Мұстафа Шоқай
Мұстафа Шоқай. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, түрік халқының даңқты күрескері Мұстафа Шоқай 1890 жылы Сырдария губерниясы Ақмешіт уезіне қарасты (қазір Шиелі ауданы) Наршоқы деген жерде туған. Ауыл молдасынан хат танығаннан кейін 1902 жылы Ташкенттегі ерлер гимназиясына оқуға қабылданады. 1912 жылы Санкт-Петербург Императорлық университетінің заң факультетін бітірген. Ағылшын, француз, түрік, өзбек, орыс тілдерін білген. Студенттік жылдары империя астанасындағы демократиялық қозғалыстарға қатысады.
Мазмұны
1 Мемлекеттік Думада жұмыс істеуі
2 Мұсылмандарының IV төтенше құрылтайына қатысуы
3 Түркістан үкіметінің мүшелері
4 Түркістан автономиясының үкімет басшысына сайлануы
5 Өмірінің соңғы жылдары
6 Сілтемелер
7 Пайдаланған әдебиет
Мемлекеттік Думада жұмыс істеуі
Ақпан төңкерісіне дейін Алаш көшбасшысы Ә.Бөкейханмен бірге Ресей Мемлекеттік Думасының мұсылман фракциясында хатшы қызметін атқарады. 1916 жылғы дүрбелең кезінде Түркістан және жалпы қазақ жеріндегі бассыздықтарды әшкерелеп, Мемлекеттік Думаға арнайы құжатты мәліметтер ұсынады. Сөйтіп, осыған байланысты комиссия құруға себепші болады. 1917 жылы төңкерістер тұсында мықты Түркістан мемлекетін құру идеясын ұстанады. Ташкентте «Бірлік туы» газетін ашады. Орынбордағы Алаш қайраткерлерімен тығыз байланыс ұстайды. Алаш партиясы құрылатын бірінші жалпықазақ сиезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын екінші жалпықазақ сиезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысады. Алғашқы сиезде «Шора-и-ислам» жұмысына қатысатын 8 қазақ өкілінің бірі болып сайланады. Екінші сиезде Алашорда үкіметі — Ұлт кеңесіне Сырдария атынан кіреді. 1917 жылы Жаңа Марғұланда өткен өлкелік мұсылмандар кеңесінде қайраткер Бүкілтүркістандық мұсылмандардың құрылтайын Қоқан қаласына шақыру туралы бастама көтереді. Қарашада Қоқанда Түркістан автономиясын жариялау шарасына бастан-аяқ қатысады.
Мұсылмандарының IV төтенше құрылтайына қатысуы
Түркістан аймағы үшін осы ерекше жиын — 1917 жылы 26 қараша күні Қоқанға шақырылған өлке мұсылмандарының IV төтенше құрылтайы еді. Аталған құрылтай 26-27 қараша аралығында өтті (жаңаша ресейлік жыл санау бойынша 9-10 желтоқсан). Бұған Сырдария, Закаспий, Самарқан, Фергана, Жетісу облыстарынан 200-ден аса делегат қатысты. Олардың ұлттық құрамы да айрықша: қазақ, өзбек, түркімен, қырғыз, әзірбайжан, тәжік, орыс, украин, поляк, еврей т.б. Бұл оның халық деген ұғымды Түркістанның тарихи тағдырымен байланыста қарағанын көрсетеді.
Осы жиын делегаттары 27 қараша күні «Түркістан территориялық автономиясын» жақтап, дауыс берді. Өз атымен айтсақ — Түркістан мұхтарияты. Аталған IV құрылтай Түркістан автономиясының немесе Түркістан мұхтариятының «Халық кеңесін» (мұны бүгінгі парламентпен салыстыруға болады) сайлады. Оған 36 түркістандық (Түркістанның жергілікті халқынан шыққандар) және 18 өзге ұлт өкілдері енді. Халық кеңесінің төрағалығына — Серәлі Лапин, кеңес басшылығы құрамына — Мұстафа Шоқай, Убайдулла Хожаев, Махмұтқожа Бехбуди сайланады.
Түркістан үкіметінің мүшелері
Түркістан автономиясының Халық кеңесі үкімет жасақтауды қолға алды. Мұны олар «уақытша үкімет» деп белгіледі. Сонымен Түркістан үкіметінің мүшелері мына тұлғалар: Мұхамеджан Тынышбайұлы — Үкімет төрағасы және ішкі істер министрі; Мұстафа Шоқай — Ұлттық кеңес төрағасы және сыртқы істер министрі; Шаһислам Шахиахметов Үкімет төрағасының орынбасары және қаржы министрі; Әбдірахман Оразайұлы — кейінгі ішкі істер министрі; Үбайдулла Хожаев — әскери істер министрі; Насырхан төре — халық ағарту министрі; Мірәділ Мырзахметов — әлеуметтік істер министрі; Хидаятбек Юрғули Ағаев — ауылшаруашылығы министрі; Әбитжан Махмұт — азық-түлік министрі; Саломон Гердфельд — азшылық ұлт өкілдерінің министрі. Осы кезде М.Шоқай бастаған зиялылар азшылық ұлт өкілдері көшбасшыларына ғасырлар бойы азаптанған Түркістан тағдырына және шөре-шөре болып қалған өз тағдырына ақыл көзімен қарауды сұрады. Осыған байланысты кейін бір еңбегінде Мұстафа 1917 жылы Петерборда болған бір пікірталасты есіне алыпты. Мәселе мынада екен, Уақытша үкімет Түркістанға жұмыс күшін апару жайын қарайды. Сонда түркістандықтар жағдайды ушықтырмау үшін алдағы 25 жылда өлкеге жұмысшыларды әкелуді сұраған. М.Шоқай ондай күш қажет болса, «орыстардың орнына татар мен башқұртты жіберу» мәселесін күн тәртібіне қояды…
Ал енді М.Шоқай түркістандықтардан тек жақсылық көрді деу де ақылға сыйымсыз. «Бірлік туы» газетіне 1918 жылы 18 наурызда жарияланған «тау арасынан» жасырын жолданған әйгілі хатында оны Гаухана, Маймүбәрак, Құмбаста сарттары қалай өлтіре жаздағаны жазылған. Түркістан автономиясын қырған большевиктік қара күш пен жергілікті бағдарсыз оспадар күштің айырмасы шамалы еді.
Түркістан автономиясының үкімет басшысына сайлануы
1918 жылы қаңтарда Түркістан автономиясының алғашқы үкімет басшысы М.Тынышбаев өз еркімен жұмыстан босағанда, М.Шоқай осы қызметке сайланады. Большевиктер бұл автономияны ақпанда қанды қырғынмен таратты. 1918 жылы қыркүйекте қайраткер Самарада бас қосқан Ресейдің азаттық жолындағы күрескерлерінің Құрушы мәжілісіне (Комуч) қатысады. 1919 жылы ақпанда Түркістан мемлекеті бағдарын одан әрі қозғау үшін Бұхар әмірлігі мен Закаспийдегі ағылшын корпусы басшылығымен келіссөзге Ашхабатқа келеді. Сол жылы Баку мен Тифлисте сәл аялдап, (гүржі жерінде «Яни дүния», «Шафак» атты газеттер шығарысып, «Вольный горец» басылымына атсалысады) Стамбулға аттанады.
Өмірінің соңғы жылдары
Түркия арқылы алғаш Германияға, сонан соң Францияға барып орнығады. Эмиграцияда «Жаңа Түркістан», «Жас Түркістан» журналдарын шығарып, кеңестің озбыр саясаты туралы зерттеулер жазады. Қайраткер 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлинде жұмбақ жағдайда қайтыс болады.
Пайдаланған әдебиет
↑ «Алаш» қозғалысы. Алматы, 2008. ISBN 9965-32-715-7
↑ Қазақстанның қазіргі заман тарихы: Жалпы білім беретін мектептің 9-сыныбына арналған окулық. 2-басылымы, өңделген. Жалпы редакциясын басқарған тарих ғылымының докторы, профессор Б. Ғ. Аяған. Алматы: Атамұра, 2009. ISBN 9965-34-933-9