Есімшенің сөйлемдегі қызметі
Есімшенің сөйлемдегі қызметі
Есімше әрі есім, әрі етістік мәнінде қолданылатындықтан, ыңгайына карай сөйлемнің барлық мүшесінің қызметін атқара алады.
1. Есімше жіктеліп келіп, сөйлемнің баяндауышы қызметін атқарады. Мысалы: Қазақтың қай нәсілден тарағанын Білерсің басқа сөздің жарағанын (М. Дулатов). Екеуі де жарытып, тіс жарып сөйлемейтін (М. Ә.) Берілген сөйлемдердегі білерсің (сен не істерсің?) II жақта, сөйлемейтін (екеуі не істейтін?) III жақта келіп сөйлемнің баяндауышы болып тұр.
2. Есімше зат есіммен тіркесіп келіп немесе ілік септікте тұрып анықтауыш қызметін атқарады. Мысалы: Көшкен ауылды іздеп табалық (Ы. А.). Айтқанның аузы жаман, көргеннің көзі жаман (мәтел). Берілген сөйлемдердегі көшкен (қай ауылды?), айтқанның (кімнің аузы?), көргеннің (кімнің көзі?) деген есімшелер анықтауыш болып тұр.
3. Есімше атау септікте тұрып заттанып, бастауыш қызметін аткарады. Мысалы: Үнсіз күліп тұрған — бағанағы шәкірт бала (М. Ә.). Баланың қытығына тиетіні — осы жері (М. Ә). Берілген сөйлемдердегі күліп тұрған (кім шәкірт бала?), қытығына тиетіні (не осы жері?) деген есімшелер адам және зат мәнін білдіріп, бастауыш болып тұр.
4. Есімше атау мен іліктен басқа септіктердің бірінде тұрып толықтауыш қызметін де атқарады. Мысалы: Ұялғанды, жауап айтпағанды кешірмейтін әке мінезі Абайға мәлім (М. Ә.). Берілген сөйлемде ұялғанды, жауап айтпағанды (нені кешірмейтін?) деген есімшелер табыс септікте жұмсалып, толықтауыш болып тұр.
5. Есімше барыс, жатыс, шыгыс, көмектес септіктерінің бірінде тұрып немесе шылау сөздермен тіркесіп пысықтауыш кызметін де атқарады. Мысалы: Білмекке кетті көңілі жөнін сұрап (Ы. А.). Осыны сезген сайын Абай тоқтаусыз жыр тереді (М. Ә.). Берілген сөйлемдердегі білмекке (не үшін я не мақсатпен кетті?) барыс септіктегі және сезген сайын (қашан жыр тереді?) деген септеулікпен тіркескен есімше пысықтауыш болып тұр.