Қорқыт ата жырлары
Қорқыт жырлары
Қазақ халқының көнеден қалған рухани мұраларының бірі — «Қорқыт ата» кітабы. Даналық дастаны деп аталатын бұл шығарма ежелден күллі түркі әлеміне ортақ мұра.
КӨСЕМ СӨЗДІҢ ШЕБЕРІ
Бала кезден білетініміз, Қорқыт ата — өмірде болған адам. Дей тұрғанмен, жырдағы Қорқыт — аңыз-әңгімеге толы мифтік бейне. «Қорқыт ата былай деген екен…» деп басталатын нақыл сөздер көбіне-көп халық арасындағы мақал-мәтел мен қанатты сөздерге тым ұқсас келеді. Осының өзі-ақ дана бабаның атынан қарапайым халықтың өз арман-мұңдарын, ой-тілектерін қағазға түсіріп отырғанын аңғартады.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін «Жазушы» баспасынан 1986 жылы жарық көрген «Қорқыт ата кітабы» атты жинақтағы «Қорқыттың нақыл сөздері» деген кіріспесіне назар бұрсақ.
«Жазушы» баспасынан 1986 жылы жарық көрген «Қорқыт ата» кітабының мұқабасы.
«Қорқыт атадан қалған бір сөз мынадай…» деп басталатын базбір нақыл сөздерді мысалға келтіріп көрелікші:
«Тәңірісі құрамаса, ешкімнің бірі екеу болмайды»,
«Тәңірі бәндесінің пешенесіне не жазса, сол болады»,
Оның жазуынсыз адам жамандық көрмейді, ажал келіп, өлмейді»,
«Жігіт тірісінде Қаратаудай қылып, бір күн тыным көрмей дүние жияды, байды. Бірақ соның ішінен ол өзіне тиісті үлесін ғана жейді»,
немесе:
«Менмен, тәкаппар адамды Тәңірі сүймейді»,
«Басқалардан өзін жоғары ұстаған адамға Тәңірі бақ бермейді»,
«Күлді қаншама үйгенмен төбе болмас»,
«Қара есектің басына жүген таққанмен-тұлпар болмас»…
Міне осылайша, бүгінгі қолданысымыздағы мақал-мәтелдерге төркіндес нақыл сөздерді «Китаби дедем Қорқуттан» көптеп табуға болады.
«Қорқыт ата кітабын» орыс ғалымы, академик В.Бартольд ондаған жылдар бойы зерттеп, аянбай, тер төгіп, орыс тіліне аударған.
Ғалым Бартольдтың аудармасы негізінде «Қорқыт ата кітабын» қазақ тіліне аударған ғалымдар: филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев пен ғалым Мардан Байділдаев болатын.
Ол еңбек жоғарыда айтқанымыздай, 1986 жылы жарық көрген еді. Аудармашылар сондай-ақ қазақша мағынасын саралау барысында 1950 жылы жарық көрген жыр аудармасының Баку нұсқасын да басшылыққа алғандарын өз еңбектерінде жазған екен.
ӘР ЖОЛЫ ТҰНҒАН ИМАНДЫЛЫҚ
«Қорқыттың нақыл сөздері» атты кіріспедегі «Бисмиллаһи Рахмани Рахим» деп басталатын қасиетті сөздер Баку нұсқасында алынып тасталғандықтан, қазақша аудармасына да енгізбеуді жөн санағандарын қос ғалым ғылыми түсініктемелерінде ескерте кеткен. Бәлкім советтік қызыл идеологиядан қаймығулары оларды осы әрекетке итермелеген болар?!
Демек жырдың түпнұсқасы мен В.Бартольд аудармасы — Құранның қасиетті сөздерімен басталған деген сөз.
Енді аталған кітаптағы «Қорқыттың нақыл сөздері» атты кіріспесінен тағы біраз мысал келтіріп көрелік:
«…Қорқыт ата тағы не айтқан екен: «Аузымды ашсам, тіліме кәлима келеді.
Аллаға — шексіз құрмет! Алланың досы, дініміздің егесі Мұхаммедке — құрмет!
Сол Мұхаммедтің оңында тұрып дұға оқыған Әбубәкірдің аты өлмесін!…
Құранның бетін ашып, «Ясин» сүресін оқығандарға құрмет!… Сөзі көктен түскен, ретімен тізіліп, тілімізді кәлимаға келтірген Құранға — құрмет!…
Аласа жерге салынған Алланың үйі — Меккеге-құрмет!… Күндердің жақсысы — жұма өлмесін!… Бүкіл ғаламды жаратқан, теңдесі жоқ Аллаға — құрмет! Хан ием, көкте тұрған сол Алла бізге рахым етіп, жар болсын!» деген екен Қорқыт ата.
ҒАСЫРЛАРДАН ЖЕТКЕН НҰСҚА
Ғалымдардың айтуынша, «Қорқыт ата кітабының» қос қолжазба нұсқасы бүгінгі күнге дейін сақталған екен. Оның біріншісі — Дрезден (Германия) қалалық кітапханасының сирек қолжазбалар қорында көрінеді. Біз тілге тиек етіп отырған аударма осы Дрезден нұсқасы.
Ал мұқият сақталған екінші нұсқа — Италиядағы Ватиканның Аростолика кітапханасында.
Алғашқы нұсқа 12 жыр, яғни 12 оғыз-намеден тұрады. Екінші қолжазба — бар болғаны 6 жырдан құралған.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Немат Келімбетовтың дәлелдеуінше, аталған шығарма «…VII-VIII ғасырларда Сырдария бойын мекен еткен оғыз-қыпшақ тайпалары арасында дүниеге келіп, сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа тараған-рухани қазына…»
Сондай-ақ, осы ғалымның айтуынша, Қорқыттың анасы қыпшақ тайпасынан, әкесі Қарақожа оғыздарынан екен.
«Міне сондықтан да Қорқыт ата қыпшақтар мен сол кезде Сырдария бойын мекендеген оғыздар арасында, екі жаққа бірдей ел ағасы атанған. Данышпан қарттың ұзақ жылдар бойы ел басқарған көсем болғанын, өз өмірінде үш хан тұсында уәзірлік қызмет атқарғанын дәлелдейтін тарихи деректер бар» дейді ғалым Немат Келімбетов «Ежелгі дәуір әдебиеті» атты еңбегінде.
Ғалымның осы тұжырымына «Қорқыт ата кітабының» «Жырдың кіріспесі» деп аталатын бөлімінен дәлел келтіріп көрелік:
«Баят руында Қорқыт ата дейтін білікті, сәуегей адам болыпты. Тәңірі зердесіне салған соң, оның барлық болжамдары қатесіз келген.
…Оғыз тайпаларында Қорқыт ата ең қиын деген мәселелерді шешкен. Қандай ғана қиын істе болмасын, Қорқыттың кеңесін алмай, ел ешбір жұмысқа қол ұрмаған.Ел оның барлық өсиетін, билігін Бұлжытпай орындаған», деп жырланған жыр кіріспесінде.
Тайға таңба басқандай келтірілген бұл үзінді Қорқыт атаның тарихи тұлға екендігіне-бұлтартпас дәлел.
Бұл тұжырымды ғалым Әуелбек Қоңыратбаев одан әрі шегелей түседі:
«Қорқыттың нақыл сөздерінде…» «Бұл жырды Қорқыт айтқан»… деп отырады.Сонда Қорқыт әулие емес, оғыздардың үлкен ойшылы, эпос ақыны боп көрінеді. Сонымен бірге Қорқыттың өзін де барлық жырдың бас кейіпкерінің бірі ретінде көрсетеді», дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев.
Біздің ойымызша, демек Қорқыт атаның осы дастандар ауторы ретінде көрсетілуі оның Жаратушы айрықша дарын берген ел перзенті екенін айғақтаса керек.
Ал Қорқыттың 12 жырдың өн бойындағы негізгі кейіпкерлердің бірі ретінде сипатталуын, бабалардан бізге мирас боп қалған осынау жазба жауһарларымызға, яғни «Қорқыт ата кітабына» Халық деген талантты ұлы аутордың қосқан шығармашылық үлесіне дәлел деп қарағанымыз жөн болар.
Осынау тарихи құнды еңбекті зерттеу ісіне академик Әлкей Марғұлан мен филология ғылымдарының докторы Дандай Ысқақов та өлшеусіз үлес қосқан.
ҚАЗАҚ ДАЛАСЫН ТЕРБЕГЕН ЖЫРЛАР
Аталған шығармалардың жалпы түркі тектес халықтарға ортақ мұра екендігін түрколог ғалымдардың барлығы дерлік баса айтқан.
Дей тұрғанмен, «Қорқыт ата кітабындағы» ол батырлық баяндарда, яғни қайталанбас жырларда жиі ұшырасатын адам есімдері мен жер-су аттары аталған тарихи оқиғалардың қазіргі қазақ даласында өткендігін айғақтайды.
Мысалы, сол хикаяларда Алатау, Қаратау, Қазығұрт, Қазылық тауы, Көкше теңіз, яғни Балқаш көлі, Арқа белі сияқты жер-су аттары жиі ұшырасады.
Ғалым Немат Келімбетовтың айтуынша, 12 жырдың біраз жырлары өзара ортақ кейіпкерлер және жалғасты сюжеттер арқылы бір-бірімен байланысып жатады.
Десе де, ол жырлар оқиғаның дамуы, өрбуі тұрғысынан белгілі бір хронологиялық тәртіппен орналаспаған екен. Себебі, алдыңғы жырлардың бірінде «қайтыс болды» деп жарияланған кейіпкерлер содан кейінгі жырларда қайтадан оқиғаға араласып жүретін көрінеді.
Сондықтан ғалым Немат Келімбетов «Жазушы» баспасынан 1986 жылы жарық көрген «Қорқыт ата кітабы» жинағындағы батырлық дастандарды логикалық желі тұрғысынан мынандай тәртіппен жүйелеуге ұсыныс жасаған екен. Яғни, ол жыр-баяндар 8, 1 ,3, 4, 11, 2, 5, 6, 7, 9, 10, 12 деген тәртіппен орналастырылғанда ғана жинақта хронологиялық жүйе қалыптасатын көрінеді.
Осы 12 дастандағы поэзиялық ұйқастар оның прозалық мәтінімен өзара астаса үндесіп, жырдың көркемдік қуатын күшейте түскен.
Осынау батырлық 12 баянның әрқайсысы дерлік жыр ауторының Аллаға мінажат етіп, Жаратқаннан жарылқау тілеуімен аяқталып отырады.
Мысалы, «Кітаптағы» «Сыртқы оғыздардың ішкі оғыздарға қарсы бас көтеруі…» деп аталатын ең соңғы 12-ші жырдың соңғы түйінінде былай деп жырланады:
Бұл жиынға Қорқыт атам келіп, қуанышты өлең айтыпты. Дін үшін күрескен сол батырлардың ерлігін жырға қосыпты… Адам өмірі өткінші… Құдай сені өлгеніңше дініңнен айырмасын! Ақ сақалды әкеңнің барған жері жұмақ болсын! …Иманды жүзіңді көрген соң бес ауыз сөзбен дұға оқыдық. Ол дүниеде Мұхаммед саллалаху алейхиуассалам пайғамбар үшін Алла сенің күнәңді жеңіл етсін!»-деген тілекпен соңғы жыр аяқталған екен.
Әрбір батырлық баяны бір немесе бірнеше талдау еңбектерге арқау боларлық бұл «Қорқыт ата кітабы» жинағы біздің ата-бабаларымыздың ұлттық жазба әдебиетімізге қайталанбас қаншама жауһар дүниелерді қосып кеткенін айғақтаса керек.
Өткеніміздің рухани өлшемдерін іздесек, «Китаби дедем Қорқутқа» қайрылайық, ағайын.
Yұрлытай ҮРКİМБАЙ
жаксы толык берілген рахмет ))))))))))))!