Мәметов Базарбай
Мәметов Базарбай — Алаш зиялысы, Алашорда үкіметінің мүшесі, Жетісудағы Алаш қозғалысының көрнекті мүшелерінің бірі, заңгер.
1888 жылы (екінші бір архивтік құжатта 1891 жылы туған деп көрсетілген) 20 мамырда Жетісу облысы, Лепсі уезі, Балқаш-Лепсі болысында (қазіргі Сарқант ауданы) дүниеге келген.
Өмірбаяны
1900-1911 жылдары Верный ерлер гимназиясында оқиды. Алғашында Мәскеудегі Алексеев әскери училищесіне оқуға ынтасы болғанымен, 1911 жылы Қазан университетінің заң факультетіне түсіп, оны 1917 жылы бітіріп шығады.
ЖОО-да оқып жүргенде-ақ, ол әр түрлі жұмыстарға белсене араласады. 1916 жылы атақты «июнь» жарлығы шыққанда Қазанда оқитын қазақ студенттері ішінде Б. Мәметов те бар, тыл жұмысына бара жатқан орыс тілін білмейтін қазақ жігіттеріне бас-көз болу үшін «Қазақ» газетінің бетінен «бүкіл ақ жүрек бауырларын» шақырып, үндеу жолдайды. Бұл үндеуді Ә. Бөкейханов «Бауырларым, ден сау, жас шақтарыңда жұрт үшін жұмылыңдар!» — деп жылы қабылдайды.
Ақпан төңкерісінен соң Алаш қозғалысына белсене араласады. 1917 жылғы шілде айындағы Жалпықазақтық съезде Жетісу облысынан бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылып және бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне (Шоро-и-Исламға) өкіл етіп сайланады.
Ал сол жылғы желтоқсанда өткен Жалпықазақтық съезде Алашорда үкіметінің мүшелігіне облыстардан тысқары, яғни жалпы қазақ атынан кіреді. Осының өзінен-ақ Б.Мәметовтің абыройының қаншалықты екенін аңғаруға болады.
Азамат соғысы жылдары басқа да ұлтжанды қазақ зиялылары сияқты Б.Мәметов те ақ пен қызылдың теке тіресінде тектен-текке қосақ арасында қалған қазақ жұртшылығын аман сақтап, қорғау мақсатында Семейде 1918 жылы 1 Алаш полкін жасақтауға және Жетісу жерінде қазақ жігіттерінен алаш сарбаздарын ұйымдастыруға ат салысады. Жетісуда С. Аманжоловпен бірге аштық-күйзеліске ұшыраған жұртшылыққа көмек комитетін ұйымдастырады.
1918 жылы 10-31 тамыз аралығында Лепсіде өткен Алаш орданың Жетісу облыстық 2 қазақ съезіне қатысып, оның кеңесінің мүшелігіне сайланады. Колчак үкіметі тарапынан большевиктермен қатысы бар деген жалған желеумен Алашорда мүшесі Лепсі көмек комитетінің төрағасы Б.Мәметов қуғын-сүргінге ұшырайды. Қуғынға ұшыраған Алаш зиялысы Б. Мәметовке М. Тынышпаев ара түсіп, адмирал Колчакқа хат жазады.
Жетісуда казак-орыстардың қазақ ауылдарына жасаған адам айтқысыз айуандық істерін, Отыншының ерлік өлімін Семейге алғаш жеткізген және осыларды «Абай» журналына жазған Б.Мәметов пен Ы. Жайнақов болатын.
Кеңес кезеңінде де Б. Мәметов қуғын-сүргінге ұшырап, 1928 жылы ұсталынып, тұтқындалады. 1931 жылы отбасымен Саратовқа жер аударылады.
Саратов, Қарақалпақстан, Жамбыл, Талдықорғанда әр түрлі шаруашылық қызметте болып, 1946 жылы қайтыс болды.
Пайдаланған әдебиеттер
↑ Қазақ Энциклопедиясы