1880-90 жылдарындағы әкімшілік реформалар
1880-90 жылдарындағы әкімшілік реформалар
XIX ғасырдың 60-жылдарындағы әкімшілік реформалар жартыкеш болып шықты. Онда қазақ халқының құқықтары тым шектелінді. Мұның өзі қазақтардың тарапынан қатты наразылық пен қарсы әрекеттер тудырды. Сондықтан да патша үкіметі 80-90-жылдары реформаны одан әрі жаяғастыруға мәжбур болды.
Мазмұны
1 Торғай және Орал облыстарындағы көтерілістер
2 Хиуаның көтеріліске қатысты әрекеті
3 Маңғыстаудағы көтеріліс
4 Көтерілістің жеңілу себептері мен салдарлары
5 XIX ғасырдың 80-90-жылдарында әкімшілік реформалардың одан әрі жалғасуы
6 Реформалардың мазмұны
7 Реформаларды жүзеге асырудың салдарлары
8 Пайдаланылған әдебиет
Торғай және Орал облыстарындағы көтерілістер
Қазақтар патша үкіметінің реформаларына ашықтан-ашық күшті наразылық білдірді. Үкіметке қарсы көтеріліс жасайтын жағдай пісіп-жетіліп келе жатты. Көтеріліс күтпеген жерден стихиялы түрде бұрқ ете қалып, 1868 жылдың желтоқсанынан 1869 жылдың қазан айына дейін созылды. Ол отаршылдыққа қарсы айқын сипат алды.
Көтерілістің басы-қасында ірі рубасылары жүрді. Қазақтар үкіметтің жіберген комиссияларын қабылдамады. Көтерілісшілер үкімет билігіне бағынудан үзілді-кесілді бас тартты. Халық қарулана бастады. Олар басқарудың жаңа ережелерін енгізуге, елді Ресей шенеуніктерінің басқаруына ашықтан-ашық қарсы болды. Ежелгі ескі тәртіпке қайтып оралуды талап етті.
Ашу қысып, зығырданы қайнаған елді жуасыту үшін патша үкіметі бұрынғы ел билеген Б. Айшуақұлы, М. Баймұхамбетұлы, А. Сейдалыұлы сияқты сұлтандарды салып көрді. Бірақ халық олардың сөзіне құлақ қоймады. Қайта олардың өзін елдің көзінше масқара етті. Енді үкімет билігі мұсылмандардың Уфа губерниясындағы діни басшылығына қолқа салды. Бірақ оларды да тыңдаған ешкім болған жоқ. Халық арасында енгізіліп жатқан жаңа тәртіп қазақтарды христиан дініне кіргізіп, шетінен шоқындыруға, армия қатарына алуға, сондай-ақ алым-салық түрлерін еселеп арттыра түсуге алып барады екен деген қауесет қаптап кетті.
Жаңа ереженің кағазға басылған нақты нұсқалары болған жоқ. Қазақ даласына үсті-үстіне жіберіліп жатқан комиссиялар оны ауызекі айтып түсіндіре алмады.
Әуелі Орал облысында басталған толқу бірте-бірте көршілес Торғай облысын да қамтыды. Қазақтардың 600-700 адамнан тұратын жасақтары ауыл-ауылды аралап, патша үкіметінің әкімшілігіне бағынбауға, басқарудың жаңа тәртібінен бас тартуға шақырды. Қазақтарды бейбіт жолмен тыныштандырудың сәті түспеді, ол ешқандай нәтиже бермеді.
Мамыр айында Жайық бойындағы қазақ даласына жазалаушы әскери отрядтар жіберілді. Олардың құрамында жалпы саны 1700 солдат, бірқатар зеңбірек болды. Әскери қақтығыс болып, қан төгілетін кез келді.
1868 жылдың 6 мамырында қазақтар Жамансай деген жерде фон Штемпельдің құрамында 200 солдаты бар жаяу әскер ротасына шабуыл жасады. 20 мыңға жуық қазақ оларды, яғни жазалаушы отрядты жеті күн бойы қоршап, тырп еткізбеді. Сөйтіп жемшөбі мен азық-түлігі қалмаған жазалаушылар кері қайтып кетуге мәжбүр болды. Юрковский бастаған және бір жазалаушы әскер де Орынбор шекара шебіне шегініп кетті.
1868 жылғы маусымның бас кезінде Орал облысындағы көтеріліс өзінің шырқау шегіне жетті. Қарапайым көшпелі халықтың ашуызасы енді жергілікті ақсүйектерге де қарсы бағытталды. Жаңа ережені қабылдауға келісім берген ақсүйектердің ауылдарына шабуыл ұйымдастырылды. Мәселен, 1869 жылғы наурыз айынан маусым айына дейін би, сұлтандардың, болыстар мен старшындардың ауылдарына 40-тан астам шабуыл жасалды. Оған жалпы саны 3 мың адам катысты.
Торғай мен Орал облыстарындағы көтерілістің кеңінен өрістеуі матшалык Ресейдін жергілікті әкімшіліктерін ғана емес, оның орталық үкіметінің де мазасын кетіріп, үрейін ұшырды. Сондықтан да оны аяусыз басып тастау үшін патша үкіметі Петербургтан, Мәскеуден, Харьковтан және Қазаннан жалпы саны 5 мыңға жуық солдаты бар жазалаушы әскер жіберді. Соның ішінде Орал облысында подполковник Рукин мен Веревкин бастаған жазалаушы әскерлер жойқын қимыл көрсетті.
Көтеріліс нашар ұйымдастырылды, күтпеген жерден стихиялы түрде бұрқ ете қалды, оның жекелеген басшыларының арасында келісілген ауызбірлік те болмады. Соның салдарынан ол жеңіліске ұшырады. Әрине, бұған дейінгі көтерілістердегі сияқты, бұл жолы да оған өз мүддесі үшін уақытша қатысқан бірқатар старшындардым сатқындық әрекеттері де көтерілістің жеңілуіне жеткізді.
Хиуаның көтеріліске қатысты әрекеті
Қазақ даласындағы толқулар туралы ести сала Хиуа ханы оларды көтеріліс жасауға арандата түсті. 1869 жылдың қаңтарында Хиуаға қазақтың шекті және табын руларынан елшілер барды. Олар Хиуа ханынан қазақтарға көмектесу үшін әскер жіберуді өтінді. 1869 жылдың сәуір айында Шошқакөл деген жерге хиуалықтардың 6 мың сарбазы, 4 зеңбірегі бар әскері келді. Хиуа әскери экспедициясының мақсаты, біріншіден, орыстардың далалық жерлердегі әскери бекіністерін жою, екіншіден, қазақтарды өз қол астына бағындыру, үшіншіден, халықтан жиналатын зекеттің мөлшерін анықтау болатын. Хиуалықтар жергілікті рубасыларын өз жақтарына тарту үшін қыруар көп шапан және ақша ала келеді. Бірақ қазақтар тарапынан өздері ойлағандай белсенді қолдау таба алмады. Сөйтіп Жем күзет аймағында бір айдай болғаннан кейін кері қайтып кетті.
1869 жылдың аяғына қарай 7 мыңға жуық қазақ отбасы Хиуа шекарасынан өтіп, солардың қол астына қарады. Бірақ өздерінің көшіп кеткенге дейінгі отырған жерлері өзге қазақ руларына таратылып беріледі екен деген хабарды ести сала едәуір бөлігі қайтадан көшіп келуге мәжбүр болды.
Маңғыстаудағы көтеріліс
Жаңа ереже енгізілгеннен кейін Маңғыстау түбегіндегі адайларда жер мәселесі қатты шиеленісіп кетті.
1870 жылғы 15 наурызда Маңғыстау приставы подполковник Рукин құрамында 38 казак солдаты, 4 зеңбірегі бар әскери жасағын бастап және беделді деген рубасыларын ертіп, Құрып деген жерде Хиуаға қарай көшіп бара жатқан ауылдардың алдынан шықты. Оның бұл қылығы қазақтардың көтеріліске шығуына түрткі болды. Бозашы деген жерде Досан Тәжіұлы, Иса Тіленбайұлы 200-ге жуық қарулы қол жинады. Кескілескен шайқас басталып кетті. Көп ұзамай Рукин бастаған әскери жасақ тас-талқан болып жеңілді. Жаралы болған Рукин өзін өзі атып өлтірді. Бұл жеңіс көтерілісшілердің рухын көтеріп, оларды жігерлендіре түсті.
Көтеріліс Маңғыстау түбегін түгел қамтыды. Александровск фортының және Николаев станицасының балықшылары жұмысқа шықпай, жаппай наразылық білдірді. Қайықтарды тартып әкету басталды. Сарытау шығанағында тартып алынған қайықтардан қазақтар өздерінше флотилия құрып алды. Кейінірек ол флотилия Александровск фортын қоршауға қатысты. Көтеріліске қатысушылардың саны 10 мың адамға жетті.
1870 жылдың сәуір айында көтерілісшілер Александровск форты мен Николаев станицасына шабуыл жасады. Олар форттың маяғын өртеді және Нижнее бекінісін қиратты. Алайда зеңбіректің үсті-үстіне жарылған снарядтарына шыдай алмай, кейін шегінуіне тура келді. Көтеріліс жергілікті отаршыл өкімет билігінің ғана емес, сонымен қатар орталық үкіметтің де зәресін ұшырды.
Осы кезде Англияның Ирандағы ықпалы едәуір күшейе түскен еді. Патша үкіметі Хиуа хандығына қарсы шабуыл жасау мақсатымен өз әскерін Красноводск төңірегіне шоғырландыра бастады. Маңғыстаудағы көтеріліс орталығы олардың ту сыртында қалды. Ондағы Көтерілісті басу Кавказдағы аймақтың бастығына жүктелді. Сөйтіп мамыр айының аяқ кезінде Кавказдан Маңғыстауға едәуір мол әскер күші жеткізілді. Адай-қазақтардың жан аямай қарсы тұрғанына қарамай, көтеріліс жеңіліске ұшырады, күшті қаруланған тұрақты әсерлерге төтеп бере алмады. Патша әскерлері көтерілісшілерді Жазалау үшін оларды барлық жерден тіміскілеп іздестірумен болды. 1873 жылы адайлардың кезекті жаңа көтерілісі бұрқ ете түсті.
Көтерілістің жеңілу себептері мен салдарлары
Көтерілісшілер жеңіліп қалды. Өйткені көтеріліс жергілікті тар көлемдегі сипатта болды. Қазақтар түгел бас қосып, біртұтас майдан аша алмады. Көтерілісшілердің қару-жарағы нашар еді. Олар негізінен қылышпен, айбалтамен, найзамен, садақпен қаруланды. Оқ ататын мылтық жетіспеді. Оқ-дәрі де тапшы болды. Рубасыларының бір бөлігі көтерілісшілерді қолдамады. Бұл кезде патшалық Ресей Қазақстанды барлық жағынан бірдей әскери бекіністермен құрсап, қоршап алып үлгерген еді.
Патша үкіметінің әскерлері Маңғыстауда үш ай бойы тұрып алды. Жергілікті өкімет билігі көтерілісшілерді қатаң жазалады. Кавказ әскери әкімшілігі Маңғыстауда қалған 8 мың үйден түтін салығын және басқа да алымдарды — барлығы 57901 сомды жинап алды. Оның үстіне, адайлар 90 мың қой мөлшерінде контрибуция (соғыс шығындарын өтеу) төлеуге мәжбүр болды.
Көтерілісшілерге барынша қатаң шаралар қолданылды. Реформа енгізуге наразы болғандар Қазақстан аумағынан тыс жаққа жер аударылды. Мәселен, Торғай облысының бір өзінен ғана 1880 жылы 500 адам, ал 1890 жылы — 3 мыңға жуық адам жер аударылды.
Көтерілістің басшылары 1870 жылғы желтоқсанда ағайын-туыс жақтастарымен Хиуа хандығының аумағына өтіп кетті. Сұлтан Ханғали Арыстанұлы бастаған 57 мыңға жуық қазақ осылай істеуге мәжбүр болды.
Патша үкіметі орыс шаруаларын қаруландыруды күшейтуге көшті. Мәселен, 1892 жылдан 1901 жылға дейін бір ғана Жетісу жеріндегі орыс шаруаларына 9 мыңнан астам мылтық берілді. Мұның өзі жергілікті халық пен қоныс аударып келген орыс шаруалары арасындағы қарым-қатынастың нашарлауына алып келді.
Халық арасында жаңа толқулар туып кетеді деген қауіппен, олардың алдын алу үшін XIX ғасырдың соңында патша үкіметі Қазақстанда құпия мәліметтер жинап тұратын жалдамалы жансыз агенттер тобын құрды. «Өте сенімді» деген қазақтардан әр уезден екі жансыз жасырын тағайындалды. Олар жергілікті халықтың көңіл күйі туралы патша үкіметіне қажетті құпия мәліметтер жинаумен айналысты.
XIX ғасырдың 80-90-жылдарында әкімшілік реформалардың одан әрі жалғасуы
1869—1880 жылдары Кіші жүзде болған көтерілістер патша үкіметі жүргізген реформалардың әлі аяқталмаған сипаты бар екенін дәлелдеп берді.
Реформаларды одан әрі жалғастыру қажеттігі басқа да себептерге байланысты болды. Қазақстанның үш генерал-губернаторлыққа бөлінуі Ресейдің еуропалық бөлігіндегі шаруаларды Қазақстанға көшіруге байланысты мәселелерді жедел әрі жүйелі түрде шешуге мүмкіндік бермеді. Орта Азияның Ресей империясына әскер күшімен қосып алудың сәті түсті. Мұның өзі орасан зор кең-байтақ аумақты басқаруды қайта құруды және қаржы мәселесін үнемдеуді талап етті. Патша үкіметі бұл міндетті қазақ өлкесін Ресейдің өзге бөліктерімен бірте-бірте біріктіру арқылы шешуді жоспарлады. 1867-1868 жылдардағы ережелердің әуел баста-ақ уақытша, яғни өтпелі сипаты болып еді.
Көп жылға созылған талқылаудан кейін Ресей императоры III Александр 1886 жылғы 2 маусымда Түркістан өлкесін басқару туралы жарлыққа қол қойды. Ол 1867 жылғы «Уақытша ережеге» кейбір қосымшалар енгізді. Жаңа Ереже бойынша Түркістан генерал-губернаторлығының құрамына Сырдария, Ферғана және Самарқан облыстары кірді. Оған 1897 жылы Жетісу облысы қосылды. Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы Ташкент қаласы болды.
1890 жылдың ақпан айында «Закаспийск облысын басқару туралы уақытша Ереже» бекітілді. Бұл әкімшілік бірлігінің құрамына негізінен түркімендер тұратын бес уезд — Красноводск, Ашхабад, Теджент, Мерв және Маңгыстау уездері кірді. Маңғыстау уезінде Кіші жүз, соның ішінде адай руының қазақтары тұратын.
Үшінші құжат — «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торгай облыстарын басқару туралы ереже». Оған 1891 жылғы 25 наурызда қол қойылды. «Ереже» бойынша Дала генерал-губернаторлығы құрылды. Оның құрамына Қазақстанның Сырдария облысынан өзге барлық облыстары түгел кірді. Жаңа аумақтық құрылымның орталығы Омбы қаласында болды.
Сөйтіп, бұрынғы үш генерал-губернаторлықтың орнына енді екі генерал-губернаторлық құрылды. Маңғыстау уезі олардың ешқайсысының құрамына енгізілмеді. Бұдан «бөліп ал да, билей бер» деген империялық пиғыл айқын аңғарылды. Сөйтіп бұрынғы біртұтас Кіші жүз енді үшке бөлінді. Соның салдарынан оның бір бөлігі Ішкі Ордaның, екінші бөлігі Закаспийск облысының, ал үшінші бөлігі Дала генерал-губернаторлығының құрамында болды. Патша үкіметінін мұндай қадамға баруы Кіші жүз қазақтарының қайта-қайта көтеріліс жасай беруіне байланысты еді.
Реформалардың мазмұны
Реформалардың аумақтық қана емес, сонымен қатар әкімшілік тұрғысындағы сипаты күшейтілді. Генерал-губернаторға саяси тұрғыдан сенімсіз қазақтарды әкімшілік жаза ретінде жер аударып жіберуге толық құқық берілді.
Болыс басқарушыларды әскери губернатор бекітетін болды. Уезд бастықтарының әкімшілік қызмет аясы да кеңи түсті. Оларға ауыл старшындарын бекіту құқығы берілді. Ірі қалаларда полиция басқармалары құрылды. Ал бірқатар уезд орталықтарында полиция приставтықтары пайда болды. Қазақтың дәстүрлі билер сотына шектеу қойылды.
Ресейдің еуропалық бөлігінен шаруаларды Қазақстан жеріне қоныс аудару ісін ретке келтіру мақсатымен Қоныс аудару басқармалары құрылды. Түтін салығының мөлшері артып, 4 сомға дейін жетті. Мұның өзі қазақ халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайына келеңсіз әсер етті.
Реформаларды жүзеге асырудың салдарлары
XIX ғасырдың 80-90-жылдарындағы әкімшілік реформаларын жүзеге асырудың одан әрі жалғасуы қазақ өлкесін Ресей империясының отар ретіндегі шет аймағына түпкілікті айналдырды. Өлкеге басшылық жасау бір орталыққа бағындырылды. Реформаларды жүзеге асырудың аяқталуы патша үкіметінің шаруаларды ішкі Ресейден Қазақстанға қоныс аудару үрдісін арттыра түсті.
1902 жылы шаруа бастығы деген жаңа лауазым енгізілді. Олар өздерінің мәртебесі жағынан қазақтың болыстарынан жоғары түрды. Шаруа бастықтары қоныс аудару мәселелері бойынша біржақты бағыт ұстап, орыс шаруаларының мүддесін қорғаумен ғана айналысты. Жергілікті байырғы тұрғындардың өтініш-талаптарымен санаспады. Сондықтан да казақтар өздерінің үндеулері мен петицияларында бұл қызметті жоюды ұдайы талап етумен болды. Полиция қызметінің міндетін қоса атқару ауыл старшындары мен болыстардан алынып, полиция мен шаруа бастықтарының құзырына тапсырылды.
Пайдаланылған әдебиет
↑ Қазақстан тарихы (XVIII ғасыр — 1914 жыл). Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Қабылдинов З.Е., Қайыпбаева А.Т.Алматы: Атамұра, 2008. — 352 бет, суретті, карталы. ISBN 9965-34-816-2