Абай жолы (роман)
«Абай жолы» — Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі тарихи романдар топтамасы — қазақтың тұңғыш эпопеясы. 1-кітабы 1942, 2-сі 1947, 3-сі 1952, 4-томы 1956 ж. жарыққа шықты. Эпопеяның «Абай» атанған алғашқы екі кітабына КСРО Мемлекеттік сыйлығы (1949), «Абай жолының» тұтас төрт томына Лениндік сыйлық (1959) берілді. «Абай жолы» арқылы қазіргі қазақ прозасы күллі дүние жүзі әдеби классиканың шырқау шыңына шықты. Сөйтіп, 19 ғасырдың 40-50-жылдарын М. О. Әуезов туған әдебиетіміздің даму тарихында бұрын-соңды болып көрмеген ренессансқа айналдырды. Мұның өзі заңды да, өйткені «Абайдай» шығарма бұл тұсқа дейін қазақ әдебиетінде болған емес». «Бұл да аз,- деді француз жазушысы Луи Арагон,- әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарма табу қиын; бұл, менің ойымша, XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі». Ең талғампаз суреткерлердің аузымен айтылған осындай орасан биік бағаға «Абай жолы» қандай қасиеттері мен жетті? Бұл сұраққа жауап беру үшін эпопеяға тән негізгі ерекшеліктерді ескермей болмайды. Алдымен, тақырып туралы. Кешегі, яки тарихи тақырып: бүгінгі, яки қазіргі күн тақырыбы деп жүрміз. Бір тұста осылар жөнінде айтыс ашып, дауласып та көрдік. Бәрі шартты нәрсе! (Кеше, бүгін, ертең… Уақыт жалғастығында жік жоқ: таң атса, ертең бүгінге, бүгін кешеге айналады. Демек, кешесіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ). Сондай-ақ бүгінгі қазақ кім? Мұны тану үшін кешегі қазақты білу шарт. Тамыры жоқ ағаш, тарихы жоқ халық болмайды. Әуезов өзінің төрт том «Абай жолы» арқылы бүкіл дүние жүзіне, қала берді — өз отандастарына, керек десеңіз тіпті — қазақтардың өзіне қазақ дегеннің кім екенін танытты. Дәлірек айтқанда, қазақ халқының ұлылығын — оның өткен өмірін — тарихын, тарихының түбірлі кезеңдерін, қазақ мінезі қалыптасқан трагикалық Һәм шығармашылық дәуірлерді ғажайып көркемдік күшпен жарқыратып, ашып, жан-жақты айқындап, терең түсіндіріп берді. Сондықтан да, «Абай жолын» оқыған Бенжамен Матип «қазақ неткен ғажайып халық» деп өзін-өзі ұмыта таңырқаса, Константин Федин «өзінің қалай қазақ боп кеткенін білмей қалған». Сондықтан да бүгінде Л. Н. Толстойды оқымай орысты, О. Бальзакты оқымай французды білдім деу қандай қиын болса, Әуезовті оқымай қазақты білдім деу сондай қиын.
Мазмұны
1 Қазақтың тұңғыш эпопеясы
2 Бірінші кітап
2.1 Абай бейнесі
2.2 Әке мен бала
3 Екінші кітап
3.1 Құнанбай бейнесі
3.2 Халық бейнесі
3.3 «Әуезов әйелдері»
3.4 Табиғат бейнесі
4 Ұлы жазушының ұлы туындысы
5 Пайдаланған әдебиет
Қазақтың тұңғыш эпопеясы
«Абай жолының» бас кейіпкері — Абай. Біз ақын өмірінің елу жылына айғақ боламыз. Абайдың адам, азамат, ақын ретінде қалыптасуы сол жарты ғасыр ішіндегі қазақ қоғамының барлық саласындағы өмірдің барлық ойы-қыры, қия-қалтарысымен өріле суреттеледі. Абай арқылы өткен ғасырдың екінші жартысындағы және осы ғасырдың басындағы бүкіл халық тіршілігін, оның көп бұралаң тағдырын, ой-арманын, мақсат-мүддесін, күрес-тартысын… бәр-бәрін түгел шарлап өтеміз. «Халық» дегенде, бұл ұғымның негізінде ұлттың әдет-ғұрпы ғана емес, ұлттық рухы жататыны сөзсіз. Демек, «Абай жолында» кешегі қазақтардың тұрмысы, әдет-ғұрпы ғана емес, күллі рухы сайрап білініп тұр.
19 ғасырдың 2-жартысындағы қазақ өмірінің бұл төрт кітаптан тыс қалған бір де бір қалтарысы жоқ. «Абай жолының» мазмұн жағынан алғанда жалпы жұрт мойындаған энциклопедялық сипаты, жанр жағынан алғанда қазақтың тұңғыш эпопеясы екендігі де осында жатыр. Тағы бір күрделі ерекшелік — осынау кең құлашты халықтық эпопея бастан-аяқ тартысқа, қарама-қарсы күштердің қым-қиғаш күресіне құрылған және осылардың бәрі диалектикалық қимыл-қозғалыс, өсу-өрбу, өрістеу үстінде көрсетілген. Мысал үшін шығарманың негізгі арқауындағы арналы тартысты алайық. Бәрінен бұрын мұнда жеке адамдар арасындағы психологиялық шиеленістер, қарым-қатынастағы қайшылықтар, әлдінің әлсізге қиянаты, зорлығы, қаныпезерлікке ұласқан қаталдығы (Қодар мен Қамқа оқиғасы); одан өрбіген ру мен ру арасындағы кескілестер — жер дауы, жесір дауы, құн, барымта, алыс-жұлыс, айқастар; осылардың жалпы жұртқа тиген зардабы — түрлі сипаттағы қаналулар: кедейленулер, қаңғып-тентіреулер, жұтқа ұшыраулар, жатақтардың пайда болуы, қазақ даласына орыс қоныстанушыларының келуі, жарлы-жақыбайлардың өзара ынтымағы, олардың үстемдерге қарсылығы, бұл қарсылықтар үстінде көрінген жалаңтөстер, олардың жазалануы, жер аударылуы, осы арқылы бірте-бірте ескі мен жаңаның ара жігі ажырап, күрестің жаңаша сипат алуы… Осылардың бәрі қара қылды қақ жарған әділдікпен адал, ақиқат шындық шеңберінде тағы да нақты және даму үстінде көрінуі — шын мәніндегі реалист-суреткердің айта қалғандай дарын күшіне, талант қуатына саяды. Эпопеяда ешбір адам жоғарыдағыдай тартыс арнасынан шет қалмайды. Бәрінің характерлері, сол қым-қиғаш күрес үстінде қалыптасады. «Абай кезіндегі қазақ даласында,- дейді автор,- күні өтіп бара жатқан, бірақ тамыры әлі де тереңдегі ескіні мен Құнанбай образына жинақтадым. Ал, оның баласы Абай бойында енді туып келе жатқан жаңа бар. Сондықтан, ақын Абайдың қалыптасуын көрсету арқылы мен үлкен қоғамдық шындықты — ескі мен жаңаның диалектик, қарама-қарсылығын, күрес нәтижесінде ескіні жаңаның жеңуін ашуға тиіс болдым». Бұл — аса қиын әрі қатерлі адым. Күрес пен тартысты анық жауласқан қарама-қарсы екі жақ емес, туған әке мен баланың арақатысына құру бұрылтпас және көл-көсір психологиялық дәлелдер таппаса, көптің сана-сезіміне бір қарағанда жете қоймайтын нанымсыз нәрсе секілденеді. Реалист-суреткердің айта қалғандай шығармашылық күш-қуатының тағы бір керемет көрініс тапқан тұсы — осы ара: әке мен баланың өзара ымырасыз жауларға айналуы, нәтижесінде Абайдың әкеден біржола тұсау үзіп, іргесін ажыратуы. Оқырманды осыған қалтқысыз сендіруі — автордың қисапсыз шеберлігі болса, соның нәтижесінде көрінген «Абайдың қасиеті — өз табының тілегінен көп қиналыстар, толғанулар, тәнге-жанға түскен жаралар арқылы жыртылып айырылуында, өз заманынан биік тұруында». Бұл — эпопеяның идеялықаласытақырыптық негізінің мызғымас мықтылығы. «Абай жолының» граниттей берік ірге тасы осынша шебер қаланған. Ал, сюжет пен композицияға келетін болсақ, мұнда да Әуезов суреткерлік шеберліктің үлгісін көрсеткен. Төрт кітаптың өн бойында адам образдарын жасауға қызмет етпейтін бір де бір деталь, штрих, керек десеңіз, бір де бір сызық жоқ. Бәрі де мінездеу мен мүсіндеу, жинақтау мен даралау міндеттерін атқарып тұр. Әр характердің жасалу тарихы бар. Әр образ тип дәрежесіне дейін көтерілген. Басты кейіпкерлер ылғи өрбу, өсу үстінде көрінеді. Ӏ-кітаптың басында қаладан аулына асығып келе жатқан бала шәкірт пен 4-кітаптың аяғында жарық дүниеден жөнеліп бара жатқан данышпан ақынның екі арасындағы қырық бес жыл тек қана Абайдың адам, азамат, ақын ретіндегі өзгеруімен, жаңғыруымен, жаңаруымен, құбылуымен, құлпыруымен өтетіні сияқты әрбір ірі, іргелі қаһармандар не ілгерілеп, не кері кетіп, не өрлеп, не құлдырап, не өліп, не тіріліп отырады. Статикалық түрде бір де бір құбылыс жоқ, бәрі динамикалық сипатта. Бұл сюжет мінсіздігінің нәтижесі.
Осылардың бәрі композициялық бүтіндікке көшкен жағдайда жазушының тағы да адам таң қалғандай шеберлігі ширатылып шыға келеді Мұны Мүсірепов дәл аңғарған: «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Шытырманда», «Бел-белесте», «Өрде», «Қияда» деген — әр бөлімнің аттары. Осыны біріне бірін жалғап, бір саты етсең, қат-қабат, шытырмандар арқылы бел-белеске, өрге, қияға келе жатқан Абайды көресің. Бұл — үздіксіз өсіп келе жатқан Абайдың жолы. Сонымен бірге бұл — Құнанбайдың да баспалдақтары. Осы сатыларды төмен қаратып қойып, аяғынан басына қарай оқысаң, бұл жоғарыдан ылдилап келе жатқан Құнанбайдың жолы болып шығады. Сонда, Абайдың жолы — «қайтқанда, қат-қабатта, шытырманда, бел-белесте, өрде, қияда» болып шығады да, Құнанбайдың жолы — «қияда, өрде, бел-белесте, шытырманда, қат-қабатта, қайтқанда» болады. Бірі — көтерілу, бірі түсу, төмендеу жолы. Үшінші, бұл — Құнанбай тобының да, Абай тобының да жолы».1-кітаптың композициясын бұдан артық дәл сипаттау қиын. Сол сияқты әр кітаптың жеке-жеке және төрт кітаптың жалпы композициясын да осы ретпен таратып-тұтастырып шығуға болар еді. Бірақ ол шарт емес. Бәрінің бірімен, бірінің бәрімен бірлігі секілді, бәрінің түзілісін бірінің құрылысымен сипаттауға әбден болады. Жаңағы пікір 1-кітаптың жалпы мазмұнына қатысты айтылды. Сол сияқты мұндағы полифониялық сырды, я болмаса көп проблемалылықты, олардың бәрі барып тоғысар үлкен арнаны да әлгі ретпен байыптап шығуға болар еді. Айталық, 1- кітаптың 1-бөлімідегі бірінші тарау:
1) «Үш күндік жолдың соңғы күніне барын салған бала шәкірт» астындағы жарау құлабестісін ағызып-ағызып алып, жаппақ жазықтың белінен-беліне көтеріліп, қасынудағылардан оза шауып, алып-ұшып келеді. Бұл арадағы тақырып — туған жер, идея — сағыныш.
2) Жолаушылар жайлаудағы ауылға жетті. Абай әйелдер кұшағыңда, жаппай, жағалай сүйіс, енді бірде әже қасында, әжесін өлеңмен алдап үшкіру, қуаныш-күлкі, бәрі мәз-мәйрам, мәре-сәре. Бұл арадағы тақырып — ана, идея — мейірім.
3) Абай үлкен үйге кірді, Құнанбай қасында, Құнанбайды қоршаған ақсақал-қарасақалдар арасында үнсіз, жым-жырт тыныштық, бірін-бірі баққан суық жүздер, әлдебір кеселді құпияны әркім өзінше іштей салмақтап, сілтідей тынып қалған. Бұл арадағы тақырып — әке, идея — мейірімсіздік…
Дәл осы ретпен жеке алғанда бір кітаптың, жалпы алғанда төрт кітаптың бар проблемасын ақтара-төңкеріп, өріп шығуға болар еді. Сонда эпопеяның бар саласын, ойы-қырын түгел шарлап, кезіп шығуға болар еді… Бұл эпопеядағы сан алуан сыр мен шындықты, оның ірілі-ұсақты детальдарын бір желіге көгендеу болса, енді жеке кейіпкердің, яки Абайдың өз тұлғасын тұтастырудағы бір ғана композициялық сәтті алып қарайық.
Бірінші кітап
1-кітаптың басында Абай қаладан далаға келе жатады, асығып, алып-ұшып, аулын сағынып келе жатады; ал аяғында — даладан қалаға кетіп бара жатады, қарама-қарсылыққа, қайшылыққа толы өз аулынан өзі безіп, түңіліп қашып бара жатқандай. Осы екі арадағы он шақты жылда аулынан Абай көрген жайды, Абай кешкен хәлді, Абай ұққан, Абай сезінген, Абай түйсінген сырларды бір шолып пайымдасақ, тек Абай басында болған өзгерістерді ғана емес, кітап толы кейіпкерлердің бәрін бір атмосфераға алған үлкен эволюцияны аңғаруға болар еді. Бұл да зергер қиюластырған тамаша композиция арқылы тұтасқан шынайылық. Енді тип пен характерге көшсек, бұл арада да Мүсіреповке бір соғып өткен жөн. Асылы, Мүсіреповтің «Абай» романы туралы» деген сын мақаласы — әдеби шығарманы эстетикалық талдаудың үлгісі. Оны 1958 жылы I. Омаровқа жазған хатында Мұхтар Әуезовтің өзі де өте жоғары бағалаған: «Ойыма он бес жыл бұрынғы бір кез оралып еді,- деген ол. — «Абай» романының бірінші кітабы шығып, соны жазушылар, сыншылар, кейбір адамдары боп талқылап, танымақшы болып жатты. Бірақ бір күнгі ұзақ мәжіліс түк те берекелі нәр бермеді. Баяндамашы Құнанбайды Иван Грозный деп, Петр Первый деп әр биікке қарай жетектеп алды да, қаңғыды да кетті. Кейін сөйлеушілер де жетістірген жоқ. Әркім әрбір қабуын-шабуын дегендей сипалаған, сылаған болды да, кәдімгі белгілі саяз, сылдыр сөздерге сайды. Өте бір күйкі күйді амалсыз еске алғызды. Мен үндегем жоқ… Сол жиылыстың ең соңында күн бойы о да үндемей отырған Ғабит жиылысты басқарып отырған Сәбитке келіп бір ауыз сөз айтты: «Немене, адамша сөйлейміз бе, жоқ осымен кете барамыз ба?» — деді. Сол күннен бастап екі кеште ол бір баспа табақтай етіп өзінің роман жөніндегі, бар жұрттан оқшау, бөлек шырғау шыққан әділ, адал, саналы толғаулы ірі ойларын айтып шықты. Сөйтіп, келесі күнгі жиылыс «адамша сөйлеудің» нағыз өзін бастап еді». Дәл осы сөзінде Мүсірепов романдағы типтер мен характерлердің бірқатарын бірер сөзбен былайша дәлме-дәл сипаттайды. «Сүйіндік — жалтақ; Байдалы — табанды, қырыс адам. Бөжей — сыр бермес, Қаратай — жеңген топтың қасында… Майбасар, Жұмағұл, Тәкежан, Қамысбайлар — патша үкіметінің жасаған болыстығының маңында болатын мансапқорлар… Зере — ел анасы, Ұлжан — соның жалғасы. Сары апаң — үстем рудың әрқашан өзімдікі дұрыс деп, қисыны келсе-ақ қарсы дау соғатын кеуделісі… Бұлардың бәрінің жиынтығы, сақасы сияқты Құнанбай — сонша сұм, сонша аруақты, сонша бір кесек образ! Абайдың өзін алатын болсақ — бұл бұқара халықтың тартқан жапа, көрген қорлық, төккен жасынан туған, ел тілегіне жаңа жолдар, ел болашағына жаңа бағыт іздеген, әзір таппаған, бірақ қайдан табатынын дәл сезіп болған ел басы, замана жасы. Құнанбай — елдің тоқырап қалған, өз биігінен аса алмаған ескі ойы болса, Абай — елдің алысты болжай алған, ілгері сүйреген ойы».[4] Білгірлікпен берілген мінездемелер!.. Абай тұлғасы — эпопеяның жаны мен жүрегі. Бұл бейнені Әуезов өзінің кемел көкірегінде қолына қалам ұстаған күннен бастап аялап, ойында тербетіп, ғұмыр бойы қиялында өрбітіп келген. «Боваримен» дейтін Флобер секілді, «Наташа Ростова — өзім» дейтін Толстой тәрізді Әуезовтің өзі Абайға, Абай өзіне айналып кеткенше бұл бейнені қағаз бетіне түсірмеген, іштей пісіре берген. Әуезовтің өлеңнен өзге артында жазулы жазба дерек қалмаған Абай өмірінен романға материал жинау әрекетінің өзі керемет қызық, нұсқасы: «Алдақашан бел асып кеткен керуеннің айдаладағы жұртына кешігіп жеткен жүргінші,- деп жазады ол,- сөніп қалған от орнынан болмашы жылтыраған бір қызғылт шоқ тауып ап, оны демімен үрлеп тұтатпақ болды десек, романға материал жинаған менің хәлім де дәл сол әрекет сияқты еді. Мен қарт адамдардың көмескі жадында ұмыт болып қалған көп нәрселерді қайта ойлатып, айтқызып алдым. Алпыстағы Әйгерімнің әжімді бетіне қарап, оның бір кезде Абайды тұтқындаған жас шырайлы ғажап сұлу жүзін «қалпына келтіруім» де әлгідей еді». Міне, осы әрекетінің өн бойында жазушы өзінің бас кейіпкерінің образын ойша қорытып, санада жасап жүрді. Осылайша өзінің қаны мен жанына айналғандықтан да оның бас кітабында бас кейіпкердің тастан қашалғандай көп қырлы, мол бедерлі бейнесі, құдды тірі адамдай жанды, толыққанды тұлғасы тұтасып шыққан.
Абай бейнесі
Алғашқы кітапта адам, азамат ретінде қалыптасқан Абай кейінгі кітаптарда ақын, қайраткер ретінде қиян-қилы қимыл-әрекеттерге көшеді. Осы желінің ұзына бойында оның тарам-тарам өсу, даму жолдары, белес-белес өрістеу, шарықтау биіктері жатыр. Бір кереметі — осылардың бәрі тек қана сыртқы сарт-сұрт, ылғи қолма-қол «қимыл-күшпен емес, шығармашылық іспен» (Әуезов), яғни ішкі көңіл күйіндегі нәзік ағыстар мен толқындар арқылы, солардың сан түрлі иін-иірімдері арқылы қат-қабат астарлы көрініс табады. Қаһарман іштей түлеп өседі. Демек, рухани мағынасында Абай, бір жағынан, сыр мен сезімнен, ой мен санадан құйылып жасалған терең психологиялық тұлға. Бас кейіпкердің парасат пен философияға толы болмыс-бітіміндегі қайталанбас қадыр-қасиетте осында жатыр. Абай — кең құлашты, мол тынысты эпикалық тұлға. Бұл тұлғаны автор эпопеяның басынан аяғына дейін өрмек тоқығандай, бір де бір тінін үзбестен тартып, асықпай өріп шығады. Көл-көсір нақты да затты деталь, ұшан-теңіз психологиялық анализ, сан-сала іс-әрекет, қимыл-харекет — осылардың бәрі Абай тұлғасын сомдауға қызмет етеді. Осылардың бәрінде де автор өз қаһарманының «жан диалектикасын» бойлап, ілгерілейді де отырады. Абай тұлғасы оқырманның көз алдында көктей өсіп, автордың өзі айтқандай, құз-жартасты жарып шығып жапырақ жайған шынарға — символ бейнеге айналады. Эпопеяның басында Абай өзін қоршаған дүниеге кіршіксіз сәби сезіммен, күнәсіз бала көзімен қарайды. Семей қаласынан Шыңғыс баурайындағы аулына қайтып келе жатып, өзі туған өлкені жан жүректен «жабыса, сағына сүйеді!». Бұл кең жазирада мейірбандық пен туысқандықтан басқа, елдік пен ерліктен өзге оғаш мінез бар деп білмейді, қанішер қаталдық, жауыз жендеттік болады деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмейді. «Есенбай жырасында ұры жатады» дегенге сенбейді де мән бермейді, қайта қасындағы Байтас пен жорға Жұмабайды өзі «ұры» боп қорқытады. Жас Абайдың туған дала туралы осынау уыз ұғымы өз әкесі Құнанбай өктемдігінен құрбан болған Қодар өлімін көргенде төңкеріліп түседі. Өзгеріс осыдан басталады. Енді ол Құнанбай мен құнанбайшылдар ісіне күдікпен, іштей қарсылықпен қарай бастайды. Бұған қосымша өз басындағы хал де осы ортадан түбінде түңілуге сайғандай. Әлгі бір Қарашоқыдағы қанды оқиғадан ауруға шалдығып, төсек тартты; Бөжей үйінде тірі жетім ғып әкесі «ит жемеге тастатқан» кішкене мүскін Камшат тағдыры мұның жанын жегідей жейді: аяулы ғашығы Тоғжанға қосыла алмай, тағы да әке шешімімен өзі сүймеген Ділдаға үйленуі… Осылардың бәрі Абайдың о бастағы мөлдір тұнығын сел басқандай лайлай береді.
Әке мен бала
Құнанбай болса, Абайдан өзіне ізбасар дайындамақ. Сол оймен баласын әр іске бір салып, өз қарамағындағы ру басыларға жұмсап, сынап та көрді. Тумысынан зерек, қабілетті, өнерлі жігіт оттай жанып, шоқтай маздап, әке сынынан сүрінбей өтеді. Барған ауылдарында Абай туралы ұнамды ұғым, жақсы атақ, кейде тіпті әжептәуір аңыз қалып отырады. «Жігітті жұрт мақтаған қыз жақтаған» дегендей, Тоғжанның махаббаты да тұңғыш рет Абай Сүйіндік үйіне барғанда — жас қонақпен әкесінің әңгіме-насихатының үстінде тұтанғандай… Абайдың ел ішіндегі есті жас Ерболмен достығы да осындай, азаматтың ат үстінде жүрген шақтарында тапқан рухани олжасы. Абайдың өз басы, ой-санасы, ұғым-нанымы, жалпы ішкі дүниесі де, әрине, бір орында тұрып қалған жоқ. Үздіксіз өзгеру, өрбу, жаңғыру, жаңару үстінде болатын. Романда бұл процестің ішкі дәйектері, детальдар, психологиялық анализ дегендер аттаған сайын кездесіп отырады. Ру аралық жанжалдар, таластар, олардың өршіп, асқынып барып ұласқан жері — Тоқпамбеттегі, Мұса құлдағы қарулы қақтығыстар — Абайдың өзі өмір сүріп, өсіп келе жатқан ортаға әлеуметтік көзқарасын қалыптастырады. Бара-бара жас азамат өз жөнін іздеп, бағытын бағдарлайды. Осы жайлардың қай-қайсысында болмасын, осынау өмір қоршауына автор Абай көзімен қараса, Абай өз бойындағы асыл қасиет — өнер көзімен қарайды, дәлірек айтқанда, Абай ақиқатты ақын көзімен таниды. Құнанбайдың қанды қол қатыгездігі, одан туындайтын жолсыз жаза мен жауыздық, ұлып табысқан бөрілер секілді ұйлыққан қырық рудың қырық көкжалы — жұмылған қырық жұдырық, тағылықпен лақтырылған қырық тас кесек; осы көріністердің жан түңілтер жыртқыштық мәні; осындай «жаны ашымастың қасында басы ауырғандар» — жұтқа ұшыраған жарлы-жақыбайлар, қира кезік құл-құтандар, басында билігі жоқ әйелдер қауымы, еріксіз ұзатылған қыздар, қалың малға түскен келіндер, түрліше өлу-тірілулер, өшу-жанулар, осылар қалыптастырған салт-сана, әдет-ғұрыптар… Осылардың бәрін Абай сырттай бақыламайды, бар ақындық болмысымен іштей толқына сезінеді, тебірене түйсінеді және осылардың бәріне бейтарап қарай алмайды, қалыс қалмайды, әр құбылысқа өзінің қарым-қатысын белгілейді, не құптайды, не қарсы болады, сол ретпен белсенді қимылға көшеді…
Адамдардың арақатынасы ғана емес-ау, тіпті табиғат құбылыстарының өзін Абай статикалық хәлде емес, динамикалық күйде анық ақындық түйсікпен тура тірілтіп түсінеді. Айталық, қырдағы кеш, қоңыр іңір «бұның бір ұғымсыз әміршісі, сүйсіндіре мүлгіткен зор мұңдасы тәрізді»; кеше ғана өзара жауыққан рулар бір-біріне сойыл сермеп, шоқпар сілтеп, бір-бірін соққыға жыққан тау бөктерінен «соққан салқын ызғар қатал мінездердің ызғырығы тәрізді»; енді бірде «Абай біртүрлі сейіліп, іштей серпіліп алып, тау жотасынан биіктеп, аспанға қарады. Толық ай ашық көкті қалқып, сызып келіп бір топ шоғыр қара бұлтқа кірді. Кірді де қызық күйге түсті. Абай соған қарап өзге жайдың бәрін ұмытып, аңырап телміре қалды». Абайдың ақындық бітімі, ішкі дүниесі осылайша нәзік және терең ашылады. Дәл осы тәсілмен эпопея авторы бас кейіпкердің іштей түлеуін, өзгеруі мен өсуін көрсетеді. Кітап басында қаладан келе жатқан Абайға жерұйық боп көрінген көктем көркіндегі кербез дала кітаптың аяғында ақ қар астында ақ кебінге оранған өлік секілденеді. Бұл — әшейін көзге көрінген сурет қана емес, көңілге ұялаған шындық. Бұл шындыққа енді Абайдың көзқарасы да басқаша… Әке мен баланың арасындағы жол айырығы осы тұста біржола белгіленеді. Бұл бұрылысқа әкелген романның өн бойындағы психологиялық дәлелдің күші сондай, оқырман Абайдың әр қылығы мен қимылын дәл өз қимылы мен қылығындай қалтқысыз қабылдап, татаусыз түйсінеді. Сондықтан ол әке мен баланың ажырасу себебіне сенеді. 1-кітаптың аяғында әке мен бала бір-біріне бетпе-бет келіп, ой, пікір, ұғым сайысына түскенде оқырман Абай жағында болады. Абай, сөйтіп, өз өмірінің биік қиясына қарай адымдап, өрлеп келе жатады: «Қияға қадам басқаны рас. Бір күндерде жалаң құздың басындағы тақыр құм мен тастақты жарып, әлсіз нәзік шешек атып, жас шынар пайда болған. Сондай бір өмір гүл шашқан. Енді бір күнде сол шыңға шыққан жалғыз шынар балғын тартып, жас қуатқа толыпты. Қазір оған қыс пен аяз да, тіпті тау дауылы да қатер болудан қалған еді»[5]. 1-кітапта Абай осылайша азамат ретінде қалыптасса, екінші кітаптан былай қарай енді өнер адамы — ақын Абай, шын мәніндегі азамат-ақын көрінеді. Бұл тұста авторға «шығармашылығы арқылы Абайдың өзі көмекке келеді» (Әуезов). Ендігі өмір Абай ақындығының қайнар-бұлағына айналады. Ендігі жерде көп-көп деталь Абай өнерінің психологиясы — көптеген өлеңдерінің туу құпиясын ашуға қызмет етеді. Асылы, Абай ақындығының арғы тамыры өзінің туған топырағындағы төл әдебиетте — халық өнерінде — өзін сәби кезінен қиял-ғажайып ертегілермен әлдилеген Зере-әжеде, мұңшыл жырау Барласта, сыншыл жыршы Шөжеде… жатса, бергі бұтағы мен жасыл жапырағы орыс әдебиетінде — Е. П. Михаэлис секілді орыс достары арқылы қолы жеткен А. С. Пушкинде, М. Ю. Лермонтовта… жатыр. Романда осы сыр терең және жан-жақты толғамын табады. Таланты мен танымы, ұғымы мен білімі, жалпы ой-санасы, ақыл-парасаты осындай қос арнадан қоректенген азамат ақынның рухани дамуы, қайраткер ретінде өсуі одан әрі жалғасады. Мыс., алғашқы кітаптарда Абай өз келесіндегі келеңсіздікті, өз ортасындағы әділетсіздікті, феодализмнің тоң мойындығын сынаушы болса, кейінгі кітаптарда ол шеңберден шығып, енді күллі Шығыс керітартпалығын әшкерелеуші дәрежесіне көтеріледі.
Екінші кітап
Орыс классиктерінің шыншыл дәстүрінен сусындаған Абайдың ендігі күрес жолының бір ұшы Россиядағы азаттық қозғалысымен жалғаса жаздағандай. Бірақ реалист-жазушы тарихи шындық шеңберінен шықпайды. Абай алдынан тағдырдың тартары — революционердің улесі емес, ағартушы ақынның сыбағасы екенін ұмытпайды. Дей тұрғанмен, қазақ қоғамындағы әлеуметтік теңсіздіктер мен күрес тақырыбы соңғы кітаптың күллі идеялық мазмұнын кеулеп, сюжеттік арқауына айналып кеткен. Жаңа мен ескінің тартысы енді осы арнада жүреді. Бұл тайталастар бұрын ауыл аясында болса, енді қала тіршілігін де қамтиды. Қараңғы қазақ даласында рауандаған таң жарығындай Абай ағартушылығынан тараған осынау күрес сәулесі бұрын даладағы Дәркембайлар мен Базаралылар үстіне түссе, енді қаладағы Әбендер мен Әбділер, Сейіттер мен Сейілдер маңын нұрландырады. «Абайдың» 2-кітабы мына сөздермен аяқталған еді: «Алда — өмір, тартыс. Сол тартыста бұл жалғыз… бір қуаты, бір үміті бар… Қуаты — ақындық, үміті — халық».[6] «Абай жолының» екі кітабында осынау негізгі идея көркемдік жағынан жан-жақты жинақталады. 4-кітаптың аяғында Абай дүниеден кетеді, бірақ 2-кітаптың соңында образ-символға айналған «Абай кемесінің» желбіреген жалауы сол қалпында, сапары тоқтар емес: «Кең жайқын әлемде түзу жол сызып, маңып барады… Жалауында «Тартыс», «Үміт» деген ұран бар. Халық үмітін үстіне арқалаған сол кеме «Келешек» деген жағаға тартты». Көлді теңізге қотарғандай, авторлық идеяны объективті идеяға мұншалық шетсіз, шексіз айдынмен айналдыру — асқан шеберлік. Абай тұлғасы Әуезов талантының осы құдіретіне кепіл. Ал, Құнанбай ше?
Құнанбай бейнесі
Құнанбай тұлғасының жасалу шеберлігі бүкіл дүние-жүзілік әдебиет тарихында сирек ұшырасады. Әдеттегі түсінікпен атасақ, Құнанбай — жағымсыз кейіпкер. Дұрысында да солай, кері кеткен кер заманның жанкешті жақтаушысы, рулық-феодалдық жүйенің бір тінін үзгісі, бір өрімін ыдыратқысы келмейтін шынжырлы шонжар — жаңаның жауы, күні өткен, тозығы жеткен көненің жамап-жасқаушысы… Автордың айтуында да Құнанбай тұлғасы идеялық жағынан алып қарағанда, сол дәуірде қазақ даласына енді-енді еніп келе жатқан жаңаның жолындағы кедергіні — ескіні көрсету нәтижесінде туған. Әдетте осындай ұнамсыз типтер бізде (тек бізде ғана емес) бірыңғай қара бояумен атастырыла, ылғи жамандық жағы қазбаланып, кейде тіпті іске алғысыз дөкір, дөрекі күйде көрсетілетін. Әрине, мұндай жағдайда да автордың идеялық мақсаты болатыны даусыз. Бірақ сол идеяның көркемдік шешімі даулы, жасанды және жалаңаш. Ал, Құнанбай ондай емес. Мейлінше шыншыл суреткер бұл образды мінездеу мен мүсіндеуге, жинақтау мен даралауға өзінің бай палитрасындағы бір (қара) емес, бірнеше (ақ, көк, сары…) бояуды қоса, қатар жұмсап, түрлі-түсті табиғи кескінде, алдымен адам ретінде барлық күнгей-көлеңкесімен жан-жақты, толық, тұтас тұлғаландырған. Автор ұнамсыз кейіпкер бойындағы ұнамды қасиеттерді күзеп не тонап әкетпейді, өзіне береді, өзінде қалдырады. Құнанбай — азулы ғана емес, ақылды: шоқпар мен сойылдың ғана емес, әріден толғайтын ойдың адамы. Көзі дара болғанмен көкірегі сара — көреген: ашуы мен қайратын қатар ұстайтын, қаталдығының арғы жағында қайсарлығы жатқан қасарма, сұғын қадағанды сілейтпей тынбайтын қазымыр, қырыс кісі. Арыстанның айбаты да, жолбарыстың жүрегі де бір өзінде; жыртқыштығы да сондай; бүргені құтылмайды, құтылса мынаның тырнағы сонымен бірге кетеді. Мұнысы да қайтпас қайсарлыққа саяды. Осыған енді амалы мен айласы қосылғанда Құнанбайдың қулығы мен сұмдығына, сұңғыла зымияндығына найза бойламай шығады. Мұнысы — ақылдан туған тәсіл. Құнанбай алыс-жұлысқа, арпалысқа ғана емес, сөзге де жүйрік, шешен, тілі өткір, тиген жерін тіліп түседі. Осылардың бәрі Құнанбайдың өз ортасынан биік, оқшау тұрған жоталы тұлға екенін көрсетеді және оның осындай өзгеше бөлек бітімін өз ортасы да әбден мойындап болған. Құнанбайдың көп қырлы қасиетін досы түгіл дұшпаны да жоққа шығара алмайды. Дәлел ретінде романның 1-кітабынан Абайға Байдалы айтып берген бір қызық жәйтті мысалға келтірелік. Байдалы Абайға: «Тап соның ішінде көп қойма жатыр, не керек», — деп Қаратайды мақтай отырып былай дейді: «Әне бір күндерде Қаратай, Бөжей, Байсал бар — барлығымыз Қаумен үйінде түстеніп отыр едік. Жиын бір сөзден бір сөзге түсіп, шалқып отырып, ақыр аяғы «Жә, өзіміз көргенде мырза кім?» дегенге келді. Жұрт ойланып қалды. Байсал күншуақта жатқан тағыдай көзін бір ашып, бір жұмып, бүк түсіп сырт қарап жатқан. Жаңағы сөзге ол қатысқан жоқаласыты. «Мырза кім?» дегенге Қаратай жауап беріп, «Мырза — Құнанбай» — деді. Тағы біраздан соң ол жиын: «Шешен кім? — деді. Тағы Қаратай жауап беріп, «Шешен — Құнанбай» — деді. Екі бел асты. Аздан соң және бір оралып кеп: «Жақсы кім?» десті. Әлгі Қаратай және жауап беріп: «Жақсы — Құнанбай» — деді. Сол кезде Байсал басын жерден жұлып алып, саңқ етіп: « — Уай, Көкше, не оттап отырсың өзің?» — деп, Қаратайға қадала түсіп.- Мырза Құнанбай екен, шешен Құнанбай екен, жақсы Құнанбай екен! Ендеше не көкіп алысып жүрміз онымен? — деді. Соған Қаратай іле жауап беріп: «Әй, тәйір-ай, мен Құнанбайдың өзге жағынан мін тауып алысып жүрмін бе? Жалғыз-ақ «не қылайыны» жоқ қой, сондықтан кетіп жүрген жоқ па?» — деді.[7] Құнанбайдың кім екенін бұдан дәл Һәм әділ айту қиын. Құнанбай — тек өзі билеп отырған қазақ сахарасын ғана емес, осылардың бәрін бақылайтын, патша әкімдерін де мысын құртып, уысына алып алған жұмулы жұдырық. Мәселен, піскен бас Майырдың өзгеге илікпейтін қырсықтығы Құнанбайға келгенде бұлтыңдап кетеді. «Майыр, сенің атаңның аты Тобықты емес еді. Осы Қарқаралыға келіп бауыр тапқаннан аманбысың? Бөжейді айдату керек, қағазын дұрыста деп ем, сары аурудай создың да кеттің ғой. Соның жан күйері сен болып, бауыр тартып, бауырың езіліп жүр ме осы, немене?!» Осылайша өзі билік жүргізген атыраптағы қазақты бұқтырып, орысты ықтырып, бәрін өз алдында құрдай жорғалатқан Құнанбайдың философиясы да, дипломатиясы да бір басына жетерлік. Құнанбай осындай кесек кейіпкер, қия жартастай мықты тұлға болмаса, онымен күреске түскен Абайдың да ірілігі көрінбеген болар еді. Абай осындай алынбас қамалды алған алып боп шығуы да жазушының ұнамсыз тип жасау тәсіліндегі нұсқалы шеберліктің нәтижесі. Құнанбай жалғыз емес. Оның маңында әр рудың басы, әр ауылдың ақсақал-қарасақалдары — Бөжей, Байдалы, Сүйіндіктер бар. Өз іргесіндегі Майбасар, Ызғүтты, Тәкежан, Жиреншелер бар. Оразбай, Шұбар, Әзімбайлар бар. Дәуірлік белестен алып қарағанда осылар — бір лагердің адамдары. Абайдың қарсыластары, Абай бастаған жаңаның ата дұшпандары. Сонымен қатар осылар өзара да ыри-тыри: бақастар, бәсекелестер, бақталастар. Қарақан бастың қамына келгенде булар бірін-бірі аямайды, біріге бере талап тастап, бөліне бере түтіп жеп жүргендері… Бұл — адам адамға дос емес, қасқыр болған Құнанбай заманының заңы. Майталман суреткер Құнанбай маңындағы бар адам және әр адам арқылы солар өмір сүрген заман кескінін де зергерлікпен бейнелеп көрсеткен. Байлар мен билер тепкісіндегі қазақ қоғамының «алтыбақан алауыздығын» патша отаршыларының қалай пайдаланғанын да ұтымды аңғартады. Бірінің тізгініне бірі жармасып, бірінің шалғайынан бірі тартып, бірінің аяғынан бірі шалып орға жығып, көрге тығып жатқан Құнанбайлар, әрине, өз заманымен бірге тарих сахнасынан кетеді. Бірақ ең қауіпті жері — «құнанбайшылдық» қалып қояды. Бұдан арылу үшін адамдарды ұзақ уақыт шомылдыру, тазалау, қағып-сілку, тіпті кейбір кеселді денеден сыдырып алып тастау керек, Құнанбай тұлғасын жасау арқылы автордың оқырманға берер сабағы осындай.
Халық бейнесі
Жалпы 19 ғасырдың соңғы елу жылындағы қазақ өмірінің көркем шежіресі боп табылатын ұлан-ғайыр эпопеяда барлық қыр-сырымен халық бейнесі жасалды десек, сол халық өкілдерінің ішінен айрықша атап айтарлық бедерлі бейнелер — Дәркембай мен Базаралы. Балағаз бен Абылғазыдан Дәрмен мен Сейітке дейінгі ондаған кейіпкерлер — Дәркембай мен Базаралының әлеум. ортасы, қоғамдық қоршауы. Бұл екеуі жүрген жерлердегі келешек үшін күрестің де сыр-сипаты бөлек, қарсыластардың ара жігі ақ пен қарадай айқын. Осылар арқылы автор романдағы жүздеген типтер мен характерлер ішінен уақыт сынынан өтіп өсетіндерін де, келешегі жоқ өшетіндерін де өмірдің өзіне іріктетіп, сұрыптатып отырады.
Дәркембай — кедей. Малы жоқтың халы жоқ, соры көп, бағы байланған заманда Дәркем- байдың малдылардан, күштілерден көргені — зорлық, қорлық; өмірден алған сыбағасы — жоқшылық, тапшылық. Абай айтқандай, Дәркембайдың өмірге қыран көзіндей ғып көзін ашқан да жоқшылық. Оның көп өмірі Сүйіндік пен Сүгірдің малын бағып, көшіне ілесіп текке өткен. Соны кейін аңғарған Дәркембай өз еңбектерімен жер жыртып, дән сеуіп күн көріп отырған жатақтарға қосылады. Қырық үйлі жатақтың Сүйіндік пен Сүгір сияқты өзімен «атасы туыс емес, тірлігі туыс. Көрген көресі, кешкен соры туыс» деп қосылады. «Күйі бірдің күні бір,- дейді Дәркембай.- Туысым-аталасым емес, өзіммен мұңы бір, бейнеті бір жатақтар; руым, ұраным да осылармен!» Демек, Дәркембайды өзі секілді кедейлермен тағдыр табыстырады. Бұл оның байлармен іргесін біржолата ажыратып, ат құйрығын кескені, өз мүдделестерімен біржола бірігіп, тілекке тілек, білекке білек қосқаны еді. Шаруаға икемді, өресі жеткен жерге дейін ойы да ояу, тілге де біршама жүйрік Дәркембай осыдан былай жатақтарға ақылшы аға, кәдімгідей көшбасшы болады. Өз ортасына айтар ақылы жұрт жадындағы нақылға айналатын Дәркембай: «Күштілер нені айтады? Күшсізге еткен зорлығын айтады. Күшсіз нені айтады? Күштіден көрген қорлығын айтады?» — деп, әшейін аузымен орақ орып, қол қусырмайды, сол күштіге қарсы бел шеше тіктесіп те қалады. «Орта жасқа келген, зор денелі адамды» оқырман алғаш рет Құнанбайға кезелген шиті мылтықтың шүріппесін басқалы жатқан жерінен көреді. Бұл пиғылдан оны Бөжей қайтарып, Құнанбайды Дәркембайдың оғынан арашалап қалады. Енді бірде, жетегінде Қодардан тігерге қалған тұяқ сияқты жетім Дәрмен, қажылыққа жүргелі жатқан Құнанбайға қалың жұрттың көз алдында іскіндеп кеп, қатал талап қояды. Дәркембай талабының әділдігі сондай, әкесі үшін Абай жерге кіре жаздайды. Ақыр-аяғында, жұтқа ұшыраған жарлы ауылға қамсау болам деп, Тәкежан секілді көкжалдарға қарсы көзсіз ерлікке басады. Бұл арада да Дәркембайға Абай қол үшін беріп, көмекке келеді. Осылардың бәрі Дәркембайдың тіршілікте көрген тұрмыс тепкісі қанша ауыр болған мен, қатыгез тағдыр талқысына қасарып, қайратын өле-өлгенше көкке қайрап өткен ер де, табанды күрес адамы екенін көрсетеді. Дәркембайдың кемшін жері болса, нағыз «батыр тұлғалы, кең иық, зор кеудесі төменшіктеп иілмейтін; әрі байсал, әрі маңғаз, тіпті Құнанбай алдынан өтсе де «тіп-тік бойы қымсынбай, қысылмай кететін» Базаралы толтырып тұрғандай. «Ойшыл сергек көзі, ақсұр жүзі, бетінің қызылына» дейін бір түрлі «балқығандай боп нұрланып туратын… ер жігіттің сырт сымбаты да соншалық өзгеше», ішкі мінез-құлқы, ақыл-парасаты да бөлек «бітімді, жақсы туысты білдіреді». Ал, Базаралының үстемдермен сілкісуі, қалың бұқараның қанаушыларына қарсы күш сынасуы тіпті оқшау — бұл маңда бұрын-сонды болып көрмеген жаңа үлгідегі жойқын әрекет. Ол жуандардың зорлығын көре-көре, қорлығына төзе-төзе әбден шыдамы таусылған көп кедейден қол құрап, тыюсыз да жиюсыз кеткен Тәкежанның бір үйір жылқысын қуып алып, қырып салады. Бұл кесек қимыл бар атырапты түгел сілкіндіреді. Бай ауылдардың түндіктері желпілдеп, болыс-билердің бойлары қалтырағандай болады. Теңсіздік тепкісіндегі қалың бұқараның күреске көзі ашылып, өзін-өзі, өз күшін тың сипатта, жаңа мағынада тани бастайды. Өзі ғана емес, өзге туралы таным да тереңдей түседі: «Мен,- дейді Базаралы,- Құнанбай баласы да өзіміздей адам баласы екенін таныттым. Ұрсаң оған да таяқ өтетінін, жұлқысаң оның да жыртылатын жағасы барын таныттым. Тіпті онан әрі батыл, бекем ұра берсең, тікейіп тұра бере алмай, омақаса жығылып, өлуге де бар екенін таныттым». Абайдың Дәркембайлар мен Базаралылар арқылы өзінің туған халқымен, оның езілген еңбекші бұқарасымен, дәл осы тілектестігі Һәм жүректестігі — халықтық эпопеяның шырқап шыққан идеялық шыңы.
«Әуезов әйелдері»
Қазақтың сөз өнеріндегі «Әуезов әйелдері» деп атауға болатын айырықша әсем образдар галереясы ұлы эпопеяның жан тебірентер ғажайып жаңа бейнелерімен толықты да молықты. Төрт кітапта үлкенді-кішілі, ірілі-ұсақты жүзге тарта әйел кейіпкерлер бар. Романның буларға арналған беттері оқырманның көзі мен көңілін қатар жаулап, жан-жүрегін қоса баурайды. Бұлар жүрген жерлер кейде шетсіз-шексіз мұхит бойын түгел жайлаған шарапатты жылы ағыс (Гольфстрим) секілді, кейде қиырсыз кең-байтақ құрылықтың ойы-қырын тегіс сәулелендіре шүлен шұғыласына бөлеген күн нұры тәрізді, кейде көк жиекті керіп әкеткен кербез теңіздің көз жеткісіз көк айдынына сән берген аппақ ақ шағалалар сияқты… Әйел-ана ма, жар-жұбай ма, бұла-бойжеткен бе… Әйтеуір қияпаты бөлек қазақ қызының мінез-құлқын, іс-әрекетін, сыр-сезімін, қимыл-қылығын дәл, терең, нәзік суреттеуге келгенде шіркін шебер алдына жан салмайды. Сонда әр бейненің тастан қашалғандай бе¬дер табатыны сондай, әрқайсысы — бір адам ғана емес, бір топ адамның жиынтық бей¬несі боп оқырманның көз алдында турады да, есінде қалады. Сонда әр кейіпкер — тип; әркімнің қашанғы таныс-бейтанысы боп шығады. Сонда бар ожданы тап-таза иманнан құйылғандай мейірім-шафхатқа толы Зере — әжелердің үлгісі; салқын қанды, сарабдан, сабырлы ақыл иесі Ұлжан — аналардың үлгісі; «сылдырлаған шолпысы әлдеқандай былдырлаған тілмен» бар сыры мен назын Абайға ғана құпия баян ететін «ақ еті атқан таңдай аппақ» ару Тоғжан — алыстан қарайлайтын қол жетпес арман секілді махаббат таңының үлгісі; әні сәніне, сәні әніне астасқан асыл, аяулы Әйгерім — жас жігіттің нақ сүйер сұлу жарының үлгісі…
Табиғат бейнесі
Теңіздің сырын тамшыдан тануға болатыны сияқты, эпопеяның көркемдік ерекшелігін, әсіресе тілін тану үшін бір ғана пейзажға тоқталсақ та жетіп жатыр. Пейзажды біз, әдетте, көркем шығармада суреттелген табиғат көріністері дейміз. Рас, пейзаж — табиғат. Бірақ бұл жеткіліксіз. Нағыз пейзаж — поэзия! Мінез! Адам! Неге десеңіз, адамның қабылдауынан, сезіну-түйсінулерінен, көңіл күйінен тыс табиғат суреті — пейзаж жоқ. Пейзаж жазушының стилін де белгілейді. Ал стиль — адам. Пейзаж образ сырын ашады. Ал образ — адам. Дәл осының дәлелі — Әуезов эпопеясындағы пейзаж (Алдымен, бұл неткен бай табиғат!). Кітаптың әр бетінде әр түрлі тіршілік дүниесі бар. Мұнда қазақ даласының хош иісті гүлі, қызыл шымқай қызғалдағы, қошқыл-кермек жусаны, сида-бұта шиі, домаланған қаңбағы, шиыр-шалғыны, кербез тауы, көк тіреген шыңы, түпсіз тұңғиық құзы, күлкішіл өзені, ақ айдын көлі, жасыл майса көгалы, торғын аспаны, шудаланған бұлты, сіркіреген жаңбыры, ақ ұлпа қары, асау бораны, ерке желі, тентек құйыны, шымыр сызы, шымшығыш ызғырығы, сұлаған бел-белесі, ойшыл орманы, тынысты тоғайы, ақ ару айы, жымыңы көп жұлдызы, мөлдір шығы, тұнжыр тұманы, алдамшы сағымы… — күндізі, түні, — қысы, жазы, күзі, көктемі… — бәрі, бәрі бар. Осының бәрі жан тебірентер ғажап, мың құбылған түрі бар, сан иірім сыры бар — тұтас бір образ, адам мекені, халық мекені — дала образы! Және, Әуезов пейзажы — бай палитраның түрлі-түсті бояуларымен келістіре салынған сурет қана емес, шынында да құдды жанды адам: дем алады, қозғалады, жадырайды, жабырқайды, күледі. Жылайды — дәл адамша әрекет етеді. Бұл шебер мелшиген қара тасқа тіл бітіріп, сөйлетіп, ән салғызады. Жел сызғырған бір түп қуқыл шиге немесе селдір қияққа шежіре шерткізіп, ертек айтқызып қояды. Суды кейде сылқаласысылқ күлдіреді. Кейде ызаға булықтырып, бұлқынтып байлап тастайды. Тауы сыздап, тұнжырап, ызғар шашады. Кейде қаңқаласықаңқ етіп сізге наз айтады. Аспаны мен жерінде не ғажап сыр бар. Айының оң қылығының бірін алып қараңызшы: сізбен жасырынбақ ойнап, бірде бетін баса қап, бірде көзін сығырайтып, күле қарап, құлдырап болады: Енді бірде аппақ адал пейілімен, бар ықыласымен ғашықтар жүрегінің лүпіліне үнсіз куә болады… Мынау не деген сырлы поэзия, сонымен бірге не деген терең философия: «Көптен қаладан шықпаған Абайға жаңа көктем енді ғана өзінің келе жатқанын баян етті. Сол жақта, алыс көкжиекте, көкшіл мұнар ішінде Семейтау көрінді. Қардан о да арылыпты. Кесек, жұмыр бір ғана қатты толқын бүктетіліп, түйіліп кеп, мәңгіге мелшиіп, қатып тұрып қалғанға ұқсайды. Айнала, сардала ортасында оқшау бітіп, оқыс тұрып қалған бір үзік тау. Мәңгі бақи жым-жырт боп, жәй созылған сахараның бір заманда әлденеден булығып, лықсып шыққан ереуіл толқыны ма? Ашу-қажыры ма? — сол бейнелі бөлек тау. Абай тау ажарынан осындай оқшау бір бітім көріп, қадала қарап отырып тымағын алды. Пысынаған басына, бетіне Семейтаудан ескен қоңыр жел кеп, леп тиді. Абай жер көркін, өз көңілін еркін өлең етіп кетті » Не деген әсер, эмоция! Осыны енжар, селқос оқу, тебіренбей, толқымай оқу мүмкін бе? Бұл — төрт кітаптағы табиғаттың мың суретінің бірі. Тіл қандай, бояу, ажар қандай? Жанды қимыл, мағыналы символ қайда жатыр? Шеберлік сыры неде? Осы проза ма? Жоқ, прозадағы поэзия! Нәзік те терең лиризм. Бұл — жансыз табиғат суреті емес, адамның жан толқыны, жүрек лүпілі, сан иірім сезім тіл тапқан. Қысқасы, кітаптың пейзажды беттері — қағаз емес, нақ тірі табиғаттың өзі. Адамды үйден шығарып алып кетеді. Бір жерде ақ кірпік боранға адасып кетеміз, енді бір жерде ауадағы дымқыл сыз бетке тиеді, тағы бір жер¬де ай нұрына малынып, тоғайда жүреміз, енді бірде маңдайымыздан шақырая қадалған күнге қолымызды қалқалаймыз… Бұл не нәрсе, бұл? Бұл — біріншіден, Әуезов құрғақ, сылдыр сөйлем құрмайды, ең әуелі өзі тебірене толқып алады да, сол тілсіз сезім тілімен сөйлейді; екіншіден, Абай емес-ау, алдымен Әуезовтің өзі анық ақын: тұтанбай, ұшқындамай, лапылдамай, өртенбей жаза алмайтын нәзік діріл, сыршыл ақын; үшіншіден, Әуезов — суретші, нағыз художник — қағазды, кітап парақтарын аспанға, жерге, құбылысқа, дүние-тіршілікке айналдырып жіберетін шебер; төртіншіден, Әуезов — терең психолог, оқырманның жан дүниесін сілкіп-сілкіп жіберетін күш! Демек, «Абай жолы» секілді ғасырлық туындыны тек осындай қабілет пен қасиеттің адамы ғана туғыза алады.
Ұлы жазушының ұлы туындысы
«Абай жолының» энциклопедиялық сипаты туралы академик Қ. И. Сәтбаев аса әдемі айтты: «Қазақ халқының өткенін зерттегісі келетін ғалымның бірде-бірі бұл кітапты жанап өте алмайды: ғалым-филолог одан фольклордың бай материалдарына қанығумен қоса, қазақ әдеби тілі мен сөздігінің қаз басуы мен қалыптасуын көреді; ғалым-этнограф қазір көне заманмен қоса көнерген небір тұрмыстық белгілер мен өмір құбылыстарын біледі. Құс салып, саят құрған, қыз ұзатып, ас беруді, өлік жөнелтуді суреттейтін тараулар, билер айтысы мен билік шешкен қазылық картиналарының әрқайсысы жеке-жеке-ақ ғылыми-этнографиялық толайым еңбектерге парапар; ғалым-экономистер Қазақстанның XIX ғасырдағы халық шаруашылығының құрылысынан дәлме-дәл нақты мәлімет алады, ондағы тап қайшылығының өзіндік ерекшелігімен танысады; ғалым-юристер шариғаттан бастап, билер кесіміне шейінгі даланың заң-жобаларынан бағалы мағлұматтар жинайды». Классикалық эпопеяда жан тебірентер көркемдік күшпен жинақталған өмірдің жиынтық шындығы ғылымның әр саласындағы маман адамдар үшін осындай таным-тағылым қайнары болса, қалың оқырман үшін Абайдан Дәрменге дейінгі барлық басты кейіпкерлер ақыл мен сананың, арман мен ойдың сарқылмас кені секілденеді. Демек, шығармаға ауадай керек нәрсе — парасат (интеллект) десек, «Абай жолын» оқыған адам өмірдің өнерге айналған академиясынан өткендей болады. Задында, таланттар тарихы мен тағдырын барлай қарасақ, басты жазушылардың бәрі ғұмыр бойы өзінің бас кітабын жазу мақсатында әрекет еткен және солардың талайы жазып үлгіре алмай кеткен. Туған халқына мәңгілік мура болғандай ғасырлық туынды сыйлау тек қадау-қадау ұлылардың ғана үлесіне тиген. «Абай жолы» — ұлы жазушының ұлы туындысы — бас кітабы, ол өзінің өлшеулі ғана ғұмырында өлшеусіз шығармашылық ерлік жасап, өзінің осынау мәңгілік кітабын жазып үлгіріп кетті. Дананың өз ортасынан әрқашан озық, оқшау тұратын даралығы да осы арада жатыр.
«Абай жолы» эпопеясы дүние жүзі халықтарының 116 тіліне аударылған (1993).
Пайдаланған әдебиет
↑ Мүсірепов Ғ. Суреткер парызы. — А., 1970, 164- б.
↑ Мүсірепов Ғ. Суреткер парызы. — А., 1970, 163-6.
↑ Мүсірепов Ғ. Суреткер парызы. — А., 1970, 166-6.
↑ Мүсірепов Ғ. Суреткер парызы. — А., 1970, 167-6.
↑ Әуезов М. Абай жолы.- А., 1961, 1-т., 383- б.
↑ Әуезов М. Абай жолы. — А., 1961, 1-т., 803-6.
↑ Әуезов М. Абай жолы. — А., 1961, 1-т., 168-6.
↑ Нұрқатов А. Мұхтар Әуезов творчествосы.- А., 1965
↑ Қаратаев М. Эпостан эпопеяға.- А., 1968
↑ Қабдолов 3. Мұхтар Әуезов және оның әсемдік әлемі,- А., 1986
↑ Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9
Рахмет!!!!!!!!!!!
Сауболш еш жактан кормеп едим мнадай шығарманы
Вухахахахаха))) Бул WIKIPEDIA да тур емес пе)))
Ұрлықщылап Википедиядан ұрлап сала салыпты бұл не деген масқаралық)))
А вы попробуйте сами стока на пичатать я на вас посмотрю придурки
ТУ маган ертен жарыс болатын еды (Ен уздик окырман)ДЕГЕН сайыс сүйікті кітабын туралы мәлемет алу туууууууууууууу енд нестейм (*_^) (^_^)
рахмет…………оте катты унады)))))
Маган унады))
Сау болш.
ыыыы уже глаза болят(((
вахахаах вот воры xD
(
маган катты унады шыгарма деп осыны айт
Рахме-е-е-т! Сабақ жоспар жазуыма көмектесті.
рахмет 8лкеен!!=)))
рахмет Үлкеен!!=)))
хахаха везде эти рефераты