Алтай-Тарбағатай аралығындағы ерте темір дәуірінің археологиялық ескерткіштері
Алтай-Тарбағатай аралығындағы ерте темір дәуірінің археологиялық ескерткіштері (кезеңделуі, мерзімделуі және мәдени атрибуциясы)
КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыс Алтай-Тарбағатай аралығының ерте темір дәуірінің археологиялық ескерткіштерін зерттеуге арналған. Археологиялық ескерткіштердің зерттелу тарихы, кезеңделуі мен мерзімделуі, мәдени атрибуциясы, өзіндік даму ерекшеліктері, іргелес мәдени-тарихи өңірлермен байланысы, ерте темір дәуіріндегі тайпалар мен халықтардың мәдени қарым-қатынасы қарастырылады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Еуразия көне тарихында Алтай-Тарбағатай өңірі ерекше маңызға ие. Өйткені бұл мәдени-тарихи өңір ілкі замандардан бері адамзат дамуындағы күрделі үдерістермен тығыз байланысты. Мұнда ерте темір дәуірі кезінде бірнеше археологиялық мәдениеттер қалыптасып, дамығандығын археологиялық мәліметтер толыққанды растап отыр. Алайда өңірдің ежелгі тарихы әлі күнге дейін кешенді түрде зерттелінген жоқ. Мұның өзі біз таңдап алған тақырыптың өзектілігін көрсетеді.
Еуразия тарихы мен өркениетінің көптеген түйткілді мәселелерінің түйінін шешетін Алтай мен Тарбағатай өңірінің ерте темір дәуірі ескерткіштері болып табылады. Аталған тарихи аймақта қола және ерте темір дәуірінде тіршілік еткен тұрғындардың мәдениетін зерттеу отандық тарихнамадағы көкейкесті мәселелердің бірі екендігін оның жалпы Еуразия тарихымен тікелей байланысты екендігі де аңғартады. Себебі, Алтай және Шығыс Қазақстан аумағында басталған халықтардың Ұлы қоныс аударуы сынды күрделі тарихи үдерістер Еуразияның этникалық, саяси және тарихи картасын түбегейлі өзгертіп жіберген еді. Нәтижесінде, қарастырылып отырған өңірдің мәдени дамуы, тұрғындарының этникалық келбеті мен заттық мәдениеті де азды-кемді өзгерістерге ұшырады. Мұндай өзгерістердің барысын, қайнар-бастаулары мен тарихи ағынын жазба деректердің кемдігіне орай, біз тек қана археологиялық қазба зерттеулері негізінде қалпына келтіруге болады деп есептейміз. Жарқын мәдениеттерін, бірегей мәдени туындыларын қалдырған тайпалар мен халықтардың өткенін екшеп, даму деңгейін айқындау бүгінгі күн талабынан да туындайды.
Сан ғасырлар бойы Алтай-Тарбағатай аралығын мекендеп келген этностардың археологиялық ескерткіштері мен мәдениеттерін, тарихи кезеңдерін ғылыми талдаудан өткізу барысында, мұнда бірін-бірі алмастырған майемер, шілікті, берел, құлажорға, т.б. мәдени кезеңдердің болғандығы анықталған. Алайда осы тарихи кезеңдердің ара-қатынасы, бір-бірімен этно-мәдени және генетикалық байланысы, өзара мәдени ықпалдастығы отандық археология ғылымында өз шешімін толық таба қойған жоқ. Сонымен қатар Қазақ Алтайы мен Тарбағатай аралығындағы ерте темір дәуірінің зерттелінген қорымдарынан жинақталған материалдарды топтап, қазылған қорғандарды жүйелеп, археологиялық ескерткіштердің картадағы орынын нақтылап, хронологиялық мерзімдемесін айқындап шығу да түйіні түйткілді сауалдарға жауап алуға жетелейді.
Бүгінгі таңда ерте темір дәуірінде орын алған тарих-мәдени үрдістер көпішілікті қызықтыруда. Өйткені, қазақ этногенезі мен дәстүрлі мемлекеттілігі, заттық-рухани мәдениеті, дүниетанымы осы дәуірден басталатындығын көптеген ғалымдар өз еңбектерінде көтеріп жүр. Дегенмен кейбір «миграциялық» бағытты қолдайтын зерттеушілер әлі де болса қазақ халқының автохтондығын жоққа шығаруға тырысып келеді. Мұндай керағар пікірлерге тойтарыс беру қажеттілігі де күн санап артып келеді. Өскелең ұрпаққа ұлт тарихының тамыры тереңде жатқандығын ұғындыру үшін ең алдымен көне дәуірдегі тарихи дамуды дәлел ретінде алға тартқан абзал.
Соңғы жылдары Қазақстанда археологиялық ізденістер кең қанат жайып, соны мағлұматтар алынуда, жаңадан ашылған ескерткіштерде жоспарлы түрде зерттеу жұмыстары ұйымдастырылуда. Бұл бағытта атқарылған жұмыстардың қорытындыларын көрсету, алынған нәтижелерін ғылым талабына сай бағамдау ісі де көкейкесті мәселеге айналуда.
Сол себепті де зерттеу жұмысы мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқан іргелі зерттеулермен, соның ішінде «Мәдени мұра» секілді ұлттық стратегиялық жобалармен тікелей үндеседі.
Зерттеу жұмысының нысаны – Алтай-Тарбағатай таулары аралығындағы ерте темір дәуірінің археологиялық ескерткіштері.
Зерттеу жұмысының пәні – ерте темір дәуіріндегі ескерткіштердің зерттелуіне үлес қосқан ғалымдардың ой-пікірлерін, ғылыми ұстанымдарын, пайымдаулары мен тұжырымдарын саралау, жаңадан ашылған археологиялық нысандарды ғылыми айналымға енгізу, оларға сараптама жасау.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты Алтай-Тарбағатай өңірлеріндегі басты-басты ерте темір дәуірі ескерткіштерін талдап, сипаттамасын жасау және олардың мәдени-этникалық атрибуциясын анықтау. Осы мақсаттан мынадай міндеттер туындайды:
– Алтай-Тарбағатай аралығында орналасқан ерте темір дәуіріне жататын археологиялық ізденістерді жүйелеу, сараптау;
– ерте сақ және берел кезеңдерімен мерзімделінетін ескерткіштер аясын анықтап, олардың мәдени эволюциясын саралау;
– құлажорға және үйсін кезеңіне жататын археологиялық нысандардың сипаттамасын, даму деңгейін көрсету;
– антропологиялық мағлұматтардың негізінде ерте темір дәуіріндегі өңір тұрғындарының кескін-келбетін сипаттау, оның этникалық, этногенетикалық мағналарын ашу, сараптамасын жасау;
– өңірдегі ерте темір дәуірі археологиялық ескерткіштерінің кезеңдестірілуін, хронологиясын соңғы кезде ғылыми айналымға кірген материалдар негізінде, бүгінгі ұстанымдар арқылы жаңаша қарастыру;
– Алтай-Тарбағатай аралығындағы ерте темір дәуіріне жататын археологиялық нысандардың орналасқан картасын жасау.
Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. Диссертациялық жұмыстың хронологиялық шеңбері ж.с.д. I мыңжылдықты тұтасымен қамтиды. Бұл кез осы өңірде сақ, ғұн және үйсін тайпаларының өмір сүрген заманы болғанымен, еңбекте қола ғасырынан ерте темір дәуіріне ұласатын өтпелі кезең ескерткіштерінің мәселелері де қамтылады.
Зерттеу жұмысының географиялық шеңбері. Диссертация тақырыбына байланысты зерттеу жұмысының географиялық шеңбері Алтай мен Тарбағатай таулары аралығын қамтиды. Алайда мәдени-тарихи үдерістерді толықтай қамту үшін бұл географиялық шеңбермен шектеліп қалуға болмады. Сол себепті де зерттеу барысында аталған мәдени-тарихи өңірімен іргелес аймақтарға да көңіл бөлінді.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
– Қазақстан археологиясында ерте темір дәуіріне жататын ескерткіштердің өзіндік зерттелу тарихы бар. Жинақталған мәліметтерді саралау диссертацияда қарастырылып отырған өңірдегі ескерткіштерді жүйелеуге мүмкіндік береді және осы уақытқа дейін алынған нәтижелер әлемдік тарихнаманың құрамдас бөлігі болып табылады;
– ерте сақ және берел кезеңдеріндегі археологиялық ескерткіштердің картасын жасау негізінде, олардың бірнеше мәдени-тарихи өңірлерге шоғырланғандығы анықталды. Алайда көпшілік шағын аудандарда бірқалыпты әрі тұрақты этномәдени байланыстар сан ғасырлар бойы сақталып келген;
– құлажорға және үйсін кезеңдерімен мерзімделінетін археологиялық нысандардан халықтың белгілі бір аудандарды ұзақ жылдар бойы қоныстанғандығы анықталды. Кей жағдайларда үйсіндер мен хун, кейде құлажорға және үйсін кезеңдерінің ескерткіштері бір-бірімен астасып жатады. Мұның өзі ежелгі тайпалардың туыстас, мәдени қайнарлары ұқсас екендігін аңғартады. Мәдени ұқсастық, әсіресе, қатардағы қарапайым қауым мүшелеріне тұрғызылған қорғандар құрылысынан анық байқалады;
– Шығыс Қазақстандағы ерте темір дәуіріндегі халықтардың палеоантропологиялық келбеті кеңес заманынан бастап қарастырылып келеді. Ғылыми зерттеулер барысында алынған мағлұматтар андрон тайпаларының кескін-келбеті өңірде біршама уақыттар бойы сақталып келгендігін көрсетеді;
– Алтай-Тарбағатай аралығындағы ерте темір дәуірі ескерткіштерінің кезеңдестірілуі, мерзімделуі және мәдени атрибуциялары негізінен алғанда қазақстандық және ресейлік археологтардың ізденістері бойынша өрбітіледі. Осы кездерге дейін аталмыш мәселелерді көтерген ғалымдардың еңбектері жаңа пайымдаулар жасауды қажет етеді. Біздің ойымызша: шілікті ескерткіштерінен аршып алынған материалдар оны жеке археологиялық мәдениет ретінде қарастыруға негіз береді;
– ерте темір дәуіріндегі Алтай-Тарбағатай өңірінен зерттелген қорғандардан аршып алынған археологиялық олжалар өз тұрпаты бойынша алдыңғы қола және кейінгі түркі мәдени-тарихи кезеңдерімен генетикалық байланыста екендігі анық.
Зерттеудің деректік негізі. Шығыс Қазақстан территориясында ерте темір дәуірінде өмір сүрген тайпалар тарихының қайнар көзін ашар, мәдениетін анықтайтын жазба деректердің тым аздығына байланысты өлкені мекендеуші ежелгі тұрғындар қалдырған жерлеу орындары – қорғандар материалдары осы олқылықтың орынын толтырар бірден-бір дереккөзі болып табылады. Қазақстанның ерте темір дәуірі тарихына қатысты археологиялық деректер ХІХ ғасырдың өзінде-ақ жинала бастағанымен, ғылыми құндылығы жоғары шынайы дереккөздері ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жинақталынған болатын. Бұл орайда С.С. Черников, С.С. Сорокин, Ә.М. Оразбаев, Ф.Х. Арсланова, З.С. Самашев, Ә.Т. Төлеубаев және т.б. зерттеушілердің жүргізген қазба жұмыстары нәтижесінде жинақталған археологиялық материалдарды атап айтуға болады. Аталған авторлардың кейбір жарияланбаған, жүйеленбеген материалдары, сондай-ақ диссертанттың өз қазбалары зерттеудің деректік негізі болып табылады.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Диссертацияда алғаш рет Қазақ Алтайы мен Тарбағатай аралығындағы ерте темір дәуірінің мәселелері арнайы қарастырылып отырғандықтан, төмендегідей ғылыми жаңалықтарға қол жеткізілді:
– Алтай-Тарбағатай аралығындағы ерте темір дәуірінің археологиялық тұрғыдан зерттелу тарихы бір ізге түсіріліп, негізгі нәтижелері мен ғылыми зерттеу бағыттары айқындалды;
– майемер және берел кезеңдерінің ескерткіштері ғылыми талдаудан өтіп, даму дәрежелері бойынша жіктелді және майемер мәдениетінің жергілікті нұсқадағы негізгі топтары анықталды;
– Шілікті жазығынан алынған тың материалдар негізінде мұнда жеке археологиялық мәдениеттің қалыптасып дамығандығы дәйектелді де, құлажорға және үйсін кезеңіне жататын археологиялық нысандардың құрылыстарындағы ерешеліктер аясы атап көрсетілді;
– қорымдардағы қорғандардан алынған антропологиялық мәліметтер жүйеленіп, зерттеушілер тарапынан жасалынған пайымдаулар мен қорытындылар сараланды;
– өңірдің археологиялық мәдениеттері мен ескерткіштерінің кезеңделуі, мерзімделуі нақтыланып, мәдени атрибуцияларына талдау жүргізілді;
– Алтай-Тарбағатай таулары аралығындағы ерте темір дәуіріне жататын археологиялық нысандар картаға түсіріліп, археологиялық мәдениеттердің жергілікті жерлердегі таралу аймағы нақтыланды;
– тақырып бойынша автордың өзінің тікелей қатысуымен қазып зерттелген 20-дан астам қорымдардың материалы, басқа зерттеушілердің 30-дан астам қазбаларының деректері ғылыми айналымға жаңадан енгізіліп отыр.
Диссертациялық зерттеудің әдістемелік негіздері. Диссертацияның методологиялық ұстанымы объективтілік, жүйелілік және тарихилық принциптерге негізделген. Қазба барысында алынған нақты материалдарды зерделеуде ғылыми зерттеудің көпшілікке танымал салыстырмалы талдау, сараптау, салыстыру және жүйелеу секілді әлемдік тарихнамада кеңінен танылған әдістер басшылыққа алынды. Ескерткіштердің зерттелуін қарастыруда тақырыптық-хронологиялық принциптер кеңінен қолданылды.
Жұмыстың практикалық маңызы. Зерттеу жұмысы Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуірі археологиялық мәдениеттері жайында алынған нәтижелер мен ғылыми тұжырымдар жоғарғы оқу орнының тарих факультетінде жүргізілетін «Қазақстан археологиясы» пәніне теориялық, практикалық толықтырулар енгізеді. Жұмыстың деректік материалдарын, негізгі қорытындыларын Қазақстан тарихы бойынша дайындалатын жалпы және арнаулы еңбектерді жазуда пайдалануға болады.
Жұмыстың сыннан өтуі. Диссертацияның мазмұны мен нәтижелері 1998-2010 жж. аралығында өткен республикалық, халықаралық ғылыми семинарлар мен конференцияларда баяндалды. Одан өзге мерзімді басылымдарда жарияланды. Кейбір тұжырымдары шетелдік ғалымдардың талқылауынан өтті. Диссертация мазмұны бойынша 29 ғылыми еңбек жарық көрді. Олардың 5-і Білім және ғылым саласындағы бақылау Комитеті ұсынған арнайы басылымдарда, ал 3-і шетелдік басылымдарда жарияланды.
Диссертацияның құрылымы. Зерттеу жұмысы алынған тақырыпты толық баяндау мақсатында белгілі жоспарға негізделген. Оның негізгі 1-ші томы кіріспеден, төрт бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланған деректер тізімінен, ал 2-ші томы қосымшадан (иллюстрациялық материалдардан) тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспеде диссертациялық жұмысқа жалпы сипаттама беріліп, зерттеу тақырыбының өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, теориялық-методологиялық негіздері, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдары, хронологиялық шеңбері, зерттелу деңгейі мен деректік қоры, ғылыми талдау нәтижелеріндегі қорытындылары тұжырымдалған.
«Алтай-Тарбағатай аралығындағы ерте темір дәуірі археологиялық ескерткіштерінің зерттелу мәселелері» атты алғашқы бөлімнің «Шығыс Қазақстанның тарихи-географиялық жағдайы» деген бірінші тараушасында Алтай мен Тарбағатай тау жоталарының теріскей беткейлері есептелетін еліміздің Алтай тау жүйесіне, оған жалғасып жатқан далалық жазықты қамтитын үлкен өңірдің географиялық-табиғи жағдайларына сипаттама берілген. Бұл өңірдің климаттық табиғи жағдайы мұнда қалыптасқан археологиялық мәдениеттердің қалыптасуына және сақталуына әсерін тигізген.
«Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуірі ескерткіштері туралы алғашқы мәліметтер» атты алғашқы бөлімнің екінші тараушасында ерте темір дәуірінің екі ғасырдан астам уақытын қамтитын ескерткіштерінің зерттелу тарихы бір ізге түсірілген.
Қазақстанның шығысындағы археологиялық ескерткіштер туралы алғашқы қысқа мәліметтерді біз ХVІІІ ғ. саяхатшылары мен ғалымдары Г.Ф. Миллер, П.С. Паллас, И.П. Фальк, И.Г. Гмелин, Х. Барданес, Г.И. Спасски және т.б. еңбектерінен кездестіре аламыз.
Ежелгі Шығыс Қазақстанды зерттеуде үлкен үлес қосқан ғалымдардың бірі академик В.В. Радлов. Ол 1862 ж. Семей, Сергиополь (Аягөз) маңында археологиялық зерттеу жұмыстарын бастаса, 1865 ж. Берел даласында ежелгі көшпелілердің 7 қорғанына қазба жұмысын жүргізеді. Орталық және Шығыс Азияны зерттеу саласындағы Орыс комитеті 1910 ж. Жоғарғы Ертіске В.И. Каменскийдің басшылығымен және А.Н. Белосюдов пен В. Пилетичтің қатысуымен Семей облысындағы қорғандарды қазуға экспедиция жібереді. Оны осы аудандарға жіберілген бірінші археологиялық экспедиция деп есептеуге болады. Сондай-ақ ерте темір дәуірі ескерткіштерін зерттеуге П.А. Бродский, В.П. Никитин, Ф. Педащенко және Г.И. Бокийлер азды-көпті өз үлестерін қосты.
А.В. Адриановтың 1906, 1910 және 1911 жж. Майемер жазығында, Нарым жоталарындағы Солонечный Белок түбінде, Черновая ауылынан жоғары Бұқтырма өзенінің оң жағалауындағы қазба жұмыстарының нәтижесінде ерте темір дәуіріне жататын өте құнды заттар табылды [1]. Алайда А.В. Адрианов зерттеу жұмыстарын әуесқой өлкетанушы деңгейінде ғана жүргізді деп есептеуге болады. Өйткені археология ғылымының бұл кездердегі әлемдік деңгейдегі тәжірибесі енді ғана қалыптасып келе жатқан еді.
Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде-ақ Қазақстанның шығыс аймағының өткен тарихын жалпы суреттеуге мүмкіндіктер беретін археологиялық материалдар жинақталғанымен археологиялық ескерткіштер шынайы ғылыми негізде зерттелмеді. Себебі, жәдігерлердің басым бөлігі кездейсоқ табылды, ескерткіштерді зерттеген әуесқойлар қазу әдістерін сақтамады, олар арнайы білімі бар мамандар емес еді. Ескерткіш материалдарын типологиялық сипаттауда қателіктерге бой алдырды, материалдардың мәнін тарихи тұрғыдан сипаттап беруге жеткілікті көңіл бөлінбеді.
«Алтай-Тарбағатай аралығы ерте темір дәуірінің Кеңес дәуірі тұсында зерттелуі» атты үшінші тараушада кеңестік жүйенің тарихи ескерткіштерді қорғауға, іздеп табуға, есепке алуға және стационарлық қазба жұмыстарына қаншалықты дәрежеде көңіл бөле бастағаны баяндалады.
Сол қатарда кеңес археологтарынан бірінші болып 1927 ж. С.И. Руденко Катонқарағайдың жанында 3 қорғанды аршып зерттегенін атауға болады.
Ал 1947 ж. бастап С.С. Черников басқарған Шығыс Қазақстандағы археологиялық зерттеулер жүйелі сипатқа ие бола бастады. 1948 ж. ж.с.д. III-II ғғ. мерзімделетін Құлажорға және ж.с.д. II – I ғғ. мерзімделетін Баты ауылдары жанындағы ерте темір дәуірі қорғандарын зерттеу нәтижелі болды. 1949 ж. Зайсан көлінің оңтүстігін, Тарбағатай мен Жоңғар Алатауы аралығында 113 қорғандар тобы тіркелді. Бұл экспедиция 1949, 1952, 1959, 1960-1962, 1971 жж. Шілікті алқабында қазба жұмыстарын жүргізген. Қызыл Ту ауылы жанында ерте көшпелілердің қорғандарында 1950 ж. басталған қазба жұмыстары 1952 ж. одан ары жалғасты. Зерттеу нәтижесінде Құлажорға типіндегі топырақ пен тас аралас және пазырықтық қорғандарға ұқсас тас үйінділі қорғандардың екі түрі анықталды. Келесі 1953-1954 жж. Мало-Краснояр, Пчела, Түсқайың, Славянка, Юпитер ауылдары маңында ерте темір дәуірі қорғандары зерттелді.
1956 ж. Ә.М. Оразбаев басқарған ШҚАЭ-ның ерте темір дәуірі тобы жыл санауымыздың басталар межесіндегі жергілікті топқа жататын қытай жылнамаларындағы у-ге (хуцзе) тайпаларымен баламалау мүмкіндігі туған Құлажорға ескерткішінде 18 қорған және ж.с.д. V – IV ғғ. мерзімделетін Усть-Бөкен қорымында 22 қорған қазды.
Ә.М. Оразбаев жетекшілігіндегі Бұқтырма археологиялық экспедициясы 1958 ж. ж.с.д. IV – II ғғ. мерзімделетін Көкжар қорымындағы 9 қорғанда және Аманат қорымдарынан 4 қорғанда зерттеу жұмыстарын жүргізді. Көкжар қорымындағы етегінде тас белдеуі бар № 2 қорған қабірінен бұрын-соңды отандық археологияда кездесе қоймаған бүтін ағаштан ойып жасалған ладья түріндегі астау-табыт табылады.
С.С. Сорокин басшылық еткен археологиялық экспедиция 1959, 1960-1963 жж. Берел, Катон, Күрту, Қопай және т.б. қорымдарда зерттеу жұмыстары барысында қорғандардың құрылысы туралы мәліметтер кешенін нақтылады [2].
Шығыс Қазақстандағы археологиялық ескерткіштерді зерттеумен 1965-1974, 1980-1987 жж. аралығында Ф.Х. Арсланова басшылық еткен археологиялық экспедициясы айналысты. Ерте темір дәуірінің Орловка және Зевакино қорымындағы қоршауларға қазба салып, Камышин мен Чистый Яр ауылдарынан табылған археологиялық олжаларды зерделеп шыққан. Сақ мәдениетінің қайнар-бастауы андроновтық тайпалармен өзара байланыста екендігін ескерткіштерден табылған артефактілер және олардың сыртқы құрылысы, жерлеу ғұрпы арқылы дәлелдеді [3]. Зерттеуші тарапынан жоғарғы Ертіс ауданындағы археологиялық зерттеуден соң құрылысы бойынша үш типке бөлінген «мұртты қорғандар» да ашылып барлығы тіркеуге алынған.
Шүлбі археологиялық экспедициясы А.Г. Максимова және С.М. Ақынжановтың басшылығымен Ертісте Шүлбі су қоймасының жайылу аймағында 1977 ж. барлау жұмыстарын жүргізсе, 1980-1983 жж. аралығында археологиялық тұрғыдан әр дәуірлерге жататын ескерткіштерін зерттеді [4].
ҚазМУ-нің Ә.М. Оразбаев басқарған экспедициясы 1985-1988 жж. аралығында ж.с.д. VIII – VI ғасырларымен мерзімделген Черновая ескерткіштерінде 15 қорғанды қазу барысында Черновая 3 қорымындағы № 6 қорғаннан Қазақстанның басқа жерінде бұрын соңды кездеспеген ағаш табытқа жерлеу дәстүрі анықталды.
1989 ж. бастап Ә.Т. Төлеубаев басқарған бұл экспедиция Тарбағатай тауының теріскейінде археологиялық зерттеу жұмыстарын бастады. Нәтижесінде Ақтүбек, Құлбабас, Боғас т.б. ескерткіштерінен алынған материалдар үйсін мәдениетінің таралу шеңберін Қазақстанның солтүстік шығысына қарай едәуір кеңейтті [5].
Зерттеу жұмысында Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің 1987 ж. басталған өзіндік зерттеулерінің нәтижелері де аталып өтілді.
Кеңестік зерттеушілердің ерте темір дәуірі мәдениетінің жалпы және жекелеген мәселеріне байланысты түрлі зерттеу тәсілдері мен көзқарастары қалыптасып, жиналған материалдарды белгілі бір дәрежеде қортындылауға тырысқанымен, көптеген проблемалардың шешілмеген түйткілді түйіндері көп, әрі таза ғылыми теориялық концепциялар қалыптаспады.
«Алтай–Тарбағатай аралығы ерте темір дәуірінің тәуелсіздік алғаннан кейінгі зерттелуі» атты 1.4 тараушада еліміздің шығыс өңіріндегі ерте темір дәуірінің тыңнан ашылған ескерткіштерінің сипаты және ол туралы зерттеулердің қазіргі деңгейі жан-жақты талданды.
З.С. Самашев басқарған Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясының кешенді зерттеу жұмыстары Майемер қорымында 1997 ж. басталып, ал 1998 ж. бері Берел қорымындағы тоңды қорғандарда күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Бұл жерден табылған археологиялық артефакт мәліметтері бірнеше мыңжылдықтар бойына ұласқан материалдық және рухани мәдениеттің дамуындағы сабақтастықты айқындауға мүмкіндік беруде [6].
Қазақстандық және ресейлік мамандар бірлесе құрған Марқакөл археологиялық экспедициясы 1998-2000 жж. Айнабұлақ археологиялық кешенінде мезолиттен ортағасырға дейінгі уақыт аралығын қамтитын ескерткіштердің бірқатарында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді.
1999-2002 жж. аралығында Ә.Т. Төлеубаев басшылық ететін ҚазМУ-нің археологиялық экспедициясы Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Берел экспедициясымен бірлесе отырып Берел қорымын зерттеді. Осы қазбалардың ішіндегі ең бір қызықтысы № 34 қорғаннан берел заманындағы сақтарда құлдықтың анық болғанын дәлелдейтін артефактілер тапты. Ә.Т. Төлеубаевтің экспедициясы 2003 ж. бастап бүгінге дейін сақ мәдениетіне жататын, Еуразия аумағындағы ең көне элитарлық ескерткіштер болып есептелетін Шілікті қорымдарын зертеуде. Шілікті қазбаларының олжалары жерімізде табылған сақ мәдениетінің «алтын адамын» ғана беріп қойған жоқ, сонымен қатар ерте сақ кезеңіне жататын шілікті мәдениетін анықтауға, сақтар мен қола дәуірі мәдениеттерінің арсындағы мәдени-этникалық байланыстарды табуға, сақ-скиф аң стилінің генезисіне, т.б. мәселелерге байланысты жаңаша тұжырымдар жасауға мүмкіндік берді [7].
Соңғы он жылдықта ерте темір дәуірі мәдениетін зерттеу барысында қазақстандық археологияда біршама оң өзгерістер байқалады. Елдің шығысында бізге мәдени-экономикалық дамудың деңгейіндегі көшпелілер мәдениетінің хронологиялық шеңберін көрсететін, танымымызды кеңейтетін ескерткіштер әлі де ашылуда.
«Алтай–Тарбағатай аралығы ерте сақ және берел кезеңі ескерткіштері» атты екінші бөлім майемер және шілікті археологиялық мәдениеттері мен берел кезеңінің археологиялық ескерткіштерінің негізгі мазмұнын толығымен ашып беруге, оларды тарихи талдаудан өткізуге арналған.
«Майемер мәдениеті археологиялық ескерткіштері» атты 2.1 тараушада ж.с.д. IX ғ. аяғы мен ж.с.д. – VI ғ. басымен мерзімделетін Майемер мәдениетіне қатысты зерттелген 20-ға тарта жерлеу-ғұрыптық ескерткіштерге толықтай сипаттама беріліп, жан-жақты талдау жасалады.
Шығыс Қазақстанның қола дәуірінен ерте көшпелілер дәуіріне өтпелі кезеңінің ескерткіштері табылмағандықтан С.С. Черников өтпелі кезеңнің жоқтығын алдыға тартқан. Алайда өткен ғасырдың 70-ші жж. Зевакино, кейінірек Измайловка кешендерінде ж.с.д. VIII – VII ғғ. жататын ескерткіштердің табылуы бұл өңірде өтпелі кезеңінің өзіндік тарихи дәуірі бар екендігін нақтылап берген. Шығыс Қазақстан үшін ж.с.д. VIII – VII ғғ. соңғы қола дәуірінің дәстүрін сақтаған ескерткіштер сарқыншақтарымен қатар ерте көшпелілер белгілері білініп, қатар өмір сүрген, сондай-ақ ж.с.д. VIII – VII ғғ. ерте темір дәуірі болып есептеледі. Шығыс Қазақстандағы қоладан ерте темір дәуіріне өтпелі Измайловка және Қоғалы 1 қорымдарын басқа мәдениет өкілдерінің әсері тиген жергілікті кейінгі қола дәуірінің тайпалары тұрғындары қалдырған.
Батыс, Солтүстік Батыс Алтайда және Алтайдың оңтүстік бөктері мен жазығында орналасқан Майемер мәдениеті ескерткіштерін қорғандардың микротізбекпен орналасуына, жерлеу камерасының қабір шұңқыр түрінде, кейде тіпті терең болып келуіне және ақымның аузы таспен бекітілуі, немесе тас жәшікте, үйінді сыртын айналдыра жиектеген тас қоршаудың болуы немесе оның болмауы, адамды жылқымен бірге, қой немесе солтүстік не солтүстік-шығыс бөлігінде жүгенді қоса жерлеу, мәйітті шалқасынан созылта, басын солтүстік не солтүстік батысқа қаратылып жерлеу сынды және т.б. негізгі белгілеріне [8] қарап ерте скиф-сақ уақытындағы этномәдени дамуды қалпына келтіруге тырыстық.
Алтайдың солтүстік батыс беткейінде және Шығыс Қазақстанның онымен шектес аудандарындағы ерте сақ дәуірінің жерлеу ескерткіштерін П.И. Шульга нақты бір этникалық құрылымдар құрғандықтан бес топқа бөліп қарастыруды ұсынса [9, с. 246], біз тың материалдар негізінде тағы да қосымша екі топпен толықтырдық.
Ерте сақ кезеңінде Алтайдың солтүстік-батыс беткейлерімен жалғасып жатқан Шығыс Қазақстан бөлігі осында орналасқан ескерткіштердің этно-мәдени ерекшілігін анықтаушы болған әртүрлі тұрғындар топтары мекен еткен контакті аймақ болған. Алтайдың солтүстік-батыс беткейлері және онымен жалғасып жатқан Шығыс Қазақстан бөлігіндегі ерте сақ кезеңінің біз қарастырған ескерткіштер тобы археологиялық мәдениеттің дәстүрлі анықтамасына толық сай келмейтіні анық. Дегенмен жерлеулердің бірде біреуі көрші мәдениеттер ғұрыпын қайталамайды. Аталған аймақтағы жерлеу ғұрыпының сан түрлілігі осы бір-бірімен тоғысар аумақтағы көп санды, кішігірім туыстас рулардың араласып кетуінің нәтижесі. Негізінен тұрғындар тобының басым бөлігі Қазақстан территориясынан шыққан және онымен тығыз байланысын жалғастыра отырып, Шығыс Түркістанмен де қатынаста болған. Дегенмен, мәселенің түбегейлі шешімі алдағы іргелі археологиялық зерттеулердің еншісінде.
«Шілікті археологиялық мәдениеті ескерткіштері» атты 2.2 тараушада ж.с.д. VIII ғ. – ж.с.д. IV ғғ. мерзімделетін Тарбағатай теріскейіндегі Шілікті, Шағаноба және Алтайдың оңтүстік батысындағы Солдатово, Сарыкөл 1, 2 және Апар қорымдарындағы зерттелінген қорғандарға сипаттама жасалынып, олардан алынған материалдар сараланды.
С.С. Черниковтың 1960 ж. зерттеген Шілікті 1 қорымындағы № 5 үлкен қорғанның құрылысы күрделі [10]. Ж.с.д. VII – VI ғғ. мерзімделетін қорғаннан жоғары зергерлік шеберлікпен жасалған алтын әшекей бұйымдар, солардың ішіндегі бұғы бейнелері құрбандық малын, құрбандық шалу идеясын білдірді десе, А.И. Мартынов бұғыларды топтастыруда жасалу өнеріне, бейнеленуіне қарай олардың импорттық емес, жергілікті екендігін ашып көрсетеді.
Сыртқы құрылысы № 5 қорғанды қайталайтын Шілікті 1 қорымындағы № 7 қорғаннан 1949 ж. қазба кезінде ж.с.д. VI – V ғғ. мерзімделетін бүркіт түріндегі алтыннан қалыпталып жасалған қапсырманың 9 данасы табылған. Басы оңға бұрыла дене сұлбасының ішкі жағына қарай кіріккен 5 бүркіт қапсырмалардың басы оңға, 4-еуінің басы солға қаратылса, ал 2003 ж. Бәйгетөбе қорғанынан табылған сом алтыннан жасалған бүркіт бейнелі қапсырмалардың барлығының басы оңға бұрылған кейіпте бейнеленген. Алтын қаңылтыр балықтың бейнесі өте қызық, жұқа пластинкаларға перузадан көз, желбезек, құйрық және дөңгелек дән тізбектері дәнекерленіп жабыстырылған. Осы қорғаннан табылған балық пен қабан бейнелері Тывадағы ж.с.д. VIII ғ. соңы мен ж.с.д. VII ғ. жататын Аржан 2 қорғанынан табылған алтын заттардың тура аналогиясы.
Шілікті қорымындағы қорғандар жөніндегі келесі мәліметті ж.с.д. V – IV ғғ. мерзімдеген Шілікті 1 қорымындағы № 11, 12, 13, 31 қорғандардағы 1959 ж. зерттеу жұмыстарының қысқаша есеп түріндегі С.С. Черниковтың сақталған қолжбасы ғана береді. 1959 ж. зерттеу жұмыстарында ерекше қызығушылық туғызатын жайт Шілікті қорымындағы № 11 қорғаннан ит қаңқасының адам жерленген қабірден шығуы. 2004 ж. Шілікті археологиялық экспедициясы жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде Шілікті 2 қорғандар тобындағы № 1 қорғаннан да иттің бас сүйегі кездескен болатын.
1909-1910 жж. Семейлік гидротехник Г.И. Бокий бастап қазып, қазба қабырғасының құлап кете беруіне байланысты толық аяқтамаған Шағаноба қорымында С.С. Черников 1959 ж. ж.с.д. VI – V ғ. жататын 14 шағын топырақ пен тас аралас қорғанға қазба жүргізіліп, малта тастан қаландысы бар № 11 құрылысқа барлау мақсатында траншея салған. Тоналған қорғандардан 2 ұңғылы сүйек, 5 темірден жасалған жебе ұштары, тас қайрақ сынығы, сабы бар темір пышақ, қапсырмалы тесігі бар 16 темір қаңылтыр, темір тілі бар екі қола айылбас және қола белдіктің басы табылған болатын. Шлак, көмір және күйген бөренелер шыққан № 7 нысан кен қорытатын пеш болуына қарағанда Шілікті патша қорғандарында жерленген басшыларын қамтамасыз еткен кенші, зергерлердің қалдырған ескерткіші болуы мүмкін.
2003 ж. бастап Ә.Т. Төлеубаевтың жетекшілігімен жүргізілген экспедиция Шілікті жазығында зерттеу жұмыстарын бастады. 17 қорғаннан тұратын Шілікті 3 қорымында өте күрделі архитектуралық құрылысы бар қорғанын қазып, ерте сақ дәуірі зергерлік өнерінің 4303 дана үлгілерін тауып үлкен олжаға кенелтті. Ж.с.д. VIII – VII ғғ. мерзімделетін № 1 (Бәйгетөбе) негізгі үш қабаттан тұратын қорған үйіндісінің ең сыртқы қабатын жапқан көкшіл түсті ұсақ малта тастар салынған уақытта алыстан көгілдір тартып мұнартып мұндалап тұрған. Уақыт өте келе ол табиғат, сондай-ақ адам аяғы мен мал тұяғы әсерінен сырғи-сырғи үйіндіні сыртқа жайылып кетпесін деп бекіткен тұғыр тастарының етегіне жиналған. Жоғарғы қабаты топырақ, шым және құм араласқан қиыршық тастан тұрса, келесі қабаты тас үйінді, ал оның астында жер беті деңгейінде бір адам жерленген қызыл қарағайлардан қималанып салынған қабірхана орналасқан. Ерте темір дәуірі тұрғындары қыстауларындағы өздері тұратын үй-жай, баспаналарына ұқсатып қайтыс болған тумаластарына арнап о дүниелік баспаналарын – зираттарын тұрғызған. Жер асты үйлері жер үсті үйлерін қайталайтын, әрі дәл сондай материалдарды пайдаланған [11, 84-б.]. Көне жер бетіне салынған жерлеу орындары Батыс және Оңтүстік Сібір, Қазақстан, Орта Азия жерлерінде қола дәуірінің соңындағы өтпелі және ерте-скиф уақытына тән. Сақтардағы шығысқа, күнге мінәжат ету ғұрпы бойынша ғимараттың шығыс жақ беті пирамидаға ұқсатып салынған. Қабірхананың шығыс жағынан үлкен және оңтүстік шығыс жағынан кіші екі жер асты көрдәліздері (дромос) ашылды. Соңғысы үлкен көрдәлізбен қабірхананың аузына жақындаған жерде қосылады. Негізгі қызметті кіші дәліз атқарған, бұл жасырын жермен өлілер о дүниеде рахат көру үшін бұл дүниедегі тірілер, яғни тайпалас, рулас туысқандары қайтыс болғандарды еске алып олардың құрметіне ғұрыптық ас беріп, әр уақыт мінажат етіп, әрі ас-сумен қамтамасыз етіп отырған. Қабірхананың солтүстік қабырғасынан алғашында қорған төбесіне орнатылған екі бөлінген сырты жақсы өңделген төрт қырлы болып келген сұр сынтас шықты. Қабірханадан майлы бояумен салынған бұғының, еліктің суреттері бар белгісіз ағаш заттың бөлікше тақтайшалары сақ әлемінде алғаш табылуы. Шілікті қорғандары алтын әшекейлері Т. Жәутіковтің алғашқы қорытындылары бойынша шикізаты жергілікті алтыннан қолдан құйылған жоғары сынамалы (90-96%), әртүрлі техникамен орындалып, құйылып, шыңдалып, дәнекерленіп, тегістеліп, перузамен безендіріліп жасалған. Бұл алтын заттар қайтыс болған адаммен бірге қоюға арналған ғұрыптық зат емес, бұл әшекейлер патшаның тірісінде салтанатты жиындарға, мерекелерге киетін киімі болған.
Ә.Т. Төлеубаевтың басқаруындағы Шілікті археологиялық экспедициясы 2004 ж. бастап күні бүгінге дейін мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Шілікті қорымында археологиялық зерттеу жұмыстарын жалғастыруда. Нәтижесінде үш ірі қорғандар өзінің тарихи-мәдени, ғұрып-салттық типологиясы, шыққан заттары бойынша ж.с.д. VШ – VІІ ғғ мерзімделген [12].
Шілікті қорғандарының дәл анологиясын қайталайтын әзірге зерттелген қиыр солтүстік шектегі ескерткіш – Солдатово қорымындағы № 2 қорған. Осыған ұқсас ескерткішті Шығыс Қазақстанның далалық өңірінен Ф.Х. Арсланова да зерттеген болатын. Шілікті қорғандарымен өте ұқсас ескерткіштер қатарына топырақ үйінділі 54 қорғаннан тұратын ж.с.д. V – IV ғғ. мерзімделетін Усть-Бөкен қорымында жылқы қосып жерлеуі жоқ қабір шұңқырдың бетіндегі ағаш бөренелер кертпешелерде тиянақталып жабылған. Біз бұл жерде пазырық және құлажорға мәдениеттерінің жерлеу ғұрпы мен тұтыну бұйымдарынан нақты айырмашылығы бар, әрі көп жағынан ұқсастығы бар Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуірінің нағыз жергілікті этникалық тобын кездестіреміз. С.С. Черников бөкендіктерді шіліктіліктердің қарамағындағы ел дей отырып, шіліктіде патшаларын жерлеген бұл жұрт құлажорғалықтар мен пазырықтардан жерлеу ғұрпы мен жерлеу заттары бойынша ерекшеленетін, нағыз жергілікті этникалық топ деп көрсеткен.
Қазіргі таңда қолда бар қордаланған бірегей материалдарға, ұқсас ескерткіштердің белгілі бір территорияны алып жатуына байланысты «шілікті археологиялық мәдениеті» деп жаңаша бөліп ж.с.д. VIII – ж.с.д. IV ғғ. мерзімдедік.
«Берел кезеңінің археологиялық ескерткіштері» атты 2.3 тараушада Орталық Алтайдың пазырық мәдениетінен өзінің жерлеу ғұрпы, бейнелеу өнеріндегі кейбір өзіндік айырмашылықтары бар Бұқтырма өзенінің жоғарғы, Ертіс өзенінің орта ағысындағы ж.с.д. VI ғ. соңы – ж.с.д. IV ғғ. мерзімделетін пазырық мәдениетінің Қазақ Алтайындағы бір нұсқасы – Берел кезеңінің археологиялық ескерткіштері қарастырылады.
Пазырық мәдениетіндегі жерлеу рәсімдеріндегі басты элементі мәйітті қабірде жерлеу мен оның бағытталуы ежелгі тұрғындардың әр түрлі наным-түсініктерімен байланысты болған.