Эпентеза
Эпентеза (грек. еpenthesіs – қоспа) – сөз ішінде екі дауыссыз дыбыстың арасында дауысты дыбыстың қосылып айтылуы. Эпантеза белгілі бір тілде сол тілге бөгде дыбыс тіркесімді кірме сөздерді игеру, меңгеру барысында пайда болады. Мыс., ұйғыр тілінің фонет. заңдылығына қайшы келетін дауыссыз дыбыстардың сөз басында немесе сөз соңында қатар келу құбылысы дауыстының Эпантезасын (яғни сөз ішінде дауыстының пайда болуын) керек етеді; құлұп<клуб, акыт< акт. Эпантеза құбылысы негізінен қалыптаспаған, яғни әдеби тілден басқа тұрпайы сөздер, диалектілер, балалар тілі, т.б. сөйлеу тілінде кездеседі. Әр тілдің өзіне тән дыбысталу заңдылықтары сол тілді дербес тіл етіп тұратын белгілердің бірі десек, сол тіл басқа тілдерден сөз қабылдамай тұра алмайды. Өйткені ондай сөздер айтылу машығына, артикуляциясына қарай қайта қорытылып, дыбыстық өзгерістерге ұшырап, кірмеліктен айрылады. Дыбыстық өзгерістер әр түрлі болуы мүмкін. Кірме сөз құ-рамындағы кейбір дыбыстар төл дыбыстармен алмастырылып, кейбір дыбыстар керісінше ендігі бір дыбыстар мен буындар жамалып айтылуы заңды. Сөйтіп, сөз сапалық, сандық өзгерістерге ұшырайды. Мұндай өзгерістер көбінесе төл сөздерде кездеседі. Ертеректе тілімізге еніп, айтылуымен жазылатын бөрене (бревно), жеребе (жеребий), кереует (кровать), кінәз (князь), пүліш (плюш) сөздеріндегі дауыстылар соның айғағы. Ал бірқатар сөздер тек айтылуда ғана Эпантеза құбылысына ұшырайды (метр – метір, пленум – піленум, т.б.). А. Әлмақанов