Алдыңғы ми сыңарлары
Алдыңғы ми сыңарлары
Мазмұны
1 Алдыңғы мидың үлкен ми сыңарлары
1.1 Алдыңғы ми
2 Үлкен ми сыңарларының аймақтары
3 Жүйке жүйесінің гигиенасы
4 Темекі (никотин) мен ішімдіктің (алкоголь) жүйке жүйесіне әсері
5 Пайдаланған әдебиеттер
Алдыңғы мидың үлкен ми сыңарлары
Алдыңғы ми
Адамда алдыңғы мидың үлкен ми сыңарлары басқа бөлімдерінен әлдеқайда жақсы дамыған. Алдыңғы миды кейде соңғы ми деп те атайды. Үлкен ми сыңарлары оң жақ және сол жақ сыңарлардан тұрады. Әрбір ми сыңары сұр және ақ заттан құралады. Сыртындағы сұр заты ми қыртысын түзеді. Қыртыста 14 миллиардтан астам нейрондар болады. Қыртыс ми сыңарларының сыртын тұтас жауып тұрады. Ми қыртысының калыңдығы шамамен 2-3 мм, ондағы жүйке жасушаларының пішіндері мен мөлшері әр түрлі. Ми қыртысында мүшелерден қозуды қабылдайтын, қимылды реттейтін сезгіш және козғалтқыш жасушалар болады. Көптеген жасушалар ми қыртысының бөлімдерін өзара және жүйке жүйесінің басқа бөлімдерін бірімен-бірі байланыстырады. Ми қыртысы орталық жүйке жүйесінің ең жоғары бөлімі деп есептелінеді.
Үлкен ми сыңарлары сопақша мидың аз ғана бөлігі мен мишықтан басқа мидың барлық бөлімдерін жауып тұрады. Ми сыңарларының ақ заты ішкі жағында қыртыстың астында болады. Ақ заты жүйке талшықтарынан түзіледі. Ми сыңарларының беті тегіс болмай, жүлгелі, қатпарлы болады. Әсіресе, терең жүлгелер ми сыңарларын жеке бөліктерге бөледі. Жүлгелердің арасы қатпарлы болып келеді. Әрбір ми сыңарында 4 бөлік бар: маңдай, төбе, самай, шүйде. Ми сыңарларында іші ми сұйықтығына толы 2 қуыс (ми қарыншалары) болады. Ол сұйықтық ұсақ қантамырларымен қосылып, жүйке жүйесіндегі зат алмасуды қамтамасыз етеді, жүйке жасушаларын қорғайды.
Үлкен ми сыңарларының аймақтары
Үлкен ми сыңарларының қатпарлары ми қыртысының көлемін ұлғайтады. Сезу — қимыл аймағы маңдай, төбе бөліктерінде орналасқан. Мұнда аяқ, тұлға, қол, мойын, тіл, бет, ерінді қозғалту және сөйлеу орталығы болады. Көру аймағы — шүйде бөлігінде, одан көру жүйкелері арқылы козу өтеді. Есту аймағы — самай бөлігінде; дәм сезу, иіс сезу аймағы — маңдай бөлігінің ішкі жағында. Артқы орталық қатпарда — тері, буын-бұлшықет, сезу аймағы бар. Денеге ыстық, суықпен әсер еткенде қайтаратын жауабы (қолды тартып алу) осы аймаққа байланысты. Адамдағы психикалық әрекеттер (есте сақтау, сөйлеу, ойлау және т. б.) ми сыңарларының барлық аймақтарымен байланысты. Жүйке ауруларын емдейтін дәрігерді невропатолог (невролог) дейді.
Мидан 12 жұп жүйке тарайды. Оның алдыңғы екеуі үлкен ми сыңарларынан, қалған 10 жұбы мидың басқа бөлімдерінің сұр затынан басталады. Ол жүйкелер — иіс сезу, көру, есту, көзді қозғалту және т. б. деп аталады.
Қазіргі кезде медициналық зерттеу жұмыстарында мидың жұмыс істеу белсенділігін анықтау үшін электроэнцефалография әдісі қолданылады. Мидың жұмысын және ондағы өзгерістердің ырғағын жазып алуды электроэнцефалограмма (ЭЭГ) деп атайды. Оны электроэнцефалограф аспабы арқылы жазып алады. Электроэнцефалограмма жүйке жасушаларының белсенділігін және аурудың болу себептерін анықтауға көмектеседі.
Жүйке жүйесінің гигиенасы
Адамның барлық іс-әрекеті жүйке жүйесіне байланысты болғандықтан, оның гигиенасын сақтауға бәріміз міндеттіміз. Жұмыс кезінде ағзаның қажуы алдымен мидың қажуынан басталады. Аурудың қандай түрі болмасын жүйке жүйесінің қажуынан болады. Адам ауырмай әрқашан сау жүру үшін жүйке жүйесінің гигиенасын сақтау керек.
Ой еңбегі — тікелей үлкен ми сыңарлары қыртысындағы жасушалардың жұмысымен байланысты. Ұзақ еңбектену — тез шаршатады. Шаршамас үшін: ой еңбегінен кейін жаттығулар жасап, таза ауада жүріп қайту; арасында дене еңбегімен шұғылдану да артық емес. Окушылардың негізгі ой еңбегі — оқу. Жүйке жүйесінің гигиенасын сақтау үшін мына ережелерді орындау керек:
Мектептен келген соң бірден үй тапсырмасын орындамай, тынығу;
Үй тапсырмасын бір мезгілде орындауды әдетке айналдыру;
Тапсырманы алдымен жазбаша жұмыстан бастау;
Орташа қиынынан бастап қиынға, сонан соң оңайға көшу;
35-40 минуттан соң 5-10 мин үзіліс жасау;
Оқыған материалды таңертеңгілік қайталау.
Темекі (никотин) мен ішімдіктің (алкоголь) жүйке жүйесіне әсері
Никотин мен ішімдік — наркотикалық заттар екені баршамызға мәлім. Бұлар «у» болғандықтан, миға зиянды әсер етеді. Олар үлкен ми сыңарлары қыртысындағы жасушалардың жұмысын бұзады. Ағза мұндай заттарды тез қабылдайды.
Никотин мидың қозуын күшейтеді. Қозу күшейсе, ми тез шаршайды. Бүкіл ағзаны басқарып тұрған мидың шаршауы өте зиянды. Темекі шеккен адамның ұйқысы қашады, басы ауырады, ашуланшақ болады.[1]
Пайдаланған әдебиеттер
↑ Биология:Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Алматы: Атамұра, 2008. ISВN 9965-34-812-Х