Белгісіздік есімдігі
Белгісіздік есімдігі
Затты, сындық белгіні, сан-мөлшерді белгісіз етіп жорамалдап, тұспалдап көрсету мәнін білдіретін есімдіктің түрі белгісіздік есімдігі деп аталады. Мысалы: Бұлдайды біреу күшін, біреу түсін. (А). Адамның кейбір кездері Көңілде алан басылса (А). Бұл сөйлемдердегі біреу есімдігі белгісіз бір адам деген мағынада, кейбір есімдігі нақ мезгілді атамай белгісіз бір кездер мәнінде қолданылған.
Белгісіздік есімдігіне біреу, кейбіреу, бірдеме, әрне, әлдекім, әлдене, әркім, кімде-кім, бір, қайсыбір, кейбір, қайсыбіреу, әр, әрбір, қайбір, бірнеше, әлденеше, біраз, әрқалай, әлдеқалай, әлдеқайда, әлдеқашан, әлдеқайдан, әрқашан дегендер жатады.
Белгісіздік есімдіктерінің мынадай ерекшеліктері бар. 1. Әлде, әр, кей, қай, бір сөздері екінші есімдіктермен (біреу, кім, не, бір, қашан, қалай, қайда, аз т. б.) тіркескеңде, бірге жазылады да, басқа сөз таптарымен (мысалы, зат есімдермен) тіркескенде, бөлек жазылады. Мысалы: Бізде ерік жоқ, бастай бер, Әлденеге бастайсыз (А). Әлдеқайдан гармон үні, ән сазы естіледі (Қ. Тоқаев). Әрқашан күн сөнбесін… Директор біреумен сөйлесудің алдында көзінен көзілдірігін алып, әр уақытта да бір езу тартып, күлімсіреп алады. (С. Ерубаев). Кей құрбы бүгін тату, ертең бату (А).
2. Біреу, кейбіреу, қайсыбіреу, бірдеме, әрне, кімде-кім, әлдекім, әркім, әлдене тәрізді белгісіздік есімдіктер зат есім орнына жұмсалады. Олар көптік, тәуелдік, септік жалғауларында жұмсалып, сөйлемде атау септікте бастауыш, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерде тұрып толықтауыш, ілік септікте анықтауыш қызметтерін атқарады. Мысалы: Біреулер үйінің орнын өлшеп, біреулер қазып үлгіріп, қайсыбіреулері қалқитып та алған (Мұст). Біреудің кісі өлсе, қаралы ол… (А). Кейбіреуге таяғым Тиіп те кетті бартылдап (А). Әсепмаз болма әрнеге (А). Берілген сөйлемдерде біреулер деген кептік және атау септік жалғауларында тұрып, кім (өлшеп, қазып үлгіріп)? деген сұраққа жауап беріп, қайсыбіреулері деген көптік, тәуелдік және атау септік тұлғасында тұрып, кім (калқитып та алған)? деген сұраққа жауап беріп, бастауыш болып тұр, біреудің белгісіздік есімдігі ілік септікте тұрып, кімнің (кісісі)? деген сұраққа жауап беріп, анықтауыш болып тұр. Кейбіреуге, әрнеге дегендер барыс септікте тұрып, кімге (тиіп кетті)? неге (әсемпаз болма)? деген сұраққа жауап беріп толықтауыш болып тұр.
3. Қайсыбір, кейбір, әр, әрбір, қайбір дегендер сын есім орнына жұмсалып, әлденеше, бірнеше, біраз дегендер сан есім орнына жұмсалып, әдетте анықтауыш қызметінде қолданылады. Мысалы: Кейбір жігіт жүреді мақтан сөйлеп (А.) Иә, шынын айту керек, бір ерекшелігі мұндағы әрбір қызметкердің бір-бір көмекшісі бар екен (Қыдырбекұлы). Саяси сабақтан қолы бос кездерін пайдаланып, тағы да біренеше модель жасады. (Шаймерденов). Мол күш тоғысқан майдан өмірінде өлім әр адамға әр түрлі жағдайда кездесіп жатады (Қ. Тоқаев). Берілген сөйлемдерде белгісіздік есімдіктері қай (жігіт?— кейбір), қай (қызметкердің?— әрбір), қанша (модель?— бірнеше), қай (адамға?— әр) деген сұрақтарға жауап беріп, анықтауыш болып тұр.
Белгісіздік есімдігінің бұл түрі кейде тәуелденіп, септеліп келіп, заттанып, атау септікте бастауыш, барыс, табыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерде толықтауыш қызметінде де жұмсалады. Мысалы: Кейбірі пірге қол берген, Іші — залым: сырты — абыз (А). Нариманнын бұндай кылығының қайсыбірін айтып түгесейін (Аманшин). Берілген сөйлемдерде кейбірі (кім қол берген?) атау септікте бастауыш, қайсыбірін (нені айтып түгесейін?)— табыс септікте толықтауыш қызметін атқарып тұр.
4. Әрқашан, әрқалай, әлдеқашан, әлдеқалай, әлдеқайда, әлдеқайдан деген белгісіздік есімдіктері үстеу мәнінде мезгіл, мекен мағыналарын білдіріп, сөйлемде пысықтауыш қызметін атқарады. Мысалы: Көкшетау оның маңындағы қалың орман әлдеқашан артта қалған. (С. С.). Жасы үлкен, денесі кең Сергей Петрович әрқашан осылай балаша куанады, балаша ренжиді (Ғ. Мұст). Колхозға жете берістегі ылдидан зырғаған шана екпінінен гулей соққан жел ару сөзін қағып алып, әлдеқайда алып кетті (Саин).
Берілген сөйлемдерде әлдеқашан (қашан артта қалған?), әрқашан (қашан қуанады, ренжиді?), әлдеқайда (қайда алып кетті?) деген белгісіздік есімдіктері пысықтауыш болып тұр.