Себеп салдар құрмалас сөйлем
Себеп салдар құрмалас сөйлем
Құрамындағы жай сөйлемдердің бірі екіншісінде айтылған ойдың болу себебін білдіретін салаластын, түрін себеп-салдар салалас құрмалас сөйлем дейміз.
Себеп-салдар салаласта бір жай сөйлем екіншісінде айтылған ойдың болу себебін білдірсе, екіншісі білдіретін ой оның салдары болып табылады. Сөйтіп, салаластың құрамындағы жай сөйлемдердің бірі себеп мәнді де, екіншісі салдар мәнді болады. Бірде себеп мәнді жай сөйлем бұрын тұрып, салдар мәнді жай сөйлем кейін тұрса, бірде керісінше салдар мәнді сөйлем бұрын тұрып, себеп мәнді жай сөйлем кейін тұрады.
Себеп-салдар салалас құрмаластың құрамындағы жай сөйлемдер бір-бірімен жалғаулық шылаулар (сондықтан, сол себепті, себебі, өйткені) арқылы да, жалғаулықсыз, іргелес тұрып та байланысады.
Жалғаулықты себеп-салдар салаластар өйткені, себебі деген шылаулар арқылы құрмаласқанда, алдыңғы жай сөйлем салдар мәнді болып келеді де, екінші жай сөйлем ондағы ойдың болу себебін білдіреді. Жалғаулықты себеп-салдар салаластар сондықтан, сол себепті шылаулар арқылы құрмаласса, алдыңғы жай сөйлем екінші жай сөйлемдегі ойдың болу себебін білдіріп, себеп мәнді болып келеді де, екінші жай сөйлем салдар мәнді болады. Жалғаулықсыз себеп-салдар салаластың құрамындағы жай сөйлемдердің де бірде біріншісі себеп мәнді, екіншісі салдар мәнді болса, бірде біріншісі керісінше салдар мәнді, екіншісі себеп мәнді болып та қолданылады. Жазуда олардың айырмашылығы тыныс белгісінен байқалады: егер біріншісі себеп мәнді жай сөйлем, екіншісі салдар мәнді жай сөйлем болса, олардың арасына үтір қойылады, ал себеп мәнді жай сөйлем кейін келіп, салдар мәнді жай сөйлем бұрын тұрса, бірінші жай сөйлемнен кейін қос нүкте қойылады.
Мысалы, Тегі, бұл шоқу көзді ағызудың ғана тәсілі болмау керек, себебі көзі аққан жылан тулап бетімен лағады да, ақыры өледі. Әдетте оруды ең кұрметті кісі бастауға тиіс, сондықтан көпшілік бұл қүрметін Сырбайға көрсетпек болды. Ботаны ағыс алып кетер деп қауіптене отыра Сырбай оның ноқтасының бауын босатып жіберді: басын тартса, құлағына су кетірермін деп ойлады (С. Мұқанов). Құмның ыси бастауынан қашып аң біткен Бет-пақтың даласына қарай өтіп кетсе керек, таңертеңнен бері не бір қарақұйрық, не бір киік кездеспеді аңшыға (С. Мұратбеков) дегенде, алғашқы екі саластың құрамындағы жай сөйлемдер бір-бірімен себебі, сондықтан жалғаулық шылаулары арқылы құрмаласқан да, соңғы екі салаласта жалғаулықсыз, іргелес байланысқан. Үшінші салаластың бірінші жай сөйлемі салдарлық мәнде жұмсалған (Ботаның ноқтасынын, бауын Сырбайдын, босатып жіберуі) де, екінші жай сөйлем оның себебін білдіреді (себебі — егер өйтпесе, ботаның құлағына су кетеді деп ойлауы), сондықтан бұл жай сөйлемдердің арасына қос нүкте койылады. Соңғы садаластың бірінші жай сөйлемі екінші жай сөйлемдегі ойдың себебін білдіріп тұр. (Құмның ыси бастауынан аң біткеннің Бетпақтық даласына қарай өтіп кетуі), екінші жай сөйлем оның салдары болып тұр) сондықтан не бір қарақұйрық, не бір киік аңшыға кездеспеді). Бұл жай сөйлемдердің арасына үтір койылады.
мысалдар көп болса жаксы болар еді.