң жағалауына Ішкі Ресейден қоныс аударып келген шаруалар көптеп жайғаса бастаған еді. Патша үкіметі қоныс аударып келген шаруалардың жер иелену құқығын ғана қорғау жағында болды. Қазақтарды Ертістің сол жағына күштеп көшіру әрекеттеріне кең жол ашылды.
Қазақтардың Ресейдің шекаралас ішкі губернияларының аумағына өтуінің «занды» жолдарының бірден-бір тиімді тәсілі христиан дінін қабылдау еді. Міне, мұндай жағдайда олар төлқүжаттық алымдар төлеуден босатылатын. Жаңа дінді қабылдағандардың жұмыс іздеп, Батыс Сібірдің селолары мен қалаларына тегін және ешқандай кедергісіз өте беруіне рұқсат етілді. Отаршыл өкімет билігінің ойлап тапқан айла-шарғысының бірі «шоқынушыларға», яғни христиан дініне өткендерге бірқатар жеңілдіктер пен артықшылықтар беру болды. Мәселен, «шоқынғандар» мемлекеттік алым-салықтардан және рекруттық міндетті атқарудан толық босатылды. Олар сонымен қатар едәуір елеулі мөлшерде ақшалай несие алуға да құқықты болды.
Христиан дінін қабылдаған қазақтардың барлығы да әдетте қазақ қоғамының әлеуметтік төменгі кедей тобының өкілдері еді. Олар ең алдымен өздерінің материалдық жағдайын жақсартуды көздеді. Сөз реті келгенде айта кету керек, Бұл жағдайды Сібір қырғыздарын басқару жөніндегі жалпы облыстық басқарма кеңесінің 1868 жылғы 20 ақпандағы деректерінен айқын көруге болады. Онда былай деп ашық айтылған: «… бұған дейін православие дінін қабылдаған қырғыздардың (қазақтардың. — авт.) бәрінің де шекара шебіне жақын жерлерде көшіп-қонып жүрген сіңірі шыққан кедейлерге жататыны жақсы мәлім… Сондықтан да мына жағдайга күмән келтіруге болмайды: олардың өз дінін ауыстыру себебі өздері ұстанып келген діннің түкке тұрғысыз екендігіне кәміл көз жеткізгендігінде емес, көпшілік жағдайда материалдық есепте жатыр..» Әрине, олардың христиан дінін шын ниеттерімен құрметтей қоюын күтуге болмайтыны әбден табиғи нәрсе болатын. Мұны дін таратушы миссионер Филарет Синьковскийдің жазбалары да дәлелдей түседі: «… Жаңа шоқындырылғандардың өмірін бақылаудан көрініп отырғанындай, олар өздері қабылдаған дінге барынша немқұрайлы қарайды және оны тереңірек игеруге мулде құлықсыз».
Шоқындырылған қазақтар әдетте өзінің бұрынғы қауымында қала алмайтын. Христиан дінін қабылдаған қазақтар «діннен безгендер» деп айыпталып, өте қатаң қуғын-сүргінге ұшырайтын, тіпті оларды өлтіріп те жіберетін. 1869 жылы бұрынғы аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының бастамасы бойынша Қарамола деген жерде Семей облысы Қарқаралы уезі аумағындағы қазақ билерінің съезі өткізілді.
Онда қазақ ақсүйектері христиан дінін таратушы миссионерлердің қызметіне жол бермеу үщін қолдан келген шаралардың барлығын да қабылдау керектігі туралы шешім қабылдады. Атап айтқанда, қазақтың әдет заңының шоқынған қазақтарды ешқандай да қорғамайтыны жарияланды. Өз дініне опасыздық еткендерді тонап кеткені, өлтіріп кеткені үшін ешкім де жауапты болмайтыны айтылды.
Қырғыз миссиясының қызметі
Дала қазақтарын христиандандыру 1881 жылдан бастап едәуір қарқын алды. Өйткені бұл кезде Қырғыз миссиясы құрылған еді. Ол Алтайдағы діни миссия негізінде құрылды. Алтай діни миссиясы бұған дейін Томск губерниясындағы Бийск округының қалмақтарын христиан дініне енгізумен айналысқан болатын.
Жаңадан құрылған Қырғыз миссиясы Семей облысының кең-байтақ аймағындағы қазақтарды шоқындыруға кірісті. Бұл аумақтағы миссияның құрылуына себеп болған нәрсе XIX ғасырдың бүкіл барысында тап осы аймақта кедей жатақтардың қатары көбейіп кеткен еді. Көшпелі қазақ қауымдары тарапынан Қырғыз миссиясына қатты қарсылық көрсетілді. Қазақтар орыс шаруаларының селолары мен казак станицаларына кеткен шоқынған туыстарын іздестіре бастады. Дін таратушы миссионерлер өздерінің 1886 жылғы есебінде бұл жөнінде былай деп жазды: «Мұхаммедтік орта өздерінің туыстары мен жақын адамдарының қасиетті шоқынуды қабыл алуына жол бермеу ушін барлық тәсілді, соның ішінде әр түрлі қулық-сұмдықты да, барып түрган арсыздықпен күш қолдануды да, аяусыз кек алуды да пайдалануда».
Жаңадан шоқынғандарға православие дінін жақсылап оқыту үшін оларды миссионерлік стандарға жіберіп отырды. Онда олар орыс тілін оқып үйренді, жаңа діннің негіздері бойынша сауатын ашты.
Алайда дін үйрету саласындағы миссионерлік қызметтің қарқыны тіпті де мардымды болған жоқ. Оның үстіне, шоқынғандардың арасында исламға қайта бет бұрғандар да аз емес еді. Сондықтан да 1897 жылғы Бүкілресейлік халық санағының материалдары бойынша Қазақстан аумағындағы шоқынғандардың жалпы санының небары 660 адамнан аспағаны таңғаларлық кездейсоқ нәрсе емес еді.
Патша үкіметінің XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезінде ислам дініне қатысты саясаты
Патша үкіметі христиан дінін тықпалаумен қатар ислам дінін әлсірету саясатын да ұстанды. Өйткені ол исламды христиан дінін кеңінен тарату жолындағы басты кедергі деп санады. Қазақтардың Шығыс елдерінде, мәселен, Түркияда оқуына тыйым салынды. Молдалардың қызметіне үкімет әкімшілігі тарапынан қатаң бақылау орнатылды. 1867-1968 жылдары қазақтардың дінге байланысты мәселелері Ішкі істер министрінің қарауына берілді. Әр болыста бір-бірден ғана молда ұстауға рұқсат етілді. Көшпелілер арасындағы молда Ресей империясына шын берілген қазақ болуы тиіс делінді. Молдаларды әскери губернатор ғана тағайындайтын және жұмысынан босататын болып белгіленді. Мешіт салу үшін генерал-губернатордың рұқсатын алу қажет болды. Молдалардың жергілікті тұрғындардың сауатын ашып, оқытуы және оның мешіт жанында жұмысқа жайғасуы үшін уезд бастығының рұқсаты керек еді. Мешіттер мен олардың жанындағы медреселерді қазақ қоғамдарының өз есебінен ұстау керек деп шешілді. Вакуфтердің, яғни мешіттердің жылжымайтын мүлкін ұстауға үзілді-кесілді тыйым салынды.
Патша үкіметінің дін саясатына қазақтардың наразылық білдіруі
Дін таратушы христиан миссионерлерінің қызметі және ислам дінінің ықпалына барынша шек қоюшылық қазақ халқының тарапынан күшті наразылық тудырды. 1889 жылы Ақмола облысының Көкшетау облысындағы қазақтар патшаның тікелей өзіне хат жазып, қазақтардың өз мүфтиін тағайындауды сүрады. Бірақ патша олардың Бұл өтінішін орындаудан үзілді-кесілді бас тартты. Мешіт салуға рұқсат етілмегеніне қарамай, қазақтар оларды ешқандай рұқсат сұрамай-ақ, өз беттерінше салып ала бастады. 1903 жылы Көкшетау, Петропавл, Ақмола, Павлодар, Семей қалаларында мұсылмандардың құпия діни ұйымдары құрылды. Оған молдалар, мұғалімдер және қазақтың студент жастары мүше болып тартылды. Ол ұйымдардың қызметі мен міндеті патша үкіметінің дін саласындағы саясатына қарсы күрес жүргізу болды. Қозғалысты Науан хазірет (Наурызбай Таласов), Мұхамеджан Бекішев, Шәймерден Косшығұлұлы және Ысмағүл Балжанов сияқты молдалар басқарды. Олар қазақ халқын өз ұлттық бет-бейнесін сақтап қалуы үшін патша үкіметінің христиан дінін таратушы миссионерлік қызметіне қарсы белсене күрес жүргізуге шақырды. Атап айтканда, олар казак даласындағы беделді тұлғаларға — Павлодар уезіндегі Сәдуақас Шормановқа, Семей уезіндегі Абай Құнанбаевқа арнайы хат жазып, өздеріне қолдау көрсетуін өтінді.
1907 жылы Омбы қаласында Дала генерал-губернаторының жанында арнайы кеңес өткізіліп, онда қазақ қоғамындағы рухани өмірдің кезек күттірмейтін өткір проблемалары да талқыланды. Кеңесте православие дінін таратушы миссионерлердің қызметіне тыйым салу талап етілді. Қазақтар православие дініне өтіп кеткендердің қайтадан ислам дініне ешқандай кедергісіз емін-еркін оралуын да талап етіп қойды. Сондай-ақ өзіндік ерекше Далалық муфтиат ашу қажет деген ұсыныс жасалды. Кеңеске қатысушылар қазақ, татар және араб тілдерінде шығатын рухани кітаптарға цензуралық бақылауды тоқтату жөніндегі мәселені де көтерді. «Алаш» партиясының бағдарламалық құжаттарында (1917 жыл) Ресейде қазақтар жиі тұратын аумақтарда патша үкіметінің христиан дінін таратушы миссионерлік қызметін тоқтату талап етілді.
Пайдаланылған әдебиет
↑ Қазақстан тарихы (XVIII ғасыр — 1914 жыл). Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Қабылдинов З.Е., Қайыпбаева А.Т.Алматы: Атамүра, 2008. — 352 бет, суретті, карталы. ISBN 9965-34-816-2