Жақып Ақбаев
Жақып Ақбаев — Алаш зиялысы, күрескер, қайраткер, Алашорда үкіметінің мүшесі, заңгер. Құқықтану магистрі.
Мазмұны
1 Өмірбаяны
2 Патша манифесі
3 Кеңес үкіметі
4 Қайтыс болуы
5 Зерттеулері
6 Пайдаланған әдебиет
Өмірбаяны
1876 жылы 25 қазанда Семей облысы, Қарқаралы уезі, Берікқара болысы, №3 ауылының Төңіректас деген жерінде дәулетті отбасында туған. 1886 жылы Қарқаралы қаласындағы қазақ интернатында оқып, 1889 жылы Омбы гимназиясына түсіп, онда 7 жыл, онан кейін Томск гимназиясына ауысып онда бір жыл оқып, 1898 жылы бітіріп шығады да, Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түседі. 1903 жылы 1-дәрежелі дипломмен бітіріп шығады. ЖОО-да оқып жүргенде ілім-білімнің әр саласын меңгеруге талаптанады. Адамның есте ұстау қабілеті мен фактілерді екшелеудің әдіс-тәсілдерін жете меңгеру үшін Одесса қаласындағы мнемоника профессоры С.Файнштейннен дәріс тыңдауға және Санкт-Петербургтегі Археология институтына оқуға түсуге университет басшыларына өтініш те жазады. Мемлекеттік сынақ комиссиясында «Қазақтардың некелік құқығы» атты тақырыпты қорғауға бекітіп алады. Кейін осы тақырыпты түрмеде отырғанда ары қарай жалғастырып, кеңейтіп, 1907 жылы Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесінің жазбаларында жариялайды. ЖОО бітірісімен Омбы сот палатасына қызметке тұрады. 1905 жылғы тамызда Омбы қаласындағы 2-учаскенің бітімші соты болады.
Патша манифесі
1905 жылғы шілде айында Омбы қаласында патша әкімшілік орындарының мәжілісі өтіп, онда Дала өлкесінің генерал-губернаторы Сухотин бас болып қазақ өкілдерін Дума сайлауына қатыстырмау туралы мәселе қозғайды. Міне, осы шешімге қарсылық ретінде Ә.Бөкейхановтың ұйымдастыруымен Қарқаралы уезінің 42 қазақ өкілетті адамдары атынан патшаға 1905 жылы 22 шілдеде Ақбаевтың құрастыруымен жеделхат жіберіледі. 1905 жылы 17 қазандағы патша манифесінен кейін жер-жерде бостандық, теңдік, сөз еркіндігі жөнінде қызу талас, митингілер өтіп жатты. Іле-шала осындай митингі, шерулер 19 қазанда Омбы қаласында өтіп, оған Ақбаев қызу кірісіп кетеді. «Үкіметке тіл тигізгені» үшін ол қызметінен қуылады. Артынан ол Кереку қаласы, Баянауыл станицасында жиындар өткізіп, патша режимін шенеген сөздер сөйлейді. 1905 жылғы 15-16 қарашада Қарқаралы қаласында өткен үлкен жиында ол тағы да жалынды сөз сөйлейді. Патшаның жергілікті әкімшілігі «мемлекеттік қылмыс істеп, опасыздық жасады» деп 1906 жылғы 11 қаңтарда тұтқындап, Семей түрмесіне жөнелтеді.Міне, осы кезден бастап Ақбаев патша және Кеңес өкіметі кездерінде үнемі қуғын-сүргінді, тепкіні көп көріп, абақты-айдаудан көз ашпады деуге болады. Жетісу облысының Қапал уезіне 2 жылға жер аударылады. Қайда жүрсе де ол патша шенеуніктерінің парақорлығын, халыққа жасаған озбырлығын үнемі әшкерелеп отырады. Қарқаралы уезіндегі шаруалар учаскесінің бастығы Цыловтың және де басқалардың парақорлығын әшкерелейді. Қапалда жүргенде де келімсектерден қиянат көрген қазақтардың мүдделерін қорғап, осында айдауда жүрген К.Төгісовпен бірлесіп, сот процесінде әділ шешім шығаруға ықпал жасайды.
Кеңес үкіметі
Ақбаевтың патша әкімшілігінің жоғары орындарына өзінің жазықсыз жапа шегіп, айдауда жүрген мерзімін қысқартып, не сот үкімін бұзу жөніндегі арыз-шағымдарында (мысалы, сенатор граф Паленге жазылған осы құжатты және Ақбаевқа қатысты басқа да материалдарды алғаш тауып, жариялаған белгілі ақбаевтанушы-ғалым, М.Құл-Мұхаммед) өзінің жеке басының мәселелері көрініс тапқандай болып көрінгенімен, шын мәнісінде, ол құжаттарда патша әкімшілігінің озбырлық, зорлық-зомбылық, зымияндық саясаты, шенеуніктердің парақорлығы, жер мәселесінің ушығуы сияқты мәселелер көтерілген.Ақпан төңкерісінен соң 1917 жылғы 27 сәуір мен 7 мамыр аралығында өткен Семей облыстық қазақ съезін өткізуге белсене араласып, оның облыстық комитетінің мүшелігіне де сайланады, сол жылғы 24 қыркүйекте өткен кеңесіне де қатысады.1917 жылғы шілде айында болған Жалпы қазақтық съезде Құрылтай жиналысқа депутаттыққа ұсынылып, ал Желтоқсандағы съезде Алашорда үкіметінің мүшелігіне өтеді. Азамат соғысы жылдары Колчак және тағы басқа уақытша өкіметтер оны бірнеше рет абақтыға жауып, ату жазасына да кесіп, артынан ол үкімді бұзып, Ақбаевтың басы шыр айналып, Алашорда үкіметінің мүшесі ретінде елдік, алаш ісіне толыққанды бел шеше араласу мүмкіншілігінен айырылады.
Қайтыс болуы
Кеңес өкіметі орнаған соң ол Семей губревкомының заң бөлімінде жұмыс істеп, оның «етене араласуымен губерния бойынша сот-тергеу учаскелері құрылады». Біраз уақыт Семей кеңестік халық сотының мүшесі болады, Қарқаралы уездік халыққа білім беру бөлімінде және Семейде әр түрлі қызметтер атқарады. Ақбаев басқа да Алаш қайраткерлері сияқты сталиндік зобалаңға түсіп, Воронежге жер аударылып, ол жақтан ауруына байланысты елге қайтарылып, 1934 жылы 4 шілдеде Алматыда қайтыс болады.
Зерттеулері
Ақбаевтың өмірі мен қызметі, саяси серіктері А. Байтұрсынов және Ж. Досмухамедов тағы басқа Алаш ардагерлерімен үндес келеді. Ақбаев қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, соның ішінде отбасы-неке құқығын зерттеп, баспасөз бетінде публицистикалық материалдар жариялады. Қазақтың әдет-ғұрып, неке-отбасы мәселелері туралы көптеген еңбектер жазды. Абай аулымен қоңсы қонып, жастайынан ұлы ақынның өлеңдерін жаттап өсті. 1909 жылы Абай жырларының Петербургте кітап болып шығуына қолғабыс жасады. «Қазақстандағы семья-неке қатынастары» (1907), «Қазақтың шығу тегі туралы» (1927) тағы басқа ғылыми зерттеулері Абайдың қарасөздері мен «Бірер сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» шығармаларымен үндеседі. Алашорда қозғалысына белсене қатынасып, Семейде қызметте жүрген кезде Әуезовпен таныс-біліс, пікірлес, аралас-құралас болған.
Ақбайдыі Жақыбының серігі болған бөгенбаев Өскенбайтуралы не білесіздер. Материал болса менің адресіме жолдауларыңызды сұраймын Алдын-ала рахмет айтамын.