Бұйрық рай
Бұйрық рай
Бұйрық рай қимылдың, іс-әрекеттің тыңдаушыға (П-жақ) я бөгде біреуге (3-жақ) немесе өзіне (І-жақ) қаратылып, бұйыра, талап, тілек етіле айту мағынасын білдіреді. Мысалы: Тыңда, дала, Жамбылды (Ж. Ж.). Ғылым таппай мақтанба (А). Қызсын еңбек, қайнасын күш майданда (И. Б.). Мен жазайын сізге хат, Оқып көрсін ол шындап (А.).
Мысалдағы тыңда, мақтанба, қызсын, қайнасын, жазайын, көрсін деген етістіктер белгілі бір жаққа қаратыла бұйыра, талап етіле айтылып тұр: (сен) тыңда, мақтанба (2-жақ), (ол) қызсын, қайнасын, көрсін (3-жак), (мен) жазайын (І-жақ).
Сөйтіп, қимылдың, іс-әрекеттің орындалуын талап ету мағынасын білдіретін етістіктің түрі бұйрық рай деп аталады.
Етістіктін бұйрық рай тұлғасы бұйрықтық мағынамен бірге талап, тілек ету, ниет мағыналарын да білдіреді. Әдетте бұйрықтық, талап ету мағынасы II және III жақтарда анық көрінеді де, I жақта ол көбіне ниет ету мәнінде келеді.
Етістіктің басқа рай түрлеріне қарағанда, бұйрык райдың өзіндік ерекшеліктері бар. Ең басты ерекшелік бұйрык райдың жасалуынан көрінеді. Егер басқа рай түрлері етістік түбірлеріне белгілі жұрнақтар жалғануы арқылы жасалып, одан кейін жіктеліп келсе, бұйрық рай түрі жұрнақ арқылы жасалмай, етістік түбірлердің ерекше жіктелуі арқылы, яғни жіктік жалғаулары арқылы жасалады. Ол жіктік жалғаулары етістіктің негізгі және туынды түбірлеріне, етіс және болымсыз етістік тұлғаларына бірдей жалғана береді.
Екінші ерекшелік — бұйрық райдың II жақ анайы түрінің арнайы қосымшасы болмай, сырттай ғана тұлғасы жағынан етістіктің негізгі және туынды түбір тұлгасымен, етіс және болымсыз етістік тұлғаларымен сәйкес, ұқсас келеді. Мысалы: (сен) кел, ойла, барғызба, сөйлетпе. Ал екінші жақ анайы көпше түрінде -ық, -іқ, -ң, жалғауының үстіне -дар, -дер, кептік жалғауы үстеледі. Мысалы: (сендер) кел-ің-дер, бар-ың-дар, сөйле-ң-дер.
Бұйрық райдың екінші жак сыпайы түрі етістік түбіріне -ңыз, -ңіз, -ықыз, -іңіз жалғауы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: (сіз) кел-іңіз, бар-ыңыз, сөйле-ңіз. Екінші жақ сыпайы түрінің көпшесі осы жекеше түрінде -дар, -дер көптік жалғауы жалғану аркылы жасалады. Мысалы: (сіздер) кел-ңіз-дер, бар-ыңыз-дар, сөйле-ңіздер.
Бұйрық райдың 3-жағы (жекешесі де, көпшесі де) етістік түбіріне -сын, -сін жалғауы жалғануы арқылы жасалады. Мысалы: (ол) кел-сін, бар-сын, сөйле-сін.
Бұйрық райдың I жағы етістік түбіріне (жекеше) -айын, -ейін, -йын, -йін көпше -айық, -ейік, -йық, -йік жалғаулары жалғану арқылы жасалады. Мысалы: (мен) кел-ейін, бар-айын, (біз) кел-ейік, сөйле-йік, бар-айық.
Бұйрық райдың жіктелу үлгісі.
Жақ | жекеше | көпше |
/. | барайын, келейін,
санайын, көрмейін |
барайық, келейік, санайық, көрмейік |
//. | бар-, кел-, сана-,
көрме-, барыңыз, келіңіз санаңыз, көрмеңіз |
барыңдар, келіңдер, санаңдар,
көрмеңдер барыңыздар, келіңіздер,санаңыздар, көрмеңіздер |
///. | барсын, келсін,
санасын, көрмесін |
барсын, келсін, санасын, көрмесін |
Ескерту: Етістіктің бұйрық рай түріне кейде -шы, -ші жұрнағы жалғанып та жұмсала береді. Ондайда бұйрық райлы етістік бұйрық, талап ету мағынасынан гөрі өтініш, тілек, жалыну мағынасын білдіреді. Мысалы: (мен) алайын — алайыншы, (сен) ал — алшы, (сіз) алыңыз — алыңызшы, (ол) алсын — алсын-шы. Сондай-ақ шартты райдың -са, -се тұлғасының II жағынан кейін жалғанған -шы, -ші жұрнағы да бұйрық, тілек, өтініш мағынасын білдіреді. Мысалы: (сен) барсаңшы, (сіз) барсаңызшы, (сендер) барсаңдаршы, (сіздер) барсаңыздаршы