Шартты рай
Шартты рай
Етістіктің шартты райы қимылдың, іс-әрекеттің болу-болмау, іске асу-аспау мүмкіндігінің шартын білдіреді. Шартты рай етістіктің негізгі және туынды түбіріне, етіс және болымсыз етістік тұлғаларына -са, -се жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: бар-са, жүр-се, оқыт-са, айтпа-са.
Шартты рай тұлғасына жіктік жалғауы жалғанып қолданылады. Бірақ шартты рай тұлғасы тиянақты бола алмайды. Сондықтан шартты райдағы етістік жіктелгенмен, сөйлемді тиянақтап, аяқтап тура алмайды: басқа бір етістікпен кейде көмекші етістікпен іліктесіп, тіркесіп келеді, я бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы болып тұрады. Мысалы: …Жарқырап бір көрінсек дейміз (Ғ. Мұст). Жақсымен жанассаң, жетерсің мұратқа, жаманмен жанассаң, қаларсың ұятқа (мақал). Бірінші мысалда көрінсек деген шартты райлы етістік дейміз көмекші етістігімен тіркесіп келуі арқылы ғана сөйлемді аяқтап, тиянақтап, ойдың шартын білдіріп тұрса екінші мысалда жанассақ деген шартты райлы етістік II жақта жұмсалып бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы қызметінде қолданылған, басыңқы сөйлемнің шартын білдіреді, бірақ өзі сөйлемді тиянақты ете алмай тұр.
Сөйтіп, қимылдың, іс-әрекеттің болу-болмау мүмкіндігінің шартын білдіріп, белгілі жұрнақтар арқылы жасалатын рай түрі шартты рай деп аталады.
Шартты рай етістіктің жедел өткен шақ тұлғасы сияқты жіктеледі: I жақта жекеше -м, көпше -қ, -к, II жақта анайы жекеше -ң, көпше -ңдар, -ндер, сыпайы жекеше -ңыз, -ңіз, көпше -қыздар, -қіздер жалғаулары жалғанады да, III жақтың арнайы жалғауы болмайды.
Шартгы райдың жіктелу үлгісі.
Жақ | жекеше | көпше |
I. | барсам, көрмесем, оқытсам | барсақ, көрмесек, оқытсақ |
II. | барсаң, көрмесем, оқытсаң | барсаңдар, көрмесеңдер, оқытсаңдар |
барсаңыз,көрмесеңіз,
оқытсаңыз |
барсаңыздар, көрмесеңіздер, оқытсаңыздар | |
III. | барса-, көрмесе-, оқытса- | барса-, көрмесе-, оқытса-, |
Ескерту: 1. Шартты рай жұрнағы -са, -се жалғанған етістік әрқашан қимылдың, іс-әрекеттің болу шартын білдіре де бермейді. Мысалы: Мен болсам ауылда калдым. Оның окуы бітсе керек еді ғой. Бұл мысалдағы болсам, бітсе деген етістіктер шартты рай тұлғасында жіктеліп (I және III жақ) тұрса да, ол іс-әрекеттің ешбір болу шартын білдіріп тұрған жок.
2. Шартты рай тұлғасындағы етістік бағыныңқы сөйлемнін баяндауышы кызметінде келіп, мезгілдік мағынаны және да, де, та, те шылаумен тіркесіп, қарсылықты мағынаны білдіреді. Мысалы: Мен келсем, сен кетіп қалыпсың. Сен айтпасаң да, мен оны біліп отырмын. Берілген мысалдағы келсем, айтпасаң да деген шартты рай тұлғалы етістіктер өздері бағыныңқы сөйлемнін баяндауышы болып, келесі басыңқы сөйлемнің мезгілін және оған қарсы мағынаны білдіріп тұр.
3. Шартты райлы етістік I жақ жіктік жалғауында тұрып, оған -шы, -ші жұрнағы жалғанса, ол кейде өкіну, налу мағынасын білдіреді. Мысалы: Оның атын сұрасамшы. Оның осында келетінін білсемші. Ауылға барғанша, кұрылысқа қалсаңшы.