Халел Ғаббасов
Халел Ғаббасов — Алашорда үкіметінің Семей облысынан сайланған мүшесі, Үкімет төрағасының орынбасары, Алаш қозғалысының көрнекті жетекшілерінің бірі, публицист, Алаш үні «Сарыарқа» газетінің кезектескен редакторы, мамандығы – физик-математик. 1888 жылдың 1 қазанында Семей қаласында, қала жатағының отбасында туған. 15.08.1901 – 2.06.1909 жылдары Семей ерлер гимназиясында оқып, оның толық 8 класын бітірген. 1910-1915 жылдары ИМН Мәскеу университетінің физика-математика факультетінде білім алып, 1915 жылғы 27 мамырдағы сынау комиссиясының қорытындысы бойынша 2-дәрежелі дипломға ие болып, №11142 дипломды 1916 жылғы 30 наурызда алады. ЖОО бітірген соң Семейде уақ-қарыз серіктігінде инспектор болып қызмет атқарады. Патша өкіметі құлаған соң ол елдегі саяси өмірге, Алаш қозғалысына белсене араласады. Уақытша үкімет тарапынан ол Түркістан комитетінің мүшелігіне тағайындалады. Алайда ол комитеттің мүшесі ретінде нақты жұмыс атқарылмайды. Ал Семей облыстық қазақ комитеті төрағасының орынбасары, облыстық земство басқармасының мүшесі, облыстық Делегаттар жиналысының мүшелігіне сайланып бұл бағытта көп жұмыстар атқарады. Әр түрлі әлеуметтік саяси жұмыстарды ұйымдастыру-үйлестіру бағытында шығып тұрады (мысалы, 1917 жылы Зайсан уезіне барды). «Қазақ» газетінен кейін Алаш үні болған «Сарыарқа» газетінің кезекшісінен редакторларының бірі болады. Онда ол ел-жұртты толғандырып, мазалап жүрген әлеуметтік-саяси жағдайды түсіндіріп, талдаған және большевиктердің озбырлық саясатын әшкерелеген өткір мақалалар жариялап тұрады. 1917 жылғы шілдеде өткен Жалпықазақтық сиезге Бүкілресейлік құрылтай жиналысының депутаттығына ұсынылады.
Халел Ғаббасовтың қазақ елдігі үшін еткен еңбегінің ең көрнектісі – оның 1917 жылғы желтоқсан айында өткен Жалпықазақтық сиезге арнайы құрылған комиссия атынан Қазақ автономиясы, милиция және Ұлт кеңесі туралы баяндама дайындап жасағаны. Осы баяндаманың негізінде сиез «… жері бірыңғай, іргелі халқы қазақ-қырғыз, қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан, өз алдына ұлттық-жерлі автономия құруға» деген тарихи қарар қабылдайды. Сиезге Халел Алашорда үкіметінің мүшелігіне Семей облысынан сайланып, кейін төраға Ә.Бөкейхановтың орынбасары міндетін атқарып, Алашорда атынан шығарылған заң-қаулыларға қол қойып отырады. Сиезге милиция жасақтау туралы баяндама жасалып, кейін сол қаулының негізінде 1918 жылы Семейде Алаш атты әскер жүздіктерін жасақтауға белсене араласады. Сол алмағайып заманда қазақ елдігін қалай аман сақтау жолында еңбек еткен басқа да алаш арыстарымен бірге Халел 1918 жылдың қазан айында Том қаласында өткен жалпы Сібір сиезіне қатысады. Сиезге Сібір автономиясы мәселесі қаралған болатын. Ондағы мақсатты Ә.Бөкейханов жақсы түсіндіреді. «Біз ойладық, әуелі Сібірге сүйеніп, тасымалдап, жалғасып көшіп кетелік, жіп жалғап, зор мемлекет күрмеуінен құтылып ап, отау болып, соңынан бөлінелік деп». Халелдің енді атқарған үлкен бір ісі – төраға Ә.Бөкейхановтың тапсырмасымен 1918 жылдың 20 наурызында автономия жөнінде И.В.Сталинмен телеграф арқылы келіссөз жүргізеді. 1918 жылы сәуір айында Ә.Бөкейханов, Ә.Ермековтермен бірге Алаш автономиясын алу жөнінде телеграф арқылы В.И.Сталинмен тағы да сөйлескен. 1918 жылғы 21 сәуірде РСФСР Халық комиссарлары кеңесі мен Ұлт істері жөніндегі комиссариятына жолдаған жеделхатында Алашорда автономиясын дереу мойындау туралы талап қояды. Бірақ жауап болмады. Кеңес тұсында саяси-қоғамдық істерден шет қалмаған. Семей облыстық кеңесі төрағасының орынбасары, Семей облыстық земство жанындағы Жер комитетінің төрағасы, Қазақ революциялық комитетінің мүшесі (VІІІ.1920) және оның Сейревлом жанындағы уақытша өкілі болады. Ақмола және Семей облыстарын Қазақстан қарамағына алу жөніндегі Қаз ОАКнің төтенше комиссиясының мүшесі (1921-1923), Семейдегі педтехникум оқытушысы, қазақ АССРның Мемлекеттік жоспарлау комитетінде және басқа да орындарда қызмет атқарды. 1930 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, 1931 жылы Мәскеу түрмесінде атылып кете барады.
Пайдаланған әдебиет
↑ Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3
↑ «Алаш» қозғалысы. Алматы, 2008. ISBN 9965-32-715-7