Көсемше

Көсемше
Көсемше де етістіктің ерекше түрі. Есімше сияқты көсемше де сөйлемде екі түрлі мәнде, екі түрлі қызметте қолданылады. Бірде жіктеліп келіп, немесе күрделі етістіктің негізгі етістік сыңары көсемше тұлғасында келіп, көмекші етістік жіктеліп, қимылды, іс-әрекетті шақка байланысты білдіреді де, сөйлемнің баяндауышы қызметін атқарады.

Мысалы: Қоранның төбесі ашылып қалыпты (М. Ә.)— Анау өрмекшіні көресің бе, не істеп жүр?— Көремін, өрмек тоқып жүр (Ы. А.). Берілген сөйлемдердегі ашылып қал-ып-ты, көр-е-сің, көр-е-мін деген етістіктер көсемше тұлғасында (-ып, -е жұрнақтары) жіктеліп келіп (3-жақта -ты, 2-жақта -сің, 1-жақта -мін), іс иесінің қимыл-әрекетін белгілі шаққа байланысты білдіреді: төбесі (яғни ол 3-жак) ашылып қалыпты — өткен шақ, сен (2-жақ) көресің — ауыспалы осы шақ, мен (1-жақ) көремін — ауыспалы осы шақ. Сондай-ақ сөйлемдегі ашылып қалыпты, не істеп жүр, тоқып жүр деген күрделі етістіктердің алдыңғы негізгі етістік сыңары да көсемше тұлғалы етістіктер іс иесінің қимыл-әрекетін білдіріп тұр, қимылдың негізгі мәнін осы негізгі етістіктер (ашылып, тоқып, істеп) білдіріп тұр, көмекші етістік (қалыпты, жүр) жанағы негізгі қимылдың шағы (біріншісі — өткен шақ: қалыпты, оны білдіріп тұрған -ып көсемше жұрнағы, екінші мен үшіншісі — нақ осы шақ) мен қимыл иесінің жағын (үшеуі де 3-жақ — ол) білдіріп тұр. Бұл — көсемшенің етістікке қатысты сипаты.
Көсемше сонымен бірге кейде қимыл, іс-әрекеттің тура өзін білдірмей, оның амалын, сынын, себебін, мезгілін, болу мақсатын білдіріп, үстеу мәнінде де жұмсалады. Мысалы: …Түбімнен қатты ұрып, жемісімді жерге түсіріп алып жейді (Ы. А). Абай да Жұмабай да қызыға тыңдасты (М. Ә.). Төл үйдің пешін жапқалы Назыкеш төбеге шығып еді (Ғ. М.). Бірақ көзінде жайнай жанған от білінді (М. Ә.). Берілген сөйлемдердегі түсіріп алып, қызыға, жапқалы, жайнай деген көсемше тұлғалы етістіктер кимылдың, іс-әрекеттің нақ өзін емес, оның (қимылдың) амалын, сынын, мақсат-себебін білдіріп тұр: қалай жейді?— түсіріп алып, қалай тыңдасты?— қызыға, неге, не мақсатпен шығып еді?— жапқалы, қалай жанган?— жайнай.
Сөйтіп, бірде жіктеліп келіп немесе күрделі етістіктің құрамында (негізгі етістік болып) қимыл, іс-әрекетті білдіріп, енді бірде қимыл, іс-әрекеттің өзі емес, оның әр түрлі сипатын, амал-сынын, себеп-мақсатын, мезгілін білдіріп, екі түрлі мәнде (бірі етістік мәнінде, екіншісі үстеу мәнінде) қолданылып, екі түрлі қызмет атқаратын етістіктің ерекше түрін көсемше дейміз.
Қосымша мағлұматтар:
1. Көсемшенің жасалуы мен түрлері
2. Көсемшенің сөйлемдегі қызметі

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *