Шылау
Шылау
Тілімізде толық мағынасы жоқ, бірақ сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстырып, немесе сөзге қосымша мән үстеп тұратын көмекші сөздер бар.
Ондай көмекші сөздер шылаулар деп аталады. Мысалы: Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқ-барды, ертегіні термек үшін (А). Жомарт қазіргісі мен келешегін салыстырып тұр (Ғ. Мұст.). Абай қажымай, жалықпай, ылғи ғана ынтығып тыңдайтын (М. Ә.). Бұл мысалдағы үшін, мен, ғана деген сөздердің толық мағынасы жоқ, бірақ сөйлемде олар өзі қатысты сөздерге қосымша мән үстеп, белгілі қызмет атқарып тұр. Бірінші сөйлемде үшін шылауы ермек және (ертегіні) термек сөздеріне мақсат мәнін үстеп, ол сөздерді жазбаймын сөзіне бағындыра (сабактастыра) байланыстырып тұрса, екінші сөйлемде мен шылауы қазіргісі деген сөз бен келешегі деген сөздерді ыңғайластық мәнде бір-бірімен салаластыра байланыстырып, олар сөйлемнің бірыңгай мүшесі екенін көрсетіп тұр. Үшінші сөйлемде ғана шылауы ылғи деген мезгілдік мағынадағы сөзге шектілік, күшейткіш мән үстеп тұр.
Сөйтіп, шылаудың басқа сөз таптарынан мынандай айырмашылықтары бар:
1. Шылаудың толық мағынасы болмайды.
2. Сөйлем ішінде шылау сөйлем мүшесі бола алмайды.
3. Шылаулар сөз бен сөзді не сөйлем мен сөйлемді салаластыра, сабақтастыра байланыстырып немесе толық мағыналы сөздің жетегінде оған қосымша мән үстей қолданылады.
4. Шылаулар түрленбейді және басқа сөз таптарынан жұрнақ арқылы жасалмайды. Шылаулар — лексикалык мағынасынан айырылу нәтижесінде туған көмекші сөздер.
Шылау сөздер білдіретін мағынасы мен сөйлемде атқаратын қызметіне қарай септеулік шылау, жалғаулык шылау және демеулік шылау болып үшке бөлінеді.
Қосыша мағлұмат: шылаулар емлесі