Құрмалас сөйлем
Құрмалас сөйлем
Сөйлем құрылысына қарай жай сөйлем және кұрмалас сөйлем болып екіге бөлінеді. Жай сөйлем бір ғана ойды білдіріп, бір интонациямен айтылады да, құрмалас сөйлем екі я одан да көп жай сөйлемнен құралып, күрделі ойды білдіреді.
Мысалы, Ералы, Ойқұдық үстінде жауынды бүркер сүр аспан жиі түнереді. (М. Әуезов) деген сөйлемде 9 сөз қолданылып, бір ғана ойды білдіріп тұр. Сөйлемде бір баяндауыш (не істеді?)— түнереді, бір бастауыш (не түнереді?)— аспан қолданылған, қалғандары — тұрлаусыз мүшелер: жиі (қалай түнереді?)— кимыл-сын пысықтауыш, Ералы, Ойқұдық үстінде (қайда түнереді?)— мекен пысықтауыш, сұр (қандай аспан?)— анықтауыш, жауынды бүркер (қай аспан?)— анықтауыш.
Төбесінде көзі қанталаған қарақұс отыр, іргесінде ініне жүгірген суыр ғана жүр. (3. Қабдолов) деген сөйлем екі жай сөйлемнен құрылған, өйткені бұнда екі бастауыш және екі баяндауыш бар: отыр (не істеді?)— баяндауыш, қарақұс (не отыр?)— бастауыш және жүр (не істеді?)— баяндауыш, суыр (не жүр?)— бастауыш. Сөйтіп, екі жай сөйлем кұрмаласып, күрделі бір ойды білдіріп тұр.
Екі я одан да көп жай сөйлемнен құралып, күрделі бір ойды білдіретін сөйлемді құрмалас сөйлем дейміз.
Құрмалас сөйлемнің құрамындағы жай сөйлемдер бір-бірімен өз ара мынадай жолдармен байланысады:
1. Интонация арқылы іргелес байланысады. Мысалы, Байжанның оны көруі бірінші рет еді: орта бойлы, төртбақтау, толықша, сарғылт өнділеу, қырықты алқымдап қалған жігіт екен. (С. М.) Бұл — екі жай сөйлемнен құралған: 1— сөйлемнің баяндауышы (не?)— бірінші рет еді, бастауышы (не бірінші рет еді?)— көруі, 2-сөйлемнің баяндауышы (кім екен?)— жігіт екен де, бастауышы түсіп калғаң, бірақ оны табуға болады (кім жігіт екен?)— ол. Бірак, бұл екі жай сөйлем әрқайсысы бөлек-бөлек болмай бір интонациямен айтылған: бірінші жай сөйлемнен кейін даус ырғагы көтеріңкі айтылып кідіріс ұзаққа созылмай, екінші сөйлеммен ұласып кетеді де екі сөйлемнің арасын байланыстырып, күрделі бір ойды білдіруге дәнекер болып тұрады.
2. Жалғаулык шылаулар ( кейде септеулік шылаулар) арқылы байланысады. Мысалы: Сырбай қонақтарын сол далаға онша көңілді қалыппен басқарып апара жатқан жоқ, себебі биылғы егін шығымы әлсіздеу (С. Мұқанов). Құнанбай күзеуден ерте қайтып кеткен соң, өзге елдің бәрі де дағдыдан тыс күземді ерте алып көшіп еді (М. Әуезов) деген құрмалас сөйлемдердің құрамындағы жай сөйлемдерді бір-бірімен себебі деген жалғаулық шылау мен соқ деген септеулік шылау байланыстырып тұр.
3. Құрмаластың құрамындағы жай сөйлемнін (көбіне алғашқысының) баяндауышы тиянақсыз тұлғада келіп, келесі жай сөйлеммен ұласып, кұрмаласа байланысады. Мысалы: Құрыммбайдың оқуға кетуі шын болса, ол өз ісін ойламаған жерден істеген екен (Б. Майлин) деген құрмаластың құрамындағы бірінші жай сөйлемнің баяндауышы шын болса шартты рай тұлғасында келіп, тиянақсыз болып, сөйлем бітпей, келесі жай сөйлеммен жалғасып байланысып тұр.
Құрмалас сөйлемдер байланысу тәсілдеріне қарай үш түрге бөлінеді: салалас құрмалас, сабақтас құрмалас және аралас құрмалас.
Құрмалас сөйлем құрамындағы жай сөйлемдер өз ара тең дәрежеде байланысып, әрқайсысының баяндауыштары тиянақты тұлғада жұмсалса, ол салалас сөйлем болады. Мысалы, Бұйрық нақ осылай болса керек, резервтегі күштің бәрі осы араға төгілді (Бақ.), деген құрмаластағы әрбір жай сөйлем бір-біріне бағынбай, тең дәрежеде колданылған, сондықтан жеке-жеке айтыла алады, олардың баяндауыштары осылай болса керек және төгілді тиянақты тұлғада келіп тұр.
Құрмалас сөйлем құрамындағы жай сөйлемдердің бірі екіншісіне бағына байланысып, бағынған сынарының (көбіне алғашқысының) баяндауышы тиянақсыз тұлғада келеді. Ондай құрмаласты сабақтас құрмалас сөйлем дейміз. Мысалы, Қаланың көлемі үлкен болғанмен, көп этажды үйлер сирек болатын. (3. Қабдолов) деген құрмалас екі сөйлемнен құрылған. Бірінші сыңарының баяндауышы — үлкен болғанмен тиянаксыз тұлғада, есімшенің -ған тұлғасына көмектес жалғауы жалғанып колданылған. Өйткені бұл баяндауыш тұлғасымен сөйлемді аяқтап бітіруге болмайды. Сондықтан бірінші жай сөйлем келесі екінші жай сөйлемге бағынып тұр.
Кемінде үш жай сөйлемнен құралып, олар бір-бірімен салаласып (бағынбай, тең дәрежеде) та, сабақтасып (бірі екіншісіне бағынып) та байланысатын құрмаластың түрін аралас құрмалас сөйлем дейміз. Мысалы, Әрқайсысы ашылған кітаптын, аумағындай алты қиықтан майды себелеп, қыс күнінің шуағы төгілді де, артынан-ақ бұлт бүркене ме, бозамықтанып сейіліп кетеді (С. Сматаев) деген кұрмалас төрт жай сөйлемнен кұралған. Бірінші сөйлем мен екінші сөйлем сабақтаса байланыскан, өйткені бірінші сөйлемнің баяндауышы (себелеп) көсемше жұрнақты (-п) тиянақсыз тиянақсыз тұлғада келіп, екінші сөйлемге бағынып тұр. Ал екінші сөйлем мен үшінші және төртінші сөйлемдер бір-бірімен салаласа байланысқан, өйткені олардың әрқайсысының баяндауыштары тиянақты тұлғада келіп (төгілді, бүркене ме, сейіліп кетеді), әр сөйлем бір-біріне бағынбай, жеке-жеке қолданыла аларлық қасиетте келген. Сөйтіп, жай сөйлемдер бір-бірімен әрі сабақтаса байланысып, бірі екіншісіне бағынып, соның нәтижесінде бірінің баяндауышы тиянақсыз тұлгада жұмсалып, әрі салаласа байланысып, жай сөйлемдер бір-біріне бағынбай, тең дәрежеде, соның нәтижесінде баяндауыштары тиянақты тұлғада қолданылған. Сондықтан (жай сөйлемдер әрі сабақтаса, әрі салаласа байланысатындықтан) аралас құрмаластың құрамында үш және одан да көп жай сөйлем болады.
әдебиеттер тізімін таппадым. Бұл қай жерден алынған деректер?
жазған адам көп-көп рахмет
неге бір ғана құрмалас сөилем