1900-1917 жылдардағы ресей мен қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдай
1900-1917 жылдардағы ресей мен қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдай
Мазмұны
1 Мәселенің зерттелу тарихынан
2 Қазақстан халқы
3 Жер мәселесі
4 Пайдаланылған әдебиет
Мәселенің зерттелу тарихынан
XX ғасыр басындағы бүкіл Ресей империясын қамтыған саяси окиғалардың Қазакстанға да үлкен ықпалы тиді. Осы тарихи оқиғаларға белсенді түрде араласкан Әлихан Бөкейханов 1905 жыл жөнінде «бүкіл дала саясат аясына тартылып, азаттық ушін қозғалыс тасқыны құрсауына енді», —деп жазды.
Кеңестік тарих ғылымында 1905—1907 жылдардағы революциялық қозғалыстың Қазақстанға, қазақ қоғамына тигізген ықпалын талдауда тарихи деректерді белгілі бір даяр теориялык қалыптарға салып сұрыптау, сондай-ақ метрополиядағы оқиғалардың ел өміріне ықпалын асыра бағалау орын алды. Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс Ресейдегі большевиктер партиясы бастаған пролетарлық қозғалыстың табиғи одақтасы, олай болса, ұлт-азаттық қозғалыстың өз максатына жетуі — Ресейдегі пролетариат диктатурасының орнауына тікелей тәуелді-тін. Ал қоғамдық дамуда мешеулік танытқан «түземдіктер» үшін орыс мәдениетінің прогресшіл рөлін төптіштеп баяндап, қайталап отыру бұл тұжырымның логикалык шегі болуға тиіс еді.
XX ғасырдың бас кезінде Қазақстандағы қоғамдық қозғалысқа ат салыскан әлеуметтік күштердің орнын ауыстыру, қазақ коғамындағы таптық қайшылықты көпе-көрнеу асыра бағалау, осы негізде қисынсыз теориялық тұжырымдама жасау етек алды. Ал, шын мәнінде, сан жағынан тым аз әрі тап ретінде қалыптасып үлгермеген қазақ жұмысшыларының да, егіншілікке жарамды құнарлы жерінен айырылған қазақ бұқарасының да, қоғамның аз ғана бөлігін құраған ауқатты билеуші топтардың да қоғамдык санасын билеген ортақ ой — орыс әкімшілігі орнатқан құлдық тәртіптен құтылу еді. Соған сәйкес, отарлық езгідегі қазақ қоғамында таптық санадан гөрі ұлт-азаттық сананың тезірек пісіп-жетілуіне колайлы алғышарттар жасалды.
Әрине, метрополияда орын алған терең қоғамдық сілкіністердің қазақ қоғамында ықпалы болғанын жоққа шығару мүмкін емес. Сонымен бірге империяның ішкі губернияларындағы азаттық қозғалыс пен отарлық жағдайынан бастау алатын мұндағы ұлт-азаттық қозғалыс арасындағы өзара айырмашылықтарды мойындауға тура келеді. Ол айырмашылык метрополия мен ұлттық аймақтағы азаттық қозғалыстардың көздеген түпкі мақсаттарынан туындайды. Орыс жұмысшы табы мен буржуазиясының, шаруалар бұқарасы мен басқа да демократиялық күштер жүргізген орыс азаттық қозғалысының көздеген мақсаты — феодалдық басыбайлылық жүйенің қалдықтарынан біржола арылып, еркін қоғамдық даму жолына түсу болса, қазақ азаттық қозғалысының басты мақсаты — ұлттық мемлекеттік дербестікті қалпына келтіру арқылы саяси, экономикалық және мәдени өркендеу мүмкіндігіне ие болу еді.
Ғасыр басындағы Түркістандағы жағдайды зерттеген авторлардың бірі Г.Сафаровтың тура көрсетіп жазғанындай мұнда «қанаудағы ұлттар мен қоныс аудара келген орыс жұртының арасында ұлттың теңсіздіктен бастау алатын өзара түсініспеушіліктің қалың қабырғасы тұрды».
Осы мезгілдегі ұлт-азаттық қозғалысқа тән оның мынадай бір ерекшелігін атап айтқан жөн. Сандық тұрғыдан көп емес, бірақ саяси белсенділігі жоғары ұлттың зиялылар тобы түрлі басылымдар арқылы азаттық идеологиясын қалыптастыра отырып, халық өміріндегі жетекші саяси күшке айнала бастаған еді.
Ұлттық саяси элитаның қызметін еркін зерттеу мүмкіндіғіне тарихшы мамандар тек тәуелсіз мемлекеттік даму жағдайында ғана жетті.
Қазақстан халқы
XX ғасырдың басы Қазақстан халқы санының жедел өсуімен сипатталады. Ол жергілікті тұрғындардың табиғи өсуі, сондай-ақ ішкі ресейлік губерниялардан келген миграциялық толқын арқылы жүрді. Тек 1897—1917 жылдар аралығында, яғни Ресей империясында жүргізілген алғашқы жалпы халық санағынан кейінгі жиырма жылдың ішінде Қазакстан тұрғындарының саны 25,7%-ға өсті.
Мұндай өсу қарқыны жалпы өлке тұрғындарына тән болғанымен, оның негізгі жергілікті халқының жағдайы өзгеше-тін. Жиырма жыл аралығында қазақтардың Ресей империясы халықтары құрамындағы үлес салмағы төмендеп кетті. Ал Қазақстандағы қазақтар саны жиырма жылда 231 мың адамға ғана өсті.
Қазақ халқының демографиялық ахуалы нашарлауының бірнеше себептері болды. Біріншіден, көшпелі тұрмыс жағдайында түрлі жұқпалы аурулардың кең таралуы, оған қарсы дәрігерлік қызмет жүйесінің жоқтығы, өлім-жітімнің жоғары деңгейде болғандығы. Екіншіден, 1916 жылғы көтерілістен кейін патшалык жазалаушы күштері қолынан көтеріліске қатысушылармен қатар мыңдаған жазықсыз бейбіт тұрғындардың (қарттар, әйелдер және балалар) қаза табуы өз әсерін тигізді. Орыс әскерінің қаһарынан ыққан мыңдаған қазак отбасылары Қытай, Монғолия және басқа елдерге көшіп кетті, тек Жетісу облысынан ғана 1916 жылы шет елдерге 150 мыңнан астам қазақ қоныс аударуға мәжбүр болды. Үріккен халықтың баска елдерге көшуі Сырдария және Семей облыстарында да байқалды.
XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезінде қазақ халқының басым бөлігі, яғни 70%-ы оңтүстік және батыс аймақтарда орналасты. Қазақстанның барлық аймағында қазақ халкының үлес салмағы кеми түсті. Қазақ халқының өз еліндегі үлес салмағының кемуіне әсер еткен негізгі жағдай империяның ішкі аудандарынан орыс, украин және басқа ұлттар өкілдерінің Қазақстанға қоныс аударуы еді. Столыпиннің аграрлық реформасы нәтижесінде империяның шет аймактарына қоныс аударғандардың 24,9%, яғни төрттен бір бөлігі (1301 мыңдай адам) Қазақстанға келді. XX ғасырдың басында Қазақстанда татар, ұйғыр, өзбек, дүнген, мордва және басқа халықтардың да өкілдері өмір сүрді.
Қазакстан тұрғындарының 90%-ы ауылды жерде тұрып, мал және егін шаруашылығымен айналысты. 1917 жылға дейін Қазақстандағы калалардың саны 28-ге жетті. Олардың бесеуі, яғни Шымкент, Әулиеата (Тараз), Түркістан, Перовск (Ақмешіт) және Жаркент көне қалалар санатына жатты, ал қалғандары Ресей кұрамына енгеннен кейінгі уақытта қалыптаса бастады. Қала тұрғындарының басым бөлігі орыс, қазақ және татарлар болды.
Жер мәселесі
Қазақ жерінде қазақ-орыс қоныстарын құру, әскери бекіністер салу патшалық биліктің қазақ жерін отарлауындағы бастапқы кезең ғана еді. Ресейде 1861 жылғы 19 ақпанда жарияланған орыс шаруаларын кіріптарлықтан босату жөніндегі реформалық шаралардан соң патшалық билік Қазақстан сияқты империяның шет аймақтарына жерсіз орыс шаруаларын мейлінше көбірек қоныстандыру әрекетіне көшті. Мұндай шара арқылы үкімет өзара тығыз байланысты екі мақсатты көздеді. Біріншіден, реформалық шараларды іске асыру барысында ішкі губернияларда жерге байланысты қалыптасқан әлеуметтік шиеленісті жерсіз орыс шаруаларын Қазақстан және басқа отарлық тәуелділіктегі аймақтарға қоныс аударту арқылы бәсеңдету болса, екіншіден, қоныс аударушы орыс және баска еуропалык тұрғындарды жаңа қосып алған аймақта өзінің саяси-әлеуметтік тірегіне айналдырып, солардың көмегімен жергілікті отарлық билікке қарсы күштерді басып, болашақта отарланған жұртты орыстандыру арқылы оның этностық аумағын біржола империяның географиялық құрамдас бөлігіне айналдыру еді.
Мұндай аса маңызды мемлекеттік шараның заңды негізі де жасалды. 1868 жылы 21 қазанда патша бекіткен «Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару жөніндегі Уақытша Ереженің» 210- бабы бойынша «қазақтар қоныстанган жер мемлекет жері есептеліп, қазақтарга қоғамдық пайдалануға беріледі» деп көрсетілді.
1886 жылы 12 маусымда бекітілген «Түркістан генерал-губернаторлығын басқару жөніндегі Ереже» Сырдария және Жетісу облыстарындағы қазақ жеріне байланысты 1868 жылғы «Уақытша Ереженің» баптарын қайталады. Оның 270-бабында: «Көшпенділердің қоныстары орналасқан мемлекет жерлері, олардың дәстүрі мен осы ереже баптары негізінде мерзімсіз уақытқа көшпенділердің қоғамдық пайдалануына беріледі» делінді. Бұл осы уақытқа шейін тек қазақ еліне ғана тиесілі, оның ұлттық меншігі есебінде мойындап келген атамекенін Ресей үкіметінін зорлықпен тәркілеуі еді.
Ресми билік орындары қоныстанушыларға түрлі жеңілдіктер жасап, артықшылықтар белгіледі. Бұл істе бастама көтеру жергілікті патшалық билік орындарының қолына тиді. Мысалы, 1869 жылы Түркістан генерал-губернаторы К.Ф. фон Кауфман бекіткен «Жетісуда шаруаларды қоныстандыру туралы Уақытша Ережеде»:
а) әрбір қоныс аударушы ер адам басына егіншілікке жарамды 15 десятинадан жер бөлініп, оған қосымша 15 десятина қосылды. Ал пошта жолы бойындағы бекеттерге орналасқандарға 30 десятина бөлініп, оған 15 десятина қосымша жер берілді;
о) қоныстанушылар 15 жыл салықтан, түрлі міндеткерліктерден (соның ішінде рекруттан) босатылды. Мұқтаж отбасыларға 100 сомға дейін қарыз беру белгіленді.
Жаңадан қалыптаса бастаған орыс қоныстарын өлкедегі ықпалды күшке айналдырып, қорғаныс қабілетін күшейту мақсатында оларды негізгі қатынас жолдары бойына орналастырып, аса құнарлы жерлерге тамыр жайған тұтас орыс қоныстары тізбегін жасап, сондай-ақ олардың баска орыс-қазақ қоныстарымен және қалалармен жеңіл жалғасып жату мүмкіндігін қарастыру көзделді.
1874 жылы Ақмола облысына қоныс аударып келгендерді орналастыру тәртібі жасалынып, онда әрбір қоныстанушы ер адамға 18 десятинадан кем емес және 30 десятинадан артық емес үлес беру, ал оған қосымша ең аз дегенде 20 ер адам орналаса алатын жер телімдерін даярлау туралы айтылды. Бұл бөлінген жер телімдерінде қазақтарға егін егіп, қыстау салуға тыйым салынды. Егер көшіп келген орыс шаруалары бұл берілген жерлерді игеріп, түрлі шаруашылықтар құрса артықшылықтар алды, салықтан, түрлі каржы және тікелей басқа міндеткерліктен (әскери емес) 10 жылға босатылды. Тура осындай жеңілдіктер Торғай, Орал және Сырдария облыстарына келген қоныстанушыларға да берілді.
1891 жылғы 25 наурызда қабылданған «Акмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы Ереже» қазақ жерін отарлау ісіне жаңа карқын берді. Ресей Ішкі істер министрлігінің 1894 жылғы 29 маусымдағы өкімі бойынша Сібір мен Дала өлкесіне қоныс аударуға қойылған шектеу жойылып, губернаторларға қоныс аударушыларға ешқандай да кедергісіз құжаттар беру жөнінде нұскау түсірілді. XIX ғасырдың 90-жылдарының екінші жартысында және XX ғасырдың алғашқы он жылдығында қазақ жеріне арнайы шығарылған экспедицияларға қоныс аудару қорларын жасау үшін «артық жерлерді» анықтау ісі жүктелді.
Жаппай қоныс аудару үдерісіне мақсаттылық және ұйымдасқандық сипат бере алатын әкімшілік жүйесін құру ісі де колға алынды. 1896 зкылы Ресей Ішкі істер министрлігі жанынан Қоныс аударту баскармасы (Переселенческое управление) құрылды. 1905 жылғы мамыр айында ол жаңа құрылған егіншілік және мемлекеттік меншік министрлігі қарамағына өтті. Бұл мекемеге империя көлеміндегі қоныс аудару істері жүктелді. Осы мекеменің ұсынысы бойынша Қазақстан жері бес қоныс аударатын аудандарға (Торғай—Орал, Акмола, Семей, Сырдария және Жетісу) бөлініп, 1904—1906 жылдары бұл облыстарда аудандық қоныстандыру мекемелері ашылды. Өз ретінде облыс көлемін қамтыған қоныстандыру мекемелері уездік деңгейде кіші аудандық болып бөлінді. Қазақстанда империялық орталықтан басқарылған қоныстандыру мекемелерінің жүйесі қалыптасты. Олардың жұмысын жүргізу ісіне империялық мүддені жақсы түсінген, тәжірибелі мамандар тартылды. Бұл мекемелерге, негізінен, екі міндет, яғни жергілікті қазақтардың пайдалануындағы жердің «артығын» анықтап, қоныстандыру телімдерін даярлау және казақ бұқарасын «жерге орналастыру», анығырақ айтқанда, тездетіп отырықшы тұрмысқа көшіру жүктелді.
Қоныстандыру мекемелері қоныс аударушыларға жер телімдерін даярлау барысында мыңдаған қазақ қожалықтарын соған дейін игерілген суармалы жерінен, жоңышқалықтарынан, бау-бакшаларынан, су жүйелерінен айырып, құнарлылығы нашар басқа жерлерге көшірді. Мемлекеттік Дума депутаты Дзюбинский қоныстандыру мекемелерінің бұл әрекетін жеке отбасыларының меншігін зорлықпен тәркілеу (экспроприациялау) екенін айтып, бұл істің тіпті себебін де ашып көрсетті, яғни суландыру жүйесін салу үшін мемлекеттен көп қаржы шығынын талап ететін жерлерден қашып, егіншілік құруға даяр жергілікті халықтың меншігіндегі жерді тартып алу сиякты жеңіл жолға түсу еді. Қоныс аударушыларға жер телімдерін даярлаумен бірге қазақ қожалықтарын жерге орналастыру, яғни отырықшылық тұрмыска көшіру ісімен қатар жүрді. Сондай-ақ үкімет орындары бұл істі үлкен қарқынмен жүргізіп, тезірек аяқтау жолында тұрды.
Ресей үкіметінің XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бас кезіндегі (1917 ж. дейін) қазақ жерін отарлау шаралары қазақ даласына улкен нәубет әкелген болатын. Осы мезгілде 45 млн га егіншілікке жарамды құнарлы жер қазақ әскерінің, орыс және баска еуропалық қоныс аударушылардың, сондай-ақ мемлекеттің пайдасына өтті. Бұл барлық қазақ жерінің 16%-ға жуығы. 1896—1916 жылдар ішінде Қазақстанға 1,4 млн-нан астам келімсектер, яғни империяның азиялық бөлігіне қоныс аударушылардың үштен бірі келіп орналасты. Өкінішке орай ішкі Ресейден, Сібірден қазақ жеріне қоныс аударған орыс бұқарасы, белгілі дәрежеде, отарлау саясатының құрбанына айналды, «жайлы мекен, жұмақ жер» үшін өзі сияқты баска жұрт бұқарасын құнарлы жерінен, ата қонысынан айыруға атсалысты.
Егіншілікке жарамды қазақ жерінің үлкен бөлігінің қоныс аударушыларға өтуі, жайылым жолдарында орыс қоныстарының пайда болуы дәстүрлі қазақ шаруашылығын күйзеліске ұшыратты. «Қазіргі уақытта, өкінішке орай, — деп жазды Жетісу қазақтары облыс губернаторы атына жолдаған хатында, — қазактардың басым көпшілігінің кедейленгені сонша, олардың бір орыннан екінші орынға көшіп-конуға қуаты жоқ, сондықтан да олар жерге біржола шөкті, ал мұндайларды қазақтар «жатақтар» деп атайды». Мұндай құбылыс барлық казақ облыстарына тән болатын.
Қазақстанда қалыптасқан жер мәселесі басым түрде зиялылардан тұрған ұлттық саяси топтың қалыптасуына, оның тез жетіліп саяси күшке айналуына түрткі болды. «Жер дауы» оның қызметінің негізгі арқауына айналды.
Пайдаланылған әдебиет
↑ Қазақстан тарихы: Аса маңызды кезеңдері мен ғылыми мәселелері. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдык- гуманитарлык бағытындағы 11-сыныбына арналған оқулық / М.Қойгелдиев, Ә.Төлеубаев, Ж.Қасымбаев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2007. — 304 бет,суретті. ISBN 9965-36-106-1