Фрунзе
Михаил Васильевич Фрунзе — (2.2.1885, Бішкек қаласы, қазіргі Қырғыз Республикасы — 31.10. 1925, Мәскеу қаласы) — революционер, саяси және әскери қайраткер, соғыс теоретигі. Ол әскери фельдшер отбасында дүниеге келген. Фрунзе 1904 ж. Верный қаласындағы (қазіргі Алматы) ер балалар гимназиясын алтын медальмен бітіріп, Петербургтің политехникалық институтына оқуға түсті.
Көп кешіікпей РСДЖП қатарына кіріп, астыртын партиялық қызмет атқарды. 1905 жылы Иваново-Вознесенск ереуілін басқарды. 1906 жылы сәуірде РСДЖП 4-ші (Бірігу) съезіне делегат болды, сонда В.И. Ленинмен кездесті. Иваново-Вознесенск, Шуя ауданында ұйымдастыру және насихат жұмысын жүргізді.
Революциялық қызметі үшін М.В. Фрунзе бірнеше рет тұтқынға алынып, екі рет өлім жазасына кесілді, кейіннен ол он жыл каторгамен алмастырылады. Каторгадан 1915 жылы қашып шығады. 1916 жылдан бастап Батыс майданда революциялық жұмыс жүргізді, Минскіде 3-ші және 10-ші армиялардағы астыртын большевиктік ұйымды басқарды.
Ақпан революциясынан кейін Минск халық милициясының бастығы. Батыс майдандағы солдат комитетінің, Минск Советі аткомының мүшесі. 1918 жылы Иваново-Вознесенск губерниялық аткомының және губерниялық партия комитетінің председателі, губерниялық әскери комиссары. Июльде Москвада болған Советтердің Бүкіл россиялық. 5-съезінің жұмысына және оңшыл эсерлердің контрреволюциялық бүліншілігін басуға қатысты.
1918 жылы тамыздан Ярославль соғыс округының әскери комиссары, 1918 жылы 26 желтоқсаннан 4-армияның қолбасшысы болды. М.В. Фрунзе 1919 жылы В.И. Лениннің ұсынысымен Шығыс майданның оңтүстік тобының, ал 13 шілдеде Шығыс майданның қолбасшысы болып тағайындалды. Оның басшылығымен оңтүстік топ әскерлері Колчактың басты күштеріне қирата соққы берді.
М.В. Фрунзе 1919 жылы 15 тамыздан Түркістан майданына қолбасшылық етіп, Оңтүстік Оралды алып, Түркістанға жол ашты. Кешікпей анненковшылар мен дутовшылардың қалдығы Жетісудан түгелдей қуылып, тазартылды.
1920 жылы 21 қыркүйекте ол Оңтүстік майданның қолбасшысы болып тағайындалды. 16 қарашада Врангель толық талқандалды.
1920—1924 жылы М. В. Фрунзе Украина және Кырымдағы әскерлердің қолбасшысы, УССР Халкомсовы председателінің орынбасары, УК(б)П ОК Саяси Бюросының мүшесі.
1924 жылы наурыздан СССР Революциялық-Әскери Кеңесі төрағасы орынбасары және Соғыс-Теңіз істері халкомының орынбасары, ал апрельден Жұмысшы-Шаруа Қызыл Армиясының штаб бастығы, кейіннен Әскери Академияның бастығы болды.
1925 жылы 26 қаңтардан СССР Революциялық-Әскери Кеңесі төрағасы, ал ақпаннан Еңбек және Қорғаныс Кеңесінің мүшесі.
М.В. Фрунзе барлық сайланған БОАК мүшесі, 1921—1925 жылдары РК(б)П ОК мүшесі, 1924 жылдан ОК Саяси Бюросының мүшелігіне кандидат болды. 2 рет Кызыл Ту орденімен, Құрметті революциялық қарумен наградталды.
Қызыл алаңда жерленген.
Қырғыз ССР-інің астанасына, Әскери академияға, Совет Армиясының Орталық Үйіне тағы басқаларға Фрунзе есімі берілген.