Оғыз мемлекеті
Оғыз мемлекеті (9-11 ғасырлардың басы). 9-10 ғасырлар Сырдың орта, төменгі ағысында, сонымен қатар Батыс Қазақстанды да қосып алатын территориясында оғыз тайралардың саяси бірлестігі құрылды. «Оғыз» деген терминнің этимологиясы әлі де анықталмаған. Махмуд Қашғари, Марвази енбектерінде, оғыздарға жататын руларды атап кеткен: қынық, баят, язғыр, имур, қарабулақ, тутырка, т.б. Оғыздар 2 экзогамды фрактриядан құрылған. Бұлар — бузук және үшүк (учук).
Оғыз мемлекеті
8 ғасыр ортасында түргештер мұрасы үшін қарлұқтармен болған күресте оғыздардың едәуір бөлігі Жетісуды тастап, Шу алқабына кетеді. Осы жерде олардың «Көне Гузия» деп аталатын ордасы болды. 9 ғасыр бас кезінде оғыздардың көсемі қарлұқтармен, қимақтармен одақтасып, қанғар-печенег бірлестігін күйретеді, сөйтіп Сырдың төменгі жағы мен Арал өңірі мен даласын басып алады. 9 ғасыр соңында олар хазарлармен одақ құрып, печенегтерді жеңеді де, Орал мен Еділ арасын қоластына қаратады.
Печенегтермен соғыс олардың саяси бірлігін күшейтіп, тайпалардың оғыздық одағын құруға мүмкіндік берді. Оғыздар құрамына Сырдария алқабы мен Арал-Каспий далаларының үнді-европа, финн-угор тектес ежелгі компоненттері және Жетісу мен Сібірдің халаджылар, жағарлар, чаруктер, қарлұқтар, имурлер, байандұрлар тайпалар кірді. Оғыздардың этникалық қауымдастығының құрылуы ұзақ процесс болды.
9 ғасыр соңы мен 11 ғасыр басында оғыз тайпалары Сырдың төменгі ағысынан Еділдің төменгі бойына дейінгі орасан зор территорияны мекендейді. Оғыздар туралы алғашқы дерек тер 9-10 ғасырлардың басы араб деректерінде мысалы, әл-Якубидің (9 ғасыр) еңбегінде айтылады.
Орта Азия мен Шығыс Еуропаға және Орталық Азияға баратын керуен жолдарының тоғысқан жерінде жатқан Янгикент қаласы 10 ғасыр оғыз мемлекетінің астанасына айналды. Оғыз мемлекетінің халқы — түркі және иран тілінде сөйлеген. «Жабғы» атағы бар жоғарғы билеуші Оғыз мемлекетінің басшысы болған. Оғыз жабғыларының орынбасарларын Күл-еркін деп атаған. Жоғарғы билеушілер өкіметі мұрагерге — «иналамиға» — беріліп отырған. Жабғы мемлекетінде оғыз әскерінің «сюбаши» деп аталатын бас қолбасшысы маңызды роль атқарған. Оғыздар мал шаруашылығымен айналысты. Отырықшылықта қатар дамыды. Жент, Сауран, Қарнақ, Сүткент, Фараб, Сығанақ деген қалалары болды. Құл саудасы дамыды. Оғыздар мәжусилер болып, бақсы-балгерлерге табынды. Біртіндеп ислам діні де ене бастады.
Оғыз мемлекеті Еуразияның саяси және әскери тарихында маңызды орны болды. 965 жылы олар Киев Русымен одақтасып хазар қағанатын талқандайды. 985 жылы оғыз жабғысы орыс кінәздарымен бірлесіп Еділ Булғариясын талқандады. Осының бәрі оғыз мемлекетінің саяси күш-қуаты өсуіне әсер етті.
10-11 ғасырлар Оғыз мемлекеті елеулі дағдарысқа ұшырайды. Оған алым-салыққа қарсылық білдірген оғыз тайпалары көтерілістері себеп болды. Салжықтармен, қыпшақтармен болған соғыстарға шыдамай, оғыз мемлекеті 11 ғасырдың ортасында біржола құлайды. Жартысы қыпшақтардың қысымынан Шығыс Еуропа мен Кіші Азияға, жартысы Мәуереннахрдағы қарахандарға, хорасан селжұқтарына, қалғаны Дешті-Қыпшақ тайпаларына араласып кетті.
Пайдаланған әдебиет
↑ Қазақ Энциклопедиясы, 7 том, 4 бөлім
↑ Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2