Кердері
Кердері – қазақ халқының құрамындағы ру. Кердері руының бастапқы тарихын ғалымдар б.з.б. 2 ғ-да ғұндардың жойқын шабуылына ұшыраған юечжи елінен тарқатады. Көне Қытай жазбалары бойынша, бұрын шығыс Ереңқабырға төңірегін қоныстанған юечжилердің (оны Қытайда тұратын қазақ оқымыстылары “иүзлер” деп аударады) көп бөлігі сол үркіншіліктен Әмудария алқабына дейін ауады. Олар Қытай дерекнамасында ұлы (юечжилер) иүзлер (қ. Ақ ғұндар), ал көшіп кете алмай ата қонысында қалғандар кіші юечжилер (иүзлер) деп аталған. Әму жаққа жеткен юечжилерді Еуропа тарихшылары кидарит-ғұндар деген атпен таныды. Сол кидариттерден кердері руының атауы туындаған. Ғыл. деректер 10 ғ-да Арал т-нің Кердері теңізі аталғанын, Әмударияның екі бетінде сол аттас бір-екі қала болғанын да алға тартады.Кердерінің бір бөлігі қарақалпақтардың мүйтек тайпасы құрамына, екінші бөлігі Кіші жүздегі жетіру тайпасының құрамына енген. “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама” кезінде кердерілер Аралдан Қобданың жоғарғы жағына, Електің сол жағына, Орал қ. маңына үдере көшуге мәжбүр болған. Кердеріден Жабағы, Смайыл, Бердімбет, Жанбас, Шағыр, т.б. аталар тарайды.Ұраны – Қожахмет, таңбасы – (Q) тостаған.