Патша өкіметінің көші-қон саясаты
Патша өкіметінің көші-қон саясаты
Мазмұны
1 Әскери-казактық отарлау
2 Қазақстанға орыс шаруаларының қоныс аударуы, негізгі кезеңдері
2.1 Қоныс аударудың бірінші кезеңі
2.2 Қоныс аударудың екінші кезеңі. Қазақстан тұрғындарының ұлттық құрамындағы өзгерістер
2.3 Қоныс аударудың үшінші кезеңі
3 Пайдаланылған әдебиет
Әскери-казактық отарлау
Қазақстанның көп ұлтты құрамы өлкені үнемі әрі жүйелі түрде отарлау саясаты нәтижесінде қалыптасты. Қазақстанға басқа ұлт өкілдерінің келіп қоныстануы патшалық билік тұсында басталып, кейіннен кеңестік жүйе тұсында жалғасын тапты. Қоныстану түрлі жағдайларға байланысты мемлекет тарапынан қолдау арқылы ұйымдасқан түрде немесе шашыранды, өз күштерімен жүйесіз түрде, қоныс аударушылардың өз еркімен немесе оларды зорлап жер аудару арқылы жүргізді. Қазақстанның көп ұлтты құрамы жер аударылған кулактармен, сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған және тарихи мекенінен қуылған халықтармен, тың және тыңайған жерлерді игеруге келгендермен, одақтық ведомствоаралық биліктің ұйғаруымен және басқа келушілермен толығып отырды.
Қазақстан жеріне басқа этникалық топтардың алғаш келіп қоныстануы XVI ғасырдан бастау алды. Бұған дейін де Алтын Орда мен Орыс мемлекетінің арасында болып тұрған екі жақты барыс-келістердің болғаны белгілі. Ал орыс-казактық отарлау Украинадан, Ресейдегі басыбайлылық қанаудан қашқан шаруалардың казак еркін жұртына қосылып, Жайық пен Ертіс өңіріне келуінен басталады. Бұл басыбайлылық құлдықтан қашқан «еркін адамдар» (казактар мен татарлар) жаңа жерлерді игеру мақсатында келіп, біртіндеп дербес қауым ретінде қалыптаса бастайды.
Славяндық және түркілік тегі аралас казактар I Петр тұсында XVIII ғасырдан бастап орыс мемлекетіне түпкілікті бағынды. Осы кезден бастап казактар Ресейдің геосаяси стратегиясын жүзеге асыруға белсене қатысады.
Жергілікті халықтардан тартып алынған ұлан-байтақ жер иеліктерін, балық аулайтын сулы-нулы өңірді, тұз және басқа кәсіпшілікті уысында ұстай отырып, әр түрлі артықшылықтарға ие болған казактар империя шебіндегі патшалық тәртіптің сенімді тірегі болды. Тарихтың қатал шындығы казактардың қаналған халықтың ұлт-азаттық қозғалыстарын аяусыз басып-жаншитын патшалықтың екпінді күшіне айналғандығын айғақтайды.
Қазақстан аумағында құрылған Орал, Орынбор, Сібір және Жетісу шептерінің казактарына Оралдың, Солтүстік Қазақстанның, Ертістің және Жетісудың ең құнарлы, шұрайлы жерлері бөлініп берілді. Қазақтар осы аймақтағы қыстауларынан, жайылымдық, шабындық алқаптарынан айырылды.
Ермақтың Сібір хандығын жаулап алуы қазақ жеріне шаруа, саудагер, кәсіпкерлердің ағылуына жол ашты. Қазақстанға жалпы саны 200 мыңдай казактар келіп қоныстанды.
Казактық отарлаудан кейінгі әскери-әкімшілік отарлау кезінде тірек пункттері есебінде әскери қоныстар бой көтерді. Бұл қоныстар әскери шептерге ұласты. Бастапқы кезде әскери қоныстар Орал, Ертіс сияқты өзен арналарын қамтыды. Осындай қозғалыстың үдере жүргізілгендіғін қала бекіністерінің тез өскендігі дәлелдейді. Мәселен, бекініс есебінде 1640 жылы Гурьев қалашығы, 1613 жылы Орал бекінісінің, 1716 жылы Омбы қаласының, 1718 жылы Семей, 1720 жылы Өскемен, 1752 жылы Петропавл қалаларының, 1735 жылы Орынбордың негізі салынды. Осылайша XVIII ғасырдың орта тұсына қарай әскери бекіністердің ұзын дәлізі қалыптасты. Содан кейін де өлкенің ішкі аудандарында тұрақты әскери бекініс құрылыстары жүргізілді. Орта және Ұлы жүз аумағындағы XIX ғасырдың бірінші жартысында ашылған округтік приказдардың орталығы есебіндегі бекіністерге әскери адамдармен қатар қоныс аударушы казактар мен шаруалардың келуі үздіксіз жүріп жатты. XIX ғасырдың ортасына дейін әскери әкімшілік отарлау кезінде 100 мыңдай адам қоныс аударып келді.
Сібір әскерінің қолбасшысы, генерал Шпрингер 1763 жылы казактардың тұз шығару, отын тасу, пошта жүргізу, баржаларға жүк тиеп-түсіру, мал бағу, жер жырту, қол диірмен тарту, қамалдар құрылысын жүргізу және оны жөндеу сияқты барлық жұмыстарды атқаратындығын айта келіп, Сібір казактарының санын және төлемақысын көбейтуді ұсынады. Олар кейбір жағдайда орыс шаруаларынан, яғни қолдан жасалған казактармен толықтырылып отырды («Выписные казаки»). Казактар мен шаруалардың көші-қон саясаты алғашында басып алынған мол аумақта берік табан тіреу мақсатын көздеді. Ал бұл міндетті тек казак қоныстары арқылы ғана толық орындау мүмкін емес еді. Сондықтан Ресей империясының әкімшілік билігін нығайту мақсатында шаруалардың қоныс аударуына кең жол ашылды.
Қазақстанға орыс шаруаларының қоныс аударуы, негізгі кезеңдері
Оңтүстік Қазақстанды әскери отаршылдық жолмен өзіне қосып алған Ресей өзінің саясатын алыстағыны көздейтін саяси мүдделерін басшылыққа ала отырып жүргізе бастады. Қазақстанның Ресейге қосылуы аяқталғаннан кейін көші-кон ағымдарының отаршыл сипаты айқындала түсті.
Қазақстанның XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр басындағы этнодемографиялық құрамының өзгеруіне қоныс аудару қозғалысы зор ықпал етті. Патша өкіметінің көші-қон саясатының әлеуметтік-саяси салдары өте ауыр болды.
Қазақстан тарихында қоныс аудару қозғалысының кезеңдері туралы бір жақты пікір жоқ. Дегенмен қоныс аудару қозғалысын шартты түрде үш кезеңге бөліп қарауға болады:
1861—1885 жылдар;
1886—1905 жылдар;
1906—1917 жылдар.
Қоныс аударудың бірінші кезеңі
Жүз мыңдаған орыс, украин, беларусь шаруаларының Сібір, Қазақстан және Орталық Азияға қоныс аударуы Ресейдің аграрлық саладағы саясатымен тығыз байланыста дамыды. Ресей самодержавиесі жер мәселесін помещик-дворяндардың пайдасына шешіп берді. Помещиктер шаруаларды «азат ету» барысында олардың бұрын пайдаланып келген жерінің басым бөлігін тартып алды. Себебі 1861 жылғы реформадан кейін помещиктер өз пайдасына шаруалардың реформаға дейін өңдеп келген жерінен үлес алуға құқықты болды. Кейбір губернияларда шаруалар жерінің 1/3, тіпті 2/5 бөлігін помещиктер тартып алды. Сонымен қатар жер үлесі үшін тым жоғары өтемдік төлемдер талап етілді. Жер тапшылығынан шаруалар помещиктерден, қазынадан жерді жалға алуға мәжбүр болды.
Жер тапшылығының шиеленісуі, «азаттық» алған шаруалардың қайыршылық күйі, құрғақшылық, орта шаруалардың кедейленуі, өтемдік төлемдер мен салықтардың ауыртпалығы шаруалардың туған жерлерін тастап, Оралдың арғы жағынан жер мен «жақсы өмір» іздеп кетуге мәжбүр етті. Зерттеуші А.А.Кауфман қоныс аударудың басты себебін жаңа шаруашылық жүйесіне бейімделе алмаудан, жер құнарлылығының төмендігінен деп түсіндіреді. Ал шаруаларда топырақтың құнарлылығын тыңайтқышпен қайта қалпына келтіруге қаржы да, құрал-сайман да жоқ еді.
Әуелгі кезде патша үкіметі шаруалардың шет аймақтарға қоныс аударуына карсы болып, шектеулер койып көрді. Алайда 1891— 1892 жылдардағы Ресейдегі аштыққа байланысты өз бетімен еркін қоныс аудару көлемінің өсуіне орай, патша үкіметі қоныс аударуды заңдастырып, өз ырқында ұстауға тырысып бақты.
Жетісу облысының губернаторы Г.А.Колпаковскийдің басшы- лығымен 1868 жылы «Жетісуға шаруаларды қоныстандыру туралы уақытша Ережелер» жобасын жасады. Ереже бойынша жан басына (ер адам) 30 десятина мөлшерде жер белгіленіп, 15 жылға алым- салықтардан босатылды.
Ал 1883 жылы қабылданып, 1885 жылы бекітілген Ережеде Жетісу облысына жаңа келушілер мен Шығыс Түркістаннан қоныс аударған үйғырлар мен дүнгендер үшін жаңа нормалар бекітілді. Енді жан басына берілетін жер үлесі 30 десятина емес, 10 десятина болып белгіленді, біркатар жеңілдіктер енді 3 жылға дейін ғана сақталды. Ресми деректер бойынша 1861—1885 жылдары Орал арқылы 300 мың қоныс аударушы келген.
Қоныс аударудың екінші кезеңі. Қазақстан тұрғындарының ұлттық құрамындағы өзгерістер
1889 жылғы 13 мамырдағы «Уақытша Ережеде» ауыл тұрғындары мен мещандарын Тобыл, Том губерниялары мен Жетісу, Ақмола, Семей облыстарына өз еркімен қоныстандыру белгіленді. Үкімет қоныс аударуға шектеулердің кейбіреулерін алып тастады. Дегенмен ресми түрде қоныс аударғандардан гөрі өз бетімен келгендердің ағыны үздіксіз арта түсті. Шаруаларды қоныстандыру Ақмола, одан соң Жетісу, Семей, Орал, Торғай облыстарында XIX ғасырдың 60-жылдарының ортасынан басталып, 1892 жылы Сібір темір жол комитеті құрылғанға дейін жалғаса түсті. Ақмола облысында 1870—1895 жылдары 87 шаруа қоныстары пайда болып, отырықшы халық саны шаруа-қоныс аударушылар есебінен 2 есеге артты.
XIX ғасырдың соңғы ширегінде Еуропалық Ресей мен Украинадан қоныс аударушылардың келуі есебінен халықтың ұлттық құрамы өзгерді. Қазақ, қырғыздармен бірге орыс, украиндар, татарлар, тәжіктер, түрікмендер, башқұрттар, чуваштар, қараноғайлар, армяндар саны өсе түсті.
XIX ғасырдың 70-жылдарында орыстар мен украиндар барлық Қазақстан мен Қырғызстан тұғындарының 8%-ын (246,9 мың) құрады. Бұдан барлық облыстарда жергілікті тұрғындардың бірден-бір жоғары үлес салмағын анық байқауға болады.
1897 жылы Қазақстан тұрғындарының саны 4 млн 150 мың адамға жетті. Солардың ішінде қазақтар 3 млн 400 мың адамды құрады. Қалған 750 мыңдай адам басқа ұлт өкілдері болды. Орыс шаруаларының көбі Ақмола облысына қоныстанған. Сондай-ақ ең көп орыс және украин тұрғындары Омбы, Петропавл, Көкшетау, Қостанай уездерінде тіркелген. Торғай облысында да өзге ұлт өкілдерінің саны да айтарлықтай еді. Жетісу облысында басқа ұлт өкілдерінің үлес салмағының өскендігі әсіресе Верный, Пішкек, Пржевальск, Пішпек уездерінде ерекше байқалды. Ал Сырдария облысында орыстар мен украиндардың үлесі жалпы халық санынан ең төменгі деңгейде болды.
Өлкенің негізгі тұрғындары — қазақтардың үлес салмағы төмендеп, 1897 жылдары шамамен 81,7%-ға жетті. Ал орыстардың үлес салмағы жоғарыда көрсетілгендей — 10,9%-ға, украиндар — 1,9%-ға өсіп, татар, ұйғыр, өзбек сияқты ұлттардың да үлес салмағы арта түсті.
XIX ғасырдың 80-жылдарында Жетісуға Құлжа өңірінен ұйғырлар мен дүнгендер қоныс аударды. 1897 жылғы санак бойынша ұйғырлар мен дүнгендердің саны 71 мың (56 мың үйғыр, 15 мың дүнген) адамға жетті.
Қоныс аударудың үшінші кезеңі
Ресей экономикасындағы аграрлық дағдарыс патша үкіметінің Қазақстандағы отаршылдық саясатын күшейте түсті. Қазақстан аумағындағы артық жерлерді есепке алу мақсатында Ф.Щербина, В.Кузнецов, П.Румянцевтің экспедициялары жұмыс істеді. Экспедициялардың барлығы көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы казак тұрғындарына қатысты жер көлемін азайтып, болыстардың иелігіндегі «бос жерлерді» есепке алумен айналысты.
Ресей орталығындағы аграрлық қайшылықтардан шығудың жолын Министрлер кеңесінің төрағасы П.А.Столыпин ойлап тапты. Ол 1906 жылы 6 қарашада шаруалардың қауымнан шығып, хуторға енуі туралы жарлық шығарды. Ол Ресейдің ауыл шаруашылығын дағдарыстан шығару үшін шаруалар қауымын таратты, сөйтіп қауымдық жерлерді кулактардың басып алуына жағдай жасады. Помещиктік жер иеленуді сақтауға тырысқан үкімет қоныс аударуға бостандық берді. Қоныс аудару саясатындағы бұл жаңа бағытқа көшуге 1905—1907 жылдардағы бірінші революция мен аграрлық толкулар өз ықпалын тигізді. Столыпиннің жарлығы негізінде шаруа өз үлесін сатып, еркін түрде басқа жаққа кетуге мүмкіндік алды. Осылайша Ресейдің орталық аудандарындағы әлеуметтік жіктелудің тереңдей түсуі күйзелген, жерден айырылған шаруалардың көші-қон ағымының кең қанат жаюына әкелді.
1905 жылы қоныстандыру мәселесін реттеу мақсатында қоныстандыру мекемелерінің Басқармасы құрылды. 1905—1917 жылдардағы мекеменің 12 жылғы қызметі нәтижесінде бір миллионға жуық қоныс аударушылар жерге орналастырылды.
1908 жылы қоныс аударушылар толқыны ең жоғары деңгейге жетті. Жылына 665 мың қоныс аударушы келді. Патша өкіметінің қоныс аудару саясаты қазақтардың шаруашылығына орасан нұқсан келтірді. Тек 1906—1915 жылдары Жетісу мен Сырдария облысындағы қазақтардан 2,5 млн десятина жер тартып алынып, қоныс аударушыларға бөліп берілді. Қазақстанда тартып алынған жер XX ғасыр басында 17 млн десятина, ал 1917 жылға қарай 45 млн десятинаға жетті. Жүздеген жеке меншік хуторлар бой көтерді. Патша офицерлері, кулактар, көпестер көлемді жер төлімдеріне ие болды. 1905—1907 жылдардағы Ресейдегі бірінші буржуазиялық-демократиялық революциядан кейін үкімет барлық шектеуді жойып, барлық шет аймақтарға қоныс аударуға жол ашып берді.
Осылайша XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстан тұрғындарының көп ұлтты құрамының қалыптасуы белсенді түрде жүргізілді. Патша өкіметінің көші-қон саясаты әскери-казактық және әскери-әкімшілік отарлау саясатынан басталып, шаруалардың жаппай қоныс аударуына ұласты.
Барлық қоныс аударушылардың 56,2%-ы Ақмола облысына келуінен шаруалардың саны 6 есеге өсті. Халықтың жалпы санының өсуіне табиғи өсім емес, көші-қон қозғалысы күшті ықпалын тигізді. XIX ғасырдың соңында Украинадан ғана келгендердің рөлі арта түсті. 1906—1912 жылдары тек Украинадан барлығы 300 мың қоныс аударушылар келген. Жалпы алғанда, Қазақстан XX ғасыр басында көші-қон бойынша Сібір мен Қиыр Шығыстан кейінгі екінші орынға шықты.
Пайдаланылған әдебиет
↑ Қазақстан тарихы: Аса маңызды кезеңдері мен ғылыми мәселелері. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдык- гуманитарлык бағытындағы 11-сыныбына арналған оқулық / М.Қойгелдиев, Ә.Төлеубаев, Ж.Қасымбаев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2007. — 304 бет,суретті. ISBN 9965-36-106-1