Садық Аюкеұлы Аманжолов

Садық Аюкеұлы Аманжолов 1885 жылы Алматы облысы, Шелек ауданы, Қаратұрық ауылында туған. Балалық шағы туған ауылында өтеді. Арманшыл әке Аюке баласынан үлкен үміт күтсе керек, оны жастайынан үлкен істерге дайындап, кесек мінез қалыптастыруына себепші болады. Садық білімге құштар болып өседі. Әкесі оны Верныйдағы (Алматы) ұлдар гимназиясына оқуға береді. Ол мектепті 1902 жылы бітірген екен. Бірақ өзінің алған білімін қанағат тұтпайды. Еліне адал қызмет ету үшін әлі де көп білім керек еді. Осыны жақсы түсінген ол Қазандағы император университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Университеттен өзіне керекті мол білім алады. 1910 жылы университетті тамамдап, елге оралады. Алғашында өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Садық Аюкеұлы 1917 жылға дейін Жетісу облысының (Аягөз, Ұржар) заң орындарында қызмет атқарады. Бұл жұмысты ол тындырымды да әділ атқарады. Кейін Ұржар уезінде қазақ комитетінің төрағасы болады. Садықтың ұлт үшін күрескен өмірінде бұл кездің орны бөлек еді. Осы жұмыста жүріп ол Алаш зиялыларымен жақын танысып, ойы ұшталып, кемелдік түседі. 1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынборда бірінші жалпықазақ сиезі өткенде, сол сиезге Садық та қатысады. Сиезге жиналған қазақ зиялыларының ұйғаруымен Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутат болып сайланады. Бұл бірінші жалпықазақ сиезіне жиналған казақ көсемдерінің Садықтың білімі мен біліктілігін бағалап, Бүкілресейлік құрылтайда қазақ халқының мүддесін қорғай алатынына сенгендігі еді. Бүкілресейлік сиезде Садықтың өз ұстанымын, ұлтының аманатын қалай қорғағаны туралы дерек жоқ. Сиезден кейінгі атқарған жұмыстарына қарағанда Алаш көсемдерінің күткен жерінен шыққаны анық. Садық Бүкілресейлік сиезден кейін «Алаш» партиясының жергілікті ұйымдарын құру ісіне араласып, мәнді әрі ауыр міндетті мойнына алады. Жетісу өңірінде Алаш ұйымдарының құрылуы мен оның қызметінің тыңғылықты жүруіне Садық Аюкеұлы бір кісідей тер төкті. Екінші жалпықазақ сиезінде Садық Ұлт Кеңесіне мүше болып сайланды. Бұл мәртебелі орын халықшыл азаматтың сенімін бекемдеп, белсенді де пәрменді қызмет істеуіне түрткі болғаны айтпасақ та түсінікті. Садық Жетісуда Алашорда жасақтарын құру ісінде ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түссе керек. Кейін Шыңжаңның Шәуешек қаласында Алашорда жасақтарын құруға жетекшілік етеді. Алашорда көсемдерінің бәрі де өздері үлгі көрсете алатын, жан-жақты жетілген кемел азаматтар еді. Бұл қасиетті Садықтан да көреміз. Ол кезінде әділ заңгер, талантты ұйымдастырушы, білікті басшы болды. Алаш әскері қатарында қолына қару алып, майданға шықты. Кеңес әскерлерімен болған шайқаста ауыр жарақат алған. Алашорда үкіметі таратылғаннан кейін кеңес үкіметі алашордашыларға біраз уақыт еркіндік бергені белгілі. Сол тұстарда (1923-1930 жылдары) Садық Аюкеұлы Аманжолов Қазак автономиялык социалистік кеңестік республикасы заң халық комиссариатында қызмет атқарады. Жасынан әлеуметтік қызметпен шұғылданған, кәсіби маман Садықтың бұл жұмысты аса тыңғылықты атқарғанында дау жоқ. Алайда елшілдік бағыт ұстанып, туған халқының азаттығы үшін күрескен азаматтың кеңестік дәуірде қайдан жолы болсын, 1930 жылдардың зобалаңы басталғанда оның да тағдыры тәлкекке түседі. Садық Аюкеұлы Қазақстаннан қуғындалады. Басында жан сауғалап Мәскеуге барады. Алайда Ресей астанасы ұзақ мекен бола алмайтынын түсініп, Бішкекке, одан Ташкентке кетеді. Ол жақта қалай өмір өткізгені туралы нақты дерек аз. 1941 жылы 5 желтоқсанда Ташкентте қайтыс болған. Ұзын да, қысқа да емес, қиындығы мен қызығы бірдей, арманға толы 56 жыл өмір сүріпті. Осы өмірінің ішінде казақ халқы үшін оның ұлттық мемлекеті — Алашорда үкіметі үшін бір кісідей үлес қосып, елеулі еңбек етеді.
Хронология
1889 жылы 28 тамызда Жетісу облысы, Верный уезі, Бақай бо­лысында (қазіргі Еңбекшіқазақ ауданы) ауқатты отбасында туған.
1898-1907 жылдары Верный ерлер гимназиясында оқып, 1912 жылы Қазан университетінің заң факультетін бітіреді.
1918 жылғы тамыз айында Лепсі қаласында өткен Алашорданың Жетісу облыстық 2-қазақ сиезінде оның облыстық кеңесіне мүше болып сайланады.
1918 жылы Шәуешекке Алаш­орда­ның Жетісу бөлімінің мүше­лерімен бірге өткен ол онда 1922 жылдың күз айларына шейін бо­лып, онда да қуғын-сүргінді көп кө­ріп, қайтадан еліне қайтады.
1923 жылы наурыз айынан бас­тап Жетісу облыстық атқару ко­мите­тінде қызмет атқарып, 1924 жылдан Жетісу облыстық сотының мүшесі болады. 1930 жылдарға ше­йін Заң халық комис­са­риатында әртүрлі қызметтер атқарады.
1930 жылы Қазақстаннан ке­тіп Мәскеу, Бішкек, Ташкент қа­лаларында жұмыс іс­тейді.
1941 жылы Ташкентте қайтыс болады.
Пайдаланған әдебиет
↑ Мұхтар Әуезов энциклопедиясы — Алматы, «Атамұра» баспасы, 2011. ISBN 978-601-282-175-8
↑ «Алаш» қозғалысы. Алматы, 2008. ISBN 9965-32-715-7

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *