Талас құрылтайы
Талас құрылтайы – 1269 жылы көктемде Шыңғыс хан ұрпақтары мен моңғол ақсүйектерінің қатысуымен болған моңғол империясының соңғы құрылтайы. Құрылтайда саяси және экономикалық маңызды мәселелер қарастырылып, сол бойынша шешімдер қабылданды.
1269 жылы Талас өзен бойындағы Құрылтайға Шыңғыс хан ұрпақтары арасындағы саяси күрестер алып келді. 1259 жылы Ұлы хан Мөңке қайтыс болғаннан кейін, оның інілері Арығбуға мен Құбылай арасында күрес басталады. Екеуі бір мезгілде 1260 жылы хан сайланып, Жетісу, Шығыс Түркістандағы билікке Шағатай ұрпақтарын отырғызады. Шағатай ұрпағы Алғудың жолы болып, ол жеке билеуші болып алады. 1264 жылы Арығбуға, 1265 жылы Алғу қайтыс болып, билікке Үгедей ұрпағы Хайду белсене араласады. 1265 – 69 жылы Хайду біршама табыстарға жетеді. 1269 жылғы Талас құрылтайына Шағатай ұрпақтарынан Барақ, Үгедей ұрпақтарынан Хайду, Жошы ұрпақтарынан Менгу Темір хан мен Беркежар қатынасады. Құрылтайда шағатайлық Барақ пен үгедейлік Хайду арасында пікір-талас болып, ақырында «…Бүгінгі күннен бастап өткен оқиғаларды еске алмаймыз, жайлау мен қыстау үшін жұртты өз арамызда әділ бөлеміз», – деген шешімге келеді. Сол шешім бойынша «Мауереннахрдың үштен екісі Бараққа, үштен бірі Хайду мен Менгу Темірге тиесілі», – деп келісімге келді. Осылайша, Талас Құрылтайының нәтижесінде Мауереннахрда Хайду мемлекеті (1269 – 1301) құрылады. Талас Құрылтайында экономикалық және салық саясатына қатысты мәселелер бойынша шешімдер қабылданады. Бұл құрылтайға дейін монғол хандары мен ақсүйектерінің жаулап алынған жерлердегі тұрғындарға қатысты саясатында екі бағыт болып келді. Бірінші бағыт – жаулап алушылардың көшпелі тұрмысын сақтау; бағынышты халықтарды үнемі талан-таражға салу; егіншілік өңірлерді мал жайылымына айналдыру болса, екінші бағыт – жергілікті үстем топпен жақындасу, отырықшы – егіншілікпен айналысатын елдердің дәстүрлеріне сүйену; талан-тараждарды тоқтатып, тұрақты салықтарды енгізу; хан билігі күшейтілген мемлекет құруды көздеді. Талас құрылтайы бұл мәселе бойынша мынадай шешімдер қабылдайды. «Болашақта таулы және далалы жерлерде тұрамыз, қалалар маңында тұрмаймыз, егістік жерлерге мал айдамаймыз, бағыныштылардан себепсіз салық жинамаймыз». Бұл қабылданған шешім екінші бағыттың үстемдікке жеткендігін көрсетті. Осыдан кейін моңғолдар жаулап алған аймақтарда әлеуметтік-экономикалық өмір қалпына келтіріле бастады. 1269 жылы Талас құрылтайы саяси жағынан алғанда Моңғол империясының ыдырап, дербес мемлекеттерге бөлінгенін заңдастырды, ал әлеуметтік-экономикалық жағынан алғанда тонаушылықтар мен бүліншіліктерді тоқтатып, жаулап алу зардаптарын жоюға, бағынышты халықтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына жол ашады.