Әулиеата Уезіндегі 1916 жылғы көтеріліс
Әулиеата Уезіндегі 1916 жылғы көтеріліс – Қазақстанда 1916 жылы болған ұлт-азаттық көтерілістің құрамдас бөлігі. 25 маусымдағы Ресей патшасының жарлығына сәйкес Әулиеата уезінен майданның тыл жұмысына 22675 жұмысшы алынуы тиіс болатын. Уезд бастығы полк. Суплатовтың басшылығымен тыл жұмысына алынатындарды жинастыру қауырт жүргізіле бастады. Тамыз айында 3 мыңға жуық адам майданның тыл жұмысына жөнелтілді. Патша өкіметінің қара халықты зорлықпен майдандағы қара жұмысқа жинау әрекетіне қатысты ашынған халық арасында толқулар басталып, халық қарулана бастады. Қалыптасқан осындай жағдайда өлкеде Түркістан генерал-губернаторының бұйрығымен әскери жағдай енгізілді. Қазақ жасақтары Меркі селосы мен болыстағы басқа да орыс елді мекендеріне шабуыл жасап, қарулы қақтығыстар өрши түсті. Шошынған уез бастығының нұсқауымен өңірдегі орыс шаруаларына қару үлестіріп берілді. Ақкөз батыр бастаған көтерілісшілердің қатарында екі мыңға жуық сарбаз болды. Көтерілісшілер Меркіден Пішпекке, Әулиеатаға тартылған телеграф желілерін қиып, бағаналарын қиратты, Луговое селосын қоршауға алды. 20-тамыз күні прапорщик Дудко бастаған жазалаушы отряд бір түн бойы көтерісшілерден қорғануға мәжбүр болды. Луговое селосына таяу маңда салынып жатқан т. ж. ст-на шабуыл жасаған көтерісшілерге қарсы 100 адамнан тұратын атты әскер жөнелтілді. Новотроицкое селосында көтерілісшілерге қоныс аударылған немістер қолдаушылық танытып, оларға азық-түлікпен көмек көрсетті. Көтерілісшілер қатарында Әулиеата мен Ташкент өзбектерінің өкілдері де болды. Көтерілістің бастапқы кезеңінде оған Т.Рысқұлов та атсалысты. Көтеріліске шыққан халықтың нашар қаруланып, жүйелі түрде ұйымдасқан іс-қимыл көрсете алмауы олардың қарсыласу мүмкіндігін шектеп, ұрыс даласында орасан зор құрбандықтарға ұшырауына алып келді. Ұйымдастырушылық қабілеті зор, саяси сауатты Т.Рысқұлов көтерілісшілер арасында тез бедел мен сенімге ие болып, көп ұзамай көтерілісшілердің саяси басшысына айналды. Т.Рысқұлов оларды ұйымдасқан іс-қимыл жасауға, ұсақ топтармен әрекет істемеуге уағыздайды, негізінен, патша әкімшілігіне қарсылық көрсетіп, орыс шаруаларына тиіспеуге кеңес береді. Ол көтерілісшілер көп шоғырланған жерлерде жиындар өткізіп, патша өкіметінің, жергілікті билік орындары басшыларының саясатын әшкерелеп, халықты түрліше арандатушы тыңшылардан сақтандырады. Т.Рысқұлов Ақкөз Қосанұлы бастаған көтерілісшілердің іс-әрекетіне ұйымдық сипат беріп, саяси бағыт-бағдар сілтеп отырды. Меркідегі көтерілістің өршіген кезінде Т.Рысқұловты патша әкімш. тұтқынға алды. Бірақ оны іс-әрекетінен кінә таба алмай, босатып жіберуге мәжбүр болады. Саяси қызметпен айналысуға оған қатаң тыйым салынады. Түрмеден босаған Т.Рысқұлов бір айдай қатты науқастанып, көтерілісшілерге қол ұшын бере алмай қалады. Бұл кезде патша өкіметінің жазалаушы отряды көтерілісшілерді талқандап, халықты қуғын-сүргінге түсіре бастаған болатын. Көтерілісшілер басшысы Ақкөз Қосанұлы тұтқындалып, Әулиеата түрмесіне жабылды. Жазалаушылар қысымымен кейбір қазақ ауылдары босқыншылыққа ұшырап, Қытайға ауа көшті. Мұндай қазақ ауылдары 1917 ж. Ақпан төңкерісінен кейін, уақытша үкімет көтерілісшілерге кешірім жариялаған соң ғана өз жеріне қайта оралуға мүмкіндік алды.
Әдеб.: Рысқұлов Т., Восстание в Мерке – национально-освободительное восстание казахских трудящихся против царизма. А.-А., 1937; Восстание в Средней Азии и Казахстане. Сб. документов, М., 1960; Қаhарлы 1916 жыл. Құжаттар жинағы, 1 – 2 т., А., 1998.