15-16 ғасырлардағы Қазақ-Қырғыз қарым-қатынасы
15-16 ғасырлардағы Қазақ-Қырғыз қарым-қатынасы
ХҮ-ХҮІ ғасырлардағы Қазақстан мен Орта Азия тарихы маңызды тарихи оқиғаларға толы болды. Осы кезеңде Қазақстанда моңғол ұлыстары ыдырап Қазақ хандығы құрылса, Орта Азияның батыс бөлігінде Темір мемлекетінің орнына Шайбани тұқымдары билік басына келді, ал шығыс бөлігінде Моғолстан хандығының орнында қырғыз бірлестігі пайда болған еді.
ХІҮ ғасырда қырғыз тайпалары Алтайды мекендей отырып Моғолстан мемлекетінің құрамында болып келді. Алтайды мекендеген қырғыздар ХІҮ-ХҮ ғ.ғ. мұсылман авторларының деректерінде «моғол» немесе «шағатай» сияқты ортақ терминдермен аталып келген. Мұның өзі қырғыздардың этникалық тарихын оқып білуде қиындықтар туғызды.
Тарихи деректерде 1389 жылы Әмір Темірдің Моғолстанға жорығы кезінде Іле-Ертіс аралығында ХҮІ-ХҮІІ ғ.ғ. қырғыз халқының құрамына кірген бұлғашы тайпасы талан-таражға салынғандығы туралы айтылады (1, 101-111 б). Орта ғасырлық тарихшы Сайф ад-дин Ахсикендидің «Маджмуат-тауарих» атты шығырмасында Темір әскері қырғыздардың негізгі үш бірлестігінің барлығын (бұлғашы, оң және сол қанат) тұтқындап Самарқантқа алып кеткен және олар сол жақтан әр тарапқа қоныстанған дейді.Алтайдағы қырғыздар осы уақыттарда Жошы ұлысының шығысын билеген Шайбани тұқымдарының Әмір Темірге қарсы күресіне көмек көрсетіп отырған (5, 400-б).
Тарихи деректерде 1399-1400 ж.ж. Әмір Темірдің немересі Ескендірдің Моғолстанға тонаушылық жорығы кезінде Тянь-Шань маңында немесе Алтайда тұтқынға түскен Моғолстан қырғыздары туралы жазылады (3, 158-б) .
1407-1410 ж.ж. Ақ Орда билігіндегі Болат хан Ақ Орданың шығыс шекарасындағы қырғыздарды тонаушылық жорықтары үшін жазаламақ болады. Осы оқиғаға байланысты қырғыздар шығыс тарихшыларының назарына қайта ілігеді. Болат хан қырғыздарға жорық жасап, жеңіске жетіп қырғыздарды Ақ Орданың шығыс аудандарынан қуып тастайды да бұл аудандарды қорғауды барин тайпасының билеушілеріне тапсырады (2, 25-б). Осы ХҮ ғасырдың басындағы қырғыздардың Ақ Орда хандарымен күрделі қарым-қатынастары туралы мәліметтер «Манас» эпосында және «Маджму ат-тауарих» шығармасында да кездеседі. Болат, маңғыт Жаңбыршы, Сарай-Мамай сияқты Ақ Орда билеушілері қырғыздардың қарсыластары болса Тоқтамыс хан қырғыздармен одақтаса отырып Әмір Темірге қарсы шыққан.
ХҮІ ғасырда қырғыз халқының құрамында болған, ХҮ ғасырда Моғолстан аумағында өмір сүрген бұлғашы, барин, бекжак (бекчик), қалушы сияқты тайпалар туралы Мұхаммед Хайдар Дулати да жазған (4, 109-б) . Мұхаммед Хайдар мырза бұдан ары ХҮ ғасырдағы Моғолстан ханы Есен-Бұғаның билігіне наразылық білдірген барин және чорас тайпаларының Амасанжы тайшы басқарған қалмақтарға кеткендігі туралы, ал қалушы және бұлғашы тайпаларының Дешті Қыпшақтағы Әбілқайыр ханға қосылғандығы туралы жазады (4, 110-б) . Бірақ бұл тайпалардың көпшілігі түркіленген монғол тайпалары еді және олар бұл кезде әлі қырғыз халқының құрамына кірмеген еді.
1770 жылы жазылған Қытайдың «Сиюй Чжи» («батыс өлкені суреттеу») қолжазбасы 330 жыл бұрын, яғни ХҮ ғасырдың ортасында қырғыздардың бір бөлігінің бей-берекетсіздіктен қашып Тянь-Шань тауларынан пана тапқандығы туралы айтады. Бұл қырғыздардың бір бөлігінің Тянь-Шаньға қоныс аударуы туралы жазылған ең алғашқы дерек болып табылады (5, 431-б).
ХҮ ғасырдың 70 жылдары Моғолстанның солтүстігін Іле сыртындағы аудандардан келіп қоныстанған Амасанжы тайшы басқарған Ойрат тайпалары алып жатқан еді. Осы кездері моғолдарды Ақсудан Моғолстанға көшіріп келген Жүніс хан (1468-1487 ж.ж. билік құрған) Іле маңында осы Ойраттармен соғысып жеңіліп қалады. Жүніс хан бұл жеңілістен кейін бүкіл моғол ұлысымен Түркістанға ауып кетеді (4, 118-б) . Ал Жетісудағы қазақ тайпалары 1468 жылдан кейін Дешті Қыпшақ далаларында көшіп жүрген еді.Ойрат тайпалары Іле сыртындағы өз мекендеріне кеткен соң солтүстік Қырғызстан аумағында ХҮ ғасырдың 80 жылдары қырғыз тайпаларының басым көпшілігін құраған этносаяси бірлестік құрылған.
ХІҮ ғасырда Алтайды мекендеген қырғыздардың солтүстік Тянь-Шаньға қашан және қалай шоғырланғандығы туралы деректер бізге жетпеген. В.В. Бартольд қырғыздар бұл жерге ойраттармен бірге келіп қоныстанған дейді(6, 514-б). Бұл бірлестіктің басында 1484 жылы Жүніс ханның екінші ұлы Ахмет хан тұрған(5, 406-б). Мұхаммед Хайдар Ахмет хан Моғолстандағы моғолдарды тұтас бағындыру үшін он жылдай уақыт керек болды дейді. Мұхаммед Хайдар одан ары Моғолстанда Ахмет ханға қарсы ешкім тұра алмады, ол бірнеше рет қалмақтарға (ойраттарға) жорық жасап жеңіске жетті дейді. Қалмақтар одан қатты сескеніп, онымен есептесетін болған. Олар Ахмет ханды «Алашы» хан деп атады. Ал моғолша «Алашы»-«өлтіруші» деген сөз. Моғолдар оны сұлтан Ахмет хан десе, басқа тайпалар «Алаша» хан деді. Осы оқиғалардаан кейін Ахмет хан өзбек-қазақтарға үш рет шабуыл жасап жеңіске жетті. Қазақтар мұның ағасы сұлтан Махмұд ханға не істесе, бұл да (Ахмет хан) солай өшін алды (4, 144-б) . Моғол ханы сұлтан Махмұд (Ахмет ханның ағасы) мұның алдында екі рет қазақтармен соғысып, жеңілген болатын. 1504-1505 жылдары Ахмет ханның өлімінен кейін оның мұрагерлері арасында таққа талас басталды. Бұл күрес нәтижесінде Ахмет ханның үлкен ұлы Мансұр ханнан інілері Халил сұлтан мен Сайд сұлтан бөлініп қырғыздарға қашып барған. Мұхаммед Хайдардың айтуына қарағанда қырғыздар Халил сұлтанды өз билеушілері етіп сайлаған. Қырғыздардың тәуелсіз мемлекет құру ниетін байқаған Мансұр хан оларға қарсы шығып, шешуші шайқас 1508 жылы Шарын-Шелек деген жерде болды. Бұл соғыста мансұр хан жеңіске жетіп қырғыздардың едәуір бөлігін Қашқар мен Тұрфанға алып кетеді. Қырғыздардың көпшілігі Мансұр ханның қолынан қаза тауып, аз ғана бөлігі солтүстік Тянь-Шань өңіріне қайта оралған. Ағасы Мансұр ханнан жеңілген Халил сұлтан Ферғанаға қашып барып, сол жақта жергілікті билеуші Жәнібектің қолынан қаза табады. Сайд сұлтан Шығыс Түркістанға келіп билік үшін күресті қайта жалғастырды(4, 147-145 б).
ХҮ-ХҮІ ғасырлардағы Қазақ хандығына келер болсақ ол бірте-бірте нығая берді. ХҮ ғасырдың 50-60 жылдарында солтүстік батыс Моғолстан аумағында Қазақ хандығының құрылуы қазақ халқының тарихи тағдыры үшін ғана маңызды болған жоқ. Ол Тянь-Шань төңірегіндегі қырғыздар, Шығыс Түркістандағы ұйғырлар үшін де, яғни тұтас алғанда Моғолстан халықтары үшін де зор рөл атқарды. ХҮІ ғасырда Қазақ хандығы күрделі этникалық мемлекеттік құрылым болды, оның ішкі өмірінде аймақаралық-экономикалық және мәдени байланыстардың нығаю процесі жүріп жатты. Сонымен қатар жер аумағы кеңейтіліп, шектес халықтармен сауда және саяси байланыстар жандандырыла түсті. ХҮ-ХҮІ ғ.ғ. шебінде Қазақ хандығының нығаюы, қазақ халқының құрамындаҰлы жүздің этникалық қалыптасуының аяқталуы, қырғыз халқының қалыптасуы Жетісу мен Тянь-Шань төңірегіндегі аумақта моғол билеушілерінің үстемдігін біржола жойды, сөйтіп, іс жүзінде, Моғолстанның ыдырауына, оның халықтарының: Қырғызстанда қырғыз, Шығыс Түркістанда ұйғыр дербес мемлекеттерінің қалыптасуына жеткізді.
ХҮ-ХҮІ ғ.ғ. Тянь-Шань аумағындағы қырғыздарға келер болсақ, ХҮІ ғасырдың басына қарай қырғыз халқының этникалық құрамы әбден тұрақтанған еді. Осы ХҮІ ғасырдың басынан бастап қырғыздар Моғолстан мен көршілес Қазақ хандығының саяси өміріне және Қырғыстан аумағындағы саяси оқиғаларға өз атымен белсене қатысады.
ХҮІ ғасырдағы қырғыз халқының тарихында Қазақ хандығы маңызды рөл атқарды. Моғол хандығының құрамында болып келген қырғыздар ХҮІ ғасырдың басында Қазақ хандығымен бірге моғол үстемдігіне қарсы күресе отырып тәуелсіздікке қол жеткізіп, Мұхаммед қырғызды өз билеушілері етіп жарилаған еді. Бұдан кейінгі тарихи оқиғалар барысы көрсеткендей Мұхаммед қырғыз, қырғыз мемлекеті тарихындағы көрнекті тұлға болған еді. Тянь-Шань, Ыстықкөл өңірлеріндегі қырғыз мемлекетінің негізін қалаушы Мұхаммед қырғыз, сірә, қырғыз аңыздарындағы Тағай би болса керек. Аңыз бойынша Тағай би Иреше ханның (ХҮІ ғасырдағы Моғолстан билеушісі Рашид хан) тұтқынында болған. Мұхаммед қырғыз басқарған қырғыз бірлестігі 1514 жылы Моғолстан билеушісі Сайд сұлтанның Қашқарды басып алуына үлкен көмек көрсеткен(4,355-356 б). Осы себептен қырғыздар мен моғолдар арасында бірнеше жылға созылған бейбіт қатынастар орнайды. Мұхаммед қырғыздың әскерлері Шайбани ұрпақтарының билігінде болған Түркістан, Сайрам, Ташкент пен Андижанға жорықтар жасап отырған. Мұхаммед қырғыз осындай жорықтардың бірінде Шайбани ханның туысы Абдолланы қолға түсіріп,артынша босатып жібереді. 1517 жылы сол кездегі Моғолстан билеушісі Сайд хан Мұхаммед қырғыз Шайбанилермен құпия одақ жасады деген жаламен қырғыздарға жорық жасап, Ыстықкөл маңындағы Барскун деген жерде болған шайқаста жеңіске жетеді. Тұтқынға түскен қырғыздарға кешірім жасалып, Мұхаммед қырғызды тұтқындап өздерімен бірге Шығыс Түркістанға алып кетеді.Мұхаммед қырғыз бес жыл моғолдардың қолында тұтқында болған. Мұхамед Хайдардың айтуына қарағанда Сайд хан қырғыздарды мұсылман қалаларын тонағаны үшін жазаламақ болған(4, 390-б).
Сайд хан Моғолстанды өзіне түпкілікті қарату үшін 1522 жылы Мұхаммед қырғызды тұтқыннан босатып, үлкен ұлы Абд ар-Рашид сұлтанмен бірге Моғолстанға жібереді. Бірақ Абд ар-Рашид сұлтанның бұл аймақтағы билігі ұзаққа созылмады. 1524 жылы Моғолстанға ноғайлар мен өзбектерге қарсы күресте одақтас іздеп қазақ ханы Тахир (1523-1532 ж.ж.билік еткен) келген еді. Моғолстанға қазақтардың келуінен қауіптенген Абд ар-Рашид сұлтан өз жұртымен Қашқарға қайта оралады. Қошқар деген жерде Тахир хан Сайд ханмен кездесіп қазақтар мен моғолдар арасында формальды одақ жасалады(4, 413-б). Тахир хан дәл осы уақытта(1524 ж) Мұхаммед қырғызбен де бірігіп қимылдау туралы жасырын келісөз жүргізді. Бұл келісөз нәтижесінде моғолдар мен шайбанидтерге қарсы қазақ-қырғыз одағының негізі қаланған еді.Қырғыздар мен қазақтар арасындағы байланыс туралы естіген Сайд хан Мұхаммед қырғызды қайтадан тұтқындап Қашқарға алып кетеді. Мұхаммед қырғыз тұтқыннан 1533 жылы Сайд хан қайтыс болған соң бірақ босатылған(5, 414-б). Осыдан кейін қазақтар мен моғолдар арасындағы қарым-қатынас шиеленісіп кетеді де қырғыздардың едәуір бөлігі Тахир ханға келіп қосылады. Ал моғолдар осы кезден бастап Шығыс Түркістанға көше бастайды. Тахир хан 1527 жылы Атбашыға келіп қалған қырғыздарды өзіне қосып алады.
1533 ж. Сайд хан қайтыс болған соң Моғол тағына отырған Абд ар-Рашид хан Қырғыстан мен Оңтүстік Шығыс Қазақстан аумағында моғол билігін орнату үшін Мауераннахр билеушісі шайбанид Убайдолла ханмен одақтасып қазақтар мен қырғыздарға бірнеше ірі жорықтар жасайды. Моғол феодалдары мен шайбанидтердің агрессиялық жорықтарына қазақтар мен қырғыздар қазақ ханы Хақназардың басқаруымен бірлесе отырып күрес жүргізеді. Хақназар хан тарихи деректерде қазақтар мен қырғыздардың патшасы деп аталған. Қырғыз феодалдары түрік-моңғол дәстүрі бойынша Мұхаммед қырғыздың өлімінен кейін қазақ хандары Тахир, Хақназар және олардың мұрагерлерінің билігін мойындаған. Моғолдар мен шайбанидтердің кейбір жекелеген жеңістеріне қарамастан Оңтүстік Шығыс Қазақстан мен Қырғызстанды жаулап алу ниеті іске аспады. ХҮІ ғасырдың бірінші жартысында қырғыз феодалдары моғол үстемдігіне қарсы күресте қазақ хандығынан қолдау таба отырып, қазақ хандарының Сыр бойындағы сауда орталықтары үшін Шайбанидтермен жүргізген күресіне барынша көмек көрсетті (5, 448-б). ХҮІ ғасырдың екінші жартысында қырғыз феодалдарың Шайбанидтерге қарсы әрекеттерін қазақ ханы Хақназардың саясаты негізінде жүргізді. Хақназар ХҮІ ғасырдың 70 ж.ж. Шайбанид Абдолла хан мен Ташкент билеушісі Баба сұлтан арасындағы күресті өз пайдасына шешу мақсатында бірде Абдолла ханды қолдаса, енді бірде баба сұлтанды қолдап отырды. Хақназар ханнан кейін қазақ-қырғыз одағының басына қартайған Шығай хан келді(1580-1582 ж.ж). Шығай хан өзінің баласы Тәуекелмен бірге Хақназар ханның саясатын жалғастырды. 1582 жылы Шығайдан кейін хан болған Тәуекел қазақ-қырғыз қолдарының күшімен Ташкент, Түркістан, Андижан және Сайрам қалаларын басып алған.
ХҮ-ХҮІ ғ.ғ. Қазақстан мен Орта Азия тарихы туралы жазылған тарихи деректер осы кезеңдерде қазақтар мен қырғыздар арасындағы қарым-қатынас негізінен достық-одақтық сипатта болғандығын көрсетеді. Осы кезеңдерде жазылған тарихи деректердің басым бөлігі отырықшы қала мәдениеті дамыған, Шайбан әулеті билеген Мауераннахрда немесе Моғол мемлекетінде жазылғандықтан моғолдар мен шайбанидтердің қазақ- қырғыздармен соғыстарын әсірелеп көрсету басым болды. Бұл деректердің авторлары Шайбанидтер мен моғол феодалдарының қызметіндегі адамдар еді.
Түркі халықтары арасында этникалық байланыстары жағынан қазақ халқына ең жақын халықтардың бірі қырғыздар болды. Мұны кезінде көптеген зерттеушілер атап өткен болатын. Бірақ қазақ-қырғыз халықтарының арасындағы этникалық байланыстар туралы мәселе көп уақыт бойы екі халықтың ортақ этнонимдерін анықтаумен шектеліп келді. Қазақ және қырғыз халықтарының арасындағы этникалық байланыстарды неғұрлым тереңдете зерттеген ғаламдардың қатарына С. М. Абрамзон, К. И. Петров және И.Б. Молдабаевтарды жатқызуға болады. Қырғыздың белгілі ғалымы И.Молдабаевтың айтуына қарағанда қырғыз бен қазақ арасында тек атаулары бойынша сәйкес келетін ру-тайпалардың өзі оннан асады. Бұлардың қатарына қыпшақ, қоңырат, найман, жәдігер, қатаған, дулат, ноғай, алшын(алақшын), сары, сары үйсін, абақ, таздар, итемген, ағынай, балықшы, қызыл-құрт және т.б. ру-тайпалар жатады. Қазақ және қырғыз халықтарының арасындағы этникалық байланыстар туралы бірден-бір тарихи дерек көзі батырлар жыры болып табылады. Қырғыз тарихшысы И. Молдабаев қырғыз халқының эпостық жырлары Манасты және «Жаныш пен Байыш» эпостарындағы қазақ және қырғыз халықтарының этникалық байланыстарын зерттеп анықтаған болатын/7, 11-24 бет/.
Қырғыз халқының «Манас» эпосында өзге халықтарға қарағанда қазақ халқы жиі еске алына отырып туыс халық ретінде көрсетіледі. «Манас» эпосының Сағымбай нұсқасы бойынша қазақтар Алтайда қырғыздармен көршілес өмір сүрген. Эпоста «қазақ» этнонимімен қатар қазақ халқының құрамындағы көптеген ру-тайпалардың атаулары да кездеседі. Мысылы: «Манастың әкесі Жақып Манас туылардан бұрын көптеген халықтарды шақырып, олардың арасында алшындар мен абақтар да айтылады. Қазақ ханы Көкшенің ордасындағы Көкше мен Әбілмамбет арасындағы талас-тартыс туралы эпизодта Кіші жүз бен Орта жүз тайпалары арғындар, наймандар, қоңыраттар және жағалбайлылар туралы сөз болады. Сонымен қатар эпостың Сағымбай нұсқасында Манас Сайқал есімді қызбен жекпе-жекке шығатын эпизодта көптеген халықтармен қатар дулаттар да айтылған/9, 46 бет/. Ал дулат тайпасы қазақ халқының Ұлы жүзінің құрамындағы ең ірі тайпа бола отырып, кейінгі орта ғасырларда Моғолстан мемлекетінің саяси өмірінде белсенді рөл атқарған/4, 72 бет/. Рашид-ад дин, Ш. Уалиханов және В. В. Бартольд Дулаттарды моңғол тектес тайпа десе, Н. Аристов, М.Ф. Катанов, Р.Г. Кузеев, В.В. Востров, М.С. Мұқанов және т.б. көптеген зерттеушілер бұл пікірді жоққа шығырды/11, 36 бет/
Дулат этнонимі қырғыздардың рулық құрылымында да кездеседі. Қырғыздың Саяқ тайпасының құрамында қайдулат руы мен дулат бөлімі болған, ал құсшы тайпасының арасында меңдулат руы болған. Бұл рулардың белгілі дәрежеде қазақтың дулат тайпасымен және орта ғасырлардағы дулаттармен өзара байланысы бар. Бұл жерде қазақтың дулат тайпасымен қырғыздың құсшы тайпасының таңбаларының ұқсастығы назар аудартады. Бұл тайпалардың екеуінің де таңбасы дөңгелек бейнесінде бейнеленген/7, 12 бет/. .
«Манас» эпосында сонымен қатар екі халықтың да құрамында кездесетін албан, жәдігер, қатаған, найман, қыпшақ, қытай, қанды, сары, балықшы, шекті, қоңырат, сарт сияқты барлығы 17 ру-тайпа атаулары кездеседі. «Манас» эпосынан қырғыз халқының тек Ұлы жүз қазақтарымен ғана емес Орта және Кіші жүз қазақтарыменде этникалық байланыстарын көреміз.
Қазақ пен қырғыз этнонимдерінің бұл сәйкестіктерін кездейсоқтық деп айтуға болмас. ХІҮ-ХҮ ғасырларда Оңтүстік Шығыс Қазақстан мен Қырғызстан территорияларындағы Моғолстан мемлекетінің құрамында болып келген көптеген түркі және түркіленген моңғол тайпалары ХҮ ғасырдың екінші жартысы мен ХҮІ ғасырдың басында Моғолстан мемлекетінің орнында қалыптасқан қазақ және қырғыз халықтарының құрамына кірген болатын. Бұл тайпалардың әуел бастан шығу тегі мен тарихы бір болатын.
Қазақ-қырғыз халықтарының арасындағы этникалық байланыстар туралы мол мәлімет беретін тағы бір тарихи дерек қырғыз халқының «Жаныш пен Байыш» эпосы болып табылады. Бұл эпосты жан-жақты зерттеген қырғыз ғалымы И. Молдобаев эпостағы жер-су аттарына талдау жасай отырып, эпостағы тарихи оқиғалар Оңтүстік Шығыс Қазақстан мен Қырғызстан аумақтарында болғандығын анықтады/8, 39 бет/. Эпостағы Ала-көл, Ақ сай сияқты жер-су аттары Қазақстанның оңтүстік шығысындағы географиялық аймақтар болып табылады. Мұның өзі кейбір қырғыздардың этникалық тарихын зерттеуші ғалымдардың қырғыздардың бір бөлігі ХІІІ-ХҮ ғасырларда Ертіс пен Іле аралықтарындағы жерлерді мекендеген деген пікірлерін айғақтай түседі/14, 136 бет/.
Қырғыз зерттеушілері эпос ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы Оңтүстік Шығыс Қазақстан мен Қырғызстан аумағындағы тарихи оқиғаларды қамтиды деп санайды/8, 49 бет/. ХҮ ғасырдың екінші жартысында батыс Жетісудағы Шу-Қозыбасы өңірлерінде қазақ хандығының құрылуы және Солтүстік Қырғызстан территориясында Қырғыз халқының қалыптасуы екі халық арасында саяси және мәдени қарым-қатынастардың орнауына алып келді. Осы кезеңдерден бастап бұл екі халық осы территорияларда түпкілікті орнығып қалу үшін Моғол және Шайбан билеушілеріне қарсы біріге отырып, ұзаққа созылған күрес жүргізуге мәжбүр болған. Қырғыз билеушісі Мұхаммед қырғыздың өлімінен кейін бұл күрестің басында қазақ хандары тұрған. Яғни, қазақ хандарының басшылығымен біріккен қазақ және қырғыз жасақтары осы ХҮІ ғасырда Моғолстан моғолдарын Жетісу мен Қырғызстан аумағынан Шығыс Түркістанға ығыстырды. Осы күрес нәтижесінде 1524 жылы негізін Тахир хан қалаған қазақ-қырғыз одағы қалыптасып, бұл одақ ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырлардағы Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес кезінде де жалғасын тапты. Бұл одақтың бірлескен әрекеттері туралы өз алдына бөлек әңгіме.
Тарихи деректерде көрсетілгендей қазақ хандығының алғашқы хандарының бірі Жәнібек ханның Жаныс пен Байыс есімді ұлдары болған/15, 42 бет/. К. Акиевтың нұсқасындағы «Жаныш пен Байыш» эпосында ағайынды Жаныш пен Байыштың аталарын Әзірет хан деп атаған. Әзірет сөзі араб тілінде әулие, қасиетті деген мағынаны білдіреді. Тарихи деректерде көрсетілгендей Жаныс пен Байыс сұлтандардың әкелері Жәнібек хан 1465-1466 жылдары Шу мен Қозыбасы өңірлеріне көшіп келген кезде Абу Саид немесе Бу Саид деген араб есімімен де белгілі болған. Бұл жерде көріп тұрғанымыздай қырғыз халқының «Жаныш пен Байыш» эпосының бас кейіпкерлері, ХҮ-ХҮІ ғасырлардағы қазақ халқының ғана емес қырғыз тарихының да тарихи тұлғалары болып табылатын қазақ сұлтандары Жаныс пен Байыс сұлтандар/7, 50-51 бет/.
Бірақ бұл эпостың негізгі кейіпкерлері өзге халықтың өкілдері деген сөз емес. «Жаныш пен Байыш» қырғыз эпосының эпикалық кейіпкерлері болып табылады. Бұған бірден-бір дәлел бұл эпостың қырғыз халқының арасында кеңінен танымалдығы және Қырғызстандағы Жаныш және Байыш атымен белгілі этнонимдердің және жер-су аттарының кездесуі. Сонымен қатар осы ХҮ-ХҮІ ғасырлардағы қазақтар мен қырғыздардың Жетісу мен Қырғызстан аумақтары үшін, қазақ хандарының басшылығымен Моғолстан билеушілеріне қарсы жүргізген, бірлескен күресі де осы пікірдің айқын дәлелі бола алады.
Е.С. Альчикенов
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің
Тараз институты, Тараз қ.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Низам ад-дин Шами. «Зафар-наме»/Перев. О.Ф. Акимушкина. Москва. 1983 г.
2. Махмуд ибн Вали. «Бахр ал-асрар»/Перев. А.Мокеева. Москва. 1990 г.
3. Абд-ар-Раззак Самарканди. «Матла ас-садайн ва маджма ал-бахрайн»/ Перев. О.Ф. Акимушкина. Москва. 1983 г.
4. Мұхаммед Хайдар Дулати. «Тарих-и Рашиди». Алматы., 2003.
5. История Киргизской ССР. 1-том.Фрунзе., 1984.
6. Бартольд В.В. Киргизы. Исторический очерк. Соч.т-2(ч..1).Москва.,1963.
7. Молдобаев И.Б. Этнокультурные связи кыргызов в средневековье. Бишкек.2003 г.
8. Молдобаев И.Б. Эпос «Жаныш и Байыш» как историко-этнографический источник. Фрунзе.1983 г.
9. Манас: Эпос. Сагымбай Орозбак уулынын варианты боюнча. 2-китеп. Фрунзе.1978
10. Юдин В.П. Центральная Азия в ХІҮ-ХҮІІІ веках глазами востоковеда. Алматы.2001 г.
11. Востров В.В., Муканов М.С. Родоплеменной состав и расселение казахов (кон. ХІХ-нач.ХХ в.) Алма-Ата. 1968 г.
12. Рашид-ад дин. Сборник летописей. Т.1. Кн.2.М.; Л.; 1952 г
13. Абрамзон С.М. Киргизы и их этнические и историко-культурные связи. Ленинград.1971 г.
14. Петров К.И. Очерки феодальных отношении у киргизов в ХҮ-ХҮІІІ вв. Фрунзе. 1961 г.
15. Материалы по истории казахского ханства ХҮ-ХҮІІІ вв. Алма-Ата.1969 г.
16. Мураталиев М. Баатырдык кеңже эпостордун тилиндеги бөтөнчөлүктер. Фрунзе. 1976 г.