Сөйлем
Сөйлем — ойды білдіре алатын тілдің ең кіші бөлшегі. Сөйлемнен кіші — тілдік бөлшектер, мысалы, жеке сөздер, сөз тіркестері ойды білдіре алмайды, олар тек жалаң (жеке сөздер) я күрделі (сөз тіркестері) ұғымды ғана білдіре алады.
Мысалы: Шай алдында тысқа шығып, далада бой жазып жүрген уақытта Тоғжан жатқан үйді ойша іздеді. Сүйіндіктің үлкен уйіне жақын тұрған кішілеу ақ үй бар. Асылбектің отауы болуы керек. (М. Әуезов). Бұл мысалда бір-біріне жалғасқан 3 түрлі ой айтылған: 1) (Абайдың) Тоғжан жатқан үйді ойша іздеуі; 2) кішілеу ақ үйдің орналасуы; 3) оның Асылбектің отауы болуы; Әрбір ой әрбір сөйлемге қатысты. Сондықтан да кез келген сөйлемін жеке алып қарасақ, осы көрсетілгендей, белгілі ойды білдіреді. Ал сол сөйлемдерді құрап тұрған жеке сөздер мен сөз тіркестері ой білдіре алмайды: шай, тысқа, шай алдында шығып, үйді іздеді т. б. дегендер тек ұғымды, түсінікті білдіреді. Соңғы тіркес (үйді іздеді) ойды білдіріп, сөйлем болып тұрған сияқты. Ондай мән білдіріп тұруы іздеді деген баяндауыштың тиянақты, жақ тұлғасында тұрып, ол (Абай) деген бастауышпен қиысып қолданылуы да ойда әбден қалыптасқандығынан екенін естен шығармау керек.
Сөйтіп, бір шама тиянақты ойды білдіре алатын сөздер тобын (кейде жеке сөзді де) сөйлем дейміз.
Сөйлем — жеке сөзден де, сөз тіркесінен де бөлек тілдік единица. Сөйлем әдетте бірнеше сөздер тобынан тұрады: ойды білдіруге тікелей қатысты тұрлаулы (бастауыш және баяңдауыш) мүшелер мен тұрлаусыз мүшелер сөйлем құрайды. Бірақ кейде сөйлемде сөздердің көбі түсіп қалып та жұмсалады, қойылған сұракка бір сөзбен жауап беріледі, мекендік, мезгілдік ұғымды білдіру үшін бөлек-бөлек сөйлемдер арасында атаулық мәнде жеке сөздер қолданылып, сөйлем мәнінде жұмсалады. Міне, осыңдай ерекшеліктерді ескеріп, сөйлем жеке сөзден де тұрады дейміз. Мысалы: Оспан мен Смағүлды жалындырып алды да, екі үйректі канжығасынан шешіп беріп жатып:
— Ертеңді-кеш суды лайлағанша, тым құрыса бүлдірген терсеңдерші,— деді.
— Бүлдірген? (М. Әуезов)
Түн. Қараңғылық. Алып шахта құрылысына қарай Рахмет келе жатыр. (С. Ерубаев)
Бірақ жеке сөзден тұратын сөйлем сол контекст ішінде ғана сөйлем деп танылады, оның сөйлем болу қасиеті сол контекстегі алдынғы, соңғы сөйлемдерге тікелей катысты. Берілген мысалдағы бүлдірген, түн, қараңғылық деген сөздерді контекссіз тұрганда сөйлем деуге болмайды.
Сөйлем ойды білдірумен бірге екінші бір ерекшелігі оның белгілі дауыс ырғағы, интонациясы болады. Сөйлем тұлғасы жағынан да тиянақты болады. Сөйлемнің тұлға жағынан тиянақтылығы көбіне ондагы баяндауыш тұлғасына байланысты болады да, сол тұлғада сөйлемді аяқтап бітіруге болады. Мысалы, Айша келіншектің қасына келді деп сөйлемді аяқтауга болады да, Айша келіншектің қасына келіп (немесе келсе, келгелі т. б.) деп сөйлемді аяқтап бітіруге болмайды.
Ал дауыс ырғағы, интонация жағынан сөйлемнің тиянақтылығы сөйлем соңында дауыс ырғағының бәсеңдеп барып бітетін кідірістен көрінеді. Оны схемамен былай көрсетуге болады: астыңғы сызық — сөйлем де, үстіңгі сызық — дауыс ырғағының басталып, көтеріліп, бәсеңдеп кідіруі.
Жазуда сөйлем бір-бірінен айтылу мақсатына лайық нүкте, леп белгісі, сұрау белгісі сияқты тыныс белгілері аркылы ажыратылады. Әр сөйлем бас әріппен басталып жазылады.