Үстеу
Үстеу
Тілімізде қимылдың, іс-әрекеттің әр түрлі белгісін, амал-тәсілін, мекенін, мезгілін, себебін, мақсатын т. б. сипаттарын білдіретін сөздер бар. Осы топтағы сөздер үстеу деп аталады. Мысалы: Ескі Еділ ерді көрген бұрын талай (И. Б.). Бастауымен Лениннің көшті ілгері керуен (Ж. Ж.). Көзіңді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызды (Ы. А.). Жоғары-төмен үйрек, қаз ұшып тұрса сыпылдап (А). Ішім өлген, құр денем сау, Босқа үрейім жүр менің Жарамайды бекер алдау, Теңің емес мен сенің (А).
Берілген мысалдардағы бұрын, талай, ілгері, жылдам, жоғары-төмен, босқа, бекер деген сөздердің мағынасына, тұлғалық ерекшеліктеріне назар аударып қарайық. Бұрын сөзі көру іс-әрекеттің болған мерзімін, іске асу мезгілін білдіріп, қашан? деген сұраққа жауап беріп тұр (қашан көрген?). Талай сөзі көру іс-әрекетінің мөлшерін білдіріп, қанша? (немесе қалай?) деген сұраққа жауап беріп тұр (қанша көрген?). Ілгері сөзі көшу қимылының мекенін (бағытын, орнын) білдіріп, қайда? деген сұраққа жауап беріп тұр (қайда көшті?), Жылдам сөзі алғызу қимылынын амалын, сынын білдіріп, қалай? деген сұраққа жауап беріп тұр (қалай хабар алғызды?). Жоғары-төмен кос сөзі ұшып тұру қимылының әрі амалын, бейнесін, әрі мекенін білдіріп, қалай? деген сұраққа жауап беріп тұр (калай ұшып тұрса?). Босқа сөзі жүру кимылының себеп-мақсатын, амалын білдіріп, қалай? немесе қайтіп? не себепті? деген сұрақка жауап беріп тұр (қайтіп… жүр?). Бекер сөзі алдау іс-әрекстінің себебін білдіріп, қалай? деген сұраққа жауап беріп тұр (қалай алдау?).
Сөйтіп, бұл сөздердің қолданылуында мынадай ерекшеліктер байқалады. Біріншіден, мысалдардағы талданған сөздер қимылды, іс-әрекетті білдіретін сөздермен, яғни етістіктермен тіркесіп жұмсалған. Екіншіден, олар етістіктің, яғни қимылды, іс-әрекетті білдіретін сөздердің әр түрлі белгісін, қасиетін (мекенін, мезгілін, амалын т. б.) білдіреді. Бірақ сөйлемде ондай мағынада қолданылған, сөздің бәрі бірдей әрдайым үстеу бола да бермейді. Мысалы: Қан сонарда бүркітші шығады аңға, Тастан түлкі табылар аңдығанға (А). Еділ үшін етестік (М). Аспандап ұшқан қызғыш құс (М). Құсалыкпен өтті ғой Махамбеттің көп күні! (М).
Бұл сөйлемдегі қан сонарда (қашан?) шығу қимылының мезгілін, тастан (қайдан?) табылу іс-әрекетінің мекенін, Еділ үшін (не үшін?) егесу қимылының мақсатын, аспандап (қалай?) ұшу қимылының амалын білдіріп тұр. Сөйте тұрса да бұлар үстеу бола алмайды.
Сөйлемде қимыл, іс-әрекеттің, сын-сапаның әр түрлі белгілерін, сипатын, жай-күйін білдіретін, өзгертуге келмейтін, грамматикалық тұлғалармен түрленбейтін сөздерді үстеу деп атайды.
ҮСТЕУДІҢ ҚҰРАМДЫҚ ТҮРЛЕРІ.
Үстеулер құрамына қарай негізгі түбір үстеулер, туынды түбір
үстеулер және күрделі түбір үстеулер болып үшке бөлінеді.
1. Негізгі үстеулерге қазіргі кезде кұрамы жағынан түбір және қосымшаға бөлшектеуге келмейтін үстеулер жатады. Мысалы: жылдам, тез, ақырын, ерте, кеш, бұрын, жорта, жоғары, төмен,қазір т. б.
Негізгі үстеудің көпшілігіне сын есім шырайының -рақ, -рек, -ырақ. -ірек, және -лау, -леу, -дау, -деу, -тау, -теу жұрнақтары жалғана алады. Мысалы: жылдам — жылдамырақ, жылдамдау (жүр), тез-тезірек, тездеу (бер), ілгері-ілгерірек, ілгерілеу (отыр), кеш-кешірек, кештеу (кел) т. б.
2. Туынды үстеулерге жұрнақ арқылы және кейбір септік жалғауларының түбірге сіңісіп, кенеленуі арқылы жасалған үстеулер жатады.
Туынды түбір үстеу тудыратын жұрнақтар.
1) -ша, -ше: адамша (сөйлейді), балаша (күлді), бұлбұлша (сайрады), көзінше (айтты), ескіше (оқыған) т. б.
2) -лай, -лей, -дай, -дей, -тай, -тей: шикілей (әкелді), қыстай (дайындалды), осылай (жаз), ақшалай (берді) т. б.
3) -дайын, -дейін, -тайын, -тейін: (бұл -дай, -дей, -тай, -тей және -ын, -ін қосымшаларынан құралған құранды жұрнақ): тотыдайын (таранған), сұңқардайын (сыланған), бұлақтайын (саркылдап), жорғадайын (шайқалып) т. б.
4) -шама, -шеме (-ша+ма, ше+ме) және -шалық, -шелік (ша+лық, ше+лік) құранды жұрнақтар: осыншама (сөйледі), соншалық (қуанды), осыншалық (жүру) т. б.
5) -майынша, -мейінше, -байынша, -бейінше, -пайынша, -пейінше құранды жұрнақтар: айтпайынша (келмейді), оқымайынша (білмейді), тыңдамайынша (түсінбейді) т. б.
Түбірге сіңісіп, көнеленіп үстеу тудыратын септік жалғаулар:
1) барыс септіктің көнелеуінен қалыптасқан үстеулер: бірге (жүр), кешке (қайт), босқа (жүрме), зорға (көтерді), текке (ұрысты) т. б.
2) жатыс септіктің көнелеуінен қалыптасқан үстеулер: баяғыда (болыпты), аңдаусызда (сөйлеп қалды), қапыда (қалды) т. б.
3) шығыс септіктің көнелеуінен қалыптасқан үстеулер: шалқасынан (құлады), кеңінен (әңгімелесті), шетінен (біледі), тосыннан (сөйледі) т. б.
4) көмектес септіктің көнелеуінен қалыптасқан үстеулер: -жөнімен (айт), кезекпен (бар), шынымен (ойлады), ретімен
(жүрді).
3. Күрделі үстеулер екі я одан да көп түбірдің я сөздің бірігуінен, қосарлануынан, тіркесіп тұрақтануынан жасалады.
1) сөздің бірігуінен жасалған күрделі үстеулер: жаздыгуні (жаз-дың+күні), таңертең (таң+ертең), ендігәрі (ендігіден+әрі), биыл (бұл+йыл), бугін (бұл+күн) т. б.
2) Сөздердің қосарлануы мен кайталануы арқылы жасалған күрделі үстеулер: жоғары-төмен, анда-санда, жата-жастана, енді-енді, әрең-әрең, қолма-қол, бет-бетімен, қолды-қолына т. б.
3) сөздердің тіркесуі арқылы тұрақтанып қалыптасқан күрделі үстеулер: күні бугін, ала жаздай, ертеден қара кешке, қаннен қаперсіз, күн ілгері, күн ұзаққа т. б.
ҮСТЕУДІҢ МАҒЫНАЛЫҚ ТҮРЛЕРІ.
Үстеулер білдіретін мағынасына қарай мынадай түрге бөлінеді: 1. Мезгіл үстеуі. 2. Мекен үстеу. 3. Сын-қимыл (бейне) үстеу. 4. Мөлшер үстеу. 5. Күшейту (күшейткіш) үстеу. 6. Мақсат үстеу. 7. Себеп-салдар үстеу.
Қосымша мағлұмат:
1. Үстеудің емлесі
2. Үстеудің сөйлемдегі қызметі
класс