Отыншы Әлжанов
Отыншы Әлжанов 1873 жылы Семей облысы, Зайсан уезі, Нарын болысында туған Әкесі Әлжан Сақауұлы дәулетті әрі ықпалды болыс болған екен. Көзі ашық әке баласының ата дәулетіне арқа сүйеп, өз қатарынан қалып қоймауы үшін оны елдегі жақсы адамдардан үлгі алып, өнер білім іздеуге баулыды. Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, Алашорда үкіметінің мүшесі, Жетісудағы алаш қозғалысының басшыларының бірі, ағартушы-публицист, халық мұғалімі.
1873 жылы 12 тамызда Семей облысы, Зайсан уезі, Нарын болысының №6 ауылында ауқатты отбасында туған. Омбы облыстық архивінде сақталынған Омбы мұғалімдер семинариясындағы іс-қағаздарында Отыншыны 1875 жылы туған деп көрсетеді.
1882-1887 жылдары Зайсандағы қазақ балаларына арналған бастауыш мектепте,
1887-1890 жылдары Омбы уездік училищесінде оқып,
1894 жылы Омбы мұғалімдер семинариясын бастауыш мектеп мұғалімі деген атақпен бітіріп шығады. Отыншының қолы шебер болуы керек, себебі қолөнер сабағынан үнемі мақтау қағазын алып отырған екен. Семинария бітірісімен Дала генерал-губернаторы кеңсесінің қызметкері,
1895-1897 жылдары Ақмола облыстық сотының аудармашысы болып қызмет атқарып,
1897 жылы 3 айдай Атбасар уезінде бүкілресейлік халық санағын жүргізуге қатысады. Соңғы қызмет орны, Омбы округтік сотында 1898-1907 жылдары аудармашы болады.
О.Әлжанов семинарияда оқып жүрген кезден бастап, «Дала уалаяты» газеті және басқа да баспасөз беттерінде оқу-ағарту саласы бойынша, сайлау кезіндегі ру тартысы мен жікшілдіктің зияндылығы жөнінде, шаруашылықты өркендету, қазақтың әдет-ғұрып заңдары туралы көкейкесті мақалалар және ауыз әдебиеті үлгілерін жариялап отырды.
1905 жылы Санкт-Петербургте өткен «Шығыс бұратаналарын» оқыту мәселелері бойынша Ерекше мәжіліске «Дала уалаятындағы» қазақ мұғалімдері атынан О.Әлжанов сөз сөйлеген. Екінші бір,
1907 жылы өткен мәжілісте де Отыншы тағы да сөйлеп, «бұратана халықтарды» оқыту туралы «Ережеге» сын айтып, қазақ мектептерінің жұмысын қадағалайтын инспекторлық орынға қазақ мұғалімдерін тағайындау, қазақ мұғалімдерінің құқын және діни сабақтарды беретін мұғалімдердің жалақыларын орыс мұғалімдерінің құқы мен жалақыларымен теңестіруді және басқа да өзекті мәселелерді ортаға салады.
Осы мәжілістен оралған ол туған еліне пайдасын тигізбек ниетпен А.Е.Алекторовтың жәрдемімен 1907 жылы Көкпекті 2-кластық орыс-қазақ училищесінің меңгерушісі болып тағайындалады, әмбе Өскемен, Зайсан уездеріндегі қазақ мектептеріне басшылық жасау міндетін қоса атқарады. Мектеп ісін жолға қоюда көптеген шаралар ұйымдастырып, мектеп ашуға ел байларын жұмылдырады. Көкпектіде ол тек ұстаздықпен айналыспай, істі болған, зәбір-жапа шеккен қазақтардың мұң-мұқтажын жоқтап, оларға нақты көмек береді. Көкпектіде тұрып жатқан орыс мұжықтары мен татар көпестері және қала тоғышарлары қала маңайында қазақтардың жаз жайлауға шығатын жерлерін ешқандай ақы төлемей қалай болса, солай пайдаланып, қазақтарды басынып, астамшылық жасап, құқықсыз адам санатында қарады. Бұған ашынған О.Әлжанов заң жүзімен жерлестерінің талабын орындауға кіріседі. Оқыған қазақтың бұл әділетті қимылынан қауіптеніп, орыс келімсегі мен татар саудагерінің атынан пәле-жала ұйымдастырылып, О.Әлжанов 1909 жылы 5 жыл мерзімге Жетісу облысының Лепсі уезіне жер аударылады.
1916 жылғы көтерілісте елге тоқтау айтып, бос қан төгілуден сақтандырады. Патша өкіметі құлағанда, О.Әлжанов Уақытша өкіметтің Лепсі уезі комиссарының орынбасары болады. Жетісу жеріндегі Алаш қозғалысына белсене араласады.
Жетісу қазақтары атынан Құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылады.
Желтоқсандағы съезде жалпы, қазақ атынан Алашорда үкіметінің мүшелігіне сайланады. Жетісу облыстық қазақ съездерін ұйымдастыруға қатысып, Алматыда автономия қамымен милиция жасақтамақ болып жүргенде большевиктер тарапынан Ы.Жайнақов, С.Сабатаев үшеуі тұтқындалады. Осы мәселеге байланысты Алаш қайраткерлері, тіпті Мәскеудегі Кеңес өкіметінің алдына мәселе қояды да кейін абақтыдан босатылып, Лепсі жаққа келеді.
Азамат соғысы жылдары Лепсіде жұтаған елге көмек көрсету комитетін құрады. Милиция жасақтап «Елдің басына мынандай пәле туып тұрғанда мен бұларды тастап кете алмаймын, өлсем-тірілсем де бірге көремін», – деп елді қорғауға бел байлайды.
Өзінің жігіттерімен Жетісу өлкесінен Қытай аспақшы болып Үржар маңайындағы Науалы қыстағында қызыл партизандармен қақтығысады. Отыншы Көктұма өзенінің бөгетіне салынған су диірменінің басына шығып, көп атысады. Жау диірменге от қояды. Отыншы сол отта ерлікпен қаза табады. Бұл оқиға 1918 жылы 21 тамызда болған. Оны Семейге жеткізген Б.Мәметов пен Ы.Жайнақов. «Абай» журналы «… Алаш баласына Отыншының шығыны батады. Орны ойсырайды. … Жетісудағы ағайындарға басшысынан, көсемінен айырылғаны жан ауыртарлық іс болды. Тағдырға шара бар ма?» деп басқарма атынан азалы сөз жазады.
Шығармалары:
Қарынбайдың хикаяты. «Дала уәлаяты», 1894, №17;
Печальное положение современной киргизской женщины, КСГ, 1895, № 33 — 35;
Беседы о воспитании киргизских детей, КСГ, 1898, №13;
Причины обеднения киргизов, КСГ,1898, №19 — 23;
Шығармалар жинағы, А.,2004.
Пайдаланған әдебиет
↑ Жетісу энциклопедия. — Алматы: «Арыс» баспасы, 2004. — 712 бет + 48 бет түрлі түсті суретті жапсырма. ISBN 9965-17-134-3
↑ “ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.ISBN 9965-26-096-6