АҒЫМ
Стиль — өнер ерекшелігі. Әр стиль — бір-ақ суреткердің өнеріне тән ерекшелік. Ал осындай өнер ерекшелігі бір емес, бір топ суреткерге тән болуы мүмкін бе?
Әбден мүмкін.
Әдеби ағымды дәл осы тұрғыдан пайымдау керек.
Өмірдегі күллі құбылыстың “бәрі барлығымен, әр-қайсысы әрбірімен” (Ленин) өз ара байланыста болатыны, демек, бәрі барлығымен тоғысып, әрқайсысы әрбіріне ауысып жататыны белгілі. Сол ретте, әр жазушының әрбір жеке шығармасында болатын мазмұн мен пішіннің бірлігі бір емес, барлық шығармасына тұтас ауысқан тұста оның стилі танылды. Ал осындай мазмұн мен пішіннің бірлігі бір шығарма ғана еэдес немесе бір жазушының барлық шығармасы ғана емес, бір топ жазушының бүкіл творчествосына тән болуы мүмкін бе?
Әбден мүмкін.
Әдеби ағымды дәл осы түрғыдан тану керек.
Бір жазушының бірнеше шығармасы ғана емес, бір топ жазушының бір алуан шығармасында өз ара ұқсас сипаттар, сыбайлас сырлар жатады. Мұндай сыр мен сипатты әр жазушы өз шыгармасына әшейін қолдан жа-сап, жапсыра салмайды. Мұндай өз ара ұқсас сыр мен сипатты бір топ жазушының бір алуан шығармасына мезгілдің, олар өмір сүрген дәуірдің, өзі дарытады.
Дәлелдейік. Ерубаев — Мүстафин — Шашкин; “Менің құрдастарым” — “Қарағанды” — “Теміртау”; Рахмет — Мейрам — Қайыр… Үш жазушы, үш роман, үш қаһарман. Сөз жоқ, үш түрлі жазушы, үш түрлі роман, үш түрлі қаһарман!.. Бірақ бұлардың әрқайсысына тән өзгешелікті көре түра, бәріне тән бірлікті де байқауға болады. Қандай бірлік?
Алдымен үш жазушыда әдіс бірлігі бар, содан соң, үш романда тақырып бірлігі бар; ақыр аяғында, үш қаһарманда идеялық бірлік бар. Басқасын айтпағанда, тек осы бірліктердің өзі-ақ үш әдебиетшіге тән өз ара ұқсас сыр мен сипатты аңғарта алады.
Ал осындай бірлік, яки өз ара ұқсас сыр мен сипаттек осы үшеуіне ғана тән бе? Жоқ, қазіргі қазақ жазушыларының бәріне тән. Қалайша?
Қазақ совет жазушылары қай тақырыпқа жазбасын, бәрібір, шындыққа тек социалистік көзқарас тұрғысынан қарайды. Қандай бір күрделі шығарма (поэма, пьеса, роман) болмасын, бәрібір, бас қаһарманы — халық; суреткер шығармасын кешегі шындықтан туғыза ма, болмаса бүгінгі шындықтан туғыза ма, бәрібір, әйтеуір халықтың ертеңгі болашақ жолындағы күресін суреттейді.
Қысқасы, осындай көп-көп сыбайлас сырлар, ұксас сипаттар бір емес, бір топ жазушының бүкіл суреткерлік өнеріндегі белгілі бір уақыт пен ке-ңістікке сай идеялық-көркемдік бірлікке әкеледі. Дәл осы бірлік — ә д е -б и а ғ»ы м.
Байқап қарасақ, стиль — бір жазушыға тән творчестволық ерекшелік болса, ағым — бірнеше жазушыға тән творчестволық бірлік; стиль — әр жазушының дара қасиеті болса, ағым — әр алуан жазушының ортақ сипаты; стиль — жалқыға тән ұғым болса, ағым — жалпыға тән ұғым; стиль — әр жазушының әдеби беті болса, ағым — әр жазушының әдеби бағыты.
Пікір дәлелдеуге қажет бірер мысалды біз жоғарыда қазіргі қазақ әдебиетінен алдық. Бұл, әрине, әдеби ағым тек қазір туған және қазақ әдебиетінде туғаи нәрсе деген сөз емес. Әдеби ағым әр елдің әдебиетінде әрқашан болған, қазірде де бар және бүгінгі біздегідей біреу емес, бірне-шеу.
Әрбір әдеби ағымды әр қоғамдағы таптық жағдай туғызады. Әрбір әдеби ағым — әрдәуірдегі идеологиялық күрестің әдебиеттегі көрінісі.
Әдеби ағым—тарихи категория: жалпы қоғамдық дамудың белгілі кезеңдегі белгілі саяси-әлеуметтік сипатына сәйкес туады да, сонымен бірге дамып, бірге жоғалып отырады.
Әлем әдебиетінің та тарихында әрбір әдеби ағымның қалай пайда боп, қалай дамығанын, қалай құбылып, қалай құрығанын әдебиеттің теориясы емес, әдебиеттің тарихы тексереді. Сондықтан біз жалпы әдеби дамудың кезең-кезеңдерінде туған кейбір әйгілі ағымдарды, ғана атап, аз сөзбен мінездейміз де, қоямыз.
XVII ғасырдың аяқ жағында туып, XVIII ғасырдың орта тұсына дейін өнер атаулының бәрінде, әсіресе Европа әдебиетінде орасан кең өріс алған жұртқа мәлім ағым — классицизм (латынша сіаззісиз — үлгілі, өнегелі бағыт).
Сөз өнеріндегі әрбір ағымның тууында таза әдеби “құпиялармен” қатар, қоғамдық сыр мен себеп болатынын да айттық. Классицизмнің туған тұсы — Европа елдерінде абсолютизм дәуірлеген кез. Ол тұста елдегі барлық үстемдік дворяндар сословиесінде, барлық билік монарх қолында болатын; солардың ықпалымен жұрт назары сарайға ауған, жұрттың бәрі сарай маңындағы ат төбеліндей “асыл нәсілдер” (ақсүйектер) аузына қараған кез еді. Қоғам өміріндегі осы хал өз кезінің әдебиетіне де әсер етіп, оның дамуында өзгеше бір өнегелі бағыт атанған классицизм ағымын белгіледі.
Бұл ағымның өкілдері (әсіресе Расин, Корнель, Мольер сияқты француз драматургтері) баяғы көне дүние классикасын өздеріне өнеге тұтты (классицизм аталу себебі де сондықтан); әдеби шығармаларын сол үлгімен жазды. Француз ақыны Буало өзінің “Поэтикалық өнер” деген белгілі поэмасында тіпті классицизм ағымының творчестволық принциптерін белгілеп берді.
Қлассицистер қаламынан туған шығармалардың негізгі тақырыбы, ежелгі грек әдебиетіндегі сияқты, ел өмірінің елеулі, ірі оқиғалары; негізгі идеясы — елдің елдігін қорғаушы “ессіз ерлердің” қанды жорықтары мен дүрбелең саясаты; негізгі қаһармандары — қарапайымдар емес, қастерлілер,— қолбасылар, корольдар, патшалар.
Классицистер жазған жанрлар да, кәдімгі антик әдебиетіндегідей, трагедия, комедия, батырлық поэма, желғабаз ода… Бұлардың тілі де сол көне әдебиеттегі көтеріңкі пафос, шешен һәм көсем сөз рухындағы бояма диалогтар мен монологтар, күлдібалам ақыл-нақылдар, атам заманғы архаизмдерге толы әсіре айшықтар болатын. Адам образдары да тым бір жақты — не мінсіз жақсылар, не іске алғысыз жамандар кейпінде көрінді. Оның, үстіне бұл ағымның көркем шығарма мазмұны мен пішініне қоятын қатал талабы, дәлірек айтқанда, кәдімгі “үш бірлік” (уақыт бірлігі, орын бірлігі, оқиға бірлігі) атанған бұлжымас шарты болды. “Үш бірлікке” бағынған шығарманың мазмұны: 1) бір-ақтәулік ішіндегі шын-дық, 2) тек бір орында өтетін тартыс, 3) бір ғана сюжеттік желінің бойында жататын оқиға; бұл үш талап бұлжымай орындалуы шарт.
Классицистер қаламынан туған көркем шығармалардың ең жақсы үлгілері патриотизм, ұлт мақтанышы, қоғам алдындағы борыш, асқақ мүдделер үшін айқас секілді әп-әсем идеялық принциптер ұсынып, негізінен, шыншылдық тенденцияда жазыла тұрса да, ағымның жо-ғарыда айтылған ұшы-қиырсыз шарттылығы мен жасандылығы сөз өнерін ақиқат өмірден алшақ әкетіп, “өнердің табиғилығы мен еркіндігін талақ етті; шындықта болған адамдар орнына ешбір елде, ешбір жерде болмаған дерексіз елестер қаптап кетті” (Белинский). Нәтижесін-де, әдеби ағым классикалық сипаттан әшейін схемаға көшіп бара жатты. Адамдар жерде қалды; ағым аспанда жүрді. Қарапайым қалың бұқара мүлде қаламға ілікпей қойды. Адамға тән нәзік сезімдер мен терең тебіреністер орнын лапырған жел сөз, айғай-сүрең басып кетті.
Осы тұста (XVIII ғасырдың орта кезінде) өмірдегі абсолютизммен күрес идеясынан туған с е н т и м е н т а л и з м (французша зепіітепіаіізте — сезімталдық) өнерде классицизмді ауыстырар тың ағым болып қалып-тасты.
Сентиментализм әуелі Англиядан — ағылшын жазушысы Стерннің “Сентиментальдық саяхатынан” (ағымның аты да осыдан алынған) басталды да, кейін Францияға (Руссо), Германияға (Жан Поль, жас Гете, жас Шиллер), Россияға (Қарамзин, жас Жуковский) ауысты.
Сентименталистердің идеялық тұрғысы — елде енді-енді орнығып, нығая бастаған жас буржуазияның идеологиясы; творчестволық объектісі—сарай маңындағы ақ-сүйектер өмірі емес, кәдімгі “орта қол” адамдардың күнделік тіршілігі, солардың көңіл күйлері, жеке бастарына тән күйініш-сүйініштері, қуаныш-реніштері; негізгі тақырыбы — классицистердегідей тарихи оқиғалар емес, әдеттегі семья тұрмысы; негізгі қаһармандары—қолбасылар, корольдар мен патшалар емес,— алпауыттар, қолөнершілер мен қарапайым шаруалар. Көркем шығарма-ларға мазмұн болған оқиғалар енді сарай маңынан аулақ, ашық-мөлдір аспан астына, көктемде құлпырған көк майса шөп үстіне, өзен жағасына, жасыл төбе баурайына көшірілді. Адамдардың көңіл күйлерін сентименталистер осынау сұлу табиғат көркімен ұштастырып, бір алуан сезімдер мен сырлар қозғау — “жан тебіренту” тәсілдерін тапты. Олар оқырман көңілін оңай босататын иеп дала, иесіз жұрт, жас қабір, құлаған қыстау… секілді көріністерді суреттеуге, әсіресе, құштар болатын. Ағымға тән осы ерекшеліктер енді әдеби жанрлардың да бұрын көп өріс алмаған (элегия, психологиялық роман, мещандық драма, “жылауық комедия” атанған) жаңа түрлерін туғызды.
Сентиментальдық шығармаларда сезімге табыну әбден шарықтау шегіне жетті, кітап беті ашылса-ақ болғаны, көңілдегі кірбің, көздегі жас, көкейдегі мұң-шер ағытыла жөнелетін. Мұндай шығармалардың тілі де бұрыңғыдай асқақ, адуын емес, майда, нәзік орамдар мен өрнектер тапты.
Сентиментализм ағымы әдеби шығармаларға көл көсір лиризм дарытты; классицизм тұсында тым аспандап кеткен асыңқы әуенді жерге түсірді; жұрт назарын арсы-гүрсі сырт әрекеттерден гөрі адамның ішкі сырына аударыңқырады; әдеби шығармалардың классицизм тұсында ұмыт қалған прозалық түрлерін туғызып, оларға әжептәуір табиғи, шыншыл сипат берді. Сөйте түра сентиментализм классицизммен күресте біраз қажет нәрседен айрылып та қалды: әдебиетті ірі тақырыптардан аулақ әкетті;тіршіліктегі ұсақ-түйек, күйкі жайлармен көбірек әуестенді; адамның жеке қара басына ден қойыңқырап, қоғамдағы халықтық мәні бар келелі мәселелерден сырт қалып қойды. Сөйтіп, бұл ағымның ғұмыры да онша ұзаққа бармады.
Қысқасы, жалпы дүние жүзі әдебиетінің даму тарихына қарап отырсақ, классицизм мен сентиментализмнен басқа да толып жатқан “измдерді” тауып, олардың әр-қайсысына әдеби ағым ретінде мінездеме беруге болар еді. Айталық, натурализм (латынша пагига — табиғат). Бұл ағымды басында Золя ұсынды; оның “Экспери-ментальдық роман”, “Театрдағы натурализм” тәрізді теориялық толғамдарында өмір құбылыстарын ешқандай идеялық баға бермей, қаз-қалпында суреттеуді талап еткен творчестволық принциптер бар. Алайда Золяның өзі іс жүзінде бұл “принциптерін” ұстана алмады да, ағым әр түрлі кертартпа қаламгерлердің экспериментіне айналып кетті. Демек, натурализмді, біріншіден, орыс әдебиетіндегі “натуральдық мектеппен” шатастыруға болмайтын болса, екшшіден, оның ағым ретіндегі табиғатын тереңірек тану қажет. Натурализм — бәрінен бұрын, әдебиет пен өнердегі принципсіздік; эстетикалық талғамның жоқтығы; ақиқат шындыққа енжар бейтараптық. Сондықтан әдебиеттегі натурализм де — философиядағы буржуазиялық позитивизм секілді зиянды ағым. Натурализм өмірде ірі мақсаттар да, асыл мұраттар да жоқ, тіршілік ұсақ-түйектен ғана тұрады деген кертартпа ұғымға негізделген. Мұның өзі, сайып келгенде, адамдарды жаңа үшін ескімен күрестен оқшау әкетіп, “буржуазиялық барға” қанағат етуге шақыру. Міне, дәл осы секілді кертартпа ағымдар бүкіл әлемдік әдеби дамудың кезең-кезеңдерінде көптен-көп: әдебиеттегі мазмұн дегенді біржола ұмытып, жалаң пішінді ғана қуалаған жат сарынды формализм, оның асқынған түрі — абстракционизм, бұлардың “бел балалары” — әсіре қызыл экспрессионизм, бет алды лаққан футуризм, дарашыл, күйрек импрес-сионизм, күңіренген символизм, діни-мистикалық акмеизм, қылтың-сылтың трюкке толы имажинизм, күллі кертартпа ағым атаулының бүгінгі буржуазиялық өнердегі қырық құрау қосындысы — өңі айналдырылып, қайта тысталған түрі — модернизм… Бұлардың, бәрін жіпке тізіп жатуды артық деп білеміз.
Неге?
Негесі сол —
біріншіден, әдеби даму әшейін ағымдар ауысуы сықылды ылғи ғана аумалы-төкпелі, аласапыран әлдене емес;
екіншіден, әдеби ағым атаулының бәрін мына соңғы көрсетілгендер сияқты, өңшең кертартпа, кесірлі бағыттар екен деуге тіпті де болмайды;
үшіншіден, жалпы әдеби-творчестволық процесте стиль мен ағымнан гөрі әлдеқайда тұрақты және тұрлаулы зат бар, ол — әдіс.
Енді соған көшеміз.