Фразеологизм
Фразеологизм
Фразеология термині белгілі бір тілдегі фразеологизмдердің тұтас жиынтығы деген мағынамен қатар, тіл білімінің фразеологизмдерді зерттейтін саласы деген ұғымда да қолданылады. І. Кеңесбаевтың авторлығымен шыққан «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» қазақ фразеологиясына ғана емес, қазақ тіл біліміне де қосылған елеулі үлес. І. Кеңесбаев аталған сөздіктегі қазақ тілінің фразеологизмдері туралы жазған мақаласында фразеология туралы: «Тіл-тілдің өзіне тән ұлттық қасиеті оның барлық тарауларынан (ярустарынан) байқалатыны мәлім. Сол қасиет, әрине, тиянақты сөз тіркестерінен де анық көрінеді. Тіл байлығын сөз еткенде сөз байлығы (лексикалық қор) деген топқа осы сөздікте қамтылған алуан түрлі фразеологизмдерді жай, жалпылай жатқыза салуға болмайды. Басқаша айтқанда сөз байлығын тексеретін тіл білімі саласын л е к с и к о л о г и я деп атайтын болсақ, фразеологизм байлығын тексеретін тіл білімі саласын ф р а з е о л о г и я деп атау әбден орынды», – деп жазады. Қазіргі қазақ фразеологиясы – зерттелген қырына қарағанда зерттелмеген тұсы әлі де көп тіл білімінің бір саласы. Автор аталған еңбегінде қазақ тіліндегі фразеологизмдердің теориялық мәселелерін де жан-жақты қарастырып, болашақ ғылыми-зерттеу жұмыстарына бағдар боларлық ғылыми пікірлер айтқан. Қазақ тілінің фразеологиясын зерттеуші ғалымдардың қай-қайсысы болмасын өз зерттеу жұмыстарында бұл еңбекті басшылыққа алады.Қазіргі қазақ тіл білімінің бір саласы ретінде танылып отырған фразеология – құрылымы мен құрамы тұрақты, даяр қалпында қолданылатын бейнелі тұрақты тіркестердің қазіргі жай-күйін және тарихи қалыптасуын зерттейді. Фразеология жеке лингвистикалық пән ретінде XX ғасырдың 40 жылдары қалыптасты. Фразеологияның теориялық негізін қалаушылар ретінде француз ғалымы Ш. Баллиді, Ресей академигі В. В. Виноградовты атауға болады. Ә. Болғанбайұлы мен Ғ. Қалиев «Қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» атты еңбекте: «Фразеологизмдердің өз алдына дербес лингвистика саласы екендігін танытатын негізінен үш белгісі бар. Олар: 1) даяр қалпында жұмсалу белгісі, 2) мағына тұтастығы, 3) тіркес тиянақтылығы», – деп жазады. Фразеологизмдерге тән бұл белгілер әркез бір-бірінен айқын ажыратыла бермейді. Сондықтан фразеологизмдерді топтастыру тіл біліміндегі күрделі мәселелердің бірі болып табылады.
Қазіргі тілдік қорда қолданылып жүрген фразеологизмдердің біразы адам эмоциясына қатысты. Адам эмоциясына қатысты фразеологиздердің бір тобы жеке тұрып адамның түрлі көңіл-күйін білдіретін болса, енді бір тобы контекс ыңғайына қарай эмоциялық реңкке ие болады. Біреудің қорыққандығын айтқымыз келсе жүрегі ұшты, зәресі ұшты, үрейі ұшты, иманы қашты, көзі шарасынан шықты, көзі алақандай болы, жүрегі тас төбесіне шықты, зәресі зәр түбіне кетті, жаны мұрнының ұшына келді, деген фразеологизмдерді, ал біреудің қатты таң қалғандығын аузын ашып, көзін жұмды, рахаттанғанын айызы қанды, қуанғанын екі езуі екі құлағына жетті, жерден жеті қоян тапқандай болды, құмартқанын аузының суы құрыды, аузынан суы ақты, аузынан сілекейі шұбырды, ұялғанын кірерге тесік таппады, бет моншағы үзілді, бетінен оты шықты, құлағының ұшына дейін қызарды, жүзі шыдамады, жер шұқыды, үрейленгенін төбе шашы тік тұрды, өкінгенін санын соғып қалды фразеологизмдері арқылы білдіреміз. Бұлардың барлығы ана тілінің шексіз байлығын, фразеологизмдердің эмоциялық реңк жасаудағы орамдылығын көрсетеді. Фразеологизмдер сөйлем ішінде қолданылғанда стильдік ерекшелікті, эмоциялық реңкті айқын көрсетуге қызмет етеді. Мысалы, қуанды деген сөз бен екі езуі екі құлағына жетті фразеологизмінің, қорықты деген сөз бен жүрегі тас төбесіне шықты фразеологизмінің, арасында мағыналық сәйкестік болғанымен, бұл сәйкестік толық балама бола алмайды себебі қуанды, қорықты сөздерінде фразеологизмдердегідей экспрессивті реңк жоқ. Бұл жөнінде І. Кеңесбаев өз ойын былай тұжырымдайды: «Жеке сөз өздігінен барлық жағдайда ауыс, бейнелі мағынада жұмсалуы міндетті емес (басқаша айтқанда, сөздің бұл жерде факультатив қабілеті бар да, бірақ оның әрдайым сырттай көрінуі басты шарт емес). Ал фразеологизмнің бейнелі (дәлірек айтқанда, туынды) мағынада жұмсалуы – өн бойы кездесер қағида. ФЕ (ф. түйдек те, ф. тіркес те) т у ы н д ы мағынаны білдіреді де, сөз т ү б і р мағынаны білдіреді. Осыдан шығатын тағы бір түйін: ФЕ мен сөз бір-біріне баламалық байланыста емес, жанамалық қатынаста болады деген топшылауды қолдаймыз. Яғни белгілі бір ФЕ-нің ішіндегі сөздердің бірде-бірі дербес мағынаның референті бола алмайды. Басқаша айтқанда ФЕ құрамындағы белгілі бір компонент дербес мағынаны білдіре алмайды. Ал, жеке сөз өзінің референттік қасиетін сақтамауы мүмкін емес. Осыдан келіп, біраз ғалымдар ФЕ-нің мағынасын фразеологиялық мағына деп, сөз, еркін тіркес мағынасын лексикалық мағына деп атауды лайық көреді. Бұған келтірер үлкен дәлел: ФЕ тікелей мағынада емес, туынды мағынада ғана жұмсалады».
Бұл мәселе туралы С. Сатенова сөз бен оған мағыналас фразеологизмдердің қолданыс ерекшелігіне қатысты білдірген пікірінде фразеологизмдердің ойдың астарлы, бейнелі болуына ықпалын айта келіп: «…іші өлген, сырты сау қос тағанды фразеологиялық тіркесін «қайғылы, уайымды, шерлі» тәрізді лексикалық эквиваленттерімен ұйқасын, үйлесімін тауып ауыстырғанымызбен, фразеологиялық тіркес қолданысындағыдай әсерлі, сазды болуы және жаны күйзелген адамның сезім дүниесін соншалықты дәл жеткізуі екіталай болар еді», – деп жазады. Тілдік қордағы фразеологизмдердің дәстүрлі қолданысынан басқа, жекелеген авторлардың фразеологизмдерді, оның ішінде эмоционалды реңкті фразеологизмдерді де құбылтып қолдануы жиі болмаса да шығарма тілінде кездесіп қалатын құбылыс. Бұл жөнінде С. Сатенова: «…тұрақты сөз оралымдарын автордың өңдеп, құбылтып, контекске сай орынды қолдануы ең алдымен пайдаланып отырған фразеологиялық тіркеске өзгеше түр-сипат беріп, микротекстің мәнділігін арттырып, экспрессивін күшейтеді. Кейде тіпті тың бағытта қолданылып, мүлде жаңа мағына туындауы мүмкін», – деп, қос тағанды фразеологизмдердің құрамындағы соңғы компоненттің басқа лексемамен ауыстырылып берілуіне дастандар жинағынан: «Сыртым – бүтін, ішім шоқ», – деген мысал келтіреді. Автордың пікірінше, сырттай жайдары көрінгенмен, іші толы уайым-қайғы ұғымындағы сырты бүтін, іші түтін фразеологиялық тіркесінің құрамындағы соңғы компонентінің өрістес, тақырыптас «шоқ» сөзімен ауыстырылуы ұйқасқа, эмоционалды-экспрессивті реңк беруге, бейнелілігін, мәнін арттыруға, фразеологизмге өзгеше сипат беруге негізделген.
Ө. Айтбаев жоғарыда аталған еңбегінде фразеологизмдер және олардың зерттелу жайы, фразеологиялық бірліктердің қызметі және эмоционалдық-экспрессивтік бояуы, фразеологизмдерді аудару мәселелері, бейнелі сөз тіркестерінің көркем шығармалардағы стильдік қызметі және оларды аударудың кейбір амалдары т.б. да мәселелерге назар аударады. Фразеологиялық бірліктердің эмоционалды мән беруі туралы: «Қандай тілде болмасын фразеологиялық единицалар астарлы, образды мағынада қолданылады. Олардың қай-қайсысында да мәнерлеп, бейнелеп айту қызметі күшті. Кейбір жеке сөздердегі тәрізді, тұрақты сөз тіркестерінде де эмоциональдық-экспрессивтік бояу мол. Көбіне осы өзгешелік басым. Яғни фразеологизмдердің көпшілігі айрықша образды, экспрессивті қызмет атқарады. Экспрессивтік-эмоциональдық бояуы бұрыннан бойында бар фразеологиялық единицалар көркем қолданылып, сөйлеушінің адамзат, құбылыс турасындағы өз көзқарасын мәлім етеді. Экспрессивті тұрақты тіркестер сезімге айрықша әсер етеді», – деп жазады.
Г. Смағұлова: «Тұрақты тіркестер қазақ лексикасының ең өнімді бай қабатын құрайды. Осындай ұлан-ғайыр тілдік қордың ішінде кездесетін фразеологиялық факторлар табиғи тіл дамуының ажырамас көрсеткіші болуы керек. …Жалпы фразеологизмдердің пайда болуы, жасалуы туралы сөз қозғалғанда осындай образдылықтың адамның жан-дүниесіне әсері, одан шығатын эмоциялық қорытынды үнемі тұрақты сөз тіркестерінің ерекшеліктерін айқындайтын талаптар екенін ескерсек, онда синоним фразеологизмдердің қатарларының өсуі мен кемуінің себептерін те іздеген жөн», – деп жазады. Автор фразеологизмдердің тақырыптық семантикалық түрлерінің ерекшеліктерін айта келіп, осылардың ішінде мағыналас фразеологизмдерді қалыптастыратын көбінесе көңіл-күй, яғни эмоциясы жоғары фразеологизмдер екендігіне тоқталады. Еңбекте ашулану, ұрсу, ұру, төбелесу, жек көру, қызғану, күлу, жылау сияқты тақырыптық семантикалық түрлерінің алты жүзден асатынын дәлелдейтін тілдік фактілердің бар екендігі айтылады. Тіліміздегі адамның көңіл-күйіне қатысты фразеологизмдердің бай қабатының болуы «ұлт тілінің ерекшелігі емес, ұлт болмысының ерекшелігі. Қазақ ұлты тым әсерленгіш, сыншыл. Түрлі теңеулер мен салыстыруларға келгенде қиыспайтын жерде қиысатын логика, ауыспайтын жерде ауыс қолданылатын метафоралық тіркестерден осындай ой түюге болады. Синоним фразеологизмдер арқылы ойымызды дәл, анық жеткізу үшін кей жағдайда мағыналас фразеологизмдердің көмегімен ситуация одан бетер айқындала түседі, айтайын дегенін сипаттау барысындағы дәлдік, бейнелегіштік, эмоциялық әсер әрине, синоним фразеологизмдердің үлесіне тиеді».
Фразеологизмдер көркем әдебиет тілінің қажеттілігін өтеуде халықтың эстетикалық талғамын танытатын ең күшті тілдік құралдардың бірі болып есептеледі. Тілдің әдебилігінің сипаттарының бірін, әдеби тілдің даму кезеңдерінің көркемдік ерекшеліктерінің бірін фразеологизмдер танытады. Ж. Қоңыратбаеваның зерттеу жұмысында ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы тіліндегі фразеологизмдердің жалпы сипаты, тақырыптық-семантикалық, кезеңдік-құрылымдық, стилистикалық қолданыс ерекшеліктері қарастырылады. Автор ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы тіліндегі фразеологизмдерді жалпы мағынасына қарай және ұйытқы болатын сөздерге қарай тақырыптық топтарға жіктейді. Фразеологизмдерді жалпы мағынасына қарай: 1) Адамды сипаттайтын фразеологизмдер; 2) Алғыс және қарғыс мәнді фразеологизмдер; 3) Қоғамдық-әлеуметтік факторға байланысты туындаған фразеологизмдер; 4) Діни наным-сенімге, салт-дәстүрге байланысты туындаған фразеологизмдер; 5) Өлшемдік ұғымдарды білдіретін фразеологизмдер; 6) Табиғат құбылыстарына байланысты фразеологизмдер деп бөле отырып, кейбір фразелогизмдер мағынасы жағынан бірнеше топқа қатысты болатындықтан, оларды мұндай тақырыптық топтарға бөлудің шартты екендігін ескертеді. Дегенмен де белгілі бір топтағы сөздердің мағыналық жағынан іргелес екенін де жоққа шығаруға болмайды. Автор фразеологизмдердің бейнелі, синонимді табиғатын көркем шығарма тілінің стильдік, стилистикалық сипатымен байланысты қарастырады. Еңбекте адам эмоциясына қатысты фразеологизмдер бөлек аталып, арнайы қарастырылмағанымен, адам сезімдерін, ішкі психологиялық халін, әсерлері мен ойларын нақтыландыру амалы ретінде қолданылған әзірейіл шеңгелі тигендей, ұжмақтың отына жылынғандай, у жеген қасқырдай фразеологизмдеріне талдау жасалады.
Көркем проза тілінде кейбір сөйлемдердің өлең жолдарындағыдай ұйқасып келетін ерекшелігі туралы «Қазақ прозасының тілі» еңбегінде Е. Жанпейісов, «Қазақтың халық прозасы» атты еңбегінде С. Қасқабасов арнайы тоқталады. С. Қасқабасовтың пікірінше «ешбір жанр саф алтындай таза күйінде болмайды. Өйткені ол жападан-жалғыз өмір сүрмейді, ұзақ көркемделу процесінде жанрлар бір-бірімен тығыз байланысқа түседі, олар бір-біріне ықпал жасап кірігеді». Ж. Қоңыратбаева зерттеу жұмысында фразеологизм сыңарларының дағдылы орнын алмастырып, инверсия жасау тәсілін ХХ ғасыр басындағы қазақ жазушыларының тілінде ең бір өнімді жұмсалған құбылыс ретінде қарастырады. Автор еркін тіркестерге тән мұндай тәсілдің фразеолгизмдерде қолданылуын трансформацияға түсуден гөрі өлең сөздің шарттарына байланысты деген тұжырым жасайды. Ыза болды, кектенді мағынасында жұмсалатын тісін қайрау фразеологизміне қатысты
«Босағама бір келер күні болса,
Көрермін!» — деп қайраған күйеу тісті (Кім жазықты» 34 б), – деген мысал келтіріп, «Көріп отырғанымыздай, сөздердің бұлай орын ауыстырып келуі фразеологизмге стильдік те, мағыналық та өзгеріс беріп тұрған жоқ. Сондықтан біз де фразеологизмнің бойындағы бұл секілді өзгеше қолданыстарды өлеңнің ырғағын, әуезділіктің «шырқын» бұзбау, тармақтарының үйлесімді ұйқасын сақтау қажеттілігінен туған, яғни өлең шартынан болған құбылыс деп түсінеміз. Қазақтың алғашқы қара сөз үлгілері деп есептелетін ХХ ғасыр басындағы көркем прозаның бойында өлең сөзінің кездесіп отыратыны белгілі жайт», – деп жазады.
Қазақ тілінде қандай да бір жағдайға байланысты адамның ішкі жан-дүниесінің күйін білдіретін әр түрлі қиялға түсірді, ойға қалдырды мағынасында қолданылатын ойын онға, санасын сан саққа жүгіртті фразеологизмі бар. Автордың пікірінше С. Торайғыровтың «Қамар сұлуындағы» ойын онға, санасын сан саққа жүгіртті фразеологизмінің ойы онға, ақылы алтыға бөліну түрінде қолданылуы (Ойы онға, ақылы алтыға бөлініп әуреленіп жүрген кезінде, Ахметтен тағы хат алды жазушының жеке шығармашылық мақсатынан туындап отыр. Ол мақсат – халық тілінде әбден қалыптасып, тұрақталған құбылыстың жаттанды, үйреншікті қалыбын бұзу арқылы ойды күшейту, тұрақты тіркеске өзгеше өң жамау, басқаша реңк беру. «Бұл тәсілдердің алғашқы қазақ прозасы тіліндегі нақты көрінісі – эмоционалды- экспрессивті қызмет атқару».
Фразеолгизмдер мән-мағынасы жағынан бір-біріне синоним болып жұмсалуымен қатар мән-мағынасы жағынан бір-біріне қарама-қарсы болып та қолданылады. Тіліміздегі мағыналары қарама-қарсы мәнде жұмсалатын тұрақты тіркестер фразеологиялық антонимдер деп аталады. Қазақ тіліндегі фразеологиялық антонимдерді екіге бөліп қарастырған Ә. Болғанбайұлы мен Ғ. Қалиевтің ұстанымына сүйене отырып эмоциялық реңкті фразеологиялық антонимдерді де екіге бөлуге болады деп ойлаймыз. Бірінші түрі эмоциялық реңкті фразеологизмдердің өз ішіндегі компоненттерін басқа сөздермен алмастыру арқылы жасалады. Мысалы, бетінен оты шықты (қызарды, қысылды, ұялды) – беті бүлк етпеді (ұялмады, бедірейіп тұрды, арсыздығын көрсетті), үміт етті (күдерін үзбеді, дәме қылды) – үмітін үзді (күдерін үзді, болады-ау деген ойынан шықпады) т.б.
Екінші түрі құрылым-құрылысы жағынан мүлдем бөлек эмоциялық реңкті фразеологиялық антонимдер. Мысалы, соры сорпадай қайнады (бақытсыздық тап болды, қасіретке ұшырады) – көзі ашылды (сордан арылды, жолы ашылды, қолайлы жағдай туды), сабыр етті (шыдам, төзім білдірді, асығыстық жасамады) – дегбірі қалмады (шыдамсызданды, асып-састы) т.б. Қазақ тілі тек эмоционалды реңкті ғана емес, бұдан басқа да қарама-қарсы мәнді фразеологизмдерге өте бай. Бұл тілдегі сан алуан стильдік қолданыстармен тығыз байланысты. Лексема көлемінде қарастырылатын антонимия құбылысын фразеологизмдердің ауқымында қарастыру жан-жақты зерттеуді, ерекшеліктерін ашуды қажет ететін тың мәселе.
Қорыта келгенде адамның түрлі ситуацияларға байланысты туындап отыратын көңіл-күйі тілдегі фразеологиядан да өз көрінісін табады.
Әдебиет
1. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1977. – 712 б.
2. Болғанбаев Ә., Қалиев Ғ. Қазіргі қазақ тілі лексикологиясы мен фразеологиясы. – Алматы: Санат, 1997. – 255 б.
3. Сатенова С. Қос тағанды фразеологиялық тіркестердің авторлық қолданысына қарай өзгеруі // Тіл тарихы және сөз табиғаты. – Алматы: Ғылым, 1997. – 85-89 бб.
4. Айтбаев Ө. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы: Арыс, 2007. – 618 б.
5. Смағұлова Г. Фразеологизмдердің синонимдік қатарлары // Тіл тарихы және сөз табиғаты. – Алматы: Ғылым, 1997. – 89-96 бб.
6. Қасқабасов С. Қазақтың халық прозасы. – Алматы: Ғылым, 1984. – 272 б.
7. Қоңыратбаева Ж. ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасы тіліндегі фразеологизмдер: Филол. ғыл. канд. дис. автореф. – Алматы: 2002. – 30 б.