ТІЛ БАЙЛЫҒЫ
Жазушының тілі шұрайлы, сөздік қоры мол болуы керек. Бұл — қалам иесіне қойылар бұлжымас талап. Тіл байлығы сөз өнеріндегі мазмұн байлығына әкеледі. Ал халыққа қажет шығарма — мазмұнды шығарма.
Жазушының тілі бай болуға тиіс дегенде: ол өзінің сөз қорын молайту үшін ылғи ғана тыңнан сөз жасасын деп ешкім де айтпайды және әрқашан олай ету мүмкін де емес. Жазушы өзінің сөз қорын молықтыру үшін жалпы халықтық тілдің телегей-теңіз бай қазынасын, мүмкіндігінше, молырақ игеруі, оның қилы-қилы қиын әрі қызық құбылыстарын жете түсінуі, әр сөздің мәні мен мағынасындағы ұланғайыр өзгерулер мен өңденулерді, ауысулар мен алмасуларды, құбылулар мен қүлпыруларды дәл аңғара білуі қажет. Сонда ғана жазушы “өзінің сөз қорын мейлінше байытып, әркім бір қолданып әбден ығыр қылған арзан сөздерге жоламайтын болады” (Беранже). Сонда ғана жазушы әр сөзді таңдап, талғап тауып, ойды анық, сезімді нәзік жетікізер тың және тартымды суреттер жасай алады. Мұның өзі жазушы тілінін үш түрлі ұтымдылығына — д ә л д і к к е, ы қ ш а м ды қ қ а, с ұ л у л ы қ қ а — негіз-делуі шарт.
Тіл байлығының қайнар, көздері көп. Солардың бірі — с ө з д е р д і ң к ө п м а ғ ы н а л ы л ы ғ ы (полисемия). Әр сөз жеке, атау күйінде тұрып-ақ бірнеше мағынаға ие. Бұл сырды лингвистер сөздегі тура мағы
на және туынды мағына ретінде түсіндіреді де, “тура мағынадағы сөздер заттар мен құбылыстарға, сапа мен белгіге, іс-әрекетіке тікелей бағытталып, туынды мағыналарға қарағанда айқын, дара көрінетінін”* дәлелдейді. Бұл’, әрине, назар аударарлық жайт. Бірақ бізге керегі — бірыңғай лингвистік тұрғыдан дәлелденіп, қорытылған түйін-тұжырымдар ғана емес, әр оөздегі әлгі қасиеттің әдеби шығармаларда қолданылуы. Көркем сөз теориясы, бәрінен бұрын, соған назар аударады. Егер жазушы әр сөздің әр сипаттағы тура һәм туынды мағыналарын жіті айыра танып, әрқайсысын тек өз орнында ғана ұтымды қолдана алса, сөзбен жасалған суреттегі ой мен ұғым, сыр мен сезім дәлдігіне жетеді де, осы арқылы шығармаға әсерлі эмоциялық күш дарытады. Ал баяндау мен суреттеудегі дәлдік — жазушы шеберлігінің ең ірі қырларының бірі. Полисемизм қаламгер үшін тек осы жағдайда қажет. Мысалға дүние деген бір ғана сөзді алайық та, осы сөзде қанша мағына бар өкенін және оларды қаламгерлер қай ретте қалай қолданғанын сөздіктен қара
п көрелік: “Дүние (зат есім). 1. Ғалам, бүкіл әлем, бүкіл жер жүзі. Дүниеде , сірэ, сендей маған жар жоқ, саған жар менен артық табылса да (Абай). Бүкіл дүние жүзіеқбекшілерінің алдында Советтер елінің беделі өлшеусіз артты (“Социалистік Қазақстан” газеті). 2. Өмір, тіршілік. Қазақ;, орта жасқа келген кісі, кішкене көзі жымиып, күлімсіреп тұрған сияқты — Айда, Иван, көтер, дүние екі айналып келмейді,— дейді (Майлин). 3. Мал, мүлік. Той болды жиязы артық, балуан сайыс, айдады күндік жерге жорға жарыс, шашуға тойға әкелген сан жетпейді, дүниені төгіп жатыр жақын, алыс (Малдыбаев). Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз (Абай). 4. Өкінгенде, бір-демені арман еткенде айтылады. Қапыда өткен дүние-ай, ақырында еш болды, ел үшін еткен еңбегім (Махамбет). 5. Дүние салды — өмірден өтті, өліп кетті. Соны айтқанша Сарыбай талып қалды, ышқынып бір-екі рет демін алды. Онан соң қайта сөзге келген де жоқ; сол жерде Сарыбай да дүние салды (“Қозы-Қөрпеш”). 6. Дүниеге келді — жас сәби туды. Арадан жарым сағаттай өткен соң дүниеге келген баланың даусы шыға қалды (Сыдықбеков). 7. Дүниеден өтті—өмір сүрмейді, өлді, қа-
* К. Аханов, Тіл бшшше кіріспе, А., 1965, 154-бет.
за тапты. Қажымайтын қайратты, талмайтын күшті Қанатты, жаңалық тұрмыс орнатқан, өтті Ленин дүниеден (Иманбаева)”*. Міне, бұл мысалдардан біз бір ғана сөздің әрбір қолданылған сайын әр түрлі мағынаға ие боп, тіл мен ойды қатар байытатынын көреміз.
Жазушының еңбегіне байланысты творчествоның аэабы деген ұғым бар. Сол азаптың ең үлкені — суреткердің сөз үстіндегі қызметі. Шынында да: “миллион сөз ойлап, соның тек бірін ғана таңдау — қандай азап?” (Л. Толс-той). Алайда шын таланттың рақаты да сол — азапта: миллион сөз ішінен бір сөзді таңдап тауып, дәл орнына дір еткізе түсіру — азаптан туған рақат. Жалғыз-ақ жазушы осыған жету үшін сөздердің өзге қырларымен қатар, полисемиялық сырларын да терең білуі қажет. Өйткені бұл, жоғарыда айтқанымыздай, тіл байлығының қайнар көзі.
Тілді байытар тәсілдер ұшан-теңіз. Полисемизмде бір сөздің бірнеше мағынасы болатын болса, енді бір ғана мағынадағы сөздің өзі өзге сөздермен тіркесе келе бірнеше ұғымға көшетін жайы және бар. Мысалы, сынап деген сөз жеке тұрғанда зат болса, осыны өзге сөздермен тіркестіріп, айталық, сынаптай ағады десек, жаңағы заттық ұғымы қолма-қол өзгеріп, енді әлде-ненің жылдамдығын немесе сынапша жылтырайды десек, тағы бір нәрсенің түсін таныта бастайды. Бұл да сөздің көп мағыналылығы, мұны да шебер пайдалана білу шарт.
Әр сөздің тура мағынасымен қабат бұрма мағынасы да бар. Кей сөздерді сол кері мағынаға көшіріп, орны-мен ойната білу де әсем тәсіл. Мүндай жағдайда бұрма мағынада айтылған сөзге айрьпқша астар, ойға юморлық, кейде, тіпті, ирониялық сипат ‘беріледі де, суреттеліп отырған шындықтың мазмұны тереңдей түседі.
Жаманнан туған жақсы бар, Күндердің күні болғанда
Атасын айтса, нанғысыз. Жарамды бір теріге алғысыз
Жақсыдан туған жаман бар,
(Махамбет )
.
Бұл өлеңде әр сөз (жаман — жаман, жақсы — жақсы дегендей) тура мағынасында қолданылып отыр. Демек бұл арада оқшау астар да, ақыс бүкпе де жоқ. Ал мына сөзде ше?
* Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі Жалпы редакциясын басқар-профессор /. Қеңесбаев, А., 1959, 1-том, 176-бет.
— Менде де бар бір жаман, ‘
Не қылайын қазақтың,
Жүйрігі мен жорғасын.
(М. Әуезов)
Айма’н — Шолпан” пьесасының алғашқы нұсқасында автор Айманның, аузына осындай сөз салатын. Әдемі ирония! Бұл арада жаман деген сөз тура мағынада емес,бұрма мағынада алынып отыр: Айманның жаман дегені Әлібек, ендеше оның ұғымында бұл сөз жақсының кез келгенінен артық, абзал. Сондай-ақ “Абай” романында автор Абай туралы Құнанбай аузына: “Одан да, не күтсеңдер, осы жаман қарадан күтсеңдерші”,— деген сөз салады. Бұл арадағы жаман да астармен, жақсы атаулының бәрінен биік мағынада әдейі айтылып отыр.
Осы секілді көркем әдебиетте әр сөздің тура мағынасымен қатар бұрма мағынасын да еппен, ұқыппен ұтықты пайдалану шығарманың, ішкі-тысқы ажарына ажар қосары даусыз. Тілдін, бұл ойнақылығына бізде Ғабит Мүсірепов ерекше сергек қарайды. Оның шырармаларындағы шуақ юмор мен сырлы астардың, (подтекстің) бір ұшы осында жатыр.
Айтқысы келген сырын, танытқысы келген шындығын жан тебірентер әсерлі суретке айналдырып, қағаз бетіне көңілдегі қалпынан айнытпай түсіру үшін ең қажетті бірден-бір сөз іздеп табу — шебер суреткердің қасиетті парызы. Оның дәл осы жағдайда сөз іздер атырабының бірі — с и н о н и м и я (грекше випопутоз —заттас) —айтылуы,е с т і л у і ә р т ү р л і б о л ғ а нм е н, м а ғ ы н а сы б і р- б і р і н е ж у ы қ, м ә н і ұ қс ас с ө з д е р. Мысалы: шапшаң, дереу, жедел, тез, жылдам; мезгіл, мерзім, мезет, уақыт, шақ, сэт, кез, кезең; айқас, шайқас, ұрыс, қағыс, қақтығыс, тартыс, төбелес, тай-талас, кескілес т. б. Осылар секілді синоним сөздердің ішінен суреткер өз көкейіндегі сыр мен шындықты дір еткізіп дәл жеткізер ең қажеттісін ғана таңдап алады.
Мен кескекті ердің сойымын, Бәйеке, сұлтан, аксүйек
Кескілеспей бір басылман. Қыларың болса, қылып кал
Алдыңа келіп тұрмын деп, Күндердің күні болғанда
Ар, намысым қашырман… Бас кесермін, жасырман’
(Махамбет )
Осы өлеңдегі синоним сөздердің әрқайсысы өз орнында. бәрін де ақын керемет талғаммен тауып, қолдан-
ған. Сондықтан олардың ешқайсысын ешбір мәндес бен ауыстыруға болмайды. Қескілеспей басылман дегенді, мысалы, төбелеспей басылман десе, қандай күлкі болар еді? Кескекті ер дегендегі ұғым дәлдігі мен нұысқалы-лығын айбарлы, ер, айдынды ер дегендердің ешқайсысы бере алар ма? Қыларың болса, қылып қал дегендегі ашу мен айбарды, кек пен ызаны тек осы синоним тірестері арқылы ғана дәл танытуға болады. Сондай-ақ сой дегенді түр деуге, басылманды — қойман, тоқтаман; бас кесермінді—өлтірермін, құртармын деуге тіпгі де болмайды.
Уақыт—
Ленин
туралы айтам кеңес.
Басқа қайғы
жоқтықтан
тапқан емес.
Уақыт болды,
өйткені өткір қайғы
Ұғылған анық ауру
болды тегіс.
Уақыт,
Ленин ұранын көкке шығар,
дауылдат тағы!
Біз бе
бекер жылар?
Ленин
тірілердің бәрінен де
тірі әлі.
Ол —
біздің білім,
күш пен құрал.
(В. Маяковский )
Бұл — “Владимир Ильич Ленин” поэмасының бет ашары (аударған
Қ. Тоғызақов). Осындағы уақыт деген сөзді аударушы ақын қаптаған синонимдер ішінен дұрыс таңдап, дәл тапқан. Нәтижесінде позманың түп нұсқасындағы терең мазмұнмен /бірге жұртты көзімен де, көкірегімен де жалт қаратар ақындық күш, леп, рух, қайсарлық пен өрлік қазақ оқырмандарына да дәл орысша-сындағыдай дауылдата бұрқырап, тамаша жеткен.
Жедел-көмек — автобус,
Оқысты о да тұр күтіп;
Тұрсын ол әрбір шақта бос,
Қайтеміз оны зырғытып?
(X. Ерюлиев )
Жеделді — тез, оқысты — кездейсоқ, шақты — уақыт, зырғытыпты — жүйткітіп дегендер тәрізді синоним сөздермен ауыстыруға болар еді, бірақ бұлардың бірі өлеңнің ырғағьш бұзса, бірі ұйқасына зақым жасайды, сөйтіп, силлабикалық жүйенің қашаннан қалыптасқан табиғи заңына шәлкес келеді. Міне, бұған қарап, синонимия сөз өнеріндегі мазмұнмен қатар пішін үшін де өте-мөте қажет нәрсе өкенін түсіну оңай.
Синонимияда көп сыр бар. Алдымен, бұл — толассыз қозғалыста тұратын, яғни әрқашан толығып, дамып, тазарып, жаңарып, өзгеріп отыратын құбылыс. Ал синонимдердің пайда болу жайы — бүтін бір тарих. Оның бәрін ‘қопару — біздің бұл жолғы міндетіміз емес. Өйткені суреткер әр синонимнің туу тегіне қарамайды, ұғым дәлдігіне, айтылу ажарына қарайды. Айталық, солдат — қа-зақ сөзі емес, тіпті орыс сөзі де емес, неміс сөзі. Біздің ана тілімізде солдаттың әскер, жауынгер, сарбаз т. б. сыңарлары бар. Алайда:
Бармын мен бұл дүниеде, жүрмін тірі,
“Жоксың” ,— деп жала жабар қудың бірі.
Түссем де отқа, суға тозар емен,
Солдаттың етігіндей жаным сірі,—
деген жолдарды жазарда Қасым Аманжолов, әрине, солдат деген сөздің туу тарихын топшылап, не шығу тегіне үңіліп қараған жоқ, қанша “отқа, суға түссе де, тозбайтын жанның сірілігін” таныту үшін өзге емес, тек солдат етігінің төзімділігін ғана таңдап тапқан. Сол сияқты әдеби шығармадағы синонимдер диалектизм не эвфемизм арқылы келді ме немесе адам ұғымы мен түсінігінің жалпы өсу, өрбуінен пайда болды ма, бәрібір, бұл тарихты қаламгерден ешкім де сұрамайды. Жалғыз-ақ, оның халық тіліндегі синоним секілді сарқылмас мол қазынаны терең біліп, шебер пайдалануы шарт. “Қазір-гі Тоғжан жүзінде,—деп жазады М. Әуезов,—Абай қиялынан бір шақ кетпейтін, үлбіреп, толқып, лезде келіп, сәтте қайтып тұратын қызыл арай реңі жоқ”. К. Аханов дұрыс аңғарған: “Осы сөйлемдегі жүз деген мен рең деген бір-біріне синоним де,лезде деген мен сәтте деген сөздер — бір-біріне синоним. Жазушы бір сөйлемде бір сөзді қайта-кайта қайталамай, оның синонимдерін тауып қолданған. Осының нәтижесінде сөйлем де көркем құ-ралған”.
Бір емес, бірнеше синонимдердің, бірін-бірі үстемелей қабаттаса, қатар келуі арқылы жасалған сөз тіркесі (плеоназм) де көркем шығармада орнымен қолданылса ой мен образға айрықша әсер, күш дарытады.
Орынды іске жүріп, ой таппаған,
Не болмаса жұмыс қып, мал бақпаған.
Қасиетті болмайды ондай жігіт,
Әншейін құр бекерге бұлғақтаған.
(Абай)
Ақын әншейін, құр, бекер деген үш синонимді әдейі еселеп, өзінің осы тұстағы ойын оқырманға бір түрлі қызық мінезбен айтқан.
Ескі дүние есігін теуіп ашып,
Кіріп келді ол жүзінен жалын шашып.
Босағада тұрмады, төрге ұмтылды,
Бұзып, жарып, еңсерт, еркін басып.
(К Аманжолов )
Соңғы жол — түп-түгел п л е о н а з м. Бір топ синоним бір-ақ жолға сыйып, түйдектей тұтасқанда өлен өзгеше екпінмен, леппен ойнап шыға келген.
Қысқасы, синонимдер біздің сөзімізді байытады, айқындайды, түрлендіреді. Синонимиясыз әдеби тілдің сыртқы әрі немесе ішкі нәрі жайлы әңгіме қозғаудың қажеті жоқ.
Сөйлеу тілімізде синоним (заттас) сөздермен қатар о м о н и м (грөкше һотоз; опута— аттае) — а й т ы л у ы, е с т і л у і б і р б о л ғ а н м е н, м ә н-м а ғ ы н а с ы ә р т а р а п с ө з д е р бар екені мәлім. Мысалы: қара, көр, ер, жар, ор, сор, аң, нан, қан, тац, сан, мал, сал т. б.
Бір сөзде.бірнеше мағына болуы, әрине, байлық. Бірақ бұл байлықты аса сақтықпен, абайлап пайдаланған дұрыс. Өйткені омоним сөз орынды жерде тұрмаса, сол арадағы ұғымды бұлдыратып, көмескі, түсініксіз, кейде, тіпті, екі жақты мағына беруі мүмкін. Тегінде, ой мен сөздің дәлдігіне зақым келген жағдайда олақтық бой көрсетеді. Ал олақ кісіні оңды қаламгер деу қиын. Сондықтан болса керек, Сұлтанмахмұттың “Қалқам, жаным, қарағым, бетіңе келмес қарағым” дегені сөкілді кекесін, сықақтарда, яки әншейін көңіл ашар ретіндегі әзіл, әжуаларда арнайы қолданылғаны болмаса, шын өнер иелері омонимдерді тым сарабдал талғайды.
Аттас сөздердің бір алуан ұнамды роль атқарар аренасы — өлеңді шығармалар. Кейде ақындар жекелеген омонимдерді әр тұста арнайы қайталап, өлеңнің ырғағыын,ұйқасын құбылтып, әсерін күшейтеді.
Тағыдай таудан су ішкен, Тағы сынды жан едік,
Тарпаңдай, тізесш бүгіп от Тағы келдік тар жерге,
жеген, Таңдансаң, тағы болар ма?
(Махамбет )
Мұндай дыбыс қайталауларға бармай-ақ, әр сөзді ұғымға ‘сай өз орнына шебер орналастырып, тілді ой-мен, сырды сезіммен сергек астастырған жағдайда, әр сөздің омонимдік сипаты көзбе-көз жоғалады да, мазмұн тұп-тұнық мөлдіреп тұрады:
Жаз де маған жақсырақ Ол жұлқынып, бак, сұрап,
Сабырлықты мш деме; Жорта берсш, үндеме!
(К,. Бекхожин )
Осы шумақтағы жаз, сабыр, мін, деме, бак,, жорта деген сөздердің бәрі—омоним: біреуінде бірнеше мағына бар. Алайда ақын әр сөзді өз орнына дәл қойып, ойнатып әкеткенде, әрқайсысында тек бір-ақ (ақын дарытқан) мағына қалды. Оңды емес пе? Суреткердің сөз қорын омоним осылай байытар болар.
Тілдің кез келген құбылысы әдебиет үшін ізсіз өтіп, босқа кетіп көрген емес. Айталық, а н т о н и м (грекше апіі — қарсы; опота — атау)- б і р –б і р – і н е к е р е- қ а р, қ а р а м а-қ а р с ы м а ғ ы н а д а ғ ы с ө з д е р. Мысалы: ақ, — қара, алыс — жақын, бар — жоқ, өмір — өлім, алғыс — қарғыс, ерте — кеш, ескі — жақа, ауыр — жеңіл, жүру — тұру, күлу — жылау т. б. Бір қа-рағанда, осылардың бәрі — таза лингвистік қана нәрсе; мұндай антонимдік қарама-қарсылықтардың өнерге, оның ішінде сөз өнеріне, қатысы шамалы тәрізді. Шынында, солай ма? Жоқ, олай емес.
Қөңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,
Алдамаған кім қалды тірі жанда?
Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,
Жалғыз-жарым болмаса анда-санда
(Абай )
Байқасақ, дос — дүшпан, алыс — жақын деген антонимдер әшейін сөз кезегінде тұрған жоқ, ақынның айтар
ойына нық түйін, тұжырым, дәйек боп тұр. Рас-ау, дұшпаннан көңілі қайтса, оған таңырқаудың жөні болмас, ал достан көңіл қайтқан соң, одан әрі не қалды? Біржоланүкте қойылған жоқ па? Сондай-ақ “алыс-жақын қазақтың ‘бәрін көрсе”, әр жердегі “жалғыз-жарымды” қайтейік, өріс мүлде біткен екен ғой. Міне, өлең сөздерінің ішіндегі аздаған антоним ақын байлауын осылай айкындап, ұғымын оеылай дәлдеп, өлең әсерін осылай күшейтіп, оқырман мен автор ойын осылай ортақтастырады. Ол — ол ма, мынаны қараңыз:
Күлемін де жылаймын, Дәл осыны тусінбес
Жылаймын да күлемін. Адамдар бар не шара!
Неге ғана бұлаймын,— Іші куыс, сырты мес,
Өзім ғана білемін. Тас бауырлы бейшара
(Қ. Аманжолов.]
Не деген ғаламат контраст және осы арқылы ақын адам баласын қандай тұңғиық психологизмге сүңгіте жүздіріп әкеткен! Күле бере жылау, жылай бере күлу — адамның көңіл күйіндегі шекспирлік құштарлық пен өш-пенділіктен ғана туатын мінез; бұл — адамның жан дүниесіндегі нөсер мен дауыл, жаз бен қыс. Ақын мінезінде асынідай күрделі құбылулар болмаса, оның қаламынан ‘қызулы жыр да тумаған болар еді. Бұл туралы! басқа бір ақын:
Күйіне еріп көңілдің Осынау нұрлы өмірдің
Не жылап, не бір күлмесең Қадірін мүлде білмес ең!
(.Ш. Мұхамеджнов)
дөп тіпті дұрыс айтқан. Бұл арадағы ой мен сөз орамдары да антоним -арқылы тың ажар тапқан.
Туған тілім — тірлігімнің айғағы,
Тілім барда айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім, мен де бірге өсемін.
Өшсе тілім, мен де бірге өшемін.
(Ә. Тәжібаев.)
Осынау отты жолдардағы антонимдік параллель (өсу мен өшу) тек тілдегі айшық қана ма? Жоқ, көкейкесті сыр, одан асса, өмірлік ақиқат. Соны ақын әр жолдағы жарыса жарасқан антонимдік қарама-қарсылықтар арқылы оқырман санасына сіңіре шегелеп отыр. Ендеше а н т о н и м — ө м і р ш ы н д ы ғ ы н ө н е р д е ш ы н а й ы л а у т ә с і л д е р і н і ң б і р і.
Кейде кейбір шығармалардың атының өзіндегі антонимдік қарама-қарсылық алыстан айғай салады: “Зұлымдық пен махаббат”, “Соғыс және бейбітшілік”, “Қызыл мен қара”, “Өмір не өлім” т. б. Осы орамдардың өзі де текке тұрып, босқа кетпейді: авторлар оқырманға шығарма мазмұнынан хабар беріп, шақырық жасау үшін дәл осылай әдейі дауыстайды.
Суреткердің сөз қорындағы бір “алтын сандық” — а р х а и з м (грекше агсһаіоз — ежелгі, көне) — б ү г і н д е е с і к і р і п, ә д е т т е г і қ о л д а н у –д а н ш ы ғ ы п б а р а ж а т.қ а н, ә с і р е с е а у ы з е к і с ө й л е с у л е р д е к ө п а й т ы л а б е р м е й т і н к ө н е с ө з д е р. Оларға лингвистер онша үлкен мән бермегенмен, әдебиетшілер енжар қарай алмайды. Өйткені лингвистер архаизмді әлдебір ғылми мақсатпен ғана тексеріп өтсе, жазушылар олай етпейді, қолма-қол керекке жаратады, пайдаланады.
Әдебиет—әр халықтың көркем тарихы. Әдеби шығармаларда бүгінгі ғана емес, байырғы тарихи шындықтар да көркем жинақталуға тиіс, солай больш та келе жатыр. Қазіргі қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпқа жазылған шығарма-лар әр жанрда, да бар және бірқыдыру. Міне, сол тарихи шығармалар туғызу әрекетінің үстінде суреткер архаизмді аттап та кете алмайды, орағытып та өте алмайды.
“Абай жолының” екінші томын ашып қарайық:
Тан алдында бір ғана сағат мызғығаны болмаса, Абай бұл түнді ұйқысыз өткізді. Бірақ әлі талған жоқ. Әлі де кітап бетіне үңілуде… Парсы, түркі кітаптары бұны Шираздың гүлзарына әкетеді, Самарқаннын, мазар, ғымараттарына қадалтады. Мәру, Мешһедтің миуалы, бұлбұлды бақтарына, салқын, самал хауыздарына үңілтеді. Ұлы ақындар мекен еткен Ғырат, Ғазна, Бағдаттың сарайларына, медреселеріне, кітапханаларына тартады… Абайды бүгін өзіне үңілдірген — жаңағы елдер менуәлаяттардың дәл бүгінгі көрінісі.
Осы үзіндідегі жекелеген гүлзар, мазар, ғымарат, хауыз, медресе, уәлаят сияқты сөздердің дәл бүгін жиі қолданылмайтынын айтып, бұларды архаизмге сайып жатудың қажеті аз-ақ шығар, бірақ жоғарғы үзіндідегі күллі ажар-көрік, уақыт пен кеңістікке сай шындық пен шынайылық жеке сөздердегі ғана емес, жалпы сөз тіркестеріне тән жаңа реңде жатқан жоқ, байырғы бағзы заманға лайық көне келбетте жатыр! Ендеше, тарихи шығарма авторы сол бір өткен дәуірдің тарихи бітімін, болмысын, ерекшелігін тартымды һәм нанымды көрсету үшін, қазір қанша тотыға тұрса да, мүмкіндігінше, сол тұстағы тіл бояуын қалпына келтіруге міндетті. Мұнысыз бүгінгі оқырманға өткен тарихи дәуір тынысык таныту мүмкін емөс.
Абай заманындағы ауыл жігіттерінің түйе жүн шекпенін шешіп, оның орнына қазіргі қала жастарының жасанды жібек плащын кигізу қандай ерсі болса, медресе ден қайқан шәкіртке “Москвич” барған соң, лекция бітпесе де, деканнан рұқсат алдым” дегізу сондай ерсі болар еді. Өйткені бұдан жүз жыл бұрынғы қазақтарды өмір сүрген ортасына лайық киім кию түрі де басқа. сөйлеу тілі де бөлек. Сондықтан эпопея авторы “Балам, бойың өсіп ер жетіп қалыпсың-ау! Молда болдың ба? Бойыңдай боп білімің өсті ме?” деген Құнанбайға жауап ретінде Абайдың аузына мынадай сөз салады: “—Шү- кірлік, әке, ат барған соң, дәріс тәмәм болмаса да, хазреттік рұқсатын,фатиқасын алып қайттым”. Әрі орынды, әрі қонымды. Сонда бұдан бір ғасыр бұрынғы сөйлесулерге сол дәуірге лайық өң, рең беріп тұрған—жаңағы! Құнанбай мен Абай тіліндегі молда, шүкірлік, дәріс, тәмәм, хазрет, фатиха дегендер секілді казір көп қолданылмайтын, атам заманғы көне сөздер. Жазушыға архаизмнің ең керегірек жері, міне, осы.
Содан соң, суреткер архаизм сөздерді нағыз орны табылып тұрған жағдайда бүгінгі өмір шындығын, тіршіліктегі тың құбылыстарды бейнелеу керегіне жаратуына да әбден болады.
Дулыға сыймас басыңа,
Асау күн, келдім қасыңа
(Т. Жароков )
Бұл жолдар ақынның “Күн тіл қатты” поэмасынан алынды. Поэмада (отызыншы жылдарда жазылғанына қарамастан) дәл бүгінгі шындьгқ — адам баласының ғарышқа самғау әрекеті жырланатыны мәлім. Демек, сырттай ойлап қарасақ, космостағы құбылысты суреттеуге архаизм араластыру мүлде мүмкін емес сияқты. Ал мұңда, керісінше, ақын дулыға деген баяғының батырлары киетін темірден жасалған бас киімді бір түрлі қайтадан жаңғырта сырлағандай дөңгелентіп әкеп күнге кигізген-де, жарасқан да қалған. Егер дулығаның орнына автор бөрік сыймас немесе шляпа сыймас басыңа десе, кісі
күлгендей оспадарлық болар еді. Дулыға қазір архаизмдік сипаттан арылып, жанарып келеді: соғыс тақырыбына жазылған шығармалардың бірқатарында, әсіресе полковник Бауыржан Момышұлының жауынгерлік жаз-баларында, дулыға орысша каска деген сөздің баламына алынып жүр. Сондай-ақ қазіргі қазақ тілінде қайта жасарып, тың мағына тауып жүрген көне сөздер көп. Бұл — өте дұрыс нәрсе.
Оз төрге отағасым Ойсылқара,
Құрдасы әлімсақтың ойшыл, дана’
(Қ Шаңғытбаев )
Тамаша ғой! Осы жолдардағы отағасыны, яки бұдан да гөрі ескілеу Ойсылқара мен әлімсақты “осы күндендірудің” тіпті де қажеті жоқ. Қысқасы, кенеулі сөздерді көнертпеген жөн.
Мүмкін қадарынша, архаизмдерден молырак хабардар болу тек қалам иелері ғана емес, жалпы әдебиет сүйетін, өз халқының арғы-бергі мәдениетін қадірлейтін жұрттың бәріне керек. Біз, әрине, кез келген сауатты кісі Орхон жазуларындағы жырларды түп нұсқасынан оқып түсінсін, я болмаса “Қодекс-куманикус” пен “Қудатғу біліктегі” ежелгі ұғымдарды ежіктей алатын болсын демейміз, Ең жеңілі, төмендегі тәрізді, кәдімгі ақпа-төкпе жырау толғауына толығырақ тұшыну үшін де кейбір көне сөздердің қорғасындай ауыр салмағы мен сап таза мағынасын саралап түсіну шарт:
Алп, алп басқан, алп басқан Жағасына қыршын біткен тал
Арабы торым өзіңсің. еді,—
Жазылы, алтын, қол кескен Жапырағын жайқалтып
Алдаспаным өзіңсің, Терек етсе, тәңірі етті,
Еділден шыққан сызашық Тебінгінің астынан
Біз көргенде тебінгіге Ала балта суырысып,
жетер-жетпес су еді, Тепсінісіп келгенде.
Телегейдей сайқалтып, Тең атаның ұлы едің,—
Жарқыраған бернеді Дәрежеңді артық етсе, тәңірі
Теңіз етсе, тәңірі етті, етті’
(Шалгез )
Суреткердің, сөз қорын молайтып, тілін байытар тағы бір қайнар бұлақ — н е о л о г и з м (грекше пеоs — жаңа, Іogos —сөз) — ж а л п ы қ о ғ а м д ы қ д а м у м е н с а б а қ т а с т ы ң н а н т у ғ а н с о н ы м а ғ ы н а л ы с ө з -д е р . Бұл — толассыз болып отыратын
құбылыс. Біздің дәуіріміздің ғылым мен техникадағы ұшан теңіз жаңалықтары тілде бұрын болмаған жаңа атаулар әкеледі. Оларды әдебиетте де солай, жаңаша атамасқа болмайды. Мысал үшін Ғ. Мүстафиннің “Қарағанды” романынан бірер үзінді келтірейік:
Мейрам бой жазуға вагоннан тусті. Күн қоңыр адырдан асып кетіпті, сәулесі сонау биіктердің басында ғана қалған. Станция тау бөктерінде. Алысырақ, жазықта үйір-үйір мал, жаңа қоныс колхоз қоралары қарауытады. Аңшы ма, тығылған кулак па, сонау тауда тас арасынан әлдекімнің басы қылтыңдайды… Ауыл, станция, поезд араласқан кең далаға көз жіберіп тұрып,— қазақ далас қайнап жатыр,— деді Мейрам.
Тағы да осы романнан:
Комбайн жайындағы булардың белгілі таласына Жанәбіл мен Щербаков үйренген. Сөзге араласпай, ашық шахтаның әр көршісіне құныға қарап келеді. Қырық-отызвагонды бір-ақ тіркеп, поезд забойда тұр, екі экскаватор екі тустан тиеп жатыр.
Міне, осы үзінділердегі вагон, станция, колхоз, кулак,поезд, комбайн, шахта, забой, экскаватор деген сөздердің бәрі — неологизмдер — қазақ тілінде бұрын болмаған,’Октябрьден кейін ғана енген сөздер. Бұл сөздерде, бір
жағынан, техникаға байланысты профессионалдық сипат та бар. Асылы, әдебиетте оның тіл көркемдігіне зақым келтірер техницизм, профеосионализм деген түрлеріне онша әуес болудың керегі жоқ. Бірақ “Қарағанды” сөкілді жұмысшылар өмірінен жазылған шығармаларда шыли қазақы халде қалу тым қиын; жоғарыдағыдай сөздерді орнымен қолданып, әр нәрсені өз атымен атау әбден дұрыс.
Жаңа сөздердің әр тілде оңай тұрақтап, жарасымды орын тебетін түрлері — сол тілде бұрыннан бар сөздер негізінде жасалған неологизмдер: тілші, ұшқыш, екпінді, өндіріс, үгітші, тыңайтқыш, хатшы, үйірме, оқулық т. б. Бұлар қазіргі қазақ тіліндегі қашаннан келе жатқан сөздермен жіксіз жаласып, жақсы үйлесім табады.
Тіл халықтікі. Жазушы тілді халықтан үйренеді. Сөйте тұра жазушы халыққа тіл үйретуге де тиіс. М. Горький бір кезде жаңа, социалистік мәдениет жасау міндеттерін талдап түсіндіре келіп, жазушылар алдында тіл ұстартар тың сөздер туғызу міндеті де тұрғанын атап айтқанды. Бұл мәселеге кезінде М. Әуезов айрықша мән берген болатын, қазір I. Жарылғапов бір-қыдыру еңбек сіңіріп
жур. Оның мороженое, шампанское, остановка деген тәрізді сөздерді балмуздақ, аққайнар, аялдама деп аударуы немесе басылу, оқушы, көруші деген сөздердің өзін басылым, оқырман, көрермен деп жетілдіруі — сәтті әре-кет. .
Неологизмдердің бір алуаны интернационалдық сөздер және терминдер екені белгілі: марксизм, ленинизм, революция, коммуна, интернат, партия, комсомол, пионер, совет, коллектив, социализм, капитан, эскадрон, маршал т. б. Бұлар қазақ әдебиетінде сонау Абай тұсынан, әсіресе Сәкен өлеңдерінен бермен қарай орайлы жерінде қолданылып келе жатыр. Интернационалдық сөздерді колдану үлгісін Сейфуллиннің “Альбатросынан” тіпті айқын көруге болады.
Кейде кейбір тың сөз көр.ер көзге шет сөздермен шектесіп жатуы да мүмкін. Ал орынсыз ‘қолданылған шет сөз — неологизм емес, варваризм.
Жаһилдер ғалым сөзін тындамаған,
Шарғиға мықтап белін байламаған
Бұлбұлдар фаруаз айтып сайрар көлде,
Шығарар хапаларын бар көңілде.
Махрұм ете көрме раббым қадар,
Жат етіп әр уақытта жазам ғазал.
(Н. Наушабаев.)
Осындағы жаһил (дінсіз), шарғи (дін),фаруаз (наз), махрүм (құр), раббым қадар (құдіреті күшті құдай), ғазал (өлең) деген сөздердің қазақшасын алған қандай оңды болар еді, бірақ жарты ғасыр бұрын өткен Нұржан ақынға мұны айту, әрине, қиын.
Тілді жөнсіз шұбарлауға В. И. Ленин де қарсы болған: “Біз орыс тілін бүлдіріп жүрміз. Шет сөздерді орынсыз ‘қолданып жүрміз. Оларды теріс ‘қолданып жүрміз. Міннемесе кемшілік, яки олқылық деуге болатын жерде дефект деудің керегі не?..”
“Қалауын тапса, қар жанады” дегендей, орнымен қолданған жағдайда бай-тақ Қазақстанның кейбір өлкелерінде ғана түсінікті жекелеген ж е р г і л і к т і с ө з д е р д е өзіне лайық қызмет атқаратыны даусыз. Оларға диалектизм (грекше diаекtоs — оқшау тіл) деп ат қойып, айдар тағу керек пе, жоқ па, ол — екінші мәселе,бірақ, әйтеуір, әдеби қаһарманның сөйлеу ерекшелігін танытып, мінезін даралау үшін, ол өмір сүрген ортадағы
жергілікті сөздерді жазушы батыл пайдаланғаны жөн, Мұхтар Әуезов өзінің “Білекке білегінде” Оңтүстік Қазақстанның жергілікті сөздерін кейіпкерлер аузына әдейі салған еді,содан азғана үзінді келтірейік:
— Сен тағын, тағын бастадың ба?! Қанша үрмет қысам да бомай-ақ қойдың ғой, жүдә! Сен албасты! Секеңдеген шәйтән. раңғы үйге жалғыз өзіңді қамап қояйын ба шыли. Көзіңді бозар. тып…— деп Мақпал біраз қабағын түйіп, өтірік ашуланған боп қарап тұрды. Сөздері әсер ететін емес. Тамсанды да, аяғын екі-үш басып:— Қараң қағыр, қоясың ба, жоқ па? Тұр ғой, міні, мыналар адамша тып-тыныш… Әлде жын ұрды ма сені, түге?..
— Үй… тілеуің құрсын, өлде маған… Секеңдеген албасты… Наяты… Неткен бүліксің сен… Құдай ұрып?!
— Үй… Сарамас… Буазына не бересін. тентектің!… Жәйің осы.. Осы… Бұдан артық қаяққа апарам сені? Оттығың бар. Бедең әні! — деп ішінен: — Байлап қойсам ба екен, жүдә?..
Бұл арада жазушы өз қаһарманының сөйлеу ерекшелігі арқылы мінез ерекшелігін ашып, дәл осы сәттегі ойын, сезімін аңғартып, көпке бейтаныстау қызық қылық пен соны сөздерден тың ‘айшық, өзгеше орам жасап отыр. Жергілікті сөздерді орнымен пайдалану дегеніміз — осы.
Біз жоғарыда термин сөздерді интернационалдық сөздермен қатар қойдық. Оның себебі бар: терминдер де, интернационалдық сөздер сияқты, әр тілдің ұлттық шекарасын оңай аттап, бар халыққа ортақ, түсінікті күйге, түсе алады. Жалғыз-ақ, термин сөздерде ұлттық бояу, ерекшелік болмаған соң ба, кім білсін, эмоциялық жылу,’ көңіл ұйытар әсер бола бермейді. Мағынасы нақты, тұрақты болғанмен, терминдер — бір түрлі қатқыл, ағаш, не темір секілді біраз салқындау сөздер. Сондықтан кейбір публицистикалық очерктерде ‘болмаса, нағыз көркем шығармаларда жазушылар термин қолдану жағына тым сараң. Оның есесіне әдеби шығармаларда и д и о м а л а р (грекше іdіота —айырықша айшық) жиі ұшырайды.
Идиома терминге қарама-қарсы: терминдер бір тілден бір тілге оп-оңай көше салатын болса, идиомаларды өз тілінен өзге тілге аудару—қиынның қиыны; кейде тіпті!мүмкін емес. Түйенің үлкені көпірден таяқ жейді деген қазақ тіліндегі айрықша айшықты өзге тілге сөзбе-сөз аударса, күлкі болар еді ғой. Сондай-ақ орыстың выеденного яйца не стоит дегенін аудару да мағынасыздыққа апарар еді. Сондықтан бір тілдегі идиоманың екінші тіл-ден тек идиомальгқ баламын іздеп табудан өзге аудару жолы жоқ.
Жә, біздің -аңғартқымыз келетіні бұл ғана емес.
Біздің аңғартқымыз келетіні — и д и о м а л ар — ә р т і л д і ң а й р ы қ ш а а й ш ы ғ ы ғ а н а е м е с, а л т ы н а л қ а с ы; әр тілдің бір алуан байлығы, інжу-маржаны, көркі. Бұларды тек орнымен, шашпай-төкпей, ұқыпты пайдалана білу керек. Өйткені идиомалар өмірдің өзінде оп-оңай айтыла бермейді, көне кісілер аузынан, онда да шешендік сарапқа түсер айтыс-тартысты, даушарлы жерде, пиғылдар шарпысып, тіл безелер тұста шығады.
Идиомаларды сөз зергерлері ретін тауып әр жанрда да қолданып келеді. Бұл ретте, М. Әуезовтің “Еңлік — Кебек” трагедиясындағы билер айтысы — әдеби қаһарман тіліндегі айрықша айшықтың асқан үлгісі:
Еспембет. Уай, тобықтының баласы… шаялығыңды қылдың ба, білегі жуандығыңды кылдық ба? Алалы жылқы, ақтылы қойьш жосылтып алдың. Ата қонысынан іргесін аудардың. Ел-жұртты шұбырттың. Айрандай аптап, күбідей пісіп жүргенінде ай дер әже, кой дер кожа болған жоқ. Ағайын, ұзынға өшті, кысқаға кекті емес-
сің…
К ө б е й. Еспембет, сөзің шын Ұзында өшті, кысқада кекті ағайын емеспін… Даудың қарасын көбейтем деп кұлындағы сақау, құнандағы «тісеуді осы сөздің үстіне әкеліп үйгенің лайықсыз.
Еспембет. Мен тұщы етіме ащы таяқ тиді деп отырмын. Шолақ байталдың құйрығындай тобықты, өктемдігің асты деймін. Тасқын судай кемеріңнен асьш отырсың. сен.
К ө б е й. Еспембет, кеден-кеден болды, кедергі неден болды деп отырсың… Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса-сақа кой. Жақпаса, билігіңді өзің айт. Сапты аяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарайтын болсаң, мен билік айтпаймын.
Осындағы билерге тән сұмдық шешендік пен сұңғылалықтың бір шеті олардың татаусыз төгілген сөйлеу тіліндегі айрықша ‘айшықтарда жатқанын дәлелдеудің қажеті қанша?..
Жазушының сөз қоры мен тіл ‘байлығының кейбір сыры, міне, осындай.
Тіл байлығын игеру, сөз қорын молайту ‘бір бар да, сол бай тіл мен мол сөзді әдеби шығармада суреткерлік шеберлікпен ‘қолдану бір бар. Сөзді көп білетің адамның бәрі жазушы емес. Суретікер мен сөз арасындағы қарым- қатыстың сыры басқа, сиппаты бөлек.
Ә д е б и т і л — ж’а й т і л е м е с, к ө р к е м т і л, демек, с ұ л у с ө з. Ал осы тіл көркемдігі, сөз сұлулығы дегеннің өзін қалай түсіну керек?
Баяғы ауыз әдебиетінің барлық кезеңінде тіл көркемдігі көбінесе түрлі-түсті бояу болған да, сөз сұлулығы — маңыраған мақал-мәтелде жатқан. Ділмар шешендік пен ұтқыр биліктер де тыңдаушысын төкпе мазмұнға лайық еспе пішіндегі әр түрлі жылтырауықтармен еліктіріп әкетіп отырған. Бірақ жазба әдебиет тіліндегі көркемдік бұлай емес екені өткен ғасырдың өзінде-ақ анық еді:
Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Макалдап айтады екен, сөз қосарлап
Ақындары ақылсыз, надан келіп,
Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап,—
деген Абайдың шынайы, шыншыл әдебиеттегі “іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы” туралы ұғымы өзіне дейінгі түсініктерден мүлде бөлек те, сөз иелеріне қояр талабы мүлде басқа болатын.
Сөз айттым “әзірет Әлі айдаһарсыз”,
Мұнда жоқ “алтын иек, сары ала кыз”,
дей келіп, ұлы ақын өзінің ендігі эететикалық программасын ап-ашық және үзілді-кесілді ұсынды:
Ескі бише отырман бос мақалдап,
Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.
Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,
Сендерге де келейін енді аяңдап.
Иә, жаңа әдебиеттегі т і л к ө р к е м д і г і м е н с ө з с ұ л у л ы ғ ы ж ас — а н д ы ж а л т-ж ұ л т т а, к ү л д і б а л а м б о я у д а е м е с, с ө з д і ң т а-б и ғ и л ы ғ ы м е н қ а р а п а й ы м д ы ғ ы н д а, н а қ т ы л ы ғ ы м е н т а- з а л ы ғ ы н д а ж ат а д ы.
Ең алдымен әр сөз тек өз орнында ғана тұруға тиіс. Сонда бір сөйлемдегі бірнеше сөз өз ара бір-біріне сәуле түсіріседі де, әр сөздің бұрынғы мағынасына жаңадан тың мағына ‘қосылып, бәрі бірігіп танытар шындық та су жаңа сұлу шыраймен мөлдірей қалады. Ал мағына
тың, мазмұн мөлдір болса, оның оқырмаиға етер әсері де өзгеше:
Күз аспаны күнгірт, бұлыңғыр Ауада дымқыл сыз бар. Таң салкыны қазір күздің суық желіне айналған Маңайда қызарып солған қурайлар көп көрінеді. Бүрінен айрылған тобылғы да қуқыл реңді Ұзарып сарғайған селеу мен бозғыл көде, жусан — бәрі де жел лебінен қалтырайды Бас шұлғып, елбең қағады Қара жел қуған каңбақ кең жазықта көп бұлыңдап, тынымсыз кезіп, жосып өтеді. (М. Әуезов.)
Мұндай сұлу сурет бүкіл дүние жүзілік әдебиетте де сирек. Байқап қарасақ, осындағы мінсіз сұлулықтың күллі сыры әр сөздің қарапайымдығында, тазалырында, нақтылығында, дәлдігінде; басы артық бір сөз жоқ, орнын таппаған сөз тағы жоқ, әр сөз ешқандай жасанды бояусыз тап-таза, тұп-тұнық табиғи ажарымен балбұл жанып, жасаңғырап көрінеді. Автор да соншалық табиғи, еркін, қолдан көрініс жасап қиналып жаткан жоқ, көз алдындағы
көріністі дәлме-дәл сөздермен мөлдіретіп айтып беріп қана отырғандай: Күз аспаны күңгірт, — бұлыңғыр, ауада дымқыл сыз бар… Ал әсер дегеніңіз ұшан-теңіз: төбемізденбұлыңғыр аспан төнеді, бетімізге дымқыл сыз тиеді, төңірегіміз түгел жел лебімен қалтырайды, бас шулғып, елбең қағады, енді бірде, міне, біздің маңдай алдымыздағы кең жазықта қара жел қуған қақ-бақ көп бұлыңдап, тынымсыз кезіп, жосып өтеді. Не деген дәлдік, табиғилық! Біз бір ауық қағаз бетінде сөзбен кестеленген сурет емес, түп-тура тірі табиғаттың өзіне үңіліп қалғандай күйдеміз. Орнын тапқан әр сөздің, сайып келсек, бар сөздің контекстегі көркі әрқашан осындай болмақ.
“Еңлік—Кебек” трагедиясының басталуы есіңізде ме: “Көкей кесті”,— деп толғанады ғой Абыз,— “Көкей кесті” күй не дейсің? Уа, не қыл дейсің? Тынбаған көңіл, талмаған көкей… (жымиып), күшік!.. (Қобызына жағын сүйеп, ырғала толғанып.) Паки пәруәрдігер!.. Бе-еу!..” Осыны оқығанда жай адам артист болып кете жаздайды.. Жә, түгел талдамай-ақ қоялық, осындағы күшік деген бір ғана сөз немесе уа деген одағай, яки беу деген безіл неге ғана адамның жан дуниесін жұлқып-жұлқып қалады? Неге адам бойындағы бүкіл сезімнің бар пернесін бір-ақ басып, адамды ғажап күйге, күйді ғажап адамға айналдырып, толғантып әкетеді?..
Бәрі сол, жоғарыда айтқанымыздай, суреткер әр сөздің табиғи орнын таба білсе, сезімге ұрады, “сиқырлы” сыр толғай жөнеледі. Ал сезім мен сырдан тыс бірде бір сөз мағынасы жоқ және болмақ емес, тек соның орңын таба білу керек. Әдеби шығармада орынсыз тұрған сөз өмірде ойнамайды. Мысал үшін өзге емес, дәл әлгі щебердің өзі жазған бір очерктен үзінді келтірейік:
Бүгін таң атқалы үшінші тәулік те толды Үздіксіз ауыр, щабан, мимырт жүріс әлі аяқталған жоқ. Тек тасбақадай тырбаңып бір қалыпты шакыр-шұқыр, тарсыл-күрсіл салып, айдалада жалғыз әлектенген “ДТ-54” тракторын көресің.. Сондай бейнетті меңіреу кешудің тағы бір қиын өрін майталман батыр трактор жаңа ғана бар пәрменімен жеңіп шықты. (“Туркстан солай туған”.)
Осында мимырт деген сөзден басқа орнымен ойнап тұрған сөз жоққа жақын. Неге таң атқалы, неге тәулік те, неге толды? Өзге тілден осылай сірестіре аударып жатпай-ақ, карапайым һәм табиғи “Бүгін үшінші күн”,— деп одан әрі тағы да үздіксіз (?) деп өзге тілде ойламай- ақ, ауыр, шабан мимырт жүріс… деп жалғастыра бе мей ме? Тіпті жүріс аяқталған жоқ дегені де жөнді қазақша секілді емес. Ал майталман батыр трактор деген жерге келгенде орнын таппаған сөз мүлде мағынасыздыққа ауысатынын, майталман, батыр деген тамаша сөздердің бар мәннен бір-ақ айрылып, темірге матадан тілген жамау сөкілденіп тұрғанын көріп: “Апырмай, ұлы шебердің мұнысы несі?!” — демеске мүмкіндігіміз жоқ
Әрине, Мұхаңды сынап мұратқа жеткіміз ‘келген мимырт пиғылымыз жоқ. Бірақ жоғарыдағы пікірді әдейі айтып отырмыз.
Неге десеңіз, Мүхтар Әуезов секілді сөз зергерінің өзінен кейінгіге өзгеше мектеп болғандай ұланғайыр тіл байлығын тексеру өзгелердің тілін жүдету үшін емес, ұстарту мақсатымен ұштастырылуы шарт. Сонда ұлы жазушының түпсіз терең сөз мұхитына сүңги жүзіп жүріп шын мәніндегі інжу-маржанын ғана іздеп табуымы қастерлеуіміз, өзгелерге үлгі етіп ұсынуымыз қажет. Он- дай қасиетті байлық Әуезовте ұшан-теңіз. Әйтпесе, жоғарғы мысал секілді жекелеген саяз тұсты терең, солғындау түсті сұлу деп лепірсек, жазушының тіл байлығы жайлы жұртшылық үғымына қиянат жасаймыз көрер көзге өтірік айтқан боламыз және сол арқылы жас қаламгерлерді шеберлікке емес, олақтыққа мегзеймізі Бұл зиянды нәрсе, бұлай ету жөн емес, бірақ, жасыраты ны жоқ, кейбір дүбара эдебиетшілер, амал нешік, осылай етіп жүр. Бұған өкінбеске болмайды.
Қысқасы, сөз сұлулығы оның қарапайымдығы мен табиғилығында; дей тұрғанмен, әдеби тілде әдебиетші қолымен жасалатын әр түрлі ажарлаулар болатынын тағы естен шығармау керек.
Әр сөз адамның ‘көңіл күйімен тығыз байланысты, сондықтан “әр сөздің айтылуына қарай мың мағынасы бар” (Чехов). Бұл арада әр сөзге ажар беріп, оның мағынасына толықтыратын ең қарапайым тәсіл — интонация (латынша іпіопаге—дауыс ырғағы), яки әр сөздің айтылу мәнері. Мұның өзі көркем шығарманы оқығанда ғана емес, жазу үстінде де қатты ескеріледі. Әсіресе жа-зушы кейіпкерлерді сөйлеткенде, оның әр сөзін көңіл күйіне лайық мәнерде айтқызып, оған өзі қалаған сыр ана емес, сымбат та береді.
— Ха-ха-ха! Құнарсыз өлке деп кім айтты? (С. Шаймерденов).
Кейіпкер осы сөзді қалай және қандай көңіл күйімен айтты? Авторлық ремаркасыз-ақ түсінуге болады.
…Немістер атакаға шықты. Жалмұхаммед Бозжанов келді.
— Брудный’—деді ол тұра қалып —Сен мұнда не қып жатырсың? А?
— Ол ұйықтап жатыр. Тимегін оған,— дегенімде:
— Сізде, жолдас комбат, ешқандай мейірім жоқ екен ғой‘ — деп, ол маған зекірді.— Өлімді қалай ұйқы деп тұрсыз?
— Оны мен өлтіргем жоқ! Соғыс өлтірді. Қінәлағыш болсаң, соғысты кінәлағын…
— Кешіріңіз, ағатай! Абайсызда айтып қалдым.. (Бауыржан Момышұлы.)
Осындағы екі адамның өз ара сөйлеу мәнеріне қарап әр сөздің ажарын көріп, мағынасын ұғып, сол арқылы әр кейіпікердің көңіл күйін біліп, ақыр аяғын-да әрқайсысының мінезін тануға болады. Жау шабуылдап келеді. Безек қағып Бозжанов жүр. Брудный өліп жатыр. Оны Бозжанов аңғармай қалып, әуелі Ау, тұрсай-шы! дей жаздаса, Момышұлы міз бақпастан Ұйықтап жатыр, тимегін дейді. Анау енді ғана ұғып, комбатқа мейірімсіз деп күйіп-піссе, мынау Мен өлтіргем жоқ, құдай болсақ, жауды жазғыр деп түнжыраған үстіне тұнжырай түседі. Бір жерде бірнеше сезім, қар’ама-қарсы бірнеше күй алай-түлей бас қооқан: ыза мен кек, ашу мен абыржу, қайсарлық пен зіл…— бәрі бар. Осынша мағына мен мәністің тең жарымын сөзбен қатар сөйлеу мәнері, дауыс ырғағы толықтырып тұрғандай.
Дауыс ырғағы әсіресе өлеңді шығармаларда айрықша міндет атқарады. Өлеңді енжар жазуға болмайтыны секілді селқос окуға да болмайды.
Бакқан
Жау
Жан-
Жақ.
Туы
Ала,
Көк,
Ақ.
Қызыл
Ер,
Күзет,
Бак!
Тисе,
Жау
Ақ-
мак
Көздеп
Ат,
Дәл,
Нақ!
Сергек
Тұр,
Сақ-
Сақ!..
(С. Сейфуллин)
Бұл өлеңді әшейін желдіртіп оқып шығуға болмайды. Автордың әр сөзді әр жолға бөліп, бас әріппен жазуының өзінде ерекше интонациялық мән бар; тіпті жан-жақ, ақмақ деген сөздердің өзін •буындап бөліп әкетіп, әр буынын әр жолға жазады, бұл да тегін емес: әр сөзге автор арнаулы ырғақ, леп, тыныс, марштағы әскери колоннаның жер солқылдатқан нығыз аяқ дыбысын беріп сол арқылы әр сөзге қорғасындай ауыр салмақ бітіріп әр сөздің мағынасын тереңдетіп отыр.
Ура!
Колхоз, совхоз
өндірістер, ұйымдар
тура
бетін Мәскеуге
қойған..
— Қума-қума! —
деп жан айтпайды.
Сөздері:
жарыс,
қу
жет,
оз,
Тума
Совет
ұлы боп
артын алсаң
жарыста —
дуда!..
(С. Мұқанов.)
Мұнда .ақын өлең ұйқастарының (ура, тура, қума-қума, тума, дуда) өзін әр жерге шаша сіңіріп жіберіп, әр жолдағы сөз мағынасы мен әр шумақтағы мазмұнды дауыс ырғағының билігінде қалдырады. Сонда осы өлеңді өзгеше интонациямен нәшіне келтіре оқысақ, біздің ойымызда ұғым, көңілімізде сыр, көкірегімізде сезім ғана емес, көз алдымызда қызық сурет пайда болады. Сөздер дауыс ырғағы арқылы, міне, осылай ажарланады.
Әдеби тілге дауыс ырғағы емес-ау, тіпті дыбыс қайталаулар арқылы да әжептәуір ажар бітіруге болады. Бұл тәсіл екі түрлі: аллитерация (латынша аb-lipffега — дыбыстас) — б і р ы ң ғ а й д а у ы с с ы з ды б.ы с т а р д ы қ а й- т а л а у және а с с о н а н с (французша аssопапсе — үндес) — б і р ы ң ғ а й д а у ыс т ы д ы б ы с т а р д ы қ а й т а л а у. Бұлар поэзияда да, прозада да кездесіп отырады. Әрқайсысының үлгісі ретінде жеке-жеке»мысал келтіріп жатпай-ак, Қасым Аманжоловтың:
Ираншахқа мұңың шақпа, Низами’
Біздің шақта гүл құшақта, Низами!
деген өкі жол өлеңін оқысақ, осында ылғи ш әрпін қайталайтын аллитерация да, а әрпін қайталайтын ассонанс та бар. Өлеңге аллитерация мен ассонанс дарытқан ажар мен әсер сондай, тіпті осы жолдарды қазақша түсінбейтін аудитория да бір сәт қызыға таңырқап, тыңдап қалуы мүмкін.
Жалғыз-ақ, бұл тәсілдерге тым ден қойып, көбірек дыбыс қуалап кетуден сақ болу керек. Ондай әрекет әдебиеттегі әшейін пішінді ғана жылтыратып, мазмұнды сүйылтып жіберуі ықтимал.
Сөздің реңін, әдеби тілді ажарлау жайын әңгіме еткен жағдайда айқындау мен теңеуге арнайы тоқтау қажет.
Асылы, білімділер әр нәрсені терең ойлап, толғап барып, асықпай әділ шешуге ‘бейім болса, білімсіздер не нәрсені болса да оп-оңай, шолтаң еткізіп, шорт кесуге құмар ғой. Әдебиет айналасындағы кейбір дилетанттар әдеби тілді ажарлауға атымен қарсы; олардың шолақ кесігінше, айқындау, теңеу дегендер немесе құбылту менайшықтаудың барлық түрі түгел ескіргей; оларды колдану — анахронизм — ауыз әдебиетіне қайта оралу.
Жоқ, олай емес. Бұл тәсілдердің қай-қайсысын болса да орнымен, шебер қолдану өте-мөте қажет.
Айталық, айқындау, яғни эпитет (грекше ерііһеіоп — қосымша)—з а т т ы ң, қ ұ б ы л ы с т ы ң а й р ы қ ш а с и п а т ы н, с а п а с ы н а н ы қ т а й т ы н с у р етт і сө з. Эпитетсіз тіпті аңтарыңды анықтау, суреттеп отырған нәрсеңді нақтылау қиын. Әрине, бұрын-соңды сан мәртебе қолданылып, бояуы оңған, ығыр болған эпитеттерді қайталай берудің керегі жоқ. Мысалы, эпитет жөнінде сөз бола қалса, әрқашан үлгі ретінде Абайдың:
Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан;
Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан,—
деген жолдарын немесе Асқар Тоқмағамбетовтың:
Жұп-жұмыр жұмысшының білегі бар,
Тап-таза таптық ойы, тілегі бар.
Қып-қызыл Ленин туы бір қолында,
Бір қолда балға, орақ, күрегі бар,—
деген шумағын майсақтата жөнелеміз. Талас жоқ, кезінде бұл эпитеттердің (сұр, түсі суық, дымқыл немесе жұп- жұмыр, тап-таза, қып-қызыл) өлеңге тың ажар, тым тәуір әсер дарытқаны рас-ты. Алайда осыларды дәл қазір қайта тізбектеп жатсақ, біздің сөзімізге ажар да, әсер де бітпеген ‘болар еді. Өйткені бұлар көп айтылды, көп қолданылды. Бұдан шығатын ‘қорытынды — эпитеттен біржола -бас тарту емес, оны тыңнан табу, жаңадан жасау, бұрынғыларды қайталай бермей, өзінше нұсқалы түрлерін туғызу. Сонда суреткер тіліне жаңа рең, жас ажар ‘бітеді. Сонда бұл — ауыз әдебиетіне қайтып оралу емес, жақсы дәстүрді жаңашылдықпен жалғастыру, жаңрырту; бұл арқылы суреткер айтар сөзін ғана емес, өзін, өзінің творчестволық бетін бірге айқындамақ.
Қолыма от сиялы қалам алдым,
Жалтақтап айналама қарамадым ..
(X. Ерғалиев.)
Осындағы от сия қандай тың, қандай әсерлі? Жаңа эпитет табу керек дегенде біз ақындарды осындай ізденулерге мегзеп отырмыз.
Мыналар — әшейін “бос мақалдайтын бұрынғы ескі ақындар” емес, әрқашан “жаңалыққа жаны құштар”, дәл бүгінгі күндерімізді құлпырта жырлаған немесе жырлап жүрген жаңа, жас жүйріктер; эпитет жайлы жо-ғарыда айтқан пікірімізді дәлелдеу үшін өзгелер емес, осыларды оқып қарайық:
Көктемнің. балғын кезі еді,
Әнші құс көкте ағылған.
Жемнің, де жасыл өзегі
Көгілдір мұнар жамылған.
(С. Жиенбаев.)
Мың сәуле бар: кел, кел деп, шақыратын,
Бір сәуле бар қасымда отыратын.
Мың кітап бар ешқашан оқылмайтын
Бір кітап бар күн сайын оқылатын.
(Т. Молдағалиев )
Бейбіт күннін. өзі күрес мылтықсыз,
Онда да жұрт жатады атып мүлтіксіз.
(Қ. Мырзалиев )
Тентек үн кетіп еді дауылдап бір,
— Аңқиып әр жерде бір ауыз қапты.
(Ж. Нәжімеденов )
Мен бүгін сонау көгілдір көлге сағынып ұшып барамын,
Бірге қак қанат қасымнан қалмай, сағынып көрген қарағым.
Жалғасын сен айт бұл асқақ әннің, жабылып кетсем егер мен
Ғұлама жылдар судырлатқанда парағын.
(Т. Айбергенов )
Алдымен, осынау жаңашыл, жақсы ақындардың бірде-бірі айтар ойын айқындаудан, яғни эпитеттен аттонын ала қашпаған (қашса да құтыла алмас еді!), керісінше, әдемі эпитеттің әр түрін әдейі іздеп тауып, орнымен ой-ната қолданған. Содан соң, бұлар қолданган эпитеттер өлеңге көне емес, жаңа, көмескі емес, айқын мағына бітірген, сөздегі суретті дәлдеп, ойдың ықпалын күшейткен. Мысалы, көзбе-көз оқ шығарып, қылыш сермемесе де амалын тауып, қарсыласын мүлтіксіз көздеп кұлатып жататын бейбіт күннің жатып атарлары мен бұқпа “батырларын” айта қалғандай ұтықты, дәл бейнелеген Мырзалиев пен ақынның асқақ жырын ғажайып ғұлама жылдардың шежірелі беттерінде сөйлеп тұрған сырға балап, осынау сыр жылдар парағы аударылғанда жабылып кетуі мүмкін екенін тыңнан тауып айту арқылы өлімнің өзін сылқым образға айналдырған Айбергенов өлеңдеріндегі су жаңа нұскалылықты эпитет көлегейлеп, көрсетпей тұрған жоқ,;қайта айқындап, аша түсіп тұр. Ол — ол ма, байыптаңқырап қарасақ, тіпті әр эпитет өзі тұрған жерге не сұлу сипат, не соны сыр дарытқан: Сағидың көктемі балғын, құсы энші, өзегі жасыл болса Төлегеннің көлі көгілдір, әні асқақ, жылдары ғұлама да Қадыр айтып отырған майдан мылтықсыз, атыс мүлтік сіз; Жұмекен дауылдаған күй үнін — тентек үн деп оны ұйып тыңдаған залды жаппай аңқиып ашық қалған ауыз дар арқылы оқырманның көз алдына елестетсе, мың не бір деген қарапайым сандарға соншалық терең мағына.бітіріп, бір шумаққа бір құшақ мазмұн берген Тұманбайдың эпитет қолдану машығы тіпті қызық.
Өлеңді шығармаларда осындай роль ойнайтын эпитет баяғыдан белгілі көркем қара сөз туындыларын айтпағанда, қазіргі жаңа, жас прозаның өзінде қаншалық көбейіп, қалайша жаңғырып, жасарып кеткен десеңізші! ^
Жасыл жапырақты қалың ағаштың арасынан түскен күн көше жиегіне кесте төгіп тұрғандай.. (М. Сүндетов)
Қоңыр күз болатын. Ак, жауын себелеп тұр. Жол лайсаң. Алтай өңірінің ең бір жүдең шағы, көңілсіз шағы (Қ. Ысқақов.) ^
Ала жаздай нәр тамбаған ала дөңде ауыл отыр. Алды-артында иек артпа қырқа-қыраң жоқ, тұп-тұлдыр жазық. Тек теріскей көк-жиектен инедей шаншылып сағым зорайтқан қарауыл төбе бұлаңытады (Ә.. Кекілбаев.)
Эпитет үш үзіндіге де айрықша өң беріп, өмір суреттерін дәл өрнектеуге кызмет етіп тұр. Мұндай өң, рең болмаған жерде суреткердің тілі де көрер көзге солғын тартқан болар еді.
Әдеби тілге үстеме мағына беріп, оның көркіне көрік қосатын, сол арқылы әдеби шығарманың мазмұнын құнарландырып, пішінін ажарландыратын көркемдеу құралдарының бірі — теңеу (орысша срав-нение). М ұ н д а с у р е т к е р з а т т ы ң, қ ұ б ы л ы с т ы ң е р е к ш е
б е л г і л е р і н к ө р с е т п е й-ақ, о н ы б а с қ а з а т п е н, қ ұ б ы л ы с –п е н с ал ы с т ы р а с у р е т т е йд і. Сонда бұлар туралы оқырман түсінігі айкындалу үстіне тереңдейді де, өнер туындысының эстетикальгқ әсері күшейе түседі.
Қайыңдар күмістің сом бақанындай,
Жиі терек әскердің қатарындай,
Бұтақтар жапырағы сылдыраған
Өзбектің батсайы шапанындай.
(С. Мүқанов )
Шұғыла шалған кешкі бұлттай, Жалғыз өзі тұрды бойлап;
Толқын шашта оттар ойнап Тұрды ұқсап, тұрды кейде,
Өрт топанын кешіп, Нұхтай От ұстаған Прометейге.
(Қ Аманжолов )
Шаншылып Алатаудың ұршығындай,
Шабыттың шырқап биік ыршуындай,
Шолып тұр шартарапты Абай шыны,
Шытырман, жақпар-жақпар жыр шыңындай
(Ж. Молдағалиев )
Шілдеде қандай момақан, Бірнеше жұмсақ алақан
Толқының майда мақпалдай. Көтеріп бара жатқандай
… (Р. Қайырбеков )
Қай теңеуді алмайық, суреттеліп отырған нәрсені не құбылысты тура біздің көз алдымызға әкеліп, олар туралы дәл, нақты ұғым қалыптастырады. Бұл ретте теңеу белгісіз затты белгілі затқа айналдырып, шығармадағы авторлық идеяға қолма-қол көркемдік шешім тауып тұрғандай.
Әдебиет зерттеушілері айқындау мен ауыстырудың ұлғайған, күрделі түрі болатынын, мәселен, Сәбиттің меңіреу, мылқау, қимылсыз, мүлгіген, мәңгі даланың деп келетін өлеңіндегі қатар тұрған бес эпитет—күрделі эпитет болса, Абайдың Дем алысы—үскірік, аяз бен қар дегендегі қатар_тұрған үш метафора (ауыстыру жайына біз кейін тоқталамыз.— 3. Д.) —күрделі метафора екенін дәлелдейді. Бұл дұрыс. Бірақ олардық бірде-
бірі теңеудің де ұлғайған, яки күрделі түрі болатынын айтқан жоқ. Бұл дұрыс өмес.
Жоғарыда төрт ақыннан мысалға алынған төрт шумақ өлеңдегі теңеу-лерге қайта оралсақ, бұлардың ішің-де қайыңды бақанмен, толқынды мақпалмен салыстырған жай теңеулермен қатар, бүтін бір құбылысты бірне-ше сөзбен бір бөлек ұғымға көшіріп тұрған күрделі теңеулер де бар екенін көреміз: Қасым Абдолла ақынның өрт ішінде лаулаған ғаламат кескінін көзге елестету үшін бір ғана зат емес, бүтін бір ұғымды тұтасымен теңеуге айналдырып, Тұрды ұқсап, тұрды ол кейде от ұстаған Прометейгедесе, Ғафу да суда жүзген адамның майда толқын құшағындағы қалпын, қалпын емес-ау түйсігін бір сөзге сыйғыза алмай, теңеуін бірнеше сөзбен ұлғайта бере бірнеше жұмсақ алақан көтеріп бара жатқандай деп, тамаша образ жа-сап тоқтайды. Бұлардың қай-қайсысы да —теңеудің ұлғайған, күрделі т ү р і
Айқындау сияқты, теңеудің де құны сонылығында, ойламаған жерден өзгеше өрнектер жасап, құлпырып, ойнап тұруында, орнымен қолданылуында жатады. Кезінде осы талап тұрғысынан жасалған-ды, Тайыр ақынның:
Желектей желпіп желіңді,
Желқомдай жырттым жеріңді,
Түбіттей түтіп бұлтыңды,
Таспадай тілдім толқынды,
Бағынбай енді нең қалды? —
деген отты жолдарындағы келісті, кенен теңеулер әлі күнге дейін қасиетін жояр түрі жоқ.