Одағай
Одағай
Толық мағынасы жоқ, сондықтан затты, құбылысты, әрекетті нақты білдірмей, тек адамның әр түрлі көңіл күйін, сезімін білдіретін немесе жан-жануарларға қаратылып айтылатын сөздер одағай деп аталады.
Одағай сөздер таңырқау, қуану, шаттану, ұнату, ренжу, түңілу, өкіну, шошыну, жекіру, күрсіну сияқты көңіл күйлерін білдіреді немесе жан-жануарларды, малды шақыру, қуу үшін қолданылады. Мысалы: Япырмау, қайда сол күндер?1 (А). Қап, барлық еңбектері далаға кетеді-ау! (Ғ. М.) Моһ-моһ кешкі тымық даланы басына көтерді (С. М.).
Берілген мысалдағы япырмау, қап деген одағайлар арманды, өкінгендікті білдіріп тұрса, моһ-моһ деп сиырға қаратылып я сиырды шақыру үшін айтылады.
Бірақ одағайда, біріншіден, лексикалық (негізгі) мағына болмайды. Екіншіден, сөйлемде одағайлар басқа сөздермен грамматикалық байланысқа түспей, оқшау айтылады. Сондықтан да одағай сөйлем мүшесі бола алмайды.
ОДАҒАЙДЫҢ ТҮРЛЕРІ.
Одағайлар ойға үстейтін мәніне қарай үш түрге бөлінеді. 1. Көңіл-күйі одағайлары шаттану, таңырқау, аңсау, қуану, ұнату, ренжу, түңілу, өкіну, шошыну, назар аудару сияқты мәнді
білдіреді. Олар: пәлі, ойпырай, алақай, пай-пай, бәрекелді, туу, уһ, аһ, әй, еһе, әттеқ, өй, ой, қап, әттеген-ай, беу, қап, ау т. б.
2. Жекіру одағайлары жекіру, тыйым салу, бұйыру сияқты мәнді білдіреді. Олар: тәйт, тек, жә т. б.
3. Шақыру одағайлары мал, ит-құсты шақыру, куумен байланысты мәнді білдіреді. Олар: құрау-құрау, шөре-шөре, көс-көс, айт, қош-қош, моһ-моһ, құр-құр, кә-кә, пырс т. б.
Одағайлар сөйлемге, сөйлем білдіретін ойға қатысты болғанмен, ондагы жеке сөздермен грамматикалық байланысқа түспей, оқшау айтылады. Әрі одағайдың толық мағынасы болмайды. Сондықтан одағайларға сұрақ қоюға болмайды, олар сөйлем мүшесі қызметін де атқара алмайды.
Одағай сөйлемнін басында да, ортасында да, соңында да қолданыла береді. Одағай сөйлемнің басында келсе, онан кейін үтір койылады. Мысалы: Япырау, осы сізге түсер пайда бар ма? (М. Ә.) Одағай сөйлемнің ортасында келсе, оның екі жағынан үтір қойылады. Мысалы: Тұрсам, о шоба-ай, айнала көк шалғын! Сізге, тәйірі, со да сөз болып па?1 Одағай сөйлемнің соңында келсе, оның алдынан үтір қойылады. Мысалы: Мұны бастаған кім, ә?! Соны айтшы, бәсе! Әдетте одағайлы сөйлемнің соңынан леп белгісі қойылады. Одағай ерекше көтеріңкі дауыспен айтылса, одағайдан кейін де леп белгісі қойылады. Мысалы: Пай-пай! Шіркін, қазақтың келіндері-ай!
Қайталанып айтылған одағайлар дефис арқылы жазылады: құрау-құрау, пай-пай, әй-әй, құр-құр т. б.
Одағай сөздер өзінің мәніне сәйкес яғни әр түрлі көңіл күйін, жекіру мәндерді білдірумен байланысты диалогта, көркем әдебиетте жиі қолданылады. Диалогта кейде одағайлар осы мәндеріне лайық бір сөйлемнің орнына да жұмсала береді. Мысалы:
— Жаңа бір күш біткендей болды!
— Бәрекелді!
— Япырай, ә!