Алау батыр
Алау батыр (шамамен 15 ғ. өмір сүрген) — аты аңызға айналған батыр, қолбасы. Алау батырдың тегі туралы шежірелерде әртүрлі айтылады. Оны Мөңке биден, Алшыннан тарататындар бар. Шежірелердің басым көпшілігінде Алау батыр Алшынның әкесі деп көрсетілген. Қара Жүргенов пен Жолшора Талдыбаевтардың 1925 ж. жазған шежіресінде Алау батырды Бекарыстан таратады. Шежірелердегі аталар санын демогр. жүйемен есептегенде бүгінгі ұрпақ пен Алау батыр арасы 15 ғ-ға апарады. Оның есімі кездесетін “Қырымның қырық батыры” жырлары да осы Ноғайлы заманының эпосы. Ол туралы қисса да бар. қ. “Алау батыр”. «Алау Батыр» — «Қырымның қырық батыры» топтамасына енетін жыр. Нұсқасы толық, тұтастай 7-8 буынды жыр үлгісімен шығарылған. 1942 ж. Мариям Исаева стенограмма әдісімен жазыған. Жырда елді сыртқы жаудан қорғау, туған жері, Отаны үшін жанын аямау идеясы қиялғажайып ертегі сарындарымен ұштасып, Алау батыр халык қорғаны, камқоршысы бейнесінде суреттеледі. «Алау батыр» жыры алғаш рет «Қазак халык әдебиеті» көп томдығының 12-томында жарық көрді (1990). Түпнұсқасы Орталық ғылым кітапхана қорында сақтаулы.