Тіршілік түсінігі
Тіршілік түсінігі
Тіршілік дегеніміз ірі органикалық молекулалардан құралып, өздігінен ұдайы өсе алатын, зат пен энергия алмасуы нәтижесінде қоршаған ортада өз әрекетін сақтап қалуға бейім күрделі жүйенің өмір сүру үрдісі. Тіршіліктщ негізгі ерекшелігі – зат алмасу, көбею, өсу, өзінің құрамын және функцияларын өзгерту, тітіркеніске жауап беру, қоршаған ортаға бейімделу т.с.с. қабілеттердің болуында.
Тірі материя дегеніміз эволюция барысында жинақталған генетикалық (тектік) ақпараттарды бере отырып, өздігінен өркендеуге қабілетті организмдер жиынтығы. Тірі материяда молекулалық, жасушалық, ұлпалық, мүшелік (ағзалық), организмдік, популяциялық түрлік және биосфералық – биогеоценоздық құрылым деңгейлері болады. Физиология алғашқы аталған бес деңгейге тән тіршілік заңдылықтарын зерттейді.
Молекулалық деңгейде биологиялық маңызы зор химиялык қосылыстардың (белоктардың, нуклеин қышқылдарының, липидтердің, көмірсулардың т.б.) организмнің өсіп-дамуындағы, нәсілдік ақпараттарды сақтап-қалдыруындағы рөлі мен тірі жасушалардағы зат алмасу, энергияның түрлену және басқа құбылыстардағы маңызы зерттеледі.
Жасушалық деңгей жасушаның құрылым принципін зерттеп, әр түрлі мүшелер мен ағзалардағы жасуша аралық физиологаялық-биохимиялық және құрылымдық-функционалдық, байланыстарды анықтайды.
Ұлпалық және ағзалық деңгей ұлпалар мен мүшелердің құрылысын, қызметін, әрекет механизімін, табиғатын, эволюциясы мен жеке даму зандылықтарын зерттеумен айналысады.
Организм деңгейінде жеке индивидуумда байқалатын үрдістер мен құбылыстар, олардың түрлі мүшелері қызметіндегі үйлесімдіктің сыры, әртүрлі экологиялық жайдайға бейімделу механизмдері зертгеледі.
Популяциялық – түрлік деңгей организмдік деңгейден өзінің мерзімдік және ауқымдық сипатымен ерекшеленеді. Кез келген организм тіршілігінің ұзақтығы генетикалық бағдарламамен шектеледі. Өзінің өсіп-даму мүмкіндігін тауысқан соң организм өледі. Популяция тіршілігі қолайлы жайдайда мерзіммен шектелмей, ұзаққа созылады.