Пысықтауыш
Пысықтауыш
Сөйлемде іс-әрекет, қимылдың жай-күйін, амалын, мөлшерін, мезгіл-мекенін, себеп-мақсатын білдіретін тұрлаусыз мүшені пысықтауыш дейді.
Пысықтауыш қалай? қайтіп? қашан? қайда? қайдан? неліктен? не себепті? кім үшін? не ушін? не істеуге? не мақсатпен? не арқылы? кім арқылы? неше рет? деген сұрақтарға жауап береді.
Пысықтауыш болатын сөз табы — үстеу. Сонымен бірге барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктеріндегі зат есімдер, кейде сын есім мен сан есім, етістіктің көсемше түрі, барыс, шығыс, көмектес септіктеріндегі сөз бен қарай, таман, шейін, дейін, бола, соң, кейін, ары, бері, бұрын, бірге, қабат, қатар және септік тұлғасыз сөз бен арқылы, арқасында, үшін, сайын септеулік шылауларының тіркесінен құралған тізбектер де пысықтауыш қызметін атқарады.
Пысықтауыш барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктің бірінде тұрған сөзден немесе негізгі сөз бен септеулік шылаулардың бірі тіркесінен болғанда, пысықталатын сөз арасындағы байланыс меңгеру де, ешбір жалғаусыз, септеулік шылауларсыз қабыса байланысады. Үстеуден болған пысықтауыштар өзі пысықтайтын сөзімен іргелес те, алшақ та тұрып байланыса береді. Құрамы жағынан пысықтауыш дара және күрделі болып, мағынасы жағынан пысықтауыш бес түрге бөлінеді: қимыл-сын пысықтауыш, мезгіл пысықтауыш, мекен пысықтауьш, себеп пысықтауыш, мақсат пысықтауыш.
Қимыл-сын пысықтауыш қалай? қалайша? қайтіп? неше рет? не арқылы? деген сұрақтарға жауап беріп, көбіне-көп етістіктің көсемше түрінен, қимыл-сын, мөлшер үстеулерінен, сын есімнен, сан есімнен, көмектес септік жалғаулы сөзден, негізгі сөз бен арқылы шылауының тіркесінен болады. Мезгіл пысықтауыш қашан? қашаннан бері? қай кезде? қашанға шейін? деген сұрақтарға жауап беріп, мезгіл үстеулерінен, мезгіл мәнді сөздер мен тіркестерден, негізгі сөз бен кейін, соң, бұрын, шейін, таман, бойы, былай, сайын, әрі, бері, қарай сияқты септеулік шылаулардың тіркесінен болады.
Мекен пысықтауыш, қайда? қайдан? қалай қарай? деген сұрактарға жауап беріп, мекен үстеулер мен барыс, жатыс, шығыс, септіктегі сөздер мен кейде оларға септеулік шылаулар тіркесінен болады. Себеп пысықтауыш ңеліктен? не себепті? не үшін? деген сұрақтарға жауап беріп, барыс, шығыс септіктегі есімше мен есім сөздердің үшін шылауымен тіркесінен болады. Мақсат пы-сықтауыш не мақсатпен? неге бола? неге? не үшін? деген сұрақтарға жауап беріп, мақсат үстеулерінен, есім сөздерге үшін шылауының, тұйық етістік пен көмектес септігіндегі зат есімнің және барыс септіктегі сөз бен бола шылауынын тіркестерінен болады. Мысалы: Оларды әкесі ежелгі дағдысы бойынша әдейі шақыртып алған сияқты. Бүгін бірінші рет әдейі алғызып отыр. Үлкендер ақырын мырс-мырс күлді. Шешесінің үйіне қарай беттеді. (М. Ә.) Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқ-барды, ертегіні термек үшін (Абай).
Бірінші сөйлемде ежелгі дағдысы бойынша (қалай шақыртып алған сиякты?) үш сөздің тіркесуінен кұралып, күрделі қимыл-сын пысықтауыш пысықталатын сөзбен орын тәртібі арқылы қабыса байланысып тұр да, әдейі (қалай? не мақсатпен шақыртып алған сияқты?) мақсат үстеуі баяндауышпен орын тәртібі арқылы қабыса байланысып, дара мақсат пысықтауыш болып тұр. Екінші сөйлемде бүгін (қашан алғызып отыр?) мезгіл үстеуі мен әдейі (не мақсатпен? неге алғызып отыр?) мақсат үстеуі дара мезгіл және мақсат пысықтауыш болып, пысықталатын сөзбен орын тәртібі арқылы қабыса байланысқан, бірінші рет (қалай алғызып отыр?) сан есім мен зат есімнен кұралған сөз тіркесінен жасалып, күрделі қимыл-сын пысықтауыш болып, пысықталатын сөзбен орын тәртібі арқылы кабыса байланысқан. Үшінші сөйлемде ақырын (қалай күлді?) қимыл-сын үстеуі мен мырс-мырс (қалай күлді?) қайталама еліктеуіш сөз қимыл-сын пысықтауыш (ақырын — да-ра да, мырс-мырс — күрделі) қызметін атқарып, пысықталатын сөзбен ешбір қосымшасыз орын тәртібі арқылы қабыса байланысқан. Төртінші сөйлемде үйіне қарай (қайда беттеді) күрделі мекен пысықтауыш зат есімнің барыс септік тұлғасына қарай шылауының тіркесуінен болып пысықталатын мүшеге (беттеді) меңгеріле байланысқан. Соңғы сөйлемде ермек үшін, термек үшін (не үшін жазбаймын?) деген зат есім (ермек) мен етістікке (тер-мек) үшін септеулік шылауының тіркесі арқылы болған күрделі мақсат пысықтауыш пысықталатын мүшемен (жазбаймын) үшін шылауы арқылы меңгеріле байланысқан.