Ресейдің қол астына өткенге дейінгі қазақ елінің жағдайы
Ресейдің қол астына өткенге дейінгі қазақ елінің жағдайы
Мазмұны
1 «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»
2 Састөбе құрылтайы
3 Төле би мен Абылай
4 Пайдаланылған әдебиет
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»
XVIII ғасырдың бас кезіндегі қазақ-жоңғар қарулы қақтығыстары көп жағдайда ойраттардың үстемдігімен аяқталып, қазақ қоғамының экономикалық, саяси және басқа әлсіз жақтарын көрсете бастады. Тәуке ханнан соң билікке келген Болат хан (1718—1729 жылдары) тұсында қазақ қоғамында феодалдық бытыраңқылық үстемдік алады. Кіші жүз бен Орта жүздің біраз бөлігі Әбілқайыр сұлтанды ақ киізге отырғызып, хан көтереді (1718—1748 жылдары). Ташкентте Ұлы жүздің өкілдері Жолбарыс сұлтанды хан сайлайды. Орта жүздің қалған бөлігі Сәмекені хан ретінде мойындайды. Орталық биліктің әлсіреуі жаңа жоңғар басқыншылығына жол ашқан еді.
XVIII ғасырда казақ-жоңғар қатынасының асқынып кетуіне байланысты да сол жер мәселесі тұрды. Қонтайшы Севан Рабдан Жетісуды біржола ойраттарға қалдырып, сонымен бірге Түркістан арқылы өтетін сауда жолын да иемденуден үміттенді. Жоңғар хандығы бұл кезде біршама экономикалық және саяси өрлеу кезеңінде тұрды: егіншілік бұрын болмаған көлемге жетті, көрші елдермен сауда қатынасы өсті, қонтайшы Тибетті, Шығыс Түркістан мен қырғыздардың біраз бөлігін өзіне қаратты. Темір өндіру технологиясын игерген ойраттарға орыс шебері Зеленовский мен швед офицері Ренат мылтық және зеңбірек құю ісін, оқ-дәрі жасауды жолға қойып берді.
1723 жылы жоңғар қалмақтарының үлкен күші Жетісу арқылы Талас өңіріне, одан әрі Қаратауға жетіп, Түркістан мен Ташкенттен бір-ақ шығады. «Жұт — жеті ағайынды» дейді халық. Жұт әкелген ауыр қыстан соң, жайсыз көктемге енді ғана іліккен Ұлы жүз бен Орта жүз қазақтарының біразы қырғынға ұшырап, бірнеше мыңы тұтқын есебінде қалмақ жеріне айдалып, қалғаны мал-мүлкін тастап, Ходжент пен Самарқанға, Кіші жүз қазақтары Хиуа мен Бұхараға жетіп паналайды. Демограф М.Тәтімовтің болжамы бойынша, осы қасіретті кезеңде қазақ елі миллионнан астам адамынан айырылған. Осы оқиғаның ізін ала қазақ жұртына келген орыс елшісі А.И.Тевкелев елдің жағдайын білдіре келіп: «Қазақтар ойрандалды, тоз-тоз болды, жұрдай болып жұтады», — деп жазды. Оқиға қазақ елінің тарихына «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен енді.
1730 жылы Ұлы жүз Саңырақ, Орта жүз Бөгенбай, Кіші жүз Тайлақ батырлар бастаған қазақ қолдары Бұланты өзенінің бойында ойрат әскерін талқан етіп жеңеді. Кейін бұл шайқас өткен жерді халық «Қалмаққырылған» атап кетеді. Келесі ірі жеңіске қазақ қолдары 1730 жылы Балқаш көлінің батыс жағындағы «Аңырақай» деген жерде жетеді. Шамамен осы мезгілде Қойгелді батыр, Тоқсанбай, Мәлік және Кеген билер бастаған халық көтеріліп, Түркістанға жақын маңда орналасқан қонтайшының өкілі Барша хан мен оның кеңесшісі Саңғалды өлтіріп, шағын әскерін тұтқынға алады. 1730 жылы Цин империясы әскерінің басқыншылығына ұшыраған ойраттар енді қайтып қазақ жеріне басып кіру мүмкіндігінен айырылады. Өз жерінен ауа көшкен қазақ елі енді атамекеніне орала бастайды.
Састөбе құрылтайы
Тәуелсіздік үшін күрес, терең күйзеліске ұшыраған шаруашылықты жандандыру қажеттілігі XVIII ғасырдың 30—50-жылдары қазақ елінің басқарушы тобы алдына мемлекет тұтастығын қалпына келтіру мәселесін үнемі қоюмен болды. Бұл мәселеге байланысты қоғамның саяси өмірінде өзара қарсы бірнеше ағымның қалыптасқаны анық байқалды. Олардың бірі — Сөмеке, Күшік сияқты ірі тайпалық одақтардың басында тұрған хан, сұлтандар саяси бытыраңқылық жағдайды қанағат тұтса, Әбілқайыр хан бастаған екінші топ Ресейдің қолдауына сүйеніп, бүтін хандық билікті қалпына келтіруден үміттенді, ал үшінші — Төле би мен Абылай сұлтан бастаған топ қазақ билеушілерінің арасындағы алауыздықты жеңіп, өзара ымыраға келу арқылы жалпыұлттық мемлекеттікті қайта жандандыру жолында тұрды.
1729 жылы әкесінен қалған хандық билікті әлсіретіп алған Болат хан өмірден өтті. Жоңғар қаупі біржола жойылмаған жағдайда қуатты хандық билікті қалпына келтіру мәселесі билеуші саяси топ арасында қайтадан талқыға түсе бастайды. 1730 жылы көктемнің жазға ұласар сәтінде, Сайрамға жақын маңдағы Састөбеде — үш жүздің билеушілері бас қосып, талқыға екі мәселе түседі. Бірі — қаһарлы жоңғар қаупі жағдайында Тәуке хан тұсындағы Түркістандағы ұлы хандық билікті қайта жаңғыртып, соған сай жалпы қазақ ханын сайлау, екіншісі — бұл кезде босқыннан оралған үш жүздің «енші мекенін» анықтау. Әйтеке би бастаған топ ұлы хандық таққа Кіші жүздің билеушісі Әбілқайыр ханды ұсынады. Бірақ бұл ұсынысқа Қазыбек би мен Тастемір би (Төле бидің орнына келген) бастаған қалған екі жүздің өкілдері қарсы шығып, бір жетіге созылған тартыс нәтижесіз аяқталады. Бұл кезде төре тұқымдары арасындағы аса белсенді де жігерлі, айлалы Әбілқайыр ханға тура соның деңгейінде баламаға түсе алатын басқа қайраткер де жоқ еді. Ұлы жүздің ханы Жолбарыс Әбілқайырға бауыр, оның айтқанынан шықпайтын, ал Орта жүзді билеуші Әбілмәмбет хан мен Сәмеке, Күшік сұлтандардың жеке бас қасиеті мен ел арасындағы беделі ұлы хандық таққа жетімсіз еді. Абылай мен Барақ сұлтандар бұл кезде әлі жас болатын. Сонымен құрылтай үш жүздің «енші жерін» анықтаумен аяқталады.
Сөйтіп, Састөбе құрылтайы қазақ жүздерінің феодалдық бытыраңқылық жолына бет бұрғандығын ресми түрде бекітіп берген тарихи кеңес болды. Бұл кеңес Қасым хан заманынан бері, әсіресе Әз Тәуке хан тұсында тұрақты өтіп тұрған үш жүздің ең соңғы бас қосуы. Бұдан былайғы уақытта іс жүзінде әр жүз өз мәселелері бойынша дербес шешім қабылдауға құқылы болды. Басқаша айтқанда, Састөбе құрылтайы қазақ елінің саяси өмірінде жаңа тарихи кезеңнің, яғни саяси бытыраңқылықтың біржола үстемдік алғандығын көрсеткен оқиға.
Төле би мен Абылай
XVIII ғасырдың алғашқы жартысындағы қауырт саяси оқиғалар, әсіресе «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы ел басқару ісімен, оның ішкі және сыртқы қатынас мәселелерімен арнайы кәсіби деңгейде айналысатын топтың қалыптасуына түрткі болды. Бұл топ тек төре тұқымынан ғана тұрған жоқ, оның арасында қара сүйектен шыққан би мен батырлар да, бай мен ақын-жыраулар да бар еді. Оның басында тұрғандардан Төле би Әлібекұлын (1663—1756 жылдары), Қазыбек би Келдібекұлын (1667—1763 жылдары) және Әйтеке би Бәйбекұлын (1666—1722 жылдары) атауға болады. Қоғам өмірінде Бұқар жырау сияқты қайраткер-ойшылдардың, Жәнібек тархан, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Есет, Тайпақ, Қойгелді, Хангелді, т.б. сияқты батырлардың орны да қомақты болғаны даусыз.
Сақталған деректік материалдардан қазақ басқарушы тобының жалпыұлттық мынадай үш мәселені ел алдына міндет етіп қойғанын аңғаруға болады. Олар — жалпыұлттық мемлекеттілікті қалпына келтіру және орнықтыру, халықтың белгілі бір бөлігін біртіндеп отырықшы тұрмысқа аудару және жалпыұлттық мүддеге бет бұру еді.
XVIII ғасырдың 50-жылдарының алғашқы жартысында Түркістандағы Төле биге Көкшетаудан Абылай сұлтан бастаған өкілдік келеді. Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің «Шeжipeciндe, және Абылай туралы тарихи жырда: «Сапарға келушілердің мақсаты — «Қазақ хандығының тұрағын анықтау» болды деп көрсетеді. Бұл кезде Ұлы жүздің соңғы ханы Жолбарыс хан қаза тауып (1740 жылы), билік Төле бидің қолында еді. Бидің 1748—1749 жылдары Барақ сұлтанды Ұлы жүз ханы етіп қою әрекетінен ештеңе шықпайды. Ал бұл жолы қартайған Төле бидің үш жүз алдында бірдей беделді Абылай сұлтанмен арада болған келіссөзде сұлтанды Орта жүз бен Ұлы жүздің тең билеушісі ретінде мойындағандығы жөнінде тұжырым жасауға толық негіз бар. Абылай сұлтанның ресми түрде хандық билікке сайланғанға (1771 жылы) шейін-ақ Ұлы жүз билеушілерінің өтінішімен қырғыздар мен Қоқан хандығына әскери жорықтар жасауы (1766 жылы, 1770 жылы) соның айғағы.
«Ақтабан шұбырынды» оқиғасы көшпелі мал шаруашылығына сүйенген экономиканың әлсіз жақтарын көрсетіп, оны реформалау қажеттігі туралы мәселе қойды. Төле би алқалы кеңесте сөйлеген сөзінде халыққа: «…Дұрыс жолға түс, жер емшегін ем, орнықты болсаң, карның тойынар, киімің бүтінделер! Аяқты малға сенбе, мал — бір жұттық… төрт түлік жиған малыңнан күндердің күні келгенде бір үзім нан артық!» — деген үндеумен қайырады. Бидің түсінігі бойынша, егіншілік пен дәстүрлі мал шаруашылығы қатар дамуға тиіс. Мәшһүр Жүсіп Көпеев Төле би заманында 22 наурызды Жаңа жылдың басы ретінде (наурыз мейрамы) қарсы алу, осы күннен бастап егіншілік қамына кірісудің қазақ арасында дәстүрге айналғандығын жазады.
Тура осы мазмұндағы пікірді Абылай хан да ұсынады. Ол Қалдан Серенмен болған әңгімеде: «Қазақ орнықпай жүрген ел еді, бір жерге орнықтырып, отырықшы өмірге кіргізіп өлсем, армансыз болар едім» деген ойын білдіреді.
Қар астынан қылаң берген жауқазындай бас көтерген қоғамдық өмір мен ойдағы бұл үдерістер бұдан былайғы уақытта өзінің табиғи жалғасын таба алған жоқ; мемлекеттіліктің қалыптасуы соңына жетпей үзілді, енді ғана басталған қоғамның белгілі бөлігінің отырықшы тұрмысқа өтуі тоқтап қалды, коғамдық санада рулық- жүздік жіктелуден ұлттық тұтастыққа көшу аяқталмады.
Ал осы іргелі мәселелер аталмыш тарихи мезгілде неге өз шешімін таппады? Көшпелі мал шаруашылығына негізделген экономика және өмір салты тұрақты басқару аппаратына сүйенген мемлекеттік жүйенің тамыр жайып, орнығуына қолайлы жағдай туғыза алған жоқ. Сонымен бірге экстенсивті көшпелі мал шаруашылығын жүргізуге тиімді үлкен аумақ сан жағынан аса көп емес халыққа интенсивті экономикалық жүйеге көшуге аса қолайлы фактор емес-тін. Сондай- ақ елде білім беру саласының мүлдем жоқтығы, сауаттылықтың өте төмен деңгейі шаруашылық пен қоғамдық өмірдің тиімді жүйесіне кешуде негізгі кедергілердің біріне айналды.
Пайдаланылған әдебиет
↑ Қазақстан тарихы: Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық / Ә. Төлеубаев, Ж. Қасымбаев, М. Қойгелдиев, т.б. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2006. — 232 бет, суретті. ISBN 9965-33-633-4