Сөздердің байланысу тәсілдері
Сөздердің байланысу тәсілдері
Сөйлемде сөздер бір-бірімен грамматикалық байланыста қолданылады, сөйтіп барып белгілі бір ойды білдіре алады. Әрине, кез келген қатар тұрған сөздер бір-бірімен байланыса бермейді! Бір-бірімен грамматикалық байланысқа түспеген сөздер бір-бірімен тіркеспейді де, сөз тіркесін де құрай алмайды.
Сөздердің сөйлемде байланысуының белгілі заңдылығы бар, сөздер бір-бірімен белгілі бір тәсілдермен байланысады. Мысалы: Сендер де атты қарасуға шықтыңдар ма? (С. Сейфуллин) деген сөйлемдегі сөздер бір-бірімен былай байланысқан: сендер(де) шықтыңдар ма, қарасуга шықтыңдар ма және атты қарасуға.
Сөздердің сөйлемде байланысын түсініп, білудің мәні зор. Сөздер, біріншіден, байланысу тәсілдері арқылы тіркесіп, сөз тіркесін құрайды. Сондықтан сөздердің байланысу тәсілдері сөз тіркесіне негіз болады. Екіншіден, сөйлем мүшелері сөйлемдегі сөздердің байланысы арқылы анықталады. Сөйлем мүшесін анықтайтын сұрақтар сол сөздің байланысына қарай қойылады. Мысалы, жоғарыдағы сөйлемді талдайық: кімдер шықтыңдар ма?— сендер — бастауыш, сендер қайттіңдер?— шықтыңдар ма?— баяндауыш, не мақсатпен шықтықдар ма?— қарасуға — пысықтауыш, нені қарасуға?— атты — толықтауыш.
Қазақ тілінде сөйлемдегі сөздер төрт түрлі тәсіл арқылы байланысады: 1) жалғаулар арқылы; 2) шылаулар арқылы; 3) сөздердің орын тіртібі арқылы және 4) интонация арқылы.
1. Сөздер сөйлемде септік, тәуелдік, жіктік жалғаулар арқылы байланысады. Жалғаулардың катысуымен сөздердің өзара байланысы, белгілі синтаксистік катынас, грамматикалық мағына туып отырады. Мысалы: Мен өз Отанымды сүйемін деген сөйлемдегі Отан сөзіндегі тәуелдік жалғауы (-ым) мен табыс септіктің жалғауы (-ды) бұл сөзді екінші бір сөздермен өз(імнің) Отаным және Отанымды сүйемін түрінде байланыстырып түр және біріншісінде меншіктілік — тәуелділік мағына, екіншісінде тура объектілік мағына беріліп тұр. Жіктік жалғауы (-мын) арқылы мен және сүйемін сөздері I жақ, жекеше мәнде байланысып тұр, қимыл мен қимыл иесі (атқарушы) яғни субъектілік-предикаттык катынаста жұмсалған.
2. Сөздер сөйлемде шылаулар арқылы да байланысады. Мысалы: Біздің еліміз бейбітшілік үшін күреседі дегенде бейбітшілік сөзі мен күреседі сөзінің тіркесіп байланысуына үшін шылауы септігін тигізіп, мақсаттык мағынаны тудырып тұр. Сөздерді жалғаулық шылаулар мен септеулік шылаулар байланыстырадьг. Жалғаулык шылаулар бірыңгай мүшелерді яғни тең дәрежелі, бір тұлғадағы сөздерді салаластыра байланыстырса, септеулік шылаулар бір сөзді екінші сөзге бағындыра, сабактастыра байланыстырады.
Сондықтан септеулік шылаулар байланыстырған сөздер сөз тіркесін құрайды да, жалғаулық шылаулар байланыстырған сөздер сөз тіркесі бола алмайды, тек бірыңғай мүшелер болады. Ал демеулік шылаулар сөздерді байланыстыра алмайды. Сөздерді сабақтастыра байланыстыратын шылаулар: сайын, үшін, жөнінде, туралы, дейін, шейін, тарта, таман, соң, кейін, бірге, қатар т. б.
3. Сөздер орын тәртібі арқылы да байланысады. Мысалы: Тас
жолды ағаш күрекпен күредік деген сөйлемде тас пен жол, ағаш пен күрек сөзі қатар тұруы арқылы анықтауыштық қатынаста байланысқан. Ал осы сөздердің орнын өзгертіп жіберсек, мүлде басқа мағына немесе мағынасыздық туады (тас күрек, ағаш жол). Бұл сөздер бір-бірімен тиянақты орын тәртібі арқылы байланысқа түскен.
4. Байланысудың соңғы тәсілі — интонация. Мұнда екі сөздегі орын тәртібі тиянақты болумен бірге, екеуінің арасында айтылуда дауыс ырғағы сақталып, екінші сөз сәл көтеріңкі естіледі, ал жазуда ол сөздер сызықшамен ажыратылады. Мысалы: Талғат — ұшқыш. Сәуле — мұғалім. Интонация арқылы байланысқан сөздер сөйлем құрайды да; алдыңғы сөз бастауыш, соңғысы баяндауыш қызметін атқарады. Мұндай жалаң сөйлемдегі сөздердің орындары ауысса, ол сөздердің кызметі де өзгереді. Айталык, Ұшқыш — Талғат, мұғалім — Сәуле болған жағдайда, бастауыш — ұшқыш, мұғалім, баяндауыш — Талғат, Сәуле сөздері болады.