Толықтауыш
Толықтауыш
Сөйлемде атау мен іліктен басқа септіктердің бірінде тұрып, бір мүшені заттық мағына жағынан толықтырып тұратын тұрлаусыз мүшені толықтауыш дейді. Толықтауыштың сұрақтары: кімді? нені? кімге? неге? кімде? неде? кімнен? неден? кіммен? немен? кім(не) туралы? кім (не) жөнінде? кім (не) жайында?
Толықтауыш құрамына қарай бір сөзден ғана болып дара толықтауыш және бірнеше сөзден, сөз тіркесінен, күрделі сөзден құралып күрделі толықтауыш болып бөлінеді. Мағынасы мен тұлғасына қарай тура толықтауыш және жанама толықтауыш болып екіге бөлінеді. Табыс септік тұлғасындағы толықтауышты тура толықтауыш, ал атау, ілік, табыстан басқа септіктердің бірінде немесе туралы, тақырыпты, жөнінде, жайында деген септеулік шылаулардың тіркесінен болған толықтауышты жанама толықтауыш дейміз. Сөйтіп, табыс септігінің сұрағына (к і м д і? н е н і?) жауап беретін сөз тура толықтауыш болады да, барыс (к і м г е? неге?), жатыс (кімде? неде?), шығыс (кімнен? неден?), көмектес (кіммен? немен?) септіктердің және кім (не) туралы? кім (не) жайында? тәрізді сұрақтардың біріне жауап беретін сөз жанама толықтауыш болады. Тура толықтауыш сабақты етістікпен ғана байланысып қолданылады.
Толықтауыш пен толықталатын сөздің арасындағы байланыс түрі меңгеру болады, өйткені толықтауыш белгілі септік (табыс, барыс, жатыс, шығыс, көмектес) тұлғасында немесе туралы, жайында, жөнінде, тақырыпты деген шылаулар арқылы то-лықталатын сөзге бағына (меңгеріле) байланысады.
Толықтауыш зат есім мен есімдіктен, атау мен іліктен басқа септік тұлғаларының бірінде тұрып заттанған өзге де сөз таптарынан (сан есім, сын есім, етістіктің есімше, тұйық етістік түрлері), негізгі сөздің туралы, жөнінде, жайында деген шылаулармен тіркесінен болады. Мысалы: Тәңірберген жаз бойы теңіз жағасын торуылдап кетті. Қарт ана балаларын өлдіге қимайды. Еламан карт балықшыдан бұл ауылдың таяуда ауыр қазаға ұшырағанын есіткен-ді. (Ә. Нүрпейісов) деген сөйлемдерде теңіз жағасын (нені торуылдап кетті?), балаларын (кімді қимайды?), қазаға ұшырағанын (нені есіткен-ді?) сөздер мен тізбектер сабақты етістіктерге табыс септік жалғауы арқылы меңгеріліп, тура толықтауыш болып тұр, ал өлдіге (неге қимайды?), балықшыдан (кімнен есіткен-ді) деген сөздер барыс (-ге), шығыс (-дан) септік жалғаулары арқылы меңгеріліп, жанама толықтауыш болып тұр. Балаларын және балықшыдан дегендер зат есімнен болған, өлдіге деген етістік тұлғасының барыс септігі арқылы заттанып қолданылуынан болған дара толықтауыштар да, теңіз жағасын екі зат есімнің (теңіз және жаға) тіркесуінен, қазаға ұшырауынан тұрақты тіркестен болған күрделі толықтауыш болып саналады.