Ілітес салалас құрмалас сөйлем
Ілітес салалас құрмалас сөйлем
Құрамындағы жай сөйлемдердің алдыңғысы жалпы мәнді білдіріп, соңғысы оны аша түсетін, түсінік беретіндей қарым-қатынасты білдіретін салаластық түрін іліктес салалас құрмалас сөйлем дейміз.
Іліктес саластың құрамындағы жай сөйлемдер өзара бір-бірімен ешбір жалғаулық шылаусыз, іргелес орналасып интонация арқылы байланысады. Кейде бірінші жай сөйлемнің құрамында іліктес мәнді түсінік беретіндей мағыналық қарым-қатынасты білдіретін сонша, сондай, соншалық, сол, мынау, мынадай сияқты сілтеу есімдіктері болып, олар көбіне бірінші жай сөйлемнің баяндауышы қызметін атқарып тұрады. Мысалы, Артқы тракторлардың жарығынан жұрт енді ғана шамалады: әр трактордың артында кіші-гірім үйдей боп ұбақ-шұбақ сүйретілген бірдемелер келеді (С. М.). Ашуланғаны сонша— өңінде ызаның ұшқындары шашырап тұрды. (Мұст.) Бірінші салаластағы алғашқы жай сөйлемде жұрттың артқы трактор жарығынан енді ғана шамалағаны жайыңда айтылса, келесі жай сөйлемде оның не екендігі яғни әр трактордың артында кіші-гірім үйдей боп ұбақ-шұбақ сүйретілген бірдемелер келетіні нақтылана баяндалған. Екінші салаластағы бірінші жай сөйлемде ашуланғаны сонша болып, оның мәні, түсінігі келесі жай сөйлемде ғана ашылады: өңінде ызаның ұшқындары шашырап тұрды.