ӘДЕБИ БЕТ ПЕН БАҒЫТ стиль
Сол бетіммен каңғырып өлер ме едім, қайтер өдім, егер аздан кейін артымнан “Бәтес!”- деген Бүркіттің даусы естілмесе!.. Оған да тоқтамас па едім, қайтер ем, егер қуып жетіп ұстай алмаса!.. Оған да көнбес пе едім, қайтер ем, егер жалбарынышты сөздеріне жауап бермей бұлқынып, ағыл-тегіл жылаған мені Бүркіт ықтиярымнан тысқары тары кұшақтай көтеріп ала жөнелмесе!.. (С. Мұқанов.)
Зытып келем, зытып келем Артыма қарай-қарай зытам… Зытып келе жатқаным — қашып келемін, артыма қарай беретінім — корқып келемін. Шаңқан шілденің аяқ кезі болар деймін… Пісіп қалған ақ селеулер баяу теңселіп, үкідей бұлғаңдап, кейде жұмсақ қана тізеден сипайды да, кейде инесін қадап алады. Сипағанда талғамай сипаса, инесін қадарда екі сирақтағы жара мен жарықты тауып алып қадайды. Күннің көзі жер бетіне шаншыла қадалып, көлеқкең тәлтиіп, баурыңа кіріп барады. Бар ыстық менің қойныма «тығылғандай, шоқпыт қомшаның, екі колтығы. қыж-қыж қайнайды. (Р. Мүсірепов.)
Тебініп қап шаба жөнелді… Жиреншеге көз жасын көрсетпегісі келді. Анау да шапты. Бірақ Абай жеткізер емес. Ол оқ бойы ұзап кетіп бара жатып, өзі өзіне ерік“беріп, өксіп-өксіп жылап келе жатыр. Көп жылдан бері Абай жылаған емес еді. Тоқтай алмай, егіліп жылады. Ағындап ұшып келе жатқан бестінің екі жағында көделі, бетегелі көк дала таскьш судай зулап жөнеліп, артқа қарай құлдырап ағып кетіп жатыр. Екі құлағын бітіргендей боп дыңылдап соққан екпін желі Абайдың көзінен аққан жастарды, қат-кат тамшыдай, жаңағы көде мен бетегеге ұшырып түсіріп келеді. (М. Әуе-зов.).
Бұл оқығанымыз — үш жазушының үш шығармасынан алынған үш бөлек үзінді. Үшеуіндегі шындық сырт қарағанда бір-біріне ұқсас: бірі жаяу, бірі атты демесек, үш қаһарман да (Бәтес те, Қайрош та, Абай да) әлденеден қашып жүр. Бірақ осынау өз ара ұқсас шындықты үш жазушы бір-біріне мүлде ұқсатпай, тек өздеріне ғана тән творчество-лық ерекшелікпен, үш түрлі суреттеген: бірінде, мәселен, қаһарманның қимылы авторға тән мәнер-мен автор сезіміне бағындырыла ауызекі айтылса, екіншісінде қимыл суретке көшіп, юмор араласқан да, үшін-шісінде сурет қаһарманның көңіл күйімен астастырылған…. Егер әр үзіндінің аяғында авторын атамаған болсақ, бәрібір, қай үзіндінің кімдікі екенін адаспай тапқан болар едік. Өйткені үш автор да — нағыз суреткер. Ал нағыз суреткерде әрқашан тек қана өзіне тән творчестволық ерекше-лік болады. Әдебиетші неғұрлым нұсқалы суреткер болса, оның өзіндік әдеби беті де соғұрлым айқын танылмақ.
Әдеби бет туралы әңгімені стильден бастаған жөн.
Ал стиль деген не?
Жазушының творчествосы оның өмір тарихымен тығыз байланысты. Жазушы творчествосы онын, адамдық болмысымен, азаматтық бітімімен, өзгеден ерек өз өмір тәжірибесімен,. білімімен, мәдениетімен, дүние танымымен ұласып, керек десеңіз, бірігіп, біте қайнасып жатады.
Өз көзімен кәрмеген немесе өзі сезіп-білмеген шындықты жазушы жаза алмайды. Гетенің сөзімен айтсақ, жазушы творчествосында оның өз өмірбаянына (биографиясына) енбейтін бірде-бір сызық жоқ, жалғыз-ақ, бір-де-бір сызық сол қалпында емес, ылғи ғана аунап түсін отырады. Бұған қарап, әрине, жазушы суреттеген өмірлік құбылыстардың бәрі оның өз басынан кешкен шындық екен деуге болмайды. Мәселен, жазушы бір шығармада өзінің бір қаһарманының өлімін жазды делік. Оны автор өз басынан кешіргесін жазып отыр деуге, әрине, болмас еді. Ендеше, жазушы творчсствосы оның өмірбаянынан әлдекайда кең; бірақ, тағы да айтамыз, бұл екеуі бір-бірімен тығыз байланысты.
Әрбір әдеби шығарма оқырманға оны жазған автордың творчестволық ерекшелігін танытады. Оны тілден де, тақырып пен идеядан да, образ жасау тәсілінен де аңғаруға болады. Әр шығармадан көрінетін осындай суреткерлік ерекшелік оның бар шығармасындағы белгілі бір бірлікке әкеледі.
Әр жазушының қаламынан туған бар шығармада, алдымен, идеялық бірлік болатынын байқаймыз. Өйткені әр жазушы өзінің әр шығарма-сында әр түрлі өмірлік проблема қояды да, бір ғана тұрғыдан — өзінің тұрақты дү-ние танымы тұрғысынан шешеді. Мәселен, С. Мұқанов, ол қай тақырып-қа жазбасын, қандай кездің шындығын суреттемесін, мейлі, әйтеуір барлық проблеманы бір-ақ тұрғыдан — шындыққа большевиктік көзқарас, яки өзі жарты ғасыр сапында келе жатқан коммунистік партия-ның көзқарасы тұрғысынан шешеді. Мұның өзі жазушының әр жанрда жазған барлық шығармасына бір ғана идеялық ерекшелік бітіреді.
Идеялық бірлікпен қатар, әр жазушының творчествосынан тақырып ерекшелігін аңғару да қиын емес. Мұның өзі әр сипатта көрінеді. Орыс әдебиетінің теоретиктері (әсіресе Л. Тимофеев), мысалы, Шолохов ылғи Дон қазақтары туралы жазатынын, Фадеев көбіне Сибирь партизандары жөнінде жазған болса, Панферов Повольжия шаруалары жайлы жазғанын айтады. Бұл заңды да: жазушы қандай шындықты жете білсе, шығарма-сына соны тақырьш етпек. Мұндай жағдай қазақ әдебиетінде де бар:
Ғ. Мұстафинның көп шығармаларына (“Миллионер”, “Қарағанды”, “Дауылдан кейін”, “Қөз көрген” т. б.) арқау болған шындық — Қарағанды маңындағы қазақтар өмірі болса, X. Есенжанов трилогиясы мен дилогиясы Орал қазақтарының, Ә. Нұрпейісов трилогиясы Арал қазақтарының өмірінен туды. Бұл да жазушы творчествосы оның өмір тәжірибесімен тығыз байланысты екеніне, суреткер нені жақсы білсе, сол жайлы жазатынына дәлел.
Тақырып ерекшелігімен қатар, әр жазушының творчествосында мінез (характер) бірлігі деген болады. Мұны, әрине, бір_ жазушы он образ жасаса, бәрінің мінез-құлқы бірдей болады деп ұқпау керек; он образ—он түрлі мінездің адамы бола берсін, бірақ он мінездің де жасалу тәсілдері бір-біріне ұқсап отырады. Бір жазушы, айталық, адам мінезін қимыл-әрекет үстінде танытура бейім болса, енді бір жазушы оның көңіл күйін, сезім-сырын, ой-арманын, әр алуан психологиялық иірімдерін суреттеу арқылы ашуға шебер…
Мінез бірлігімен қатар, әр жазушының творчествосынан оның тек өзіне ғана тән тіл ерекшелігін аңғарамыз. Бізде Сәбиттің тілі, Ғабиттің тілі, Мұхтардың тілі дейтін көп тіл жоқ, бір ғана қазақ тілі бар; Мұқанов та, Мүсірепов те, Әуезов те сол бір ғана қазақ тілінде жазған, жазып жүр. Бірақ үшеуінің тіл мәнері (жоғарыда келтірілген үш үзіндіге қараңыз.— 3. Қ.) —сөз қолдануы, сөйлем құрауы, сөзбен сурет салуы не баяндап беруі, сыр ағытуы не сезімді жеткізуі…. үш түрлі. Үшеуін тіпті шатастыру мүмкін емес. Өйткені тіл ерекшелігі — шешуші ерекшелік. Әр жазушының тіл ерекшелігіне қарап, оның бір шығармасы емес, кейде тіпті күллі сурет-керлік бітімін бір қырынан байқап қалуға болады. М. Әуезов бір жолы бір топ ақынға мынадай бір-бір мінездеме берді: “Қырғи тілді Асқар, сыршыл үнді Әбділ-да, майда қоңыр Ғали, басым сөзді Тайыр, күйлі-мұңды Қасым, ізденгіш те тапқыш Хамит, өзіне бөлек сырлы сазды Сырбай, салқын ойлы Саин…” Осы сипаттарды берерде Әуезов әркімнің ақындық сырын^ бәрінен бұрын әрқайсысының тілі арқылы кілт тапқаны даусыз.
Сонымен, біз әрбір жазушының күллі творчествосының өн бойынан идеялық-көркемдік негіздің (идея — тақырып — мінез — тіл) тек сол жазушыға ғана тән ерекшелігін аңғарамыз. Мұндай ерекшелікті жазушы творчествосының мазмұны мен пішініне қатысты басқа жайлардан да іздеп таба беруге болады. Міне, стиль — әр суреткерге тән осындай творчестволық ерекшелік.
С т и л ь (грекше — з(уіоз) деген терминнің мағынасы әр түрлі: байырғы римляндар сырлы тақтаға сөз жазатын бір ұшы қалақша , бір ұшы сүйір таяқшаны стиль деген болса, кейін әркімнің қолтаңбасы, жазу өрнегі, одан бертін келе сөз мәнері, сөйлеу машығы, ақыр аяғында әр суреткерге тән өнер ерекшелігі стиль атанған. Соңғы анықтама белгілі ғалым Бюффонның жалпы жұрт нақылға айналдырып әкеткен “Стиль — адам” деген тұжырымына сай келеді. Бюффон ғана емес-ау, мұндай пі-кірді “Мінез қандай болса, стиль де сондай” деген Платоннан “Адамның күллі қасиеті стильде тұрады” деген Стендальға дейін талайлар айтқанын тағы ескеру керек.
Стиль хақындағы бүгінгі ұғымдар да әр алуан; бір ғана академик
В. В. Виноградовтың өзінде бірнеше пікір бар (“Авторлық проблема һәм стильдер теориясы” деген еңбегін қараңыз.). Бірақ ол стиль мәселесін көбіне лингвистикалық тұрғыдан байыптайды.
Стиль деген ұғым ғылым мен өнер атаулының бәріне қатысты және олардың әр саласындағы сипаты әр бөлек. Ғылым не өнер ғана емес-ау, бұл ұғым тіпті өмірдің өзін-де қаптап жүр: жүмыс стилі, кеңсе стилі, газет стилі, шахмат стилі т. б. *
Жә, біздің айтып отырғаньшыз — бұлардың бірі де емес, әр қаламгердің әдеби бетін айқындайтын жазушылық стиль. “Ақындар өз ара ұқсастығымен емес, ерекшелігімен қызық”,— дейді Блок. Ал енді, әр қаламгерде осынау әдеби бет, творчестволық ерекшелік дегендер бір-ден бола қала ма? Жоқ, бірден емес, бірте-бірте қалыптасады. Ендеше, әдеби стиль — эволюция үстіндегі, диалектикалық даму үстіндегі нәрсе. Стилъді әрқашан қимыл-қозғалыс үстінде ұғу қажет.
Творчестволық ерекшеліктің қалыптасуында, Гетенің айтуына қарағанда, үш кезең бар: 1) өзінен бұрынғы үлгіге жалан, еліктеумен жүрген шақ, 2) өзгеден бөлегірек азын-шоғын мәнер, машық тапқан түс; 3) өзінен басқа ешкімге ұқсамайтын өзгеше стиль белгілеген кез. Соңғы кезең, яки шын мәніндегі стиль қалыптастырған кез— творчестволық эволюцияның ең -жоғарғы сатысы, бұған жету үшін әбден шыңдалған суреткерлік шеберлік керек. Әдебиетпен әуестенгеннін, бәрі үшінші сатыға (стильге) жете бермейді, мықтағанда, екінші сатыға (мәнерге) жа-қындайды, әйтпесе бірінші сатының (еліктеудің) өзінен аса алмай, қалып қояды. Себебі: “Стиль — шын талант, ұлы ақын-жазушылардың қаламдарына тән сипат. Кез келген ақын-жазушыдан стиль іздеу — бекершілік. Өйткені барлық өлең қиыстырушыларды ақын, сөз жаза білушілерді жазушы десек, қателескен болар едік. Дарын жоқ та — стиль жоқ. Бұл екеуі сабақтас. Оқырмандарының ойына азық, жанына сусын бермейтін можантопай шығармалар жазып, “жазушы” атану мүмкін. Бірақ ондайлардың өзіне тән стилі болады деу — қате. Құба-төбел қойторыларда стиль болмайды. Олардың бірінің шығармалары егіз қозыдай екіншілеріне ұқсас келеді. Жаман шығарманы жағымпаз сыншы, жандайшап әдебиетшілер қанша мақтаса да жандандыра алмайды. Бар-лық сыншылардың ішінде ең ұлы, ең данышпан, ең қателеспейтш сыншы — мезгіл деп В. Г. Белинский айтқандай, жаман шығарма, дарынсыз жазушы мезгіл сынын көтере алмақ емес. Демек, стильді нақтылы талант, ұлы жазушылардың, тундыларынан іздеген жөн”*.
Стильдід жазушы творчествосындағы көрінісі күрделі әрі қызық. Жазушы не жазса, соның бәрінде оның өзіндік стилі төрт бұрышын түгел танытып тұра қалады деуге
К, Жүмалиев, Стиль — өнер ерекшеліп, А , 1966, 23—24-беттер.
болмайды. Жазушының творчестволық ерекшелігі әр шығармасында әр қырынан — повесте сюжет құру ерекшелігі көрінсе, әңгімеде образ жасау ерекшелігі, эсседе тіл ерекшелігі айқынырақ аңғарылуы мүмкін. Демек, жазушының стилі жайлы бір емес, барлық шығармасын оқып барып байлау жасаған дұрыс.
Стильдің өзгеруі де мүмкін. Егер суреткердій дүние танымында немесе идеялық бағытында өзгеріс болса, стильге де ықпал ететіні даусыз. Мәселен, М. Әуезов 1959 жылы “Қаракөз” пьесасының жаңа вариантына жазған алғы сөзінде мынаны айтты: “1922 жылы осы пьесаның салт-саналық, идеялық, саясаттық қателігін совет жұртшылығы әділ, қатал сын түрінде айтқанын мойындап, баспасөз жүзінде менің өзімнің де жариялаған сөзім болатын. Қазірде мен осы шығарманы қайта қарап, идея-көркемдік жағындағы бұрынғы терістік, қателіктерін түзеп, қайтадан жазып шығуды өзімнің азаматтық, жазушылық қарыз-борышым деп санадым”. Пьесаның, жаңа вариантында идея-көркемдік жағындағы бұрынғы терістік, қателіктер түзелген болса, сөз жоқ, жазушы творче-ствосының идея-көркемдік негізімен сабақтас стилінде де бірсыпыра өзгеріс болды деуіміз керек. Осы секілді стильдіқ өзгеруін, С. Мүқанов-тың өз сөзімен айтқанда, бұрын “Адасқандар”, енді “Мөлдір махаббат” аталып… басынан аяғына дейін қайтадан жазылып шықкан романынан да байқауға болар еді. Ол — ол ма, кейде, тіпті, стиль ешқандай тосын ықпалсыз, жазушынын әдеттегі заңды творчестволық эволюциясына сәйкес те кәдімгідей құбыла береді: Ғ. Мүсіреповтің “Қазақ солдаты” мен “Оянған өлкесін” салыстырсақ, арада әжептәуір стильдік метаморфоза бар.
Иә, стиль — адам. Ендеше, адамның сәбидік шағы, жастық кезі, әбден кемеліне кеп толысқан тұсы болатыны сияқты, стильдің де тұтасқан тірі ғұмыры бар.
Стиль — адам. Ендеше, адамды ұзағырақ уақыт бірге тұрып, бірге жүріп, оның мінез-құлқын, ой-арманын, іс-әрекетін неғұрлым молырақ байқасақ соғұрлым анығырақ танитынымыз сияқты, стильді де жазуиіы творчествосын неғұрлым толық, неғұрлым терең тексерсек, соғұрлым айқын анықтай аламыз.
Қысқасы, шын мәніндегі ірі жазушының стилін оның суреткерлік бітімінен бөліп қарауға, оның букіл әдеби
беті мен бағытын, күллі творчествосының мазмұны чен рухын белгілеген өзге “құпиялардан”, айталық, ағымнан, не әдістен ажыратып әкетуге тіпті де болмайды.