19 ғ. орта кезеңіндегі қазақ шаруаларының патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы күресі
19 ғ. орта кезеңіндегі қазақ шаруаларының патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы күресі
Мазмұны
1 Есет Көтібарұлы бастаған көтерілістің алғышарттары (1847— 1858 жылдар).
2 Көтерілістің басталу себебі
3 Көтерілістің барысы
4 Арынғазы Әбілғазыұлы мен Жанғожа Нұрмұхамедұлының Хиуа мен Қоқан хандықтарына және Ресей отаршылдығына қарсы күресі
5 Пайдаланылған әдебиет
Есет Көтібарұлы бастаған көтерілістің алғышарттары (1847— 1858 жылдар).
XIX ғасырдың 40-жылдарында патшалық Ресейдің қазақ даласына ішкерілеп еніп, бекіністер салу ісі жалғаса берді. 1837— 1847 жылдары Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс кезінде Кіші жүз аумақтық бірлестігінде қазақтардың жайылымдық жерлерінің қақ ортасында бір жылда екі бекініс бой көтерді. Олар 1845 жылы дүниеге келген Кіші жүздің Шығыс бөлігінде салынған Торғай (кейіннен Орынбор) бекінісі және Ырғыз (кейіннен Орал) бекіністері еді. 1847 жылы Сырдария өзенінің Арал теңізіне құяр тұсында Райым бекінісі, 1848 жылы Орал мен Ор бекінісі аралығында Қарабұтақ бекінісі пайда болды. 1846 жылы Каспийдің шығыс жағалауындағы Тұпқараған түбегінде Ново-Петровск (Александров форты) қамалын тұрғызды.
Ресей экспансиясының оңтүстік аудандарға, Сырдария өңіріне қанат жаюы осы ауданда көшіп-қонып жүрген Кіші жүздің шекті, шөмекей, төртқара руларының ашық наразылығына кезікті. Осылайша Есет Көтібарұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған көтеріліс туындады.
Сыр өңіріне орыс әскерлерінің келуі, әрине, осы өңірге қожалық етіп келген Хиуа, Қоқан билеушілеріне ұнамады. Олар да Сырдария және Арал өңірінде бекіністер тұрғыза бастады. Жем өзеніне дейінгі қазақтардан зекет, ұшыр жинаумен айналысты.
Ал Ресейдің Орынбор әкімшілігі 1837 жылы түтін салығын енгізіп, әр шаңырақтан 1 сом 50 тиыннан жинай бастады. Оған қоса Орынбордан басқа орыс бекіністеріне әскери жүкті тасымалдауға тек қана осы өңірге салынған жылма-жылғы түйе, жылқы салғырты қарапайым көшпелі малшыларға ауыр тиді.
Сырдария бойында бекіністер салу мен 1853 жылғы Қоқан хандығына қарсы Ақмешіт жорығының барлық ауыртпалығы халықтың мойнына түсті. Олар орыс жасақтарын көлікпен, жүк артып көлік бағатын қара жұмыскермен қамтамасыз етуге міндетті болды. Түркістан өлкесіне баратын әскердің гарнизондық қажеттіліктерін тасымалдау — лау міндеткерлігі деп аталды. Мұндай төтенше салық міндеткерліктеріне лау міндеткерліктерінен басқа жолдарды, арықтарды тазалау, көпірлерді жөндеу, малдың қысқы азығы, отынмен қамтамасыз ету, т.б. жатты.
Көтеріліс басшысы Есет Көтібарұлы Кіші жүздегі саны жағынан ең көп саналатын шекті руының аса ықпалды батыры. Ол қазіргі Ақтөбе облысы, Шалқар қаласының іргесіндегі Ақши деген жерде туған. Есеттің әкесі Көтібар Бәсенұлы XVIII ғасырдың соңындағы Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысы кезінде шекті руының жасақтарын бастап, Тіленші, Асау батырлармен бірге патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы күресті.
XIX ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Сегіз сері Баһрамұлы өзінің «Қашқын» дастанында Көтібар батыр туралы:
Аралас шекті, табын қонған екен,
Олар да патшаға өшті болған екен.
Көтібар заманында ту көтеріп,
Халқына хал-қадірі болған екен —
деп жырлайды.
Сырым мен Көтібардың түпкі мақсатына жете алмай, біреуі Хиуада, біреуі өз елінде қаза болуы жайында:
Сырым мен Көтібардың,
Пайдасы тиген жалпыға.
Екеуінің өлімі Қатты батты халқына, —
деп көрсетеді.
Осындай күрескер әкенің ұлы Есет жас кезінен-ақ Кіші жүздегі қоғамдық-саяси өмірге белсене қатысты. Шекті руы тілеуқабақ тармағының рубасы, әрі биі, әрі батыры ретінде аты Кіші жүзге, одан асып үш жүзге белгілі болды. Ол XIX ғасырдың екінші жартысында патша үкіметінің отарлық саясаты күшейіп, Қазақстанның Ресейдің қол астына енуі аяқталар уақытта ел тағдыры үшін күреске белсене араласты.
Есет Көтібарұлы көтерілісі қарсаңында Кіші жүз көлеміндегі ең ірі тайпалық бірлестік — шекті руы 12 800 түтін, шамамен 65—85 мың адамнан тұрды. Есеттің қарамағындағы үлкен шекті рулары жазда Жем өзенінің жоғарғы ағысы, Арал теңізінің жағалауы, Үлкен және Кіші Борсық құмдарын мекендеді. Ал Жанғожа бастаған кішкене шектілер — 3500-дей түтін басқалардан бөлек Кіші жүздің оңтүстігін Қуаңдария, Сырдарияны мекендеді. Жанғожа мен Есет ағайынды болатын. Халық Есетке қыр шектісі, Жанғожаға сыр шектісі деп атаулар берген. Жаугершілік заманда Есет үнемі Жанғожаға көмек беріп отырған.
Көтерілістің басталу себебі
XIX ғасырдың 40-жылдары патша үкіметінің отарлық езгісімен Хиуа, Қоқан билеушілерінің озбыр шапқыншылықтары күшейе түсті. Осылайша Кіші жүздің оңтүстік аудандарындағы, Арал мен Сырдың төменгі ағысындағы қазақтар екі жақты қысымның ортасында қалды. Қоқан, Хиуа бектері де Сырдариядағы бекіністерге жақын маңда көшіп жүрген қазақтарға дүркін-дүркін шапқыншылықтар жасап, ауылдарды тонап, үйлерін өртеп, малдарын айдап әкетті.
Орталық Азия хандықтары қазақтардан зекет, ұшыр жинау арқылы оларды өздеріне тәуелді етуді көздесе, патшалық әкімшілік те дәл осындай мақсатпен түтін салығын төлеуді талап етті. Осындай «былай тартсаң арба сынатын, былай тартсаң өгіз өлетін» қиын саяси жағдайда жергілікті рубасылары алдында бірнеше жолдың біреуін таңдау міндеті тұрды.
Жанғожа Нұрмұхамедұлы Хиуа, Қоқан хандықтарына байланысты бітіспейтін жаугершілік бағытты ұстанды. Ал кейбір Кіші жүз сұлтандары Хиуа хандарымен тату байланыс орнатты. Есет Көтібарұлы болса Ресеймен де, Хиуамен де дипломатиялық жолмен қатынас жасауға тырысты. Себебі олармен тығыз сауда байланыс орнатылған еді. Әсіресе, Хиуамен байланыстың үзілуі ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан отырықшы қалалардан қол үзуге әкелер еді. Ал Жанғожаның қол астындағы кіші шектілер өздері 3 мың десятинаға жуық жерге егін егіп, Хиуа астығынсыз-ақ күн көретін. Басқа тауарларды Бұхардан сатып алды.
Кіші жүз қазақтары XIX ғасырдың 20—30-жылдары шекара шебінің салынуына байланысты табын руы мекендеген жайылымға, өзендерге, тұзды жерге бай Жаңа Елек ауданынан бір рет айырылды. 40-жылдардың ортасында Жем өзенінің ар жағына өтуге тыйым салынды. Ал бұл ауданда үлкен шектілердің жайлауы орналасқан болатын. Ембі посты мен Арал бекінісі салынған кезде шектілер ол жерді де тастап шықты. Жоғарыда айтылғандай алғашқы наразылық 1853 жылғы Ақмешіт жорығына қажетті 4 мың түйе мен көлік жабдықтарын беруге бас тартудан басталды. Есет бастаған көтерілісшілерді жазалау өз нәтижесін бермеді.
[өңдеу] Көтерілістің барысы
Патша үкіметіне қарсы қарулы қақтығыстар 1855 жылы жазда қайта басталды. Оған Қырым соғысында Ресейдің түрік әскерлерінен жеңілуі әсер етті. Қырым соғысының нәтижелері қазақ даласында отаршылдыққа қарсы көңіл күйдің өрши түсуіне жағдай жасады. Есет өзіне қарсы күштердің шығарылуын күтпей, топ жасақтай бастады. Есеттің қол астына 1300-ге жуық шекті, табын, адай, т.б. патшалық озбырлықтың құрбандары жинала берді.
Есет Көтібарұлына қарсы Орынбор бекінісінен Кіші жүздің орта бөлігінің басқарушы сұлтаны Арыстан Жантөреұлы басқарған қазақ әскери жүздігі және әр түрлі рулардан 900-дей сарбаздар жиналды. Онымен бір мезгілде батыс бөліктің басқарушы сұлтаны М.Тәукеұлы жасағымен қырға бет түзеді. Елек өзенінің жоғарғы ағысындағы Суықсу шатқалындағы сұлтан лагеріне тұтқиылдан жасалған шабуыл кезінде Арыстан Жантөреұлы және т.б. дистанция бастықтары, билер, рубасылары — барлығы 10 адам қаза тапты. Ал Дәуіт Асауұлы бастаған шөмішті, табын, ысық, таз, шеркеш руы қазақтары келісім бойынша Тәукеұлы жасағына шабуыл жасауы керек еді. Мұны естіген Тәукеұлы дереу шепке оралып, қазақ жасағын ертіп шығып, Дәуіт Асауұлына қатысты ауылдарды талқандап, малдарын тонады. Дәуіттің отбасы тұтқындалып, Орынборға аттандырылды. Дәуіттің өзі бой тасалап үлгерді.
Енді Есет жасақтары 10—40 адамнан тұратын шағын топтарға бөлініп, патшалық Ресей жағындағы би, рубасы, сұлтандардың малдарын айдап әкетумен айналысты.
Орынбор әкімшілігі көтерілісшілерге қарсы Орал, Орынбор қазақ әскерін, башқұрт полктерін, бекініс гарнизондары күштерін бір мезгілде қырға шығарды. Жазалаушы жасақтарды басқарған подполковник Кузьминский, Дерышевтер көтерілісшілер ауылдарымен қоса бейбіт ауылдарды жан түршігерлік қаталдықпен жазалады. Жазалаушыларға «бүлікшілердің» мал-мүліктерін тонап алуға, барымта жасауға рұқсат берілді. Есет Үстіртке жақын Асмантай, Сам құмдарына шегінуге мәжбүр болды. 1857 жылы Сам құмдарында көтерілісшілер түгелімен талқандалды.
Есеттің Хиуамен көмек жөніндегі келіссөздері нәтиже бермеді. Есеттің алдында тағы да екі жолдың бірін таңдау міндеті тұрды: туған жерді тастап шығып, Хиуаның қол астына бағыну немесе Ресей билігін мойындап, ежелгі ата-қоныста қалу. Есет екінші жолды таңдады. Тек 1858 жылдың жазында ғана, В.А.Перовскийдің орнына тағайындалған генерал-губернатор, Катенин Жем бойында Есетпен бітім жасасады. Есет лажсыздан патша билігін мойындауға мәжбүр болды.
Есет 1859 жылы бірнеше би-сұлтандармен Петербургке барып, империяның күш-қуатымен танысып қайтады. Қазақ даласынан барған бұл делегацияны әдейі әскери шеруге қатыстырған.
Осылайша Есеттің халық алдындағы беделімен санасқан патша үкіметі оны өз жағына тартып, шекті руының қабақ тармағының басқарушысы етіп тағайындайды.
Арынғазы Әбілғазыұлы мен Жанғожа Нұрмұхамедұлының Хиуа мен Қоқан хандықтарына және Ресей отаршылдығына қарсы күресі
XIX ғасырдың басынан басталған Азия құрлығы үшін Англиямен бақталастық, Ресей үшін Қазақстанның Шығыс елдеріне апаратын «қақпа және кілт» факторының күшеюі дамып келе жатқан Ресей капитализміне жаңа шикізат көздерінің қажеттігінен туындады.
Міне, осылардың бәрі XIX ғасырдың ортасында үлкен маңызға ие болып, Ресейдің Орталық Азияны жаулап алу саясатында Қазақстанның оңтүстік өңірінің стратегиялық маңызын арттыра түсті. Сыр бойында алғашқы орыс бекінісі — Арал (Райым) Арал теңізінен 60 шақырым жерде орналасты.
Орыс бекіністерінің салына бастауы хиуалықтардың табанды қарсылығына кезікті. Хиуалықтар орыс билігіне мойынсұнған қазақтарды жазалау үшін сусыз қалдыруды көздеді. Қожанияз бекінісінің тұсынан Қуаңдарияның суын төмен жібермей бөгеп, Арал теңізіне дейінгі жерді сусыз қалдырды. Судан тапшылық көрген қазақтар — төртқара, кішкене шекті, тілеу рулары Райым бекінісінің маңайына көшіп келіп, хиуалықтарға зекет төлеуден бас тартады. Жалпы, бұған дейін Сырдың төменгі ағысы, Арал өңірінде бұрынғы Хиуа ханы Қайыптың немересі Арынғазы Әбілғазыұлы билік жүргізді. Ол 1815—1821 жылға дейін қазақтардың саяси тәуелсіздігіне қауіп төндірген Хиуа ханы Мұхаммед Рахыммен үздіксіз қарсыласты. Хиуа басқыншылығына қарсы күрес Арынғазының беделін өсірді. Оның билігін Орта жүздің батыс бөлігіндегі қазақтар да мойындады. Көптеген қазақтар Арынғазы шетел басқыншылары мен өз билеушілерінің озбырлығынан құтқарады деп үміттенді. Жайықтан Сырға дейінгі далада билігі жүруге тиісті Шерғазы Айшуақұлының орнына халық Арынғазыны бекітуді сұрайды. Арынғазының қол астына қарулы жасақтар топтаса бастайды.
Арынғазының күшеюінен сескенген патша үкіметі Арынғазыдан құтылу үшін сылтауратып 1821 жылы оны Петербургке шақырды. Ол жолда ұсталып, Калугаға жер аударылды. Өз халқынан осылайша қол үзген Арынғазы 1833 жылы сол жақта қайтыс болды. Сыр бойын иеленуге ұмтылған патшалық Ресей өз жолындағы кедергіден осындай жолмен құтылды.
Арынғазының тұтқындалуы Сыр өңірі қазақтары үшін орны толмас ауыртпалықтарға әкелді. Бұл аймақта Хиуа бектерінің үстемдігі орнады. Жайық пен Елек өзені аралығындағы жерден айырылуға байланысты Жоламан Тіленішұлы көтерілісінің басталуына да Арынғазының тұтқындалуы себеп болды.
Енді Сыр бойындағы қазақтарды Қоқан, Хиуа хандықтарынан азат етуге кішкене шекті руының билеушісі Жанғожа батыр бел шешіп кірісті. XIX ғасырдың ортасына дейін хиуалықтар Сырдарияның төменгі ағысына дейінгі, қоқандықтар Ақмешітке дейінгі жерлерді бақылауда ұстады. Жанғожа батыр осындай жағдайда Орталық Азияға қарай жылжып келе жатқан Ресейдің көмегіне сүйеніп, қазақтардың дербестігін қорғауды ойлады. Қазақтардың Ресей жағында тұрғанын байқаған Хиуа ханы 1847 жылғы тамыз, 1848 жылғы наурыз айында 6 мың әскермен Сырдың екі жағындағы елге жойқын жорық ұйымдастырды.
Екі күннен кейін Жанғожа өз сарбаздары және Райым гарнизонының көмегімен хиуалықтардың Жаңақала бекінісінің, қоқандықтардың Қошқорған бекіністерінің күл-талқанын шығарады.
Патшалық әкімшілік Жанғожаның халық алдындағы зор беделін ескеріп, оны өз жағына тарту үшін казак әскерінің «есаул» шенін береді. «Ерлігі үшін» алтын медалін сыйлап, Сыр қазақтарын басқарушы ретінде 200 сом төлемақы белгілейді. Алайда Жанғожа шеннен де, төлемақыдан да, ант беруден де бас тартады. Жанғожа батыр басында Ресей әскерін хиуалықтардан қорғаушы ретінде қабылданғанымен, уақыт өте келе олардың да отаршылдық пиғылын тереңірек түсіне бастаған еді. Орынбор әскери генерал-губернаторы Обручев Жанғожаны «бағынбағандығы үшін» жазалауға көшеді. Қазалы маңындағы қазақтарға салық төлеткізіп, әскери бекіністердегі ауыр жұмыстарға салды. Егістікке қолайлы жерді басып алды.
Сырдария бойындағы қазақтар көтерілісінің негізгі себебі де жерінің тартып алынуынан еді. Орыс армиясы Қоқан бекіністерін жаулап алу арқылы Сырдария әскери шебін құрды. Қазақстанның Ресейге қосылуын аяқтау үшін Сырдария әскери шебін Сібір шебімен қосу көзделді. 1853 жылы Перовскийдің басшылығымен Аралдан Ақмешітке дейінгі аралықта бекіністер салынды. Қоқандықтар үшін саяси стратегиялық және экономикалық үлкен маңызы бар Ақмешіт 20 күн қоршаудан кейін аса зор әскери күштің арқасында орыс әскерлерінің қол астына өтті. Ақмешіт Ресейдің қол астына өткеннен кейін Перовск форты салынып, Сырдария шебі құрылды. Райым (Қазалы) мен Ақмешітке дейінгі аймақта отаршылдық тәртіп орнады. 1 сом 50 тиын түтін салығы енгізіліп, толып жатқан еңбек міндеткерліктері: әскери бекіністер құрылысы, бекіністер арасында жол, көпір салу, егіске керек су жүйелерін қазу, жүк тасу үшін көлікпен (түйемен), адам күшімен қамтамасыз ету жүктелді.
Жаңа тәртіпке наразылар Жем бойында көшіп жүрген Есет батыр мен Сыр маңындағы Жанғожа бастаған отаршылдыққа қарсы күреске қосылды. Көтерілістің ошағы Қызылқұм, Жаңақалада орналасты. Көтерілісшілердің қарулану дәрежесі төмен, астындағы аттарының күйі болмаса да, тіпті кейбіреуі өгізге мініп, кейбіреулері жаяу-жалпы болса да, олардың күрескерлік рухы жоғары еді. Көтеріліске Сыр бойындағы алты ата әлімұлынан кішкене және үлкен шектілер, қарасақал, шөмекей, кете, төртқара сияқты т.б. үш мыңға жуық жергілікті халық қатысты.
1857 жылы қаңтарда Ақмешіттен Перовскийдің бұйрығымен «Ритингофтың әскері 1 зеңбірек, 2 зымыран станогы, 300 аттылы казак әскері, Елекей Қасымұлы бастаған 320 жаяу башқұрт жасағы шықты. Оған Арал флотилиясының бастығы Бутаков жасағы да көмекке жетті. Міне, осыдан-ақ көтерілістің патша әкімшілігін қатты әбігерге салғандығын аңғарамыз.
Жанғожа бастаған көтерілісшілер Фитингоф әскерімен 1857 жылы 9 қаңтарда Арықбалық деген жерде бетпе-бет кездеседі. Жараланған Жанғожа қолы біртіндеп шегініп, Бұхар жеріне өтіп кетеді. Көтеріліс жеңіліс тапты. Көтерілісшілерді өкшелей қуған жасақтар оларды таба алмады, есесіне жолда кездескен ауылдарды айуандықпен талан-таражға салды. Ашыққан ел балықты талшық етіп қана аман қалды. Көтерілісшілердің көп бөлігі Хиуа жеріне өтіп кетті. Азып-тозған халықты бастап Жанғожа тек 1860 жылы ғана кайта елге оралады.
Сырдария әскери шебінің бастығы Жанғожаға қарсы оның ежелгі қас дұшпаны Елекей Қасымұлының басшылығымен 600 орыс әскерін аттандырады. Олар Жанғожа ауылын қоршайды.
Жанғожа келе жатқан жасақты көрсе де асықпай намазын оқып, жауларына қасқая қарай отыра береді. Жаулары оны қолға түсіруге батпай, алыстан атқылайды. Осылайша 90 жастағы батыр орыс жендеттері мен итаршыларының қолынан қаза тапты. Қазақ халқы батыр өліміне қайғыра отырып, ол туралы былай деп жырлаған:
«Аттанды Елекей хан жұртын жиып,
Ауыр қол жүре алмайды жолға сыйып.
Бар болса, Елекей хан жау болмас деп
Тұр екен тау алдында намазға ұйып,
Жанғожа жұрттан асқан батыр еді
Өлтірді оны неғып көзі қиып».
Аничков В.И. Мұсабай жыраудан жазып алған дастаннан үзінді.
Жанғожа мен Есет бастаған көтерілістің жеңілу себептері. Біріншіден, көтерілісшілердің қарулану дәрежесінің төмендігі, патша үкіметі әскерімен теңдесе алмауы.
Екіншіден, жергілікті сұлтандардың, рубасыларының сатқындығы. Патша үкіметіне қызметке өткен би-сұлтандар олардың жергілікті жерлердегі қолшоқпарына айналды.
Көтеріліс сипаты жағынан ұлт-азаттық мазмұнға ие болды. Себебі көтерілісте азаттықты аңсаған, отаршылдық қысымнан зардап шегіп тығырыққа тірелген халық өз көсемдерінің бастауымен отаршылдық бұғауға қарсы күресті. Ел басына төнген ауыртпалық кезде Жанғожа, Есет сияқты батырлар ел бастар қорғандарына айналды. Есет батыр да, Жанғожа батыр да Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырушы көрнекті мемлекеттік тұлғалар қатарына жатады.
Пайдаланылған әдебиет
↑ Қазақстан тарихы: Аса маңызды кезеңдері мен ғылыми мәселелері. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық — гуманитарлық бағытындағы 11-сыныбына арналған оқулық/М.Қойгелдиев, Ө.Төлеубаев, Ж.Қасымбаев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2007. ISBN 9965-36-106-1