Мәди — сақ-скифтердің патшасы
Мәди — сақ-скифтердің патшасы (б.з.б. 660/59 — 625). Партатуаның ұлы. Ассирия, грек деректерінде Мадай, Матай, Мадиес деген аттармен де белгілі. Мәди Кіші Азиядағы трерлер мен кемерліктерді жеңген қолбасшы ретінде танылған. Мидия патшалығының әскерін талқандап, онда скифтердің үстемдігін орнатты. Ол Ассирия патшасы Ашшурбанипалдың қолдауымен бүкіл Таяу Шығысты жаулап алды. Палестина мен Сирияға барар жолда Египет патшасы Псамметих (М.Артамонов бойынша Нехо перғауын) скифтерді мол сыйлықпен қарсы алып, олардың бұдан әрі өтпеуін өтінген. Мәди келісіп, өз әскерін кері қайтарған. Мидия патшасы Фраорттың ұлы Киаксар скифтерді қонаққа шақырып, шарапқа әбден тойғызып, масайған кезде олардың бәрінің басын алған. Сөйтіп, Мидия патшалығында Киаксардың үстемдігі орнады.